Түнде жұмыс істеудің жүрекке кері әсері анықталды
Өмір салты жүрек саулығына тікелей әсер ететіні белгілі. Әңгіме физикалық белсенділік, зиянды әдеттер немесе тамақтану рационы жайлы ғана емес, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеулер күн тәртібін дұрыс қалыптастыру, яғни түнде ұйықтап, күндіз сергек жүру де аса маңызды факторлардың бірі екенін аңғартады. Ал түнгі өмір салтына үйренген адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі едәуір жоғары.
Оқи отырыңыз:
- Отандық медицинадағы жаңа кезең: цифрландыру, ЖИ және электронды денсаулық паспорты
- ChatGPT-де денсаулыққа арналған жаңа бөлім пайда болды
- «Наурыз» ипотекасы: бағдарламаға қатысу үшін нені білу керек?
Адам ағзасы күн сәулесіне тәуелді. Егер организм жарықты жеткілікті деңгейде қабылдамаса, бұл түрлі денсаулық мәселелеріне, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Осы мәселені тереңірек зерттеу үшін АҚШ ғалымдары Ұлыбританияда тұратын 39 бен 74 жас аралығындағы шамамен 320 мың адамның денсаулығы мен өмір салтына қатысты деректерді талдаған. Зерттеу 14 жыл бойы жүргізілді. Мамандар әр қатысушының күнделікті тамақтануын, салмақ өзгерісін, темекіге әуестігін, физикалық белсенділік деңгейін, артериялық қысымын, холестерин көрсеткіштерін және өзге де маңызды факторларды сараптап, денсаулықтың нақты бағасын анықтаған.
Зерттеу барысында қатысушылардың шамамен 8 пайызы өзін «үкі» санатына жатқызған. Яғни олар күннің екінші жартысында немесе кешке қарай белсендірек болады. Ал төрттен бірі – таңғы уақытта өнімдірек жұмыс істейтін, ерте жатып, ерте тұруды қалайтын адамдар. Қалған қатысушылар бұл екі топтың ортасында орналасқан.
Түнгі өмір салты жүрекке қалай әсер етеді?
Талдау нәтижелері «үкілердің» жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайы «бозторғайларға» және аралық топтағы адамдарға қарағанда әлдеқайда нашар екенін көрсеткен. Атап айтқанда, түнгі өмір салтын ұстанатындарда инфаркт қаупі 16 пайызға, ал жалпы жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу ықтималдығы 79 пайызға дейін жоғары болған.
Ғалымдардың айтуынша, мұның басты себебі – биологиялық сағаттардың бұзылуы. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, «ұйқы – сергектік» циклін ғана емес, сондай-ақ жүрек соғысының жиілігін, қан қысымын, стресс гормондарының бөлінуін және зат алмасуды реттейді. Ал өмір салты осы циркадтық ырғақпен сәйкес келмеген жағдайда, ағзада елеулі бұзылыстар пайда болады.
Зерттеудің жетекші авторы Сина Кианерси бұл туралы былай дейді:
Түнгі өмір салтын ұстанатын адамдардың басты мәселесі – ішкі биологиялық сағат пен күнделікті өмір ырғағының үйлеспеуінде. Бұл өз кезегінде жүректің өз ырғағымен жұмыс істеуін қиындатады.
Тағы бір маңызды жайт – күндіз спортпен шұғылдану да түнгі режимнің зиянын толық өтей алмайды. Сондықтан мамандар мүмкіндігінше түнгі кестеден бас тартып, қалыпты ұйқы режиміне көшуге кеңес береді. Ал егер бұл да мүмкін болмаса, ең болмаса дұрыс ұйықтап, зиянды әдеттерден толықтай бас тарту қажет.
Бұған дейін түнгі ауысымның денсаулыққа әсері жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар витаминдерді қай уақытта қабылдау керектігіне тоқталғанбыз.

