Toyota GRMN Corolla: спорттық хэтчбектің 190 данасы ғана сатылады

Toyota GRMN Corolla: спорттық хэтчбектің 190 данасы ғана сатылады
Фото: Toyota

Toyota компаниясы GRMN Corolla спорттық хэтчбегіне тапсырыс қабылдай бастады. Жапония нарығына арналған көліктің небәрі 190 данасы шығарылады. Өтінімдер 2026 жылғы 22 қарашаға дейін арнайы мобильді қосымша арқылы қабылданады.

Toyota GRMN Corolla – компанияның GR Corolla моделінің жетілдірілген әрі шектеулі топтамамен шығарылатын нұсқасы. Бұған дейін өндіруші бұл модельдің әлемдік нарыққа арналған 730 данасын шығаратынын хабарлаған. Алайда бұл сан Солтүстік Америка, Аустралия және өзге де бірқатар аймақтарға арналған. Ал Жапония үшін қосымша 190 көлік бөлінген.

Жаңа модельді өндіру 2027 жылдың қаңтар айының басында басталады. Көліктер GR Garages желісінің филиалдары арқылы сатылады.

Toyota GRMN Corolla қанша тұрады?

Жапонияда Toyota GRMN Corolla бағасы 9,8 миллион иен болып белгіленген. Бұл – стандартты GR Corolla бағасынан едәуір қымбат.

Салыстыру үшін, Жапония нарығында қарапайым GR Corolla-ның механикалық беріліс қорабы бар нұсқасы 5,68 миллион иен, ал автоматты беріліс қорабымен жабдықталған түрі 5,98 миллион иен тұрады.

Осылайша, шектеулі топтамадағы GRMN Corolla стандартты модельден шамамен 1,6-1,7 есе қымбат.

Қозғалтқышы мен техникалық мүмкіндіктері

Toyota GRMN Corolla капотының астына көлемі 1,6 литрлік, үш цилиндрлі G16E-GTS турбоқозғалтқышы орнатылған. Оның қуаты стандартты GR Corolla-дағыдай 304 ат күшін құрайды. Алайда ең жоғары айналу моменті 400-ден 410 Нм-ге дейін арттырылған. Қозғалтқыш тек алты сатылы механикалық беріліс қорабымен жұмыс істейді.

Инженерлер көліктің аспа жүйесін де қайта баптаған. Оған реттелетін бір түтікті амортизаторлар мен күшейтілген серіппелер орнатылған. Бұл өзгерістер жоғары жылдамдықта дөңгелектердің жолмен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар электр күшейткіші бар руль жүйесі мен артқы оське қуат беретін муфтасы бар толық жетек жүйесі жетілдірілген. Көлік Michelin Pilot Sport Cup 2 өлшемі 245/40 ZR18 спорттық шиналарымен жабдықталған.

Көміртекті талшықтан жасалған аэродинамикалық бөлшектер

GRMN Corolla сыртқы дизайны жағынан да стандартты нұсқадан ерекшеленеді. Спорттық хэтчбекке көміртекті талшықтан жасалған аэродинамикалық қаптама орнатылған. Ол жоғары жылдамдықта көліктің жолға жабысып тұруын арттырып, қозғалтқыш пен тежегіш жүйесінің салқындауына көмектеседі.

Капотында қосымша көлденең ауа өткізгіш ойық бар. Алдыңғы қанаттарына желдеткіш саңылаулар жасалған. Жүксалғыш есігінде реттелетін артқы спойлер орналасқан.

Салондағы өзгерістер де айтарлықтай. Артқы орындықтар алынып тасталған, ал алдыңғы орындықтардың орнына спорттық шелек пішінді орындықтар қойылған.

Toyota GRMN Corolla – күнделікті пайдалануға арналған қарапайым хэтчбектен гөрі, жоғары жылдамдық пен спорттық жүргізуге бейімделген арнайы модель. Оның шектеулі тиражбен шығарылуы автомобильді ерекше техника жинайтын әуесқойлар үшін де қызықты ете түседі.

Оқи отырыңыз