Жаңалықтар

Тыным қажы

Ел аузында жүрген аңыздар
Тыным қажы
24.09.2018 11:32 6531

Қасиетті Тыным қажының көріпкелдігі

Мамырдың ортасынан басталған аптап ыстық шілде айында тіпті күшейте түсіп, адамның да, малдың да мазасын кетіріп, халыққа өте жайсыз болып тұр. Күндіз түгіл түнде де ыстық леп еседі де тұрады.

Көптен бері бір тамшы ылғал түспегендіктен жер беті әбден құрғап кеткен. Өсіп тұрған көде мен бозды да, жусан мен көкпекті де, қараған мен табылғаны да түрлерін өзгертіп, сұрландырып шаң басқан. Өрістен ауылға қарай қайтып келе жатқан малдардың аяғымен көтерліген шаң өртеніп жатқан жердің түтініндей будақтап шығады.

Әуе айналып жерге түсіп кеткендей қапырық. «Жұт жеті ағайынды» дегендей бүкіл даланы шегіртке қаптап кеткен. Жазғұтырым жайқалып қалың өскен шалғын шөп атаулыны біржолата құртып жіберетін түрі бар. Өздері де, малдары да әбден жүдей бастаған халық: «Аллаға жалынып тасаттық берейік, мына қаптап кеткен шегіртке деген пәлені құртатын дұға оқытқызайық» - деп келісті. Бірақ оның оқуын кім оқи алады, бұл маңайда қандай ғалым молда бар?» - деп жиналған жұрт бір-бірінен сұрасып жатты. Осы кезде төрде отырған ақсақал дауасын көтере сөйлеп: «Сендер не айтып отырсыңдар? Бұл аймақта Тыным қажыдан асқан кім бар? Тезірек соны шақырып әкелу керек» - деп өз шешімін айтып салды. Бұл пікірге ешкім де қарсы өз айта алмай, бәрі де: «Айтқаныңыз өте дұрыс» - деп қолдай кетті.

Осы кезде Тынымның аулынан бүгін ғана келген Шонтай деген жігіт оны кеше ғана Ақмола жағына, қайтыс болған бір байдың жаназасына шақырып алып кеткендігін айтты. Бұл сөзді естіген жұрт: «Енді не істейміз» дегендей абыржып қалды.

Аз ғана үнсіздіктен кейін Тыным қажыны жақсы білетіндер оның ерекше қасиеттері жайында әңгімелерін өрбітіп әкетті.

Бір күні Нұра өзенінің бойындағы төрелердің біреуінің әйелі ұзақ толғатып, мезгілімен босана алмай қатты қиналады. Қаладан акушерка да алдырады. Оның да ешқандай көмегі болмай, әйел қиналған үстіне қинала берген. Олар мұнан кейін қос ат жіберіп, Тыным қажыны алдырған. Ол кісі кірісімен егде тартқан, дәрет алып, таза жүретін үш әйелді қалдырып, екеуіне әбден қалжырап шаршаған әйелді қолтықтап көтеріп, арқанға асылдырады. Үшінші әйелге ішін сыйпатып қояды. Шала естілеу болып, әбден қалжырап басын көтере алмай жатқан әйел «қажы келді» -   дегенді естігенде көзін ашып алып, қолтықтаған әйелдерге сүйеніп, өзі де арқанға қарай ұмтылған.

Қажы әйелдермен өзінің арасына шымылдық құрғызып қойып, жеңілдік дұғаларын оқи бастайды. Үйдің ішінде молда мен әйелдерден басқа ешкім қалмаған. Бірақ үйдің сырты ығы-жығы адам. Кейбіреулері шыдамсызданып, жабықтан сығалап қарайды. Бір мезгілде нәрестенің шыр етіп жарық дүниеге келген даусы естілді. Бағанадан шыдай алмай тұрғындар киіз үйді көтеріп әкететіндей сықырлатып, үйдің ішіне лап қойды. Әйелдер жас сәби жаққа қарай ұмтылса, еркектер Тыным қажы отырған төрге қарай ұмтылды. Олардың кейбіреулері: «Қаситіңнен айналайын әулием-ай, бізді қуанышқа бөледіңіз-ау» - деп аяғына келіп жығылып жатыр. Тыным қажы оларға: «Алла деңдер, Алла рақым қылды ғой деңдер» деп өзіне айтылып жатқан мадақ сөздерді тыйып тастады.

Тынымды қасиеттеп жұрт жаназаға да, ауру-сырқауларды емдеуге де тіпті жай қонаққа да кезектесіп шақырып, бірнеше апта бойына үйіне қайтармай қоятын.

Бұл үйді де, бүкіл ауылды да ырза қылып үйіне қайтпақ болып, есік ашып шыға берген кезде алыстан ат сабылтып келген бір жігіт   тура қарсы алдынан кездесе кетті. Тынымды көре сала шап беріп сәлемдесіп: «Сіз кетіп қалмай тұрғанда кездескенім қандай жақсы болды!» - деп, қуана күлімдей сөйлеп, келген шаруасын бажайлап түсіндіріп берді. «Иә бармасқа болмас» - деп. Тыным қажы атқа мінді.

Көптен бері төсек тартып жатқан, әбден жүдеп қу сүйек болып қалған жас жігіт қажы қасына таянып келгенде қинала жөтеліп, басын төсектен зорға көтерді. Оның тамырын ұстап, асықпай байқап көргеннен кейін жігіттің жел науқас (туберкулез) екенін бірден сезді. Енді саусақтарының өсіңкіреп кеткен тырнақтарын жіті қарай бастады. Оның көз жанарына дейін тесіле қарап отырып, жігіттің бойынан әлі де өмір сәулесі барын байқады. Бұдан кейін Алла қаласа мұның әлі де сауығып кету үміті бар екендігін айтқан кезде: «Әулием-ай, айтқаның келсін!» - деп жігіттің әке-шешесі, жақын-жұқындары дауыстап еңіреп жылап жіберді. Жігіттің әкесі орнынан атып тұрып: «Қажеке-ай, аузыңа май, астыңа тай» - деп еңіреп жылап, аяғына жығыла кетті.

Қажы жұртты тыныштандырды. Енді жігітті қалай емдеуді түсіндіріп айтып бергенде жігіттің әкесі жалынышты дауыспен: «Қажыеке-ай, оны өзіңіздің мүбәрәк қолыңызбен емдеңізші» - деп жалынды. Тыным үйіне қайтқысы келсе де амалсыз көнді.

Далада кішкене төмпешіктерде өсетін қияқ сабақты ақ тамыры бар бұжыған деген өсімдікті алдырып, шай сияқты қайнатып ішкізді. Мұны сырқаттың сүйсініп ішкендігі сондай, оны ішіп отырғанда бұрын шықпайтын тер де шып-шып етіп маңдайынан шығатын болды. Мұны ертелі-кеш ішкеннен кейін аздап тұзсыз майлы тамақтар жегізді. Бір аптадан асқан уақытта сырқат жігіт бері қарап, ата анасын қуанта бастады. Осы кезде қажыны іздеп, елден шақырушылар да келіп жетті.

Маржанкөлдің айналасын қаптап қоршай тігілген киіз үйдің адамдары қажыны тағат таппай күтуде екен. Ол келді деп естігенде үлкен ақ боз үйде отырған үлкен, кішілердің бәрі де дүркіреп далаға шығып, жігіттер аттан қолтықтап түсіріп алды. Бәрі де құшақтасып сәлем беріп, үйдің төріне шығарып отырғызды. Аптапта шөлдеп келген қажыға әдейі құдыққа салып салқындатып қойған қымызды алдырып құя бастады. Тыныммен бірге салқын қымыз ішіп көңілдене бастаған жұрт «Қажеке-ай, қолымызға зорға түстіңіз-ау» - деп сарғая күткен қуанышын білдіріп қояды.

Сәске түс кезі. Көл жиегіндегі жер ошақтардың барлығында да ет асылып, буы бұрқырап жатыр. Әне-міне дегенше намаз уақыты таянып қалып, құрттай құжынаған жұрттың бәрі де дәрет алып, тасаттық намазына тұра бастады. Күннің ыстығына шыдай алмаған кейбіреулер намазда тұрған жерінде талықсып құлап қалып, бастарына су құйғызып, естерін зорға жиып жатыр.

Ет асып, тамақ пісіріп жүрген әйелдер әрі ыстықтан, әрі шегірткеден запа шегуде. Қазанның қақпағын ашып жіберсе-ақ болды, сорпаға қаптап түседі де кетеді.

Намаз оқылып, тасаттық жасалып, жұрт ет жеп бола бастаған кезде дауылдатып, желдетіп оңтүстік-батыс жақтан будақ-будақ қара бұлттар көтеріліп шыға бастады. Дүние жүзі қара түнек шаң боп кетті. Етті жеп бола бергенде нөсер жауын шелектеп құйды да кетті. Жауынның арты қалың бұршаққа ұласып, жердің беті аппақ болып шыға келді. Жауын басылғаннан кейін үйлеріне қайтқан жұрт әуелде ыстыққа шыдай алмай зорға келсе, енді күннің салқындығынан бәрі де бүрсеңдеп сүмірейіп үйлеріне қайтып бара жатты. Жауынның шелектеп көп жауғанынан жазғұтырым көлге құятын өзектер мен өзекшелер қайтадан тасып, көлдің суала бастаған су деңгейі қайтадан көтеріліп кетті.

Ертеңінде аспанда бір шөкім бұл та қалмай күн шайдай ашылды. Кеше ғана шаң жұтып, тынысы тарылып отырған жұрт жауыннан кейінгі даланың жұпар ауасын қайтадан мейірлене жұтып, көңілдене бастады. Мал жейтін шұрайлы шөптерді құртып жіберуге таяған қаптаған қалың шегірткенің бірде-бірі көрінбейді. Тұтас қырылып қалған.

Арада бір жылдай уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде Тыным қажыны мадақтап айтылатын әңгімелер бір толастаған емес. Әсіресе оның Маржанкөлдегі тасаттықтан кейін Алла тілегін беріп, жауын жауып, шегірткенің қырылғандығы жайында ертегідей әсерлеп, аңыз етіп айтып жүретін болды.

Бұрыннан да беделді Тыным қажы мұнан кейін тіпті ерекше құрметке ие болды. Жаназа шығару, не сырқаттарды емдеу ғана емес, бір-бірін түсінісе алмай, берекелі кетіп жүрген от басыларын да татуластырып жіберетін еді.

Тыным қажы бір күні ұзақ сапардан үйіне оралса, есік алдында ашаңдау келген өзі танымайтын жас жігіт жүгіріп шығып, қолтықтап аттан түсіріп, бәйек болып жүр.

«Япырмай, бұл мен танымайтын қандай жігіт өзі» - деген оймен үйіне кіруге ыңғайланып келе жатты. Белдеуге байланған үстіндегі күміс ері мен өрнектелген тоқымы жарасқан әдемі торы атты көзі шалды. Үйге кірген бетте-ақ төрде кітап оқып отырған баласы Қиқым атып тұрып мойнына асыла кетті. «Әке, әке маған ат әкелді» - дейді қайта-қайта. Қажы ештеңеге түсінген жоқ.

Жайласып қымыз ішіп отыра бастасымен-ақ бөтен жігіт өзін таныстырып берді. Сөйтсе ол былтырғы үмітсіз ауыр халде жатқан, өз қолымен емдеген жігіт екенін білді.

- Ой, балам-ай шипасын берген екен, ғұмырлы бол! – деді қажы.

- Әмин, айтқаныңыз келсін! – деп жігіт орнынан атып тұрып, қайтадан қажының қолын алып:

- Қасиетіңнен айналайын қажыекем-ай, сіз болмағанда мен әлдеқашан о дүниелік болып кететін едім, – дей бергенде қажы жұлып алғандай:

- Шырағым, бұлай айта көрме, бір Алла шипасын салмаса, менің қолымнан не келеді? – деп жігітті тоқыратып тастады. Осы кезде қажының жолаушылап келгенін көрген үлкенді-кішілі ауыл адамдары сәлем беріп үйге кіріп келді. Қажы да келген адамдарды орнынан тұрып сәлемдесіп, қарсы алды. Олар жайғасып отырысымен сапырылып қымыз құйылып, көңілді әңгіме басталып кетті. Төрде отырған қарттар қымыздың қызуы бойларына тарай бастаған кезде: «Осы келіннің қымызы ерекше жақсы болады» - деп Тынымның әйелінің шашбауын көтеріп қойып отырды. Анығында да Қажының орта ғана шаруашылығы болса да қонақтарға арналған дастарханы ешкімнен кем болмайтын. Тынымның өзі барға қанағат қылып, дүние жинауды мақсат қылмаған адам. Жаназаға арнайы шақырылып, өзіне беретін садақаны, көбінесе кемтарларға беріп отыратын. Міне, бүгін мына келіп отырған жігітті емдеп, сырқат бері қарап, елден шақырушылар келіп, қайтар кезде астына мінгізген атын да, үстіне жапқан шапанын да: «сырқат әбден айығып жазылсын» - деп алмай кеткен. Міне, басын көтеріп, атқа мініп жүруге де шамыс келген соң сол қажы алмай кеткен ат, шапанын және басқа да сыбағалар қосып, әкеліп отырған беті. Мұны енді білген қажы:

- Әй, шырағым-ай, бекер-ақ әкелген екенсің. Мен сендерден ештеңе дәметкен жоқ едім ғой, – деді.

- Жоқ, қажы-еке бұл атты Сізге емес, балаңызға арнап әкелгенмін! Оған қатты ұнады. Бағана сіз келердің алдында мініп көрген, – деді ат әкеліп отырған жігіт Тынымға көзінің қырымен қулана күлімдей қарап.

Тынымның әкесі де, аталары да өз кезінде халыққа қадірлі болған адамдар екен. Халық шежіресі бойынша оның ата тегінің таралуы мына төмендегідей болып келеді. Оның арғы тегі Орта жүз Арғыннан тарайтын Қуандық. Қуандық өз кезінде мал мен басы қатар өскен мықты адам болыпты. Ол туралы халық арасында мынадай бір ауыз өлең кең тарап кеткен екен:

Сұрасаң арғы атамды Қуандықты

Қылыпты заманында жуандықты.

Аққошқар, Сайдалының заманында

Бір көлден 40 мың жылқы суарыпты.

Осы Қуандықтан Есенқарт, Аманқарт, Алтай, Қарпық, Өмір, Темір тарайды. Бұларға да мал мен бас қатар бітіп, өркендеп өскен екен. Сондықтан «Біржан-Сара» айтысында атақты Біржан ақынның өзін: 

«Сұрасаң арғы атамды Алтай, Қарпық,

Желіні құрады екен атпен тартып»  деп мадақтап таныстыруы тегін емес еді.

Осы Қарпықтан: Мәмбет, Көзей, Тінәлі тарайды. Көзейден Қаратоқа жалғыз болады. Тоқа әкеден жалғыз болып туса да өзінің мал мен басы қатар өскен аруақты адам болыпты. Атағы бүкіл қазақ түгіл шет жұртқа да кең тараған Сәкен Сейфуллин, Кәрім Мыңбаев, Сәділй Талжанов сияқты атақты адамдар да көп шыққан. Сондықтан Сәкеннің:

«Ор, Аба, Есен, Нұра жерім еді,

Қуандық – Қаратоқа елім еді.

Қолдар деп қысылғанда аруағы

Сендерге асау балаң сеніп еді», деп айтуы тегін емес еді. Осы аталып өткен Тоқадан: Түнқатар, Бесілі, Тоқтауыл, Сары, Молқы, Құлымбет тарайды. Құлымбеттен: Райымберлі, Тәттіқадам, Бапай, Сырлыбай, Бөгенбай.

Бапайдан – Ердос, Медет, Ақтен.

Ақтеннен - Өмір, Бұлан.

Өмірден – Қасқабай, Қияқ, Дәуіт, Қуаныш, Шилібай, Елтоқ.

Қуаныштан – Тыным, Жадай.

Тынымның әкесі Қуаныш тақуалық, қайырымдылығымен ел арасында беделді адам болыпты. Тыным туралы жоғарыда жазылған әңгімені Жадайдан туған Тәпек деген кісі хикая қылып айтып отыратын. Тәпектің азан шақырып қойған аты Ахметжан екен. Ол жас кезінде аласа бойлы, төртбақ денелі қайратты жігіт болыпты. Осыған қарап жеңгелерінің қойған аты екен. Ол кісі өте әңгімешіл адам еді. Біздер мектептен шыққаннан кейін Тәпекке (Ахметжанға) келіп ертегі, әңгіме тыңдаймыз. Көптеген Хисса-дастандарды жатқа айтатын. Біздер аузымыздан сілекейіміз ағып, жалықпай тыңдай беретінбіз. Тәпекеңнің Мұстафа деген баласы қазір Астанада тұрады.

Тынымның баласы Қиқым да мұсылманша оқуды жақсы меңгеріп, бала оқытып, молда болған адам. Кейбір сырқаттарға әкесі сияқты ем жасауды да жақсы білген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін молдалықтан тыйыла бастайды. Жаңа заманның қай бағытқа қарай бет бұратынын бірден аңғарған.

«Сендерді өкімет қолдады,

Кедейлер, одақтас жалшымен.

Аямай байлар мен молданы,

Шықпыртып қойдай қу қамшымен!» деп, жаңа орнаған кеңес үкіметі тұтас бөлінбейтін кедей, бай деп екіге бөліп, ел арасына ашықтан ашық іріткі салып, ала ауыздық туғызып, берекесін ала бастаған.

Осы кезде жетпістен асқан Тыным қажы бала-шағасын, жақын-жұқындарын жинап алып, мынандай қоштасу сөздерін айтқан екен. «Шырақтарым, мен ол дүниелік болып бара жатырмын. Алла алдымнан жарылқасын! Бұл дүниеде ешкімнің ала жібін аттап, ешкімге қиянат жасаған адам емеспін. Қайта кемтарларға қолымнан келген көмегімді көрсетіп, жәрдем етіп келдім. Шамам келгенше қалт жібермей мезгіліммен намаз оқып, ораза тұтып отырдым. Енді бір Алланың өзіне сыйынып жатырмын. Сорлы бейбақтар-ай, сендердің күндерің не болар екен?! Сендерге, бүкіл халыққа қаптаған қара бұлттай бір зор қауіп төніп келе жатқан секілді. Мұнан аман қалуларың қиын болар-ау! – деп көз жұмған екен. «Шіркін әулие-ай, алда болатын сұмдықтарды қалай болжап білген» - дейді екен ел басына түскен қаралы күндерді көзбен көріп, басынан кешкен адамдар.

Тынымның баласы Қиқымнан Торғай, Баяш атты екі қыз бала болған. Ол кейбіреулердің қыз балаларды оқытып қайтесің дегеніне қарамай, балаларының оқығанын, сауатты болғанын жақсы көрген. Бұларды әуелде мұсылманша, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін оларды заман тілегіне сай білім алсын деп жаңаша оқуға мүмкіндік жасаған. Әсіресе Торғай ескіше де, жаңаша да білім алып, өз қатарынан ерекшеленіп, білімді адам болып шыққан. Әуелі комсомол, содан кейін партия мүшесі болып, беделі, абыройы өсе түсіп, көптеген жауапты қызметтер атқарған. Қай жерге барып қызмет атқарса да үнемі өзінің іскерлігін көрсетіп отырған. Оның бұл ісіне сүйіспеншілікпен де, көреалмаушылықпен де қарайтын адамдар аз болмаған. Торғай жалған сөйлеуді білмейтін, айтқан уәдесінде тұратын, басқалардың ұнамайтын істерін жасқанбай бетіне айтатын, қоғам мүлкін пайдалынып, талан-таражға салғысы келетіндерді үнемі тежеп отыратын адам екен, әйел арасында сирек кездесетін құбылыс.

Торғайды жұмыс білетін іскерлігіне қарап, Нұра ауданындағы шаруашылығы ең артта қалған Исаев атындағы колхозды басқаруға жіберген. Ол келісімен бар күшін салып, кедергі жасап отырған кертартпа жемқорларды тыйып, колхоз шаруашылығын көтере бастаған. Бұл кезде Торғайдың қарсыластарының тілегіне орай «халық жауы» деген жазықсыздарды жала жауып, құртып жіберу тәсілі шыға келді.

1937 жылы өзімен қатар жүріп, Кеңес өкіметін орнатысқан жолдастарын өзіне қарсы шықпасын деген оймен оларды «халық жаулары» деп құртқан Сталиннің Мәскеуде көрсетіп берген бастамасы Қазақстанға жеткенде дүниені төңкеріп кеткендей алапат дауылға айналды. Ұнатпаған адамын біреулер сыртынан мынау «халық жауы» деп қолын шошайтса болды, оларды ақ пен қарасына қарамай НКВД жендеттері соққылап апарып, түрмеге тықты да отырды. Бұған бір түскен соң қайтып жарық дүниені көрмейтін. Тергеушілер оларды ұрып-соғып, азаптаудың адам айтқысыз қатал түрлерін қолданып, әбден есін тандырып «мойындататын» сауаттыларына қол қойғызып, сауатсыздарына бармақтарын бастыртатын. Бұдан кейін түрмедегілер өздері өмірінде естімеген, білмеген не Германияның, не Жапонияның «агенті», «шпионы», не кеңес өкіметін құлатуға ұмтылған «керемет» үлкен ұйымның «басшысы» болып шыға келетін. Бұдан кейін бұларды не атып тастайды, не лагерьлерге жіберіп, адам төзбес ауыр жұмыстарға салып, азаппен өлтіретін.

Асырап, мәпелеп отырған екі жас баласы бар, 33 жастағы Кеңес өкіметіне беріліп, жан аямай қызмет атқарып жүрген Торғай да осындай жалаға душар болған еді. Оны тұтқындауға келген екі-үш НКВД-ның жендеттері үй ішін тас-талқан ғып ақтарып, тәуір деген заттарын тегіс, тәркілеп, өзін алдарына салып тездетіп алып шығуға беттегенде артында қалып бара жатқан көздері мөлдіреп жасаураған бөбектеріне қарай ұмтылды. Бағанадан бері түстері суық бөтен адамдардан сескеніп, әжесінің қойнына тығылып, балапандай жаутаңдап отырған сәбилер анасына жабыса кетті. Лүпілдген жас жүрегі әлде қандай бір сұмдықты сезгендей ең кіші Еркіні еңіреп жылап қоя берді. Осы кезде өзін өзі бағанадан бері қайраттандырып мықты ұстап жүрген Торғайдың көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Артта қалып бара жатқан күнәсіз сәбилердің де, тұтқындалып бара жатқан аяулы ананың бірін-бірі енді қайта айналып көрмейтінін сезгендей бір-біріне жүректері ерекше елжіреп кетті. Алты жасар Сайдалысы әжесінің қойнына қайтадан тығылып, жыламсырап қала бергенде үш жасар Еркіні «мамалап» шыңғырып, есіктен итеріп шығарып, алып кетіп бара жатқан шешесінің етегінен жібермей жабысып ұстап алған. Оны көтеріп алып сүйейін деген кезде жендеттер анасына бөбегін соңғы рет иіскеп сүюге де мұрша бермей, етекке жабысқан сәбиді кейін қарай лақтырып жіберіп, анасын итермелеп ала жөнелген. Бұл оның аяулы енесін де, сүйген жарын да, жүрегін жарып шыққан бөбектерін де ақырғы көріп қалуы еді.

Мөлдір көзді қос сәбиі бар ананы аямаған жендеттер оның күйеуін аясын ба? Мұнан кейін «халық жауы» деген бұғалықты Сүлейменов Мәженнің де мойнына салып жіберді. Екі сәби бала кәрі әжесінің қолында панасыз жетім болып қала берді.

Мәженнің арғы тегі Қарпықтың бір баласы – Мәмбет, Мәмбеттен: Ораз, Қараша. Қарашадан: Алтыбасар, Босалдақ. Алтыбасардан: Тоғызбай, Топар, Жандар, Байлар. Мәженнің осы аталары шетінен қаймықпайтын, жасанған жауға қарсы шапқан жүректі, мықты адамдар болыпты. Жағалай шабыс, қанды қақтығыстар кезінде сыртқы жарақтанған қалмақ көші Нұра бойына баса көктеп кірген екен. Мұны естіп білген сол маңайдағы қазақтар аттандасып жиналып, сырттан келген жауды қуып шығуға бел буған. Екі арада соғыс бола қалса, қан төгіліп қырғын болатыны анық. Осыны болдырмас үшін екі жақтан да ел басқарып жүрген беделді адамдар ортаға шығып сөйлесіп, жаппай соғыспай-ақ жекпе-жекке батырлар шығаруға келіскен. Қай елдің батыры жеңіп шықса, жер соныкі болмақ. Алға шығып, аюдай ақырып тұрған қалмақ батырына қазақтар жағынан ешкім шығып қарсы бара алмаған. Жауға қарсы шығар батыр таба алмаған көпшілік алыста жүрген Жандар батырды қос ат жіберіп алдырған. Ол келген бетте-ақ жаумен жанын аямай айқаса кетіп, ақыры жеңіп шыққан. Осы жеңіске ырза болған Би ата оған мынандай бата берген екен:

Шырағым, көзсіз батыр, ер екенсің,

Көрмегейсің жамандық көлеңкесін!

Мал, басың құдай беріп, қатар өсіп

Дүниенің саған берсін берекесін! -  деген  батасы қабыл болып, кейінгі ұрпақтарының мал мен басы қатар өскен екен. Бұл Мәженнің арғы атасы. Жандардан: Боқтығұл, Болтай, Тоқан, Жауғаш, Қосқұлақ тарайды. Бұлардың бәрі де ауқатты болған адамдар. Болтайға 10 мың жылқы бітіп, ірі бай болған. Боқтұғылдан: Үмбет, Жанғұт, Көпжасар. Көпжасардан – Сүлеймен. Сүлейменнен Мәжен. Мәженнен – Сайдалы. Сайдалыдан – Бейсенбай, Гүлнар, Роза, Райхан, Айгүл, Алмагүл.

Мәжен жастайынан дін оқуын оқып, оны жақсы меңгерген. Оның қабілеттілігіне риза болған ұстаздары: «Ол ауылдағы молдалардың оқуын тәмамдады. Енді мұны алыс шаһарлардың біріндегі медіресеге жіберу керек» - дейді екен. Бұған ата-анасы да  қарсы болмаған. Өйткені әр ауылда молда ұстап, балаларды дін оқуына беру – ол кезде бүкіл Мәмбет елінде үлкен дәстүр болған. Сондықтан Қарпықтың үш баласына мынандай сипаттама беру халық арасына кең тарап, үнемі айтылып жүреді екен.

  1. Көзей – Тоқайға – жау айбынар күш арнаған.
  2. Мәмбетке – имандылыққа ұйытатын дін арнаған.
  3. Тінәліге – Қыдыр қонып, құт орнаған.

 

*             *              *

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін діни оқуды жете меңгерген Мәжен жаңа оқуды да еркін меңгеріп алып, әр түрлі қызметтерді абыройлы атқарып жүрген. Тұтқындалар алдында Нұра ауданындағы Шахаман ауылдық кеңесінің төрағасы болған. Мәжен мен Торғайды ұстап әкетер алдында «Қарағандылықтардың ісі» деп аталған республика бойынша алғашқы «халық жауларын» әшкерелеу науқаны басталған. Бұл іске байланысты Қарағанды облысының басшылығында  жауапты қызметтер атқарып жүрген Мансұр Ғатаулин, Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұрсейітов тағы басқалар тұтқындалған. Бұлардың ішінде М.Ғатаулин 1932 жылғы «Бесеудің хатына» байланысты үнемі бақылауда жүрген адам еді. Бүкіл Қазақстан бойынша қуғын-сүргіннің Қарағандыдан басталуының бір себебі осы болған. Бұдан әр түрлі сылтаулармен, жалған жалалармен ауылдан да, қаладан да жазықсыз жандарды топырлатып ұстап, атқандарын атып, атпағандарын азап лагерьлеріне жөнелтіп отырған.

Басты қызмет атқарып, ел жағдайын білу үшін ауылдарды аралап жүрген кезінде Абдолла Асылбеков Мәжен мен Торғайдың үйінде бір түн қонақ болып шыққан. Міне осының өзі оларды «халық жауының сыбайласы» деп тұтқындауға жеткілікті себеп болған. Тұтқындалғаннан кейін жасанды куәлар тауып, Кеңес өкіметін құлататын «нағыз қауіпті жау» болып шыға келген. Бұлармен бірге тірі пендеге қиянат жасап көрмеген, тек адалдық, адамгершілікпен ғана өмір кешкен Торғайдың әкесі Қиқымды да «сен өкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүрген молдасың» деп тұтқындап әкеткен.

Тыным баласы Қиқым ұсталып кетер кезде өзінің ата-бабасы туып өскен Ақтен қопасында тұрды. Бұл қопада кейінгі бір кездерде улы жапырақтар өсіп, оны тоя жеген мал өліп қалғандықтан «Улы көл» деп аталған. Кеңес өкіметі орнап, колхоздастыру басталған кезде бұл жердегі колхоз аты «Балықшы» деп аталған. «Балықшы» колхозы 25-30 шақты ғана үйден құралған шағын колхоз. Қиқымды осы «Балықшы» колхозында Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйым құрды деп айыптаған. «Анығында Қиқым ондай ұйым құрмақ түгіл, біреудің көңілін қалдырып, ешкімге қарсы қатты сөз айтпайтын адам еді. Әкесі Тыным қандай қайырымды, байсалды адам болса, Қиқым да сондай адам еді» - дейтін Тәпек ақсақал...

Ақыры Тынымов Қиқымды да, оның қызы Сүлейменова Торғайды да, күйеу баласы Сүлейменов Мәженді де 1937 жылы УНКВД-нің үштігінің қаулысымен ату жазасына кесіп, үкім қолма-қол орындалған. Жазықсыз жандарды жалған жала жауып, құртып жіберу осылайша аяқталып отырған.

Әкесі мен шешесі бірдей ұсталып кеткеннен кейін алты жастағы Сайдалы мен үш жастағы Еркін қарындасы кәрі әженің қолында панасыз тұлдыр жетім болып қала берген. Кәрі әже аштан бұралып, ыңырсып жылаған екі немересіне ішер тамақ тауып бере алмай тарыққан. Бұларды «халық жауларының шешесі мен балалары» деп ешкім паналатпаған да, үйіне кіргізбеген де. Бұлар әбден қалжырап, титықтап жүрген шағында кәрі әженің Қорғалжында тұратын төркіні – шөбере інісі Жұматай өз ауылына көшіріп алған. Ол кезеңде шөбере түгіл бірге туған ағайындар да көмек көрсете алмай, жан сауғалап жүргенде  бұл оның жасаған нағыз ерлігі еді. Бұл олардың аман қалуына себеп болды. Алайда ішер ас, киер киімнің тапшылығынан ауруға шалдығып, Сайдалының жалғыз қарындасы Еркін жастай қайтыс болды.

«Халық жауының» баласы атылып, өмірден қысымды көп көрсе де, өзінің пысықтығы, іскерлігі арқасында Сайдалы өсе келе жауапты қызметтер атқарып, балалы-шағалы болған. Қазірде құрметті қария болып, Астанада тұрады.

Қиқымның екінші қыз баласы Баяш та, «халық жауының – тұқымы» - деген жаланың зардабын көп тартады. Анасы Ажар екеуі алыс Қарағандыға барып бас сауғалайды. Бірақ, кеңестің жапқан жаласы, кесепаты бұларға да дамыл бермейді.

Баяш өзінің пысықтығы, алғырлығы арқасында жеті жылдық оқуды тәмамдап, сауда саласында қызмет атқарады. Атадан дарыған өжеттік пен алғырлық өз ісін тез дөңгелетіп әкетуге септігі тиеді. Дегенмен жабылған жала, жағылған күйе мұның өміріне де үлкен кесірін тигізді. Жұмыста сәл тексеріс болса болды Баяшты бірден абақтыға жауып тергеуге алып отырды. Осындай қатал қысым жас келіншектің жаралаған еді. Ал осындай қысымның кесірінен небары 34 жасында дүниеден өтті. Артында қалған қос перзенті: Сайлау мен Қарлығаш өмірдің қиындығын көріп, ерте есейді. Сайлауы ел басқарды. Кезінде «Нұра» кеңшарының директоры болса, бүгінде «Шербаковский» ауылында әкім, Қарлығашы – Астанада – тұрмыста, мамандығына сәйкес қызмет атқарады.

Ақыры қасиетті Тыным қажының өлер алдындағы айтқаны тура келіп, қазақ халқы жан түршігерлік апаттардың бірінен соң біріне душар бола берген. «Халық жауларын құрту» науқанына 1931-33 жылдардағы қазақты жусатып кеткен аштық алапатынан кейінгі қаралы оқиға болды.

Асыраушысынан айырылып, зарлап қалған жесір әйелдер мен жетім балаларды, жалғызынан айырылып, қанжұтып қалған ауру-сырқау кемпір-шалдарды көргенде адамгершілігі бар адамдардың көңілі босап, қан жылайтын еді. Өйткені ол бейшаралардың бастарынан кешкені жоқшылық пен аштықтың, қысым мен қорлықтың тауқыметі болды. Күйеуі ұсталып кетіп, оның артында шиеттей жас балаларымен қалған әйелдер паналайтын жер таба алмай, шырылдап аштықтан жылаған балаларына беретін бір үзім нан таба алмай зар еңірейтін еді. Қалай зар еңіремесін?! Күйеуі «халық жауы» болып ұсталған оны басқа адамдар түгіл, күйеуінің бірге туған туыстары да «бұл пәленің қырсығы тиіп кетеді» деп маңайларына жолатпайтын. Ешкім үйіне кіргізіп, бір үзім нан беріп паналатпаған соң құшақтап алған жас баласымен бірге қыстың аязды түнінде үйдің ығында қатып қалған жағдайлар болған.

Бірде Мұса деген қажырлы жігіт «Екпін» колхозындағы туыстарына барып, қатты соққан бораннан шыға алмай он шақты күн жатып қалады. Боран ашылысымен жаяулап үйіне қайтады. Сүрлеу іздің бетін қар жауып қалған. Жол ауыр. Құр оппалап келеді. Кенеттен аяғы көлденең жатқан бір затқа тиіп, етпетінен мұрттай ұшты. Орнынан тұрып, қар жабысқан бетін, көзін сүртіп, артына қарап еді, адамның аяқтары сияқты, өз көзіне өзі сенбей, еңкейіп барып қолымен ұстап көріп, бүкіл қар басқан денені қар астынан аршып алды.

О, сұмдық! Қатып қалған жас әйел. Қойнында емшекке жабысып алған жас бала көрінді. «Өзім өлсем де осы құлыным аман қалсын» дегендей мықтап құшақтап алған. Бала тірі сияқты. Оны анасының қатып қалған қолдарынан босатып, зорға айырып алған кезде бала шыр ете қалды. Өзі жүдеу, өзі аш жас баланы қолтығына тығып алып, жан ұшырып үйіне жетті. Осы сияқты «халық жауларының» әйелдері мен балаларының өз ауылынан пана таба алмай, қаңғып шығып кетіп, ай далада ит құсқа жем болып кеткендері де бар еді.

Қазақ халқы өзінің тәуелсіздігінен айырылып, патша өкіметінің отарына айналған күннен бастап-ақ қысым мен қорлықтан көз ашпады. Оларды бұрынғы ата-баба қоныстарынан, шұрайлы жерлерінен қуып шығып, жапан далаға қарай ығыстыра берді. Бұған наразылық көрсетіп, қарсы шыққандарды аяусыз басып тастап отырды.

Патша өкіметі құлап, Кеңес өкіметі келген кезде оның «бостандық», «теңдік», «әділдік», «бейбітшілік» деген ұрандары халықты өзіне тартып, үлкен үміт күттірген еді. Көпшілік  енді жарылқанып жақсы өмір сүреміз ғой деп ойлады. Жұрттың көбі осы пікірде болған кезде Тыным қажы: «Мына орнап келе жатқан заманның сұрқы жаман. Елді ішіне тартып алып есеңгіретіп әкетіп барады. Күндердің күнінде есі кеткен елді орға жығып кете ме деп қорқамын» - деп уайымдайтын да отыратын дейтін Тәпек ақсақал.

Ақыры заманның ағымы қажының қауіп қылып ойлағанындай болып шықты. Жаңа орнаған Кеңес өкіметі халыққа ешқандай жақсылық әкелмеді. Қайта бір қасіреттен кейін екінші бір  зор қасіретке малтығып қала беретін болды.

1921-1922 жылдары кеңестік әскери коммунизм саясаты Қазақстанның көп жерін, әсіресе Ақтөбе, Торғай өңірлерін жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Аштықтан қалжыраған халық суық ұрған қара шыбындай қырылып жатты. Өйткені «әскери коммунизм» тұсында халықтың малын, азық-түлігін қолдан тартып алып, өздеріне күнелтетін ештеңе қалдырмаған еді. Шамасы келгендері жан сауғалап шет елдерге босып кетті. Осылай басталған  қасірет жалғаса берді.

1928 жылғы байларды тәркілеу, мұнан кейін колхоздастырамыз деп қазақтың күнелтіп отырған барлық малын жинап алып, 1931-33 жылдары жаппай ашаршылыққа ұшыратып, қырғынға душар етуі – қазақтың санын күрт төмендетіп жіберді. Бұл аштық жылдары қазақтың шет елдерге жан сауғалап, босып кетуі де көп болды.

1987 жылы Алматыдан ауылға қайтып келе жаттым. Купеде менімен бірге оңтүстіктің бір адамы болды. Екеуміз қатар отырып әңгімелесіп келеміз. Сұраса келе екеуміз құрдас болып шықтық. Оның сөйлеген сөзі қазақшадан гөрі, өзбекшеге таяу сияқты.

- Әй,сен, өзбексің бе? -  дедім.

- Жоқ, менің тегім қазақ, бірақ өзбек болып жазыламын.

- Сонда мұны қалай деп түсінемін?

- Сен түсінбесең, мен түсіндіріп айтайын.

Аштық жылдары біздің үй оңтүстікке көшіп барыпты. Әкем сауатты, ширақ адам еді. Бір аудан орталығында жауапты қызметке орналасқан. Жағдайымыз жаман болған жоқ. Ол кездегі жағдай тамақтың тоқтығымен есептелетін. Көшіп келіп тоғайып, көңілді жүріп жатқан кезде қатты ауырып, әкем кенеттен қайтыс болды. Төрт баламен шешем зар еңіреп қала берді. Көрген күніміз қараң болды. Бір үзім нан таба алмай зар жыладық. Балалардың үлкені менмін. Жасым тоғызда. Шешемнен қалмай соңынан еріп жүремін. Далаға шығып, не істерімізді білмей құр далбастап тұрғанымызда дорба көтерген көрші қазақ әйелі кездесе кетті. Шешем одан не әкеле жатқанын сұрады. Әйел күлімдеп өзбек дүкеніне барғанын, онда аш-арықтарға азық-түлік беріп жатқанын айтты. Мұны естісімен шешем екеуміз жан ұшырып, дүкенге жетіп бардық. Ішінде кісі көп екен. Шешем кезекке тұрып, әрең дегенде дүкеншінің алдына жетті. Ол шешемнен кім екенін, қандай ұлт екенін сұрады. Шешем қазақ екенін айтқанда: «Бұл көмек ашыққан өзбектерге ғана беріледі» - деп шешемді ештеңе бермей, шығарып жіберді.

Екеуміз көзімізден жасымызды сорғалатып, үйге қарай теңселіп қыбырлап келе жатқанда бағанағы әйел қарсы алдымыздан шыға келді. Жылап келе жатқан бізді көріп, азық-түлікті алу жолдарын түсіндіріп берді. Оның негізгі шарты – қазақ емес, өзбек болып тіркелу екен. Міне, біз сол күннен бастап өзбек болып шыға келіп, аштықтан аман қалдық. Қазір барлық туған-туысқандарымыз, бала-шағаларымыз өзбек болып жазылады -  деп әңгімесін аяқтады. Оның бұл әңгімесі мені қатты ойға қалдырды.

Патша өкіметінен де озбырлығы асып түскен Кеңес үкіметінің сойқанына ұшырап, қазақтар жан сауғалап жан-жаққа шет елдерге тарыдай тарап, босып кетті. Олар жат жерлерде мүсәпірлік, кіріптарлық күн кешіп, өзінің ұлттық бейнесін біржолата жоғалтып алу қаупіне ұшырап отыр.

Өз ата мекенінде қалған қазақтардың да жағдайы жақсы болып көрген емес. Қысымның үстіне қысым, азаптың үстіне азап көре берді.

1931-33 жылдардағы қазақ халқын біржолата құртып кете жаздаған ашқтық өмірі орны толмас қасірет, жазылмас жара болды.

1937-1938 жылдары көптеген жазықсыз қарапайым адамдармен қазақтың бетке ұстар асылдарын құртып жіберді.

1941 жылы сұрапыл соғыс басталып, өмірінде қолына қару ұстап көрмеген қазақтарды оқытып үйретпей-ақ қанды майданға айдап апарып, қырып салды. Аштық жылдары өздері нәр татпай аштан өлсе де аузындағысын жырып беріп, артымызда ұрпақ қалсын деген бір үйдің жалғыздарын да жер жастандырып, көп үйдің шаңырағы құлап, оттары сөнді.

1947 жылы 21 тамызда соғыс бітіп, жұрт жаппай бейбіт өмір сүріп жатқан кезде халықтың үстіне қара түнек орнады. Бірыңғай қазақтар мекендеген жерде тұңғыш рет жер бетінде атом бомбасын жарды. Содан бері бір тоқтамай қырық жылдан астам уақыт ядролық тажал ажал шашып, жерге де, ауаға да уын төгіп, жалпы тіршілік иесін, жанжануарды, тіпті табиғаттың өзін өзгертіп,  құртып жойқын сынақтар өткізілді. Бұл бомбалардың адам ағзасына қандай әсер ететінін білу үшін қазақтарды хайуандардан да қор санап, оларды халық деп есептемей әдейі солардың үстіне жарды. Осының қырсығынан 2 миллиондай халық рак, ақ қан (лейкоз), жүрек тағы басқа ауруларға шалдығып, мыңдаған адам қаза тапты. Қазірдің өзінде мыңдаған адам ауру азабын шегуде. Радиацияға ұшыраған әйелдерден туған балалар денсаулығы жоқ, мүгедек болып туатын болды. Осылайша қазақ халқына жасалған қорлық тоқтаусыз жалғаса берді.

1937 жылы Қазақстанға 100 мыңға жуық кәрістерді көшіріп алып келді. Осы көшіріп әкелу үрдісі соғыстың басынан бастап бір толастамады. Әр түрлі ұлттардың бірінен соң бірін көшіріп әкелді де жатты. Қазақстан қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың мекеніне айналды. Сонымен қатар жазаланып сотталғандарды да жинап әкеп, жаңадан ашлыған лагерьлерге сықап толтырып таратып жатты. Осының нәтижесінде ГУЛАГ-тың Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты филиалдары жергілікті халықты ығыстырып жіберіп, ұлан-байтақ жерлерге ие болды.

1954 жылдан бастап тың жерлерді игереміз деген желеумен батыс жақтан жұмыс істемей қаңғып жүргендерді де, маскүнемдерді де, сотталғандарды да, оңай ақша тапқысы келгендерді де қаптатып әкеле берді. Осы кезде тың игеру желеуімен келгендердің саны екі миллионға жетті. Бұрынғы келгендердің барлығымен қосып есептегенде қазақтың саны 29 пайызға дейін төмендеді. Өз жерінде отырып аз халықтардың қатарына кірді. Саны кеміп, селдіреп кеткен халық қорлық пен мазаққа душар болды. Жаңадан ашылған кеңшарда қазақ мектептерді тегістей жабылып, қазақ балалары орысша оқитын болды. Өзінің ана тілін де, ұлтының дәстүрін де білмейтін тіпті оларды жек көретін шала қазақтар, мәңгүрттер пайда болды. Сонымен тың жерлерді игеру науқаны қазақтар үшін қайғылы оқиғаның бірі еді.

Патша өкіметінің қазақтың егін шығатын шұрайлы жерлерін тұтас алып, Ресейден қаптатып қара шекпенділерді қоныстандырсам-ау деген арманын Кеңес өкіметі ешбір бөгетсіз орындады да шықты.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға