Жаңалықтар

Түркістанда жаңа автодром ашылды

Жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды тапсыруға болады
Түркістанда жаңа автодром ашылды
Фото: otyrar.kz 13.12.2022 13:44 1376

Түркістан қаласының көлік жүргізушілері теориялық және тәжірибиелік емтиханды арнайы ХҚО-да тапсыра алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңа автодром Қазақстан 30 жылдығы ауылының, Қазыбек би 51 мекен-жайы бойынша орналасқан. Бұған дейін тұрғындар емтихан тапсыру үшін Шымкентке немесе басқа да көршілес облыстарға баруға мәжбүр еді. Бұл мәселені шешу үшін қазан айында Сарыағашта автодром ашылған. Енді Түркістан облысы бойынша екі емтихан тапсыратын бөлімшелер бар.      

Алғашқы жұмыс күннен бастап жаңа автодром тәжірибелік емтихан тапсыратын алғашқы қызмет алушыларды қабылдады. Кешеннің жалпы ауданы-1 гектар. Болашақ жүргізушілер B, C1 және D1 санаттары бойынша емтиханды тапсыра алады. Сондай-ақ, бүгінде автодромның меншігінде KIA Rio, LADA GRANTA маркалы 4 автокөлік және IVECO, FOTON сияқты микроавтобустар бар.

Осылайша, Түркістан облысының тұрғындары жаңа автодромның ашылуының нәтижесінде куәліктерін өз аймақтарында алып, уақытары мен қаржысын үнемдейді. Куәліктерді алу әлдеқайда қолайлы болады.

Айта кетейік, Түркістан облысының аранайы ХҚО ғимаратында автокөлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу және емтихан сыныбы бойынша операциялық залдар бар. Күту залында «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» қарастырылған. Онда кез келген тұрғын электрондық үкімет қызметтерін өз бетінше алып, сондай-ақ мамандардың көмегіне жүгінеді алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға