Жаңалықтар

Тұңғыш ғарышкер

12 сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні
Тұңғыш ғарышкер
12.04.2017 08:30 11915

«Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні» қарсаңында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес одағының Батыры, ҚР Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтың әдемі естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

12 сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні біздің үйде «Ашық есік күні» деп жарияланған. Бұл күні мені кім құттықтап келсе де, есігім ашық.

Қазір әркім өз-өзімен әуре. Айналамызда не болып жатқанына мән бермейтін болып кеттік. Бір-бірімізді сирек іздейміз, уақыт тапшы. Жоғарыдағы датаны үйдегі дәстүрлі мерекеге айналдырғаным да сондықтан.

Жас келген сайын көп кісілерді сағынады екенсің. 12 cәуірде бала-шағадан бастап, туған-туыс, дос-жаран үйге мені құттықтап келгенде, мауқымды басып, бір жасап қаламын. Бәріміз бас қосып, мәре-сәре боламыз сол күні.

Қазақ ең үлкен бөлмесіне қонақ күтеді ғой. Ең дәмді асын, жылы-жұмсағын қонақтың аузына тосады. Мұны неге айтып отырмын? Астанаға алғаш көшіп келгенде «Үш аю» атты мекемемді сатып алғанмын. Әуелде онда шағын-шағын үш үй ғана болған еді. Жыл сайын көп кісіні мейрамханаға шақыруға қаражатым жоқ. Сондықтан, үлкен ғимарат салып, оның ең үлкен бөлмесін қонақжай бөлме қылдым. Ол бөлменің есігі үйге көп қонақ келген кезде ашылады. Қалған уақытта бос тұрады. Әрине, мен ол есіктің мейлінше жиі ашылып тұрғанын қалар едім.

Соғыстан кейінгі жылдары ауыл балаларының басты ойыны соғыс еді. Бір-бірімізбен алысып-жұлысып, «біз Отанды қорғаймыз!» деп жүгіріп жүруші едік.

Шамамен екі жасымда қолыма омыртқаны ұшақ қып ұстап, үйді айнала жүгіреді екенмін. Оның себебін кейін түсіндім. Ауылда үлкен кісілер «біздің жерлесіміз Нұркен Әбдіров Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол соғыста ерлікпен қаза тапты» деп жиі айтып отыратын. Содан санамда жатталып қалса керек.

Осыған дейін баспасөз бетінде «70 жасқа толғанда тағы да ғарышқа ұшуға дайынмын» деп айтқанмын. Журналистерге «тіпті 70 жаста да ғарышқа ұшуға қауқарым бар. Қазақтар, ақшаларыңды жинай беріңдер!» дегенмін. Бірақ, бұл – бір жағынан, әзіл, екінші жағынан, өз денсаулығымның жағдайын айтқаным еді. Дәл қазір мені ешкім ғарышқа жібермейтін шығар. Құдайға шүкір, ғарышқа ұшуға жететіндей күш-қуатым бар.

Бәрі «70 жас, 70 жас!» дейді. Мен төлқұжатыма қараған кезде тек сандарды ғана көремін. Ол тек өлшем үшін қажет дүние сияқты.

Өз басым өмірдің қалай өтіп кеткенін де сезбей қалдым. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қызмет істедік. Бейнеттің зейнетке ауысқандағы әсері ғаламат! Сонда-а-а-й қадірлейсің сол зейнетті...

Тіршілік деген өте бір ғажап зат екен! Ауырмай-сырқамай осы жасқа жету көп адамның арманы шығар.

Біреулер менен «өзіңізді қалай сезінесіз?» деп сұрайды. Мен оларға не деп жауап берерімді білмеймін. Көңілім жас. Жан-жағыма қарағанда, сұлуларды көргенде көзім жайнап кетеді. Ендеше, мен неге өзімді кәрі санауым керек? Кәрі кісінің көзі бұлдырап, айналасындағы әдемілікті көре алмайды ғой!

«Жасы келген адам балаларға үлгі болуы керек» деп айтылады. Меніңше, бұл – жасқа қарамайтын нәрсе. Мәселен, мен жас күнімнен қасымда жүрген жолдастарыма үлгі болдым.

17 жасымда Теміртау құйма-механика зауытында токарь боп істеп жүргенде, есімім Қарағанды облысының Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды. Бұл жетістіктің сыры неде дейсіз бе? Мен өз-өзімді тәрбиелей білдім. Иә, мен де би кешіне бардым, мен де жүгірдім, мен де футбол ойнадым. Бірақ, жұмысты ешқашан естен шығарған емеспін. 

Осы жетістігімнен кейін зауыт директоры Виктор Жевлаков пен бас инженер Петр Захурдаев маған зауыттың атынан Қарағанды политехникалық институтына жолдама береміз деді. Жалақым сол күйі сақталып,  тегін жатақхана берілетінін де айтты. Оқуды бітірген соң, мені қайта жұмысқа алмақ ойлары бар екен. Директор маған «мен қартайып келем, орнымды басатын білікті кадр керек» деді. Мен үндей алмадым.

Менің есіл-дертім ұшақ еді. Ұйықтар алдында ұшақты ойлап, түсімде аспанда қалықтап, оянғанда да ұшып жүретінмін.

15 жасымнан бастап, парашютпен секірдім, аэроклубта оқыдым. Сол кезде өзімді «ұшқыш бола алам ба?» деп терең зерттедім.

Жалпы, мен өзімнің жүріс-тұрысымды, әрекеттерімді зерттеп үйренген адаммын. Қай жерде мүлт кеттім? Нені дұрыс істедім, нені дұрыс істемедім? Байқасам, қазіргі жастар оған мән бере бермейді. Мен үйде шешенің қолындағы жалғыз болған соң, өзіме есеп беруім керек болды.

Аэроклубтағы ұстаздарым «сен түбі бір жерден шығасың, ұшқыш бол!» деді. Өзім де соны қаладым. Зауыттағыларға осы ойымды айтам деп жүргенде, мені қалалық партия комитетіне шақыртты. Ол жақтағылар «біз сені Қарағандыдағы политехникалық институтқа жіберейік деп едік. Бірақ, облыстық партия комитеті сені Алматыға жібергелі жатыр. Оқуға емтихансыз түсесің. Сондағы политехникалық институтта оқисың, барлық жағдайыңды жасаймыз» деді. Мен алғысымды айтып, бұл ұсыныстан бас тарттым. Өзімнің ұшқыш болғым келетінін айттым. Бәрі ренжіді, «біз сені ақылды деп ойлап жүрсек, сен ақымақ екенсің» деді. Сол сөзді айтқан партия мүшесіне «мен туралы бұлай кесімді пікір айтуға хақыңыз жоқ. Мәселенің байыбына бармай сөйлеп тұрсыз. Қайта «мына қарашы, Тоқтар жеңіл нанды жегісі келмей, қиын салаға бара жатыр» деп қуанбайсыз ба?» дедім. Бірақ, мені ешкім тыңдаған жоқ.

Қазірге дейін осы жолды таңдағаныма өкінген кезім болған емес. Өйткені, үнемі әр басқан қадамымды ойша саралап отырдым. Менің пайымымда, әрбір адам өз таңдауына жету жолында табанды еңбек етуі тиіс.

Анам әуелде «сен жалғызсың, ұшқыштар училищесіне жібере алмаймын» деп көнбеді. Біраз уақыттан кейін «балам, мен сенің қанатыңды қимаймын. Арманыңа жет!» деп жылап отырып, ақ батасын берді. Анамның қолдауы маған қанат бітірді.

Ресейдегі Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне құжат тапсырғанда біраз шу шығардым. Емтихан кезінде шығарма жазуға (орыс тілінде) «Бүгінгі күннің батыры» деген тақырып берілді. Мен сонда ғарышкер Юрий Гагариннің ерлігі туралы жақсылап жазып бердім. Кейінірек училище басшысы оқуға түскенімді хабарлап, «орысшаңды жөнде!» деді. Мен болсам, «өзімнің шығарманы беске жазғанымды білем» деп табандап тұрып алдым. Олар менің шығармамды қайта қарады. Онда бірде-бір қате жоқ. Тек астына «үш» деген баға қонжиып, «талапкерлер бұлай жаза алмайды» деп жазылыпты. Бәлкім, біреуден көшіріп алды деп ойлаған болар. Училище басшысы бағамды бестікке ауыстыртып, «шығарманы тексерген ұстаз бұдан былай емтиханға кірмесін!» деп бұйырды.

Әскерде – тәртіп, тәртіп, тек қана тәртіп! Сондықтан, алғаш барған кезде қатты қиналдым. Шешей бетімнен қақпай өсіргендіктен, әскердегі тәртіпке көндігуім оңай болмады.

Анам менің көп жетістігімді көре алмай кетті. Ол кісі 1968 жылы дүниеден озды. Елге келгенде жаным құлазып, ауыл-елді қатты сағынғанымды сездім. Ауылда жолдастарым, екі апам қалғандықтан, үйге қайтуды ойладым. Содан оқуға қайта барғанда ауырып, госпитальға түстім. Әбден жадап-жүдеген сәтте «оқуды тастаймын. Азаматтық авиация саласына барамын. Қазақстанда ұшам» деп шештім.

Бір күні дәрігерлер мені тексеріп жатқанда, радиодан «қазір қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова ән шырқайды» деп хабарлады. 25 минут бойы бұлбұлдың тамылжыған әнін тыңдадым. Содан соң, «қазақтың нәп-нәзік аруы ешбір қиындыққа мойымастан, қандай үлкен жетістікке жетті. Ал, сен үлкен жігіт бола тұра, босаңсып кеттің. Бұлай болмайды!» деп өзімді қамшыладым. Дәрігерлерге жүгіріп барып, «барлық тексеруден өтуге дайынмын. Авиация саласында қала алмайтынымды анық түсіндім» дедім. Оқуды бітірген соң, Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр Шығыс  әскери округінде ұшқыш болдым. «Қиыр Шығыстың үздік ұшқышы» деген атақ алдым

Алайда, мен сынақшы-ұшқыш болуды армандадым. Бірақ, сол кездегі тәртіп бойынша бұл салаға Орта Азия елдерінің азаматтарын алмады. Кеңес үкіметі тұсында ешкімге айтылмайтын жабық тақырыптар болды. Мен қанша жақсы оқығаныммен, оқуға алмады.

Сонда мен Хабаровскіден Алматыға ұшып келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына жазылдым. Бірақ, ол кісі іссапармен Үндістанда жүр екен. Күтетін уақытым болмағандықтан, қабылдау бөлмесіне қайта бардым. Ондағылар маған заңгер арқылы хат жазып әкелуге кеңес берді. Заңгерлер маған 3 беттік хат жазып берді. Қонақүйге келген соң, өзімді Қонаевтың орнына қойып, ойланып көрдім:

Айдалада жүрген елеусіз бір бозбаланың 3 бет хатын ол оқи ма? Оның алдына күніне неше қапшық хат келеді. Одан басқа да қыруар шаруасы бар. Осының бәрін ойлай келе, әлгі хатты жыртып тастап, өз қолыммен тілдей хат жаздым. Қабылдау бөлмесіне қайта барғанда, хатты өзім жаздым деуге батылым бармай, «заңгерлер өзің жаз деп айтты» дедім. Сөйтіп, Хабаровскіге қайта ұшып кеттім.

Кезінде Қонаевтың қабылдау бөлмесінде отырған жігіттерге айтар алғысым шексіз! Өкінішке қарай, бірде-біреуінің аты-жөнін жазып алмаған екенмін. Мың болғыр жігіттер тілдей хатымды тікелей Қонаевтың қолына апарып тапсырыпты. Дінмұхамед Ахметұлы хатымды қалтасына салып алып,  КСРО Қорғаныс министрі Андрей Гречкоға барыпты.

Бір күні жұмысқа келсем, «сені Қорғаныс министрі іздеп жатыр» деп бәрі шулап жүр. Осылайша, Дінмұхамед ағаның тікелей араласуымен сынақшы-ұшқыштар мектебіне жолдама алдым.

Оқуды бітірген соң, мені дүниежүзіне танымал «Микоян дизайн бюросы» сынақшы-ұшқыш ретінде жұмысқа қабылдады. Жеті-ақ кісі барлық ұшақтарды сынақтан өткіздік.

«МиГ-21», «МиГ-23», «МиГ-25», «МиГ-27», «МиГ-29», «МиГ-31», бәрі-бәрі біздің алдымыздан өтті. Кезінде өзім сынақтан өткізген екі ұшақты Ресейде енді ғана түрлендіріп (модификация), жарыққа шығарғалы жатыр. Бұйырса, екеуі де мықты ұшақ болғалы тұр. Ресейліктерге соны қалдырдым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға