Тоқаев: Біз ел жылнамасының жаңа тарауын ашып отырмыз

Тоқаев: Біз ел жылнамасының жаңа тарауын ашып отырмыз
Фото: Ақорда

Бүгін Астанада бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы басталды. Жиынға жаңадан сайланған 145 депутат қатысып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарды Құрылтай жұмысының басталуымен құттықтап, бұл күнді ел тарихындағы маңызды оқиға деп атады.

Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз тарихындағы аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ел жылнамасының жаңа тарауын ашып отырмыз. Бүгін жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығару органы ресми түрде өз жұмысына кірісті. Бұл мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғырту үдерісінің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл өзгеріс еліміздің кемел болашағына бағытталған шешім саналады. Бір палаталы заң шығару органы мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін беріп, жаңа заңдар аясындағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауының қорытындысына тоқталып, өткен саяси науқан Қазақстандағы партиялық бәсеке мен саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін алға тартты. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жолғы сайлау бұрынғы науқандардан мәні мен мазмұны жағынан ерекшеленді. Саяси партиялар өз әлеуетін көрсетіп, бағдарламаларын қоғамға жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.

Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары қоғам назарын аударып, қоғамдық-саяси өмірге серпін бергенін атап өтті. Оның сөзінше, байқаушылар да партиялар арасында ашық бәсеке болғанына назар аударған.

Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті. Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады», – деді мемлекет басшысы.

Президент алдағы уақытта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы күшейіп, әрбір сайлау науқанында олардың рөлі арта түсетінін айтты. Сондықтан саяси ұйымдар сайлаудан кейін де сайлаушылармен байланысты үзбей, өз бағыттары бойынша жұмысты жалғастыруы қажет.

Сонымен қатар мемлекет басшысы сайлауға қатысқан партиялардың бағдарламаларында ұсынылған бастамаларға назар аударды. Оның айтуынша, ондағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тиімді шешімдер Үкімет жұмысында ескерілуге тиіс.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда басым дауысқа ие болған «Әділет» партиясының Құрылтайда конституциялық көпшілік құрып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты партияға артылатын жауапкершілік те жоғары екенін жеткізді.

Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Президент жаңадан жасақталған Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін де айтты. Депутаттардың басты міндеті – халық сенімін ақтап, мемлекет мүддесіне қызмет ету.

Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айтып, биыл ел болашағы үшін тарихи маңызы бар бірқатар оқиға болғанына тоқталды. Соның ішінде жалпыұлттық референдум арқылы жүзеге асырылған конституциялық реформаны ерекше атап өтті.

Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуін Қазақстан тарихындағы маңызды бетбұрыс деп бағалады. Оның пікірінше, соның нәтижесінде елдің өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретін берік құқықтық негіз қалыптасты.

Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді, – деді мемлекет басшысы.

Құрылтай бес саяси партияның өкілдерінен жасақталды. Депутаттық мандаттардың 110-ы «Әділет» партиясына берілді. «Ауыл» партиясы 10, Respublica партиясы 9 мандат иеленді. ЖСДП мен «Ақ жол» партиясына сегіз мандаттан тиесілі болды.

Оқи отырыңыз