Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде сәтті өнер көрсетіп жүр.
Екі турдың қорытындысы бойынша отандасымыз бес ұпай жинап, өз тобында төртінші орынға көтерілді. Оның еншісіндегі ұпай саны бұрынғы әлем чемпионы Магнус Карлсен мен Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Нодирбек Абдусатторовтан көп.
Бибісара Уэсли Сомен екі партияда тең түсті
Турнирдің екінші күніндегі топтық кезеңнің алғашқы турында Бибісара Асаубаева АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі партия өткізді. Екі кездесу де тең аяқталып, қазақстандық шахматшы екі мүмкін ұпайдың бірін еншіледі.
Ойыннан кейін Асаубаева өз нәтижесіне көңілі толатынын айтты. Оның сөзінше, партиялардың бірінде жеңіске жетуге мүмкіндігі болғанымен, жалпы ойын өрнегіне риза.
Бүгінгі ойыныма көңілім толады. Бір партияда жеңіске жетуге мүмкіндік болды. Дегенмен жақсы ойындар болды деп ойлаймын, – деді шахматшы турнирдің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол ерлер мен әйелдерге бөлінбей, әлемнің үздік шахматшыларымен бір турнирде бақ сынау қызық екенін атап өтті.
Бұл өте қызық. 15-16 жасымда Grand Chess Tour турнирлерінің біріне барғаным есімде. Ол кезде мықты шахматшылардың ойынын сырттай тамашалап, бір күні олармен бір жарыста өнер көрсетемін деп те армандай алмайтынмын, – деді Бибісара.
Асаубаева өз тобында төртінші орында тұр
Екі ойын күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы бес ұпай жинап, D тобында төртінші орынға жайғасты.
Топтағы жағдай мынадай:
- Максим Вашье-Лаграв (Франция) – 8 ұпай;
- Ханс Моке Ниманн (АҚШ) – 8 ұпай;
- Арджун Эригайси (Үндістан) – 5 ұпай;
- Бибісара Асаубаева (Қазақстан) – 5 ұпай;
- Уэсли Со (АҚШ) – 3 ұпай;
- Рамешбабу Вайшали (Үндістан) – 1 ұпай.
Ал Магнус Карлсен C тобында төрт ұпаймен бесінші орында тұр. Өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов та төрт ұпай жинаған. Ол A тобында төртінші сатыға орналасқан.
Сәтсіз басталған турнирде жағдайын түзеді
Бибісара Асаубаева үшін жарыстың алғашқы күні оңай болған жоқ. 10 қарашада өткен блицтен алдын ала іріктеу кезеңінде ол қатарынан сегіз рет жеңіліп, 24 қатысушының арасында соңғы орынға тұрақтады. Шахматшының еншісінде небәрі жарты ұпай болды.
Алайда топтық кезеңде отандасымыз ойын қарқынын түзеп, нәтижесін жақсартты. 11 қарашада Уэсли Сомен екі партияда тең түсті. Ал келесі күні Үндістан өкілі Арджун Эригайсимен екі партияның бірінде жеңіп, екіншісінде жеңіліп, ұпайды бөлісті. Айта кетейік, Эригайси – Бибісараның мансабындағы рейтингі ең жоғары қарсыласы.
650 мың доллар жүлде қоры сарапқа салынып жатыр
Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирі 10-20 қараша аралығында Будапештте өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің 24 гроссмейстері қатысуда. Шахматшылар блиц, рапид және жылдам классика форматтарында бақ сынайды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 650 мың АҚШ доллары.