Pixabay

Түнгі ұйқының жетіспеушілігі өмір сапасын қалай өзгертеді?

05.10.2025 21:50

Ұйқы — денсаулық пен өмір сапасының басты көрсеткіші. Ғалымдардың айтуынша, ересек адам күніне кем дегенде 7–9 сағат тынығуы керек. Алайда ұйқыңыз жүйелі түрде қанбай жүрсе, бұл ағзаға байқалмай кері әсерін тигізеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Иммундық жүйе әлсірейді
Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) мәліметінше, ұйқы кезінде ағза өзін сыртқы зиянды әсерлерден қорғау үшін ерекше белсенді жұмыс істейді. Бұл кезде иммундық жүйе цитокиндер деп аталатын ақуыздарды бөледі — олар бактериялар мен вирустарға қарсы күреседі. Ұйқы жетіспеушілігі бұл процесті тежеп, ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді. Мәселен, тәулігіне 6 сағаттан аз ұйықтайтын адамдардың вакцинаға реакциясы әлсіз болатыны дәлелденген.

Психикалық жай-күй бұзылады
Ұйқы мен мазасыздық өзара тығыз байланысты. Ұйқының жетіспеуі күйзелісті күшейтеді, ал күйзеліс ұйқыны бұзады. Бұл тұйық шеңбер уақыт өте келе адамның психологиялық тұрақтылығына әсер етеді.

Гормоналды теңгерім өзгереді
Ұйқы тапшылығы әсіресе әйел ағзасына әсер етеді. Ғалымдар жеткіліксіз ұйқы қалқанша бездің жұмысын бұзып, етеккір циклінің тұрақсыздануына және репродуктивтік қиындықтарға әкелуі мүмкін екенін айтады.

Салмақ артады
Түнгі демалыс гормондар тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Ал ұйқы жетіспеушілігі тәбетті арттырып, артық тамақтануға итермелейді. Зерттеулер ұйқысы аз адамдардың семіздікке бейім екенін көрсеткен.

Жұмыс өнімділігі төмендейді
Ұйқының сапасы адамның зейініне, есте сақтауына және шешім қабылдау қабілетіне тікелей әсер етеді. Демалмаған адам тез шаршайды, назарын шоғырландыруда қиындық көреді және қателікке жиі бой алдырады.

Есте сақтау әлсірейді
Созылмалы ұйқы жетіспеушілігі когнитивтік қабілеттерді әлсіретеді. Ғалымдар жеткіліксіз ұйықтайтын адамдарда есте сақтау мен ойлау жылдамдығы төмендейтінін, ал ұзақ мерзімді ұйқысыздық Альцгеймер ауруының даму қаупін арттыратынын анықтаған.

Қалай түзетуге болады?
Сапалы ұйқы үшін тұрақты режим сақтау маңызды. Кешкі уақытта экран алдындағы уақытты азайтып, физикалық белсенділікке көңіл бөлу және тыныш орта қалыптастыру – ұйқы гигиенасының негізгі қағидалары.