Жаңалықтар

Темірхан Тебегенов: Әліпби ауыстыру — үлкен жетістіктерге жол ашады

22.10.2018 09:41 1852

Өткеннің өрнегіне көз жүгіртсек, қазақ әліпбиі заман көшімен сан түрленіп келген. Түрлі саяси реформалардың түрткі болуымен жазу таңбасы да алуан қырын танытты.

Сонау ертедегі Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштеріндегі руна жазуларынан бастап, күні бүгінгі кириллица таңбасына дейін талайлы тағдыр тарих беттеріне қилы әріппен қашалғанымен, қазақ ғұмырының өшпес мұрасы сол күйі осы күнге жетіп отыр.

Бұл қаріп өзгергенмен, құндылықтың қаймағы бұзылмастан, ұрпақтарға жалғасып, мәні мен маңызын сақтап қалатындығын тағы бір айғақтаса керек. Бүгінде дамыған заманның көшіне ілесіп, озық елдермен етене жақындасу үшін тағы да әліпби ауыстыру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.

Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, әлем халықтарының 70 пайыздан астамы латын әліпбиімен жазады. Әрі латын әліпбиінің тарихы да тым тереңде көрінеді.

Ғылыми еңбектер латын таңбасы біздің заманымыздан бұрынғы VІІ ғасырда Римде пайда болғанын алға тартады. Алғашында бұл әліпби грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болған екен. Осылайша, біздің заманымыздың І ғасырына дейін қолданылады. Содан соң бір ізге түсіп, латын әліпбиі толық қалыптасқан. Кейіннен, нақтырақ айтқанда, орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарала бастаған. Осылайша, қолданыс аясын кеңейтіп, Африка, Америка, Азия халықтарының да жазу таңбасына айналған.

  Кешегі күнге көз жүгірстек, қазақ елі де бір кездері латын әліпбиін қолданған. Ислам діні таралған тұста араб қарпі кең етек жайса, ағартушы-ойшыл Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін қазақ баласына ұғынықты болу үшін араб әріпіне икемдеген. Кейін келе латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын түсінеді. Түбі бір түркі елдерінің бір таңбамен жазып, бір-бірінің тілін түсінуін көздеген алаш зиялылары латын әліпбиіне көшуді құптаған. Әрі 1926-1940 жылдары қазақ елі латын әліпбиімен жазғаны мәлім. Әлі күнге сол кезеңде жарық көрген мерзімді басылымдар, кітаптар мен туындыларда алаш зиялыларының еңбектері латын қарпінде сақтаулы.

  Түркі халықтарының тілі мен әліпбиінің бір болуын көздеген Ысмаил Гаспралы да бір кездері латын әліпбиімен түркі елдеріне ортақ «Тәржіман» газетін шығарған. «Сол кезде түркі халықтары «бір-біріміз жайлы хабардар болдық, тілімізді түсіндік. Себебі, біздің жазуымыз бір әліпбиге негізделген» дейді тарихшылар.

 Дәуірлер алмасып, сол зиялылар  көздеген ұлы мақсатты қайта қолға алатын күн туды. Замана көшіне ілесіп, өркениеті дамыған елдердің әліпбиін қайта жаңғыртуға жол ашылды.

Жалпы, кириллицадан  латын әліпбиіне көшу тәуелсіздік алғалы бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал, ресми түрде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ съезінде сөйлеген сөзінен басталады. Сол жиында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік кейбір елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарымен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деді. Бұдан кейін де осы мәселені Елбасы бірнеше рет атап өтті.

Президент өзінің кезекті Жолдауында да латын әліпбиіне көшу мәселесіне айрықша тоқталды: «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғалы бері мені жиі мазалады. Бірақ, біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан да, латын әрпіне көшкен күннің өзінде кириллица көпке дейін қатар қолданылып, екеуі біразға дейін бірге жүреді деп ойлаймын», – деген пікірін жалғай келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латынға толықтай көшіруіміз қажет» деп түйіндейді.

Бүгінде латын әліпбиіне біртіндеп көшу жұмысы басталды. Осы орайда латын әліпбиінің мәні мен маңызы туралы біз филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегеновты әңгімеге тартқан едік.

 — Темірхан аға, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған әліпби ауыстыру мәселесі жайлы сіз не айтасыз?

 2017 жылы 12 сәуірде Елбасымыздың халыққа жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан кейін тағы да бір жаңа серпін мен жаңа бағытқа жол  ашылғандай әсер беріп отыр. Оның мәнісі сол бағдарламалық мақалада оның алдында ғана үлкен жиындарда бірнеше жылдар бұрын Елбасымыздың айтып кеткен «латын графикасына қазақ әліпбиін көшіру» мәселесі арнайы нақтыланып, белгіленді. Соның нәтижесінде өткен жылы Елбасымыздың бірінші рет 26 қазанда белгілеп, содан соң 2018 жылдың ақпанда бекітуінен кейін латын әліпбиінің үлгісі қолданысқа ене бастады. Елбасының нұсқауы бойынша 2025 жылға дейін латын графикасына қазақ әліпбиі түгелдей көшуі тиіс.

 Тіл маманы ретінде әліпбидің латын графикасына ауысуында қандай мән бар деп ойлайсыз?

 Әрине, осыған дейінгі қазақ тарихында талай әліпбидің болғаны мәлім. Сол әліпбимен жазылған том-том кітаптар, талайлаған баспасөз материалдары кітапханалар мен мұрағаттарда әлі де сақталып тұрғаны белгілі. Ал, латын графикасының жаңа әліпби болып қолданысқа енуінің қандай тарихи мәні бар дегенге айтарым, күллі жер-жаһандағы түркі халықтарының басым бөлігі латын графикасындағы әліпбиді қолданады. Әсіресе, барша түркі елдерінің алтын тірегі, бәйтерегі саналатын Түркия Республикасы сонау 1929 жылдан бастап осы күнге дейін қолданып келеді. Еуропалық, америкалық кеңістікте де латын әліпбиі кеңінен қолданылатыны мәлім. Жалпы, әліпби ауыстыруда түркі халықтарының біразымен ұқсастықтарымыз бар. Кеңес заманы тұсында кирилге көшсек, кейін дербес мемлекеттер болып бөлінген соң бірден әліпби ауыстырған елдер баршылық. Атап айтсақ, латынға Түркия 1928 жылы көшсе, Өзбекстан, Әзірбайжан КСРО ыдырағанннан кейін ауысты. Сол елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, көршілес Өзбекстанда 1928 жылға дейін өзбек тілі де араб әліпбиін қолданған. 1928 жыл мен 1940 жылдар аралығында жазулары латын әліпбиі негізінде болған. 1940 жылдан 1992 жылға дейін кирриллица қолданса, 1993 жылы өзбек тілі қайтадан латын әліпбиіне көшті. Дәл сол секілді Әзірбайжанда да ресми әліпби 1925 жылға дейін араб әліпбиі негізінде болса, 1926-1939 жылдары латын әліпбиіне көшіп, 1940 жылдан 2001 жылға дейін кирилл әліпбиіне, 2001 жылы қайтадан латын әліпбиіне ауысты. Демек, латын әліпбиіне көшу арқылы біз де өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа жол ашамыз деген ойдамын.

 Кирилл қарпін латын әліпбиіне ауыстыруда қиындықтар тумай ма? Әліпби ортақ болғанмен, әр елдің өзіндік тіл ерекшелігі бар емес пе?

 Әлбетте, әр елдің өзіндік тіл ерекшелігі бар. Біздің халықтың да сөздік қорындағы дыбыстық ерекшелігіне байланысты фонетикалық, лексикалық ерекшелігін жоққа шығармаймыз. Бұған байланысты латын графикасындағы әріптерді өзіміздің тілімізге бейімдеу туралы бірнеше ғылыми ұсыныстар жасалып, өңделіп, қазір еніп жатыр.

Десе де, әлі де талқыланып жатқан дүниелер баршылық. Соған қарамастан, бір кездері Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбасымен әліпби жасап шыққан әдісін қолдаймын. Кейін келе Халел Досмұхамедұлы ұсынған латын графикасының үлгісін енгізген жөн деп білемін. Баршамызға мәлім, біз 1926 жылдан бастап 1940 жылға дейін латын графикасымен жұмыс істеген елміз. Сол өткенді қайта жаңғыртқан дұрыс. Себебі, бүгінде бүкіл өркениетті алсақ, атап айтқанда, ағылшын, герман, еуразия, америка құрлық кеңістіктеріндегі халықтар латын қарпін қолдануда.

Иә, сөз мағынасы әр елде әрқилы. Соған қарамастан, сол әріптерді алу арқылы еларалық, халықаралық қарым-қатынас нығаяды деген сенімдемін. Сол себепті, бүгінде біртіндеп латын графикасына көшіп жатырмыз. Байқасаңыз, кейбір көшелердің атаулары да, бірқатар мерзімді басылымдардың атауы да латын әліпбиімен жазуға кірісіп кетті. Тіпті, кейбір шағын материалдар да латын әліпбиімен басылып жатыр. Орта мектептер мен арнаулы, жоғары оқу орындарында да біз латын графикасымен таңбалау тұрғысындағы жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Әйтсе де, кирилл әріптерін де жоққа шығаруға болмайды. Біз әлемде қандай жетістікке қол жеткізсек, сол кирилл әрпіндегі әліпбимен шықтық. Олай болса, әліпби ауыстыру бастамасы күні ертең үлкен жетістіктерге жол ашады деп сенейік.

  Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға