Тибетті бағындырған жаңа қытайлық гибрид кроссовер таныстырылды

Тибетті бағындырған жаңа қытайлық гибрид кроссовер таныстырылды
Фото: Freelander

Қытайлық Chery мен Jaguar Land Rover бірлескен кәсіпорны Chery Jaguar Land Rover (CJLR) жаңа Freelander 8 plug-in гибрид кроссоверінің мүмкіндігін Тибет тауларында сынап көрді. Көлік теңіз деңгейінен 6002,33 метр биіктікке көтеріліп, гибрид автомобильдер арасындағы Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Теңіз деңгейінен 6 шақырым биіктікте

Компанияның мәліметінше, Freelander 8 Қытай нарығына 19 қыркүйектен бастап жеткізіле бастайды. Кейін модельді басқа елдерге шығару жоспарланып отыр.

Freelander 8-дің Тибеттегі сынағы оның жолсыз жердегі мүмкіндігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Кроссовер 6002,33 метр биіктікке көтеріліп, гибрид автомобильдердің осы санатындағы алдыңғы рекордты жаңартты.

Бұған дейінгі көрсеткіш BYD компаниясының рамалы FangChengBao Leopard 5 моделіне тиесілі болған. Ол 5980,05 метр биіктікке көтерілген еді.

Freelander 8-дің ерекшелігі – оның кәдімгі кроссоверлерге қарағанда жолсыз жерге бейімделген техникалық мүмкіндіктерінің көптігінде. Автомобильде толық жетек жүйесі және екі электр қозғалтқышы бар. Pro нұсқасынан басқа барлық жинақтамада дөңгелекаралық дифференциалдарды бұғаттау жүйесі қарастырылған.

Артқы электр қозғалтқышы екі сатылы редуктормен жұмыс істейді. Бұл жүйе тік әрі күрделі өрлерді еңсеруге көмектеседі.

Көліктің клиренсі 220 миллиметр. Кіру бұрышы – 20 градус, шығу бұрышы – 25 градус. Сонымен қатар Freelander 8 тереңдігі 900 миллиметрге дейінгі судан өте алады.

Фото: Freelander
Фото: Freelander

830 ат күші бар гибрид

Freelander 8 Chery компаниясының E0X модульдік платформасының негізінде жасалған. Автомобиль 800 вольттық электр архитектурасын пайдаланады.

Көліктің ұзындығы – 5118 мм, ені – 2050 мм, биіктігі – 1898 мм. Доңғалақ базасы 3040 миллиметрге жетеді.

Кроссовердің толық тәуелсіз пневматикалық аспасы бар. Алдыңғы бөлігінде қос көлденең иін, артқы жағында көпиінді жүйе қолданылған. Бұған қоса модель толық басқарылатын шассиге ие: артқы дөңгелектер 10 градусқа дейін бұрыла алады. Бұл көліктің бұрылу радиусын қысқартуға мүмкіндік береді.

Күштік қондырғы тек plug-in гибрид түрінде ұсынылады. Мұнда 1,5 литрлік турбобензин қозғалтқышы орнатылған. Оның қуаты – 156 ат күші. Дегенмен бензин қозғалтқышы дөңгелектермен механикалық байланыспаған. Ол генератор қызметін атқарып, аккумуляторды қуаттайды. Ал көлікті қозғалысқа келтіретін – екі электр қозғалтқышы.

Алдыңғы электр моторының қуаты 490 ат күшіне, артқысының қуаты 340 ат күшіне жетеді. Жүйенің жиынтық қуаты – 830 ат күші, ал максималды айналу моменті – 813 Нм.

Freelander 8 100 км/сағ жылдамдыққа 4,6 секундта жете алады. Максималды жылдамдығы – 220 км/сағ.

60,33 кВт/сағ аккумулятор батареясы автомобильге іштен жану қозғалтқышын қоспай-ақ 310 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш CLTC циклі бойынша берілген. Ал WLTP өлшемі бойынша электр қуатымен жүретін қашықтық – 221 шақырым.

Автомобильдің бос салмағы 2980 килограмм. Кроссовер салмағы 2 тоннаға дейінгі тіркемені сүйрей алады.

Фото: Freelander
Фото: Freelander

Үш қатарлы нұсқасы да бар

Freelander 8 салоны бес немесе алты орындық болып ұсынылады. Бес орындық нұсқада екі қатар, ал алты орындық модификацияда үш қатар бар.

Көліктің интерьерінде заманауи мультимедиаға ерекше мән берілген. Алдыңғы панельдің жоғарғы бөлігін 8K ажыратымдылығы бар 46,3 дюймдік экран алып жатыр. Орталық мультимедиа дисплейінің диагоналі – 15,6 дюйм.

Артқы жолаушылар үшін төбеге 17,3 дюймдік жеке экран орнатылған. Аудиожүйеде Harman Kardon компаниясының 23 динамигі бар. Қымбат нұсқаларында салонға 10 литрлік шағын тоңазытқыш та орнатылады.

Лидар мен Huawei жүргізуші көмекшісі

Freelander 8 электронды жүргізуші көмекшілерінің заманауи кешенімен жабдықталған. Тіпті базалық нұсқада лидар және Qualcomm Snapdragon 8397 процессоры бар.

Бұл жабдық Huawei Qiankun ADS 5.0 жүргізушіге көмек көрсету жүйесінің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жүйе SAE жіктемесі бойынша екінші деңгейлі жүргізу автоматтандыруына жатады. Яғни автомобиль көптеген жүргізу операцияларын белгілі бір жағдайларда автоматтандыра алады, бірақ жүргізуші жолды бақылап, көлікті басқаруға дайын болуы тиіс.

Freelander бренді енді дамиды

Freelander 8 – CJLR қолдауымен іске қосылған Freelander брендінің алғашқы моделі. Қытай бұл автомобильдің негізгі нарығы болмақ. Алайда компания алдағы уақытта модельді басқа елдерге де шығаруды жоспарлап отыр.

CJLR 2026-2030 жылдар аралығында Freelander брендімен кемінде алты жаңа модель шығармақ. Бұл көліктер Chery платформалары негізінде жасалады. Jaguar Land Rover жобаларға негізінен дизайн бағыты бойынша қатысады.

Freelander 8 өндірісі 3 тамызда басталған. Модельдің ресми таныстырылымы 17 тамызда өтті, ал 3 қыркүйекте Қытайдағы бөлшек сауда бағалары жарияланды.

Бағасы қанша?

Қытай нарығында бес орындық Freelander 8 Pro нұсқасының бастапқы бағасы 289 900 юань, яғни шамамен 20,2 миллион теңге. Ал алты орындық топтық First Edition нұсқасының бағасы 439 900 юаньнан басталады. Бұл шамамен 30,7 миллион теңгеге тең.

Осылайша, Freelander 8 тек үлкен әрі қуатты plug-in гибрид ретінде ғана емес, жолсыз жердегі мүмкіндігін де көрсетуге тырысқан модель ретінде нарыққа шығып отыр. Ал Тибетте 6002,33 метр биіктікке көтерілуі оның техникалық әлеуетін көрсетуге бағытталған маңызды сынақтардың біріне айналды.

Оқи отырыңыз