Жаңалықтар

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Адасқан тағдырлар
Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 18.08.2021 10:52 6639

Нұр-Сұлтан қаласы ЕЦ-166/1 мекемесі 720 орынға арналған. Бүгінде аталған абақтыда 605 адам қамауда отыр. Олардың кейбіреулері тергеуде болса, енді біреулері жазасын өтеп жатыр. Айыпталуышылар мен жазасын өтеушілермен жүздесіп, бір күн бойы мекемеде репортаж жасауға тырыстық. Тілдестік. Сұқбат барысында бірі кінәсін мойындаса, екіншісі жазықсыз екенін айтып ақталды. Жазасын өтеушілердің ішінде Тергеу абақтысына келгеніне бірнеше күн болған айыпталушылармен қатар бірнеше жыл жазасын өтеп жатқандар бар. Олардың ішінде қателігін түсінгендер, жазықсызбын, жала жабылды деп ақталғандар, тағдырым шығар, кінәмді мойындаймын деп мойынсұнғандарды да кездестірдік. Адасқан деуге де келмейтін болар, тура жолдан тайып, дұрыс бағытта жүрміз деп ойлаған адамдардың шарасыз күйі біздің де жанымызды ауыртпай қоймады. Олардың ауыр тағдыры бәлкім өзге жандарға сабақ болар.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Өз қателігімді түсіндім

Айманның Нұр-Сұлтан қаласы ЕЦ-166/1 мекемесінде отырғанына үш жылдан астам уақыт болған. Ол Ресейдің Новосібір қаласындағы оқу орындарының бірін орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін тағы да екі оқу орнында сырттай білім алған. Кейін бес жылдан астам уақыт мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Отбасын құрады. Құрылыс компанияларының біріне жұмысқа орналасады. Бірнеше жылдан кейін өз саласында жетістіктерге жетіп, директор қызметіне тағайындалады. Жиырма жылдан астам уақыт елордамыздағы Құрылыс компанияларының бірін басқарады.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Мен өзімді Нұр-Сұлтан қаласының іргесін қалауға үлес қосқан жандардың бірімін деп санаймын. Құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүрген жылдары үй салып, 3500 отбасыға пәтер бергенмін. 2014 жылы көпқабатты үйлердің жанына жанар жағармай бекетін тым жақын салынбауы керек деген заң шықты. Біздің құрылыс компаниясы салып жатқан көпқабатты үйдің жоспары аталған заңға қайшы болып, осында жазамды өтеп жатырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Айман апай басқарған компанияға 420 адам шағым түсіргені белгілі болды. Сол жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалып, Айман кінәлі деп танылған.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Тергеу абақтысында жазамды өтеп жатқаныма үш жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар аралығында өзімді өзім тәрбиелеп, тура жолға түстім. Көп нәрсені түсіндім. Бұл сынақ менің отбасым үшін өте ауыр. Сабырға келдім, орынсыз, дұрыс емес іс әрекеттерімді түсініп, көзқарасымды өзгерттім. Көп өкіндім, қателіктерімді түсіндім, – деп өкінішін білдірді.

Айманның үш баласы бар. Тұңғышы жоғарғы оқу орнын бітірген. Қалған екеуі мектепте оқиды. Жолдасы да Тергеу абақтысына балаларымен жиі келіп тұрады екен.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Отбасым маған тірек болып отыр. Солардың арқасында сабырға келіп, басыма түскен сынаққа төзіп отырмын. Мойынсұндым. Бар үімітім балаларым. Үмітімді үзбей балаларым үшін бар сынақтан өтіп келемін. Мықты болуға тырысамын. Бұл сынақ тек менің басымда ғана емес. Менің жолдасым мен балаларымның сабыры да сыналуда. Адам сынақтан өтпей мықты бола алмайды, – дейді ол әңгімесін сабақтап.

Айман өзімен бірге үш жарым жылда жанында болған, бір камерада отырған қаншама қыз-келіншектерге көмек көрсеткенін де жасырмады.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Құрылыста тек ер азаматтармен бірге жұмыс істегенмін. Әйелдермен жиі араласпайтынмын. Тергеу абақтысында отырып, жанымдағы әйелдердің біріне көмек көрсетсем, екіншісіне тірек болдым. Кейбіреулеріне анасындай ақылшы болдым. Шыны керек осы жерде көп нәрсені түсіндім. Ең алдымен әйел үйдің ұйытқысы екендігін түсіндім. Осы жерде ер азаматтың әйелден бір саты жоғары тұратындығын да түсіндім. Ер азаматтарға басқаша қарау керек екен. Бұрын ер азаматтарды аяп жаным ашып отыратын .Енді көзқарасм өзгерді. Келешекте өзімнің өмірімді басқаша елестетемін. Қазір Жасым 52-де. Бұйыртса соттың шешімімен бұл жерден де босап, аман-есен шығамын деген үмітім бар, – деді Айман.

Жазасын өтеуші сұқбат барысында көзіне жас алып өзінің тура жолдан тайғанға дейін, абыройлы болып үлкен жетістіктерге жеткендігін, сыйлы болғандығын айтты. Бірақ осы бір қателігі үшін өкінетіндігін жасырмады.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Бүгінде Айман отырған камерада өзімен бірге алты әйел отыр. Олардың жартысынан көбі жас қыздар. Алаяқтық бабы бойынша бөтеннің мүлкін жымқыру, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемдену қылмыстары бойынша отырған жазасын өтеушілердің басым бөлігі ата-ананың мейірімін, тәрбиесін көрмей жетім өскен бойжеткендер екен.

– Менің жас қыздарға қатты жаным ашиды. Менімен отырған, мен танитын Тергеу абақтысындағы қыздардың біреуінің әкесі, екіншісінің шешесі жоқ. Кейбіреуіне бала кезінен махаббат берілмеген. Сондықтан сол қыздар біздің арамызға келгенде олардың махаббатсыз, ата-ананың жылуынсыз өскендігін байқауға болады. Олар кіммен отырса, соларға ұқсайды. Қандай нәрсе басым болса, соған тез үйренеді, – дейді Айман.

Айман мекеменің кітапханасынан жиі кітап алып оқиды. Оны психологиялық кітаптар қызықтырады.

Негізінен Түзеу мекемесінің кітапханасында бір аптаға әр айыпталушы мен жазасын өтеушіге екі кітаптан беріледі. Мекеме кітапханашысының айтуынша кітапханада жиі оқылатын кітаптардың қатарына қазақ және орыс тілдеріндегі криминалдық, тарихи және детективтік әдебиеттер оқылады. Ал діни кітаптар тек теологтың рұқсаты бойынша беріледі.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Тергеу абақтысындағы жастар әр түрлі іспен отыр. Басым бөлігі есірткі сатумен айналысқаны үшін сотталғандар. Қыздардың көбісі маған осы қылмысқа шарасыздықтан барғандарын айтады. Бірінің анасы ауырып, ақша таба алмай қиналған. Ал екіншісі ойланбай, жеңіл ақша табамын деп алданып қалған. Кейбір қыздардың жүрген жігіттері алдап, осындай жаман іске итермелеген, – дейді жазасын өтеуші Айман.

Тергеу абақтысындағы қызметкерлердің айтуынша мекемедегі ең жас айыпталушы 2006 жылғы жасөспірім. Жасы ең үлкендері алпыстан асып, жетпісті алқымдаған кісілер.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Әр камера әр түрлі. Бірі екі кісілік болса, екіншісі төрт, алты және сегіз адамға арналған. Онда айыпталушылар мен жазасын өтеушілерді жасаған қылмысына, мінез-құлқына байланысты белгіленген талаптар бойынша мекеме басшылығы мен арнайы мамандар орналастырады.

Айман өте сабырлы әйел. Шалыс басқан ісі үшін күн сайын өкінеді. Өз кінәсін мойындап отыр. Бар үміті темір тордан босап шығып, қалған ғұмырын отбасымен өткізу. Біз де өз кезегімізде жылы сөзге зәру Айманға жазасын өтеп, тезірек бостандыққа шығуына тілектес екенімізді білдірдік.

«Әкемнің үмітін ақтамадым»

Дина Қостанай облысының тумасы. Нұр-Сұлтанда тұрғанына 15 жылдан астам уақыт болыпты. Жасы отыз бесте. Мектепті Алтын белгімен тәмамдаған бойжеткен Қостанай заң Академиясында білім алған. Атасы, әкесі Ішкі істер органдарының ардагерлері. Дина үйдің аялап өсірген жалғыз қызы. Әкесі мен атасының жолын қуып тәртіп сақшысы болуды армандаған. Бірнеше жыл құқық қорғау саласында қызмет етіпті.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Қызметімнен бөлек Нұр-Сұлтан қаласында қайырымдылықпен айналысып жүрдім. Қайырымдылық қорында ерікті болып 2020 жылы еріктілерді құттықтағанда менің де аты-жөнім аталды. Бірақ мен әкемнің үмітін ақтай алмадым, – деп көзіне жас алды жазасын өтеуші Дина Оразбаева. (Аты-жөні өзгертілді)

Дина бүгінде алаяқтық қылмыс үшін жазасын өтеп жатыр. Тергеу абақтысында отырғанына тоғыз ай болған.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Мен қайырымдылықпен айналысып жүріп осы іске тап болдым. Әлі күнге дейін сот болып жатыр. Денсаулығым да күрт нашарлап кетті. Өзім бұрыннан ауыратынмын. Сынаққа қарсы тұруға басында ешкімнің де шамасы келмейді. Әлі күнге дейін өкініп жылаймын. Бәрі де өзімнің қателігім. Елге сенгенімнен сондай болды. Істеген ісіме өкінемін. Қателігімді мойындаймын. Шет елде Болашақ бағдарламасымен білім алып келдім. Жолдасым да жақсы қызметте. Осы қиын кезде қасымда тек жолдасым ғана қалды. Бәрі менен теріс айналып кетті. Екі балам бар. Екеуі де еліміздің атын әлемдік олимпиадаларда танытып жүр. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, – деді жазасын өтеуші Дина.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Дина қайырымдылық қорында жүріп, әр жұма сайын әлеуметтік жағдайы жоқ, тұрмысы төмен адамдарға тамақ пен киім-кешек апарып жүріпті. Кейін айыпталушының айтуынша берілетін заттар қажетті адамдарға жеткізілмей қалған. Тергеу барысында Дина күдікті болып танылған.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Соттың шешімі шыққан жоқ. Әлі сот болып жатыр. Мені қынжылтатыны әкемнің маған деген реніші. Темір торда отырып өмірдің қымбат екенін сезіндім. Менің ең басты қателігім адамға сенгіштігім мен аңқаулығым. Адам қандай жағдай болса да мұқият жүруі керек екен. Бостандықтың қадірін түсіндім. Енді босап шықсам қиындыққа қарсы тұра аламын деп айта аламын, – деп әңгімесін аяқтады Дина.

«Мен кінәлі емеспін»

Азамат отыз тоғыз жаста. Оның Тергеу абақтысында отырғанына бір жыл болыпты. Бүгінде мекеменің шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп, жазасын өтеп келеді. Алаяқтық қылмысы бойынша айып тағылса да, ол әлі күнге дейін өз кінәсін мойындамайды.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Басында маған пара алды деген айып тағылған. Сотта ол жағдай дәлелденбеді. Мен өз қылмысымды мойындамаймын. Бірақ кінәлі деп танылғандықтан, Тергеу абақтысында соттың шешімі бойынша 3 жыл 6 ай жазамды өтеуге мәжбүрмін, – деді Азамат.

Азамат өзіне берілген жазаны Тергеу абақтысында өтейді. Түзеу мекемелеріне жіберілмейді. Негізі мекеме қызметкерлерінің айтуынша тәртібі жақсы, шағымдары жоқ жазасын өтеушілердің 5 жылға дейін Тергеу абақтысының шаруашылық қызметінде жұмыс істеп, жазаларын өтеуге мүмкіндіктері бар.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Біздегі шаруашылық қызметінде 45 жазасын өтеуші бар. Біз осы мекеменің барлық шаруаларын істейміз. Бізге қаражат төленеді. Ай сайын 50 мың көлемінде жалақы беріледі. Жалақаны жеке қажеттілігімізге пайдаланамыз. Мекеменің тазалығына жауап береміз. Өзге де ұсақ-түйек шаруаларды істейміз, – дейді Азамат.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Азаматтың отбасы бар. Өзі темір торға түспес бұрын лауазымды қызметтердің бірінде болған екен.

– Карантин болғаннан кейін скайппен сөйлесеміз. Отбасыммен аптасына екі рет таксофонмен сөйлесіп тұрамын. Карантин аяқталғаннан кейін ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер болып тұрады. Ұзақ кездесу екі күнге, қысқа мерзімді кездесу 2 сағатқа беріледі. Баламның үлкені 10 жаста. Кішісі 3 жаста. Маған тағылған айып бойынша қозғалған іс 2018 жылы ашылған еді. Өткен жылы жабылды. Егер маған берілген мерзімнің үштен бір бөлігін өтейтін болсам, сотқа ісімді қайта қарауға өтініш жазуға мүмкіндігім бар. Егер сот шешім шығарып жатса, 1-2 ай көлемінде бостандыққа шығу мүмкіндігім бар, – деп үмітпен сөзін аяқтады Азамат.

Мас күйінде көлік жүргізіп жазаландым

Мансұр отыз екі жаста. 2020 жылдың қараша айынан бері Тергеу абақтысында отыр. Мас күйінде көлік жүргізіп, жол апаты болуына себепкер болған.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Соттың шешімі бойынша төрт жылға бас бостандығымнан айырылдым. Осы мекеменің шаруашылық қызметінде жазамды өтеп келемін. Отбасым бар. Өмірде сүрінбейтін адам болмайды. Мен де қателік жасадым. Істеген ісімді мойындаймын. Төрт баламды ойлаймын. Олардың болашағына алаңдаймын. Үлкенім 12 жаста, кенже балам үш айлық. Президентімізге отбасылық мәселемді қарап, маған рқымшылық танытар деген үмітпен хат жаздым. Енді жақсы хабар күтіп жүрмін, – дейді жазасын өтеуші Мансұр.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Мансұр мекеменің шаруашылық қызметінде тазалықшы. 54000 теңге жалақы алады. Жұмыс уақыты күнделікті таңертеңгі сағат 09:00-де басталып, 18:00-де аяқталады. Жанары мұңға толы ер азамат мас күйінде көлік жүргізгеніне әлі күнге дейін өкінеді. Оның бізге айтқан соңғы сөзі қолыммен істегенімді, мойныммен көтеремін.

Қыз зорлады деп айыпталған жасөспірімдер

Айбар 17 жастағы кәмелетке толмаған бозбала. Тараз қаласының тумасы. Елордамыздағы колледждердің бірінде техник-механик мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. Бос уақытында оқуының ақшасын төлеу үшін даяршы болып жұмыс та істеген.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Тергеу абақтысында осы жылдың 8-ші ақпанынан бері отырмын. Маған және менің досыма қыз зорлады деген айып тағылып отыр. Сот болып жатыр. Осы күнге дейін ешқандай дәлел болмауына байланысты соттың шешімі шықпады, – деп әңгімесін бастады Айбар.

Айбар қыс айында жұмыстан кейін жолдастарымен пәтерге отырысқа барған. Жас жігіттің айтуынша пәтерге келгенде ешқандай арам ойы болмаған.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Біз досымыз екеуіміз пәтерге кіргенде екі жігіт және бір қыз болды. Біз би билеп, көңіл көтердік. Жаңағы қыз ішімдік ішіп алғаннан кейін өзінің жеке өміріндегі проблемаларын айтып, жылай бастады. Қызды сабырға шақыруға тырыстық. Екі жігіт сол қыздың жанында қалды. Біз дүкенге сусын алуға барып келсек, жігіттер теледидар көріп отыр екен. Қыз пәтерде көрінбеді. Жуынатын бөлмеге кірсек, тамырын кесейін деп жатыр екен. Қызды ол жерден шығарып алдық. Кейін түнгі 00:00-ге дейін отырып, досым екеуіміз үйімізге қайтып кеттік. Пәтерде қыз екі жігітпен бірге қалып қойды. Ары қарай не болғанын білмеймін. Ертеңгі күні жұмыста жүрсем маған Ішкі істер басқармасынан хабарласып тұр. Бізді алып кетті. Әлгі қыз пәтерде өзімен бірге түнеп қалған екі жігітті емес, бізді зорлық көрсетті деп кінәлап тұр. Ешқандай дәлел жоқ, біз дәлелсіз отырмыз. Экспертиза таза. Бізде бірінші сот болды. Жабық сот. Екінші сот келесі айда болады. Сол кезде барлығы анық шешіледі деп отырмыз, – деп ақталды жас жігіт.

Құрбым маған кешірім бермей отыр

Жиырма тоғыз жастағы Арайлым 2019 жылдың шілде айынан Тергеу абақтысында жазасын өтеп келеді. Алаяқтық үшін темір торға тоғытылған. Бойжеткен тұрмыс құрмаған. Жасы жиырма тоғызда.

– Құрбым екеуіміз тігін ательесін ашқан болатынбыз. Соның ақшасы шықпай тұр деп маған жала жауып отыр, – деп әңгімесін бастады Арайлым.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Арайлым құрбысымен 2014 жылы Алматы қаласында танысыпты. Содан бері екеуі жақын араласып, достасып кеткен екен. Кейін бірге ашқан істері жабылып қалады. Қаражаттың 80 пайызын Арайлымның құрбысы салғаннан кейін одан ақшаны қайтаруды сұраған. Арайлымның қаражатты қайтаруға жағдайы жоқ. Ателье жабылып, жұмыссыз қалды.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– 2019 жылы Тергеу абақтысына түстім. Маған соттың шешімі бойынша 3 жыл мерзім берілді. Егер құрбым маған кешірім берсе, мен ақшаны да қайтаруға да дайынмын. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды, – деп қателігін мойындады жазасын өтеуші бойжеткен.

Желілік маркетинг құрбандары

Гүлбану 50 жастағы әйел. Тергеу абақтысында отырғанына 2 ай уақыт болыпты.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

– Мені қазіргі таңда қаржы пирамидасын құрды деп айыптап отыр. Негізі біз әлеуметтік бағдарлама жасаған болатынбыз. 2019 жылы бастап 7 айдың ішінде 156 қазақстандыққа үй алып бердік. Кейінірек 3-4 адам келісіп, маған қаржы пирамидасын құрдың деп мені қамаққа алды. Қазіргі кезде қорғаушылар жұмыс жасап жатыр. Біз бірнеше бағдарлама аштық. Жобамызды 1,5 жыл бойы дайындадық. Қаншама үйсіз-күйсіз жүрген көпбалалы және жас отбасыларға, зейнеткерлерге көмектесу мақсатында осы бағдарламаны жасадық. Барлығы заңды түрде жазылған болатын. Біздер ешкімнен қолма-қол ақша жинаған жоқпыз. Барлығы банк арқылы өткен. Қазіргі таңда біз үй беріп үлгермей, қалғандарға қарыз болып қалдық, – деп ақталды айыпталуышы.

Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІ бөлім)

Гүлбану сонымен қатар көп адамдардың фандрайзинг, краундфандинг халықаралық деңгейдегі төлем жүйелерін дұрыс білмейтіндіктен желілік маркетингтің құрбанына айналғанын айтып отыр. Ол сұқбат барысында өзінің кінәсіз екендігін алға тартып, әділдік іздейтінін тілге тиек етті. Барынша ақталуға тырысты. Тергеу аяқталмаған істің мән-жайын білмегендіктен біз айыпталушыға тек сабыр тіледік.

Темір тордың арғы жағындағы тұтқындардың әр қилы тағдыры естіген жанға ауыр. Сондықтан тағдырды сылтау етіп, тура жолдан таймаңыздар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға