Жаңалықтар

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?
31.03.2022 11:55 7798

Биылғы жылдың маусымына арналған турларды сату қазірдің өзінде басталып кетті. Дәл қазір оларды сатып алу ең тиімді: жазғы турлар маусым қарсаңындағы құнынан 25-30% арзан. Қазіргі жағдайда шекараларда тұрақты, алайда шекараның жабылуы сияқты күтпеген нәрсе орын алмаса, баға көтерілуі мүмкін. Атап айтқанда, Түркияда қосымша құн салығы 8% мөлшерлемемен қалпына келтіру жоспарланса, қонақүйде тұруға салық (плюс тағы 2%), ал Египетте Туризм және көне жәдігерлер министрлігінің қаулысымен 1 мамырдан бастап қонақүйлерде тұрудың ең төменгі құнын арттырады: 5* қонақүйде 25% және 4* қонақүйде 40%.

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?

Еліміздің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылы шетелге 3,5 млн турист саяхаттаған. Оның ішінде 1,4 млн адам – Ресейге, 636 мың адам – Өзбекстанға, 464 мың адам – Қырғызстанға, 320 мың адам – Түркияға, 196 мың адам Біріккен Араб Әмірліктеріне барған екен.

Әлем бойынша туристер шамамен 415 миллион түрлі саяхат жасаған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайызға көп. Дегенмен COVID-19 пандемиясы болмаған 2019 жылмен салыстырғанда халықаралық туристік барыс-келіс 72%-ға қысқарыпты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) 2022 жылдың 18 қаңтарында бұл көрсеткіш 2021 жылы 73%-ға төмендеп, 2020 жылдан бері туризм үшін ең нашар жыл болды деп бағалайды. Елімізде өткен жылы 3,5 млн адам шетелге саяхаттағанын, еліміздің курорттық аймақтарында 1,26 млн адам демалғанын ескерсек, әлемдегі жағдайға қарамастан, жалпы туризмге деген сұраныстың төмендемейтінін байқауға болады. 

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?

(Руслан Меделбек)

Әлемнің біршама елін аралаған журналист Руслан Меделбек бүгінгі таңда саяхат туралы жазып та, айтып та жүр. Осы орайда ол бізге бюджетті экономдап, арзан саяхат ұйымдастыру турасында біраз құпиямен бөлісті. Оның айтуынша, тур компаниямен 150-200 мың теңгеге Египетке баруға болады. Ол үшін саяхатты қаңтардың 15-інен кейін және ақпан айына жоспарлау керек. Ақпан айында Египетте туристік маусым саябырлап, турлардың бағасы түседі. Ондай жағдайда туристік компаниялар арзандау 150 мың теңгеге тур тауып береді. Қосымша қалтаңызға 80-100 мың теңге салып алуыңыз керек.

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?

«Мәселен шармен Шейх қаласына барсаңыз, виза керек емес. Ал Каир қаласындағы пирамидаларды көремін десеңіз, Шармен Шейхтегі әуежайдан 25-30$-ға виза жасатып аласыз. Шармен Шейх қаласына Қазақстанның Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан тікелей рейстер бар. Жаз бен күз кезінде Египетке баға сәл көтеріліп 250-300 мың теңге шығын кетеді. Бірақ «ыстық турларды» 200 мың теңгеге тауып алуға болады. Ал жаңа жылда баға күр өсіп, саяхат бағасы 350-400 мың теңгеге дейін шарықтайды. Сондықтан жаңа жылдағы сапар қымбатқа шығатынын ескеріңіз. Египетке өзіңіз барсаңыз қымбат шығады. Сондықтан Шармен Шейх қаласына барған арзан екенін ескергейсіз. Сондай-ақ қыста Грузияға баратын турлардың да бағасы арзандайды. Грузияға көбіне Астана, Атырау, Ақтөбеден арзан шығады. Мәселен астанадан Грузияға 125-130 мыңнан бастап турлар бар. Мысалы, қаңтардың ортасында Грузияға барам десеңіз, 6 күнге Ақтаудан 125-130 мың теңгеге турлар бар. Осы суммаға Ақтаудан Батумиге ұшатын ұшақ билеті, екі жұлдызды қонақ үй, трансфер, медсақтандыру және туркод кіреді. Тамақ кірмейді. Жалпы қыста Грузияға барам десеңіз, бес күнге 120-150 мың теңгеге тур тауып алуға болатынын ескеріңіз. Бұл суммаға ұшақ билеті, екі я үш жұлдызды қонақ үй, медсақтандыру және туркод кіреді. Ал тамақ пен қыдыру үшін бес күнге 80-100 мың теңге алып алсаңыз, жетіп қалады. Әрине, одан да көп ақша алсаңыз, өзіңізге жақсы. Грузияда күн салқындау болады. Сондықтан туристік маусым сәл басылады да, баға да түседі. Ал жазда бұл жаққа тур бағасы өседі. Мамыр мен қыркүйек арасында бұл елге бір адамға турлар 200 мың теңге я одан да жоғары болуы мүмкін», – дейді Руслан Меделбек.

Осы орайда туристік код дегенге мән бергеніміз абзал. Туристік код –шығатын еліңізге байланысты қаріптік-сандық символдардан тұратын код. Яғни бұл әрбір жолдаманы рәсімдеген кезде сізге автоматты түрде беріледі. Бұл туралы туристік компания қызметкерлері де талдап түсіндіріп берді.

«Егер турист күтпеген жайдайға тап болған кезде, форсмажорлық жағдай болған кезде агенттікпен байланысып, өзінің туристік кодын хабарлайды. Яғни шұғыл түрде 24 сағаттың ішінде көмек алуға құқылы. Туристік код жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жаңдайда тур оператордың қызметі заңсыз деп табылады. Яғни сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқыңыз бар. Келеңсіз жағдайға тап болған жағдайда туркод сізді ең жақын рейспен елге аман-есен оралуыңыздың кепілі болып табылады», – дейді туристік компания қызметкерлері.

Туризм: 150 мың теңгеге қайда саяхаттай аламыз?

Грузия да туризмді дамытқан елдердің қатарына жатады. Бұл елге қыста бару негізінен арзанырақ болып келеді. Яғни бұл Грузияда маусымның бәсеңдеуімен байланысты. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне, яғни Дубай мен Абу Даби қаласына саяхат жасау да тамаша мүмкіндік болмақ.

«Бұл жаққа да туристік компаниямен барған дұрыс. Жеке барсаңыз қымбатқа ұшырайсыз. Тур агенттіктер шартерлік ұшақтар, қонақ үйдегі соңғы орындар қалғанда «ыстық турлар» сатады. Сол кезде Дубай, Шарджа, Кужайра, Абу Дабиға 150-200 мың теңгеге тур тауып алуға болады. Желтоқсанда, мейрамдар кезінде, және жаңа жыл қарсаңында, жаңа жылда Дубайға турлар қымбаттап, бір адамға 250-300 мың теңгеге шығады. Бұл суммаға билет, қонақ үй, трансфер, медициналық сақтандыру және таңғы ас кіреді. Ал қаланы қыдыру, сафари, метро, такси шығындарына тағы қаржы керек. желтоқсанның соңында Дубайға тур қымбаттайды дедік, яғни жаңа жылды Дубайда қарсы аламын десеңіз, 350-400 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. Бұған билет, қонақ үй, тамақтану, трансфер кіреді. Ал қаланы қыдыру, сафари, метро, такси шығындары бөлек. Дубайға қай уақытта барған арзан деген заңды сұрақ туады. Ақпанда Дубайға тур арзандайды. Себебі барлық адам жаңа жылдан кейін жұмыстарына кірісіп, бұл жақта туристік маусым сәл саябырлайды. Туристік компаниямен ақпан айында барсаңыз, адам басына 150-200 мың теңге кетеді. Одан да арзан турларды тауып алуға болады», – дейді Руслан Меделбек.

Әрине, ондай мүмкіндікке ие болу үшін «ыстық турларды» бақылап отыру керек немесе туристік компанияға айтып қою қажет. «Менің бюджетім 120 мың теңге, соңғы орындар қалған кезде маған айтыңыздар» десе, сол арқылы ұшып кетуге болады. Ескере кететін жайт, егер Египет пен Дубайда үш жұлдызды қонақүй десе, қызмет сапасы да сәл төмендеу болмақ. Тамағы да төрт жұлдызды, бес жұлдызды қонақ үйлерге қарағанда нашарлау. Ал Түркияда үш жұлдызды қонақүйден бастап бәрі жақсы.  Үш, төрт, бес жұлдызды қонақүйлердің тамағы, бәрі шамалас.

Сонымен қатар, арзан елдердің арасында Грузия да бар. Бұл ел жаз мезгілінде ғана сәл қымбаттайды, нақтылағанда 250-300 мың теңгеге саяхаттауға болады. Ал қыс кезінде турлар 150 мың теңгеге дейін түсіп кетеді. Сондықтан Грузияға барушылар саны артқан. Туристік компанияларға қарағанда авторлық турлар сәл қымбат. Өйткені оған гид қызметі қосылады. Мәселен,  туристік компаниямен Египетте бес күн демалу 200 мың теңге болса, авторлық тур шамамен 50 мың теңгеге қымбаттау шығады. Тур – шексіздік. 3 млн шашам десең де, жұмсауға болады. Бірақ Мальдив аралдарына барам десеңіз, кемінде 500 мың теңге керек болуы мүмкін. Турдың өзі 350 мың теңгедей болса,  қалта шығыны бар, кемінде 500 мың теңгеге жуық қаржы кетеді. Тіпті одан да көп жұмсауға болады.

Еліміздің туристік компаниялары Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы Заңына сәйкес әрекет етеді. Бұл ретте, туристiк операторлық қызмет атқару үшін лицензия алу қажет. Туристік операторлаға лицензияны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті және жергілікті атқарушы органдар беруге құқылы. Kazakh Tourism ҰК АҚ Баспасөз қызметінің хабарлауынша, туроператор мен турагенттің өзара әрекеті Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы Заңмен реттеледі. Туристік өнімді ілгерілету және өткізу мақсатында тараптар арасында агенттік келісім жасалады.

«Келісімшарт турист талап қойған жағдайда туроператор мен турагент арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін ескереді, туристік өнім туралы жалған ақпарат бермегені немесе ұсынбағаны үшін туристке тараптардың әрқайсысының жауапкершілігін анықтайды. Сонымен қатар туроператор туристке туристік қызмет көрсету шарты бойынша міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапты болады. Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер шешілмеген жағдайда, тараптар міндеттемелерді орындамағаны және жасалған агенттік шарт талаптарының бұзылуы туралы сотқа жүгінуге құқылы», – деді арнайы сауалымызға Kazakh Tourism ҰК АҚ Баспасөз қызметі.

Жалпы туризм жеке адамның саяхаты ғана емес, ел экономикасына да ықпал етері сөзсіз. Былай айтқанда, туризмнің бірнеше түрі бар: қоғамдық, спорттық, экономикалық және ғылыми туризм. Қоғамдық туризм – бұл туыстарға, таныстарға, достарға бару сапарлары, сонымен қатар саяхатшылардың топтарға саналы түрде бірігуімен сипатталатын клубтық туризм. Топтастыру адамдарды қызықтыратын ойын-сауық немесе спорттық бағдарлама болған кезде орын алады. Спорттық туризм – бұл спорттық іс-шараларға белсенді қатысу мақсатындағы саяхат, сонымен қатар табиғаты бойынша пассивті саяхаттар, спорттық жарыстарға қатысу. Экономикалық туризм – бұл кәсіби және коммерциялық қызығушылықпен жасалған саяхат: биржаларды, көрмелерді, жәрмеңкелерді және т.б. Ғылыми туризм – бұл конгрестерге, симпозиумдарға, конференцияларға, кейіннен экскурсиялық сапарлармен бару. Саяси туризм дипломатиялық туризмге, конгрестерге қатысуға, сонымен қатар саяси оқиғалар мен іс-шараларға байланысты туризмге бөлінеді. Дегенмен, қай туризмді алсаңыз да қаржымен тікелей байланысты болғандықтан, ел экономикасына тікелей қатысты дүние екені анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға