Toyota Land Cruiser 300 гибрид нұсқасын таныстырды: бағасы белгілі болды

Toyota Land Cruiser 300 гибрид нұсқасын таныстырды: бағасы белгілі болды
Фото: Toyota

Toyota Land Cruiser 300 модельдер қатары гибрид нұсқамен толықты. Жаңа модификация Жапония нарығында 2026 жылдың 1 қазанынан бастап сатылымға шығады.

408 ат күші бар гибрид

Toyota толық өлшемді жол талғамайтын көлігін Land Cruiser атауымен 1951 жылдан бері шығарып келеді. Қазіргі Land Cruiser 300 буыны 2021 жылдың маусымында таныстырылған. Модель әзірге толыққанды рестайлингтен өтпегенімен, Жапония нарығына арналған нұсқасы кезекті жаңартуға ие болды. Бұл жолы өзгерістер тек сыртқы келбетпен шектелмей, техникалық бөлігіне де қатысты.

Toyota мәліметінше, Land Cruiser 300-дің гибрид нұсқасы екі комплектацияда – ZX және GR Sport ұсынылады.

Гибрид жүйесінің негізінде 3,4 литрлік бензинді қос турбиналы қозғалтқыш орналасқан. Оның қуаты 408 ат күшіне, ал ең жоғары айналу моменті 650 Нм-ге жетеді. Қозғалтқыш 10 сатылы автоматты беріліс қорабымен және қуаты 54 ат күші, айналу моменті 290 Нм болатын электр моторымен бірге жұмыс істейді.

Сонымен қатар Land Cruiser 300 қатарында 3,3 литрлік V6 турбодизель де сақталады. Оның қуаты 307 ат күші, ал ең жоғары айналу моменті 700 Нм. Қандай қозғалтқыш таңдалғанына қарамастан, автомобиль тек толық жетекті жүйемен ұсынылады.

Салон мен жабдықтары жаңарды

2027 модельдік жылдағы Land Cruiser 300 барлық нұсқаларына бірқатар жаңа жабдық қосылды. Олардың қатарында:

  • электр күшейткіші бар руль;
  • үшінші қатардағы орындықтарды электрлі түрде жинау жүйесі;
  • жүксалғыштағы екі деңгейлі еден;
  • орталық консоль мен жүксалғыштың сол жағындағы 100 В, 1500 Вт розеткалар;
  • смартфонды сымсыз зарядтау құрылғысы бар.

Екі деңгейлі жүксалғыш едені көлікте биік немесе ұзын заттарды тасымалдауға мүмкіндік береді.

ZX пен GR Sport нұсқалары

Гибридті ZX нұсқасы өзгертілген алдыңғы және артқы бамперлерге ие болды. ZX және GR Sport комплектацияларына қара түсті шатыр рейлингтері, салондағы шағын тоңазытқыш және екінші қатардағы жолаушыларға арналған планшеттер ұсынылады. Сонымен бірге бұл нұсқаларда:

  • 14 динамикті JBL аудиожүйесі;
  • цифрлық артқы көрініс айнасы;
  • көліктің алдыңғы және артқы бөлігін түсіретін бейнетіркегіш;
  • дөңгелектердегі қысым төмендегенін ескертетін жүйе бар.

GX нұсқасы да жаңарды

Бастапқы GX комплектациясына күміс түсті 18 дюймдік дөңгелектер орнатылған. Олар 265/65R18 өлшеміндегі шиналармен жабдықталады.

Сонымен қатар GX нұсқасына алюминий бүйірлік табалдырықтар, хром элементтері бар қара радиатор торы және автоматты жиналатын бүйірлік айналар беріледі.

Салонда мата қаптамасы мен полимерлі еден төсеніштері қарастырылған.

Бағасы қанша?

Toyota Land Cruiser 300-дің гибрид нұсқалары 2026 жылдың 1 қазанында Жапония нарығына шығады. Бағасы:

  • Land Cruiser 300 Hybrid ZX – кемінде 9 801 000 иен, шамамен 30,5 млн теңге;
  • Land Cruiser 300 Hybrid GR Sport – кемінде 10 200 300 иен, шамамен 31,7 млн теңге.

Жаңа гибрид нұсқа Land Cruiser 300 модельдік қатарында дизельді модификациямен қатар ұсынылады. Toyota осылайша толық өлшемді жол талғамайтын көліктің дәстүрлі рамалы әрі толық жетекті архитектурасын сақтай отырып, оған электрлендірілген күштік қондырғыны қосты.

Оқи отырыңыз