Жаңалықтар

Темірбек Жүргеновтің қаламгерлік қарымы айтылмай қалды – Бауыржан Иманғалиев

Темірбек Жүргеновтің қаламгерлік қарымы айтылмай қалды – Бауыржан Иманғалиев
Фото: Темірбек Жүргенов 11.05.2023 17:06 2084

Өткен ғасырдың басында «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болған» аса қуатты толқын келді. Алаш баласының көшін түзесем, теңдікке жеткізсем деп көкседі. Елінің ертеңкі үшін кірпігі қимлысыз қалғанша күресе білді. Сол қайраткерлердің бірі – «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргенов еді.

«Қазақстанның 30-жылдардағы әдебиеті мен өнерін өркендетуде Жүргеновтің жемісті еңбек еткені жұртқа аян. Бұл уақыт барлық жағынан Қазақстанның қан тамырларының толыға бастаған кезі еді. Қоғамдық организмнің көптеген экономикалық клеткалары жанданып өсе бастады. Әсіресе әдебиетіміз бен өнеріміздің қарыштап өсуіне қолайлы жағдай жасалды. Мәдениет майданы бірінші кезекке шықты» дейді жазушы Ғабит Мүсірепов. Осы мәдениет пен әдебиеттің майданында жүріп Т. Жүргенов қазақтың кемел болашағы үшін аянбай еңбек ете білді. Қазіргі таңда жүргеновтану бағытында іргелі зерттеулер жүргізіліп, есімі Алаштың аспанында жарқырап тұр. Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай ұлы тұлғаның есімін студент кезінен ұлықтап, соңында қалған ізіне шырақшы болған, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, ҚР Мәдениет қайраткері, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиевпен болған арнайы сұхбатымызды ұсынамыз.

– Құрметті Бауыржан Сәбитұлы, биыл қазақтың маңдайына біткен асыл перзенттерінің бірі Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы. Түбі бір Түркі жұртына ортақ торқалы той құтты болсын! Әңгіменің әлқисасын сіздің Темірбек Жүргенов жайлы бір ауыз бағаңызбен бастасақ.

– Мәдениет министрлігі тарихында қазақтың мәдениет жанашыры ретінде аталатын да, тарих болып сақталатын да үш министр бар. Оның біріншісі – «Нарком» Темірбек Жүргенов, екіншісі – Ілияс Омаров, үшіншісі – Өзбекәлі Жәнібеков. Қазақ ССР Мәдениет министрлігін, ҚР Мәдениет министрлігін кім басқармады, қаншама адам министр болды, ал бірақ тұлға боп басқарған, елі мойындаған, шын мәнінде қазақ әдебиетін, өнерін, білімін биік шыңға көтерген – осы үш алып. Олардың есімі тарихқа кетті, халықтың жүрегіне жетті. Бұлар халқымыздың рухани-мәдени өмірін, оқу-білім саласын әрқилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйеген қайраткерлер. Елім, халқым деп жан айқайымен жанын оққа да, отқа да қарсы тосқан күрескерлер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған олар жасампаз тұлғалар. Тарих оларға, белгілі ақынның образды сөзімен айтсам, бір мезгілде әрі ағартушы, әрі жарық түсіруші міндетін жүктеді. Олар бұл миссияны денеден қандары, кеудеден жандары шыққанша абыроймен атқарды. Нарком Темірбек Жүргенов небәрі отыз тоғыз жыл ғана өмір сүрді. Үшінші мүшелінен шыға бергенде, өзі керемет үміт еткен мына өмірге соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десең, не болғанын жөнді түсінбей кете барды. Жалпы, отыз жетіде өмір сүргендердің, өмірі орылып түскендердің түйінді тағдыры – осы. Оларды барлығы, көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді, бойындағы барын сарқи алмай кеткендер дер едім.

Темірбек Жүргеновтің қаламгерлік қарымы айтылмай қалды – Бауыржан Иманғалиев

Солардың бірі әрі бірегейі, Қазақстан Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті Мемелекет және қоғам қайраткері, сыншы, публицист –Темірбек Қараұлы Жүргенов.

– Жүргеновтей ірі қайраткердің тарихи тұлғасын, күрделі болмыс-бітімін ашу үшін сөз басын сол дәуірден бастау керек сияқты. Темірбек туғанда мың жылдар бойы жасаған мәдениеті қара бұлт төніп, көшпелі дәуреннің керуені ұзап бара жатқан еді. Ескі мен жаңаның, екі дәуірдің өларасы бала Темірбектің дүниетанымының, ой-сезімінің қалыптасуына қалай әсер етті?

– Темірбек Жүргенов – 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалаңаш ауданының қазіргі Жүргенов ауылында, бұрынғы Жаңаталапта дүниеге келген. Ол өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Қара Жүргенұлы – Сыр бойына белгілі көзі қарақты, дәулетті отбасының иесі. Оның атқарған еңбегі, сол ауылға жасаған қамқорлығы ерекше. Ол ұлын оқытып, шығыстық және батыстық мәдениетті меңгеруіне үлкен ат салысты. Ал анасы Жәніш Темірбекті «Темірше» деп еркелеткен. Жәніш аналық мейірімін төгіп, ұлын алысқа ұшыруға армандайтын, заңғар биікте қырандай қалықтап халқының қамын ойлайтын, ақылды, парасатты, ардақты азамат болып өссе деп қиялдайтын. Ал сол ауылдың ақсақалдары әкесі Қараға «Осы баламды байқаймысың: көзінде от, тілінде шоқ бар, өсе келе нағыз жауға да, дауға да дес бермейтіннің өзі болар» деп сүйсіне әңгімелеп отыратын. Әке балаға сыншы демекші, ол да Темірбекті ерекше жақсы көрді. Темірбек алғыр да зерек болып өсті. Оқу-білімге бейімделіп, жастайынан зеректігімен ауылда есте қалды. Әке сенімі ақтаусыз қалған жоқ, ол Сыр мен Ырғыздың ғана емес, бүкі қазақтың, Орта Азияның мақтанышына айналды.

– Өткен ғасырдағы 20-30 жылдардың қазақ тарихы үшін алар орны ерекше. Темірбек Жүргеновтің «Алатауды айырып, Қаратауды қайырып» тастайтындай кемеліне келген шағы. Орыс жазушысы Л. Леонов отызыншы жылдар туралы «Ол бір қауырт еңбектің, адам жігері тасыған, жанартаудың атқылаған дәуірі еді ғой» деген екен. 20-30 жылдарды жалпы ұлттық ояну кезеңі деп атауға да болатын сияқты?

– Темірбектің өмір жолында оған екі кісі әсер етті: Сыр бойының белгілі ағартушы ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов пен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ беретін, қазақ тарихындағы қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айтар едім. Алғашқы ұстазы Тұрмағамбеттен шығыс тілдерінің, мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, екінші ұстазы Букиннің көмегімен батыс мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, сол қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т. Жүргеновтің дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным тоғысып, біртұтас рухани күйге ұласты. Қайраткер қаламгердің көзқарас эволюциясын қарап отырсақ, ол сол 20-30 жылдарда елімізде үлкен азаматтық революциялық төңкерістер, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Т. Жүргенов 20-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, өйткені оның азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу және серпілу, саяси және тәуелсіздік жолындағы күресу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин секілді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен, өзі өкіл болып саналатын қазақ даласының мүддесіне қызмет етті.

– Көптеген қазақ зиялылары үшін Тәшкент қаласының алар рөлі ерекше. Жүргенов 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға барды. Тәшкент ол кезде бірқатар туыстас түркі тілді ағайынның басын біріктірген Түркістан Автономиялы Республикасының астанасы болатын. Алаштың атқа мінер азаматтары осы шаһарға топтасты. Жоғарғы басшылықта жаңа өзіңіз айтқан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов сынды белгілі қайраткерлер отырды. Осы тарихи кезеңді қалай бағалайсыз? Тәшкентте өткен ғұмыры Жүргеновке не сыйлай алды? 

– Ол Аламесектен кейін Суханский атындағы (Перевскідегі) училищеде оқуын жалғастырды. Одан кейін 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесін бітірді. Сөйтіп, 1918 жылы ол «Қазақ мұңы» газетінің редакциялық алқасының құрамына енді. Қарап отырсақ, ең алғаш оның қаламгерлік қабілеті осы газеттен басталған. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға түсті. Ол сол уақытта СарГУ деп аталды. СарГУ-де студент бола жүріп ол қоғамдық өмірге белсене араласты. Студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына да қатысты. Ол ҚазақАКСР мен сол уақыттағы Түркістан Республикасының толық өкілетті өкілі болып тағайындалды. СарГУ Орта Азиядағы үлкен оқу орны болатын. Ол институтқа академик Бартольд, Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртты. 1926 жылы оқуды аяқтайды, дипломдық жұмысының маңыздылығын ескерген жетекшісі оны өте қажетті еңбек деп бағалап, кітап қылып шығарды. Яғни сол кездегі Темірбектің дарындылығы, қабілеттілігін көріп отырмыз. Кейін 1929-1930 жылдары Тәжікстанның қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметін абыроймен атқарды. Халық ағарту комиссары жұмысында С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев сияқты қайраткер қаламгерлерді қасына тартты. Сондай ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының Ленинград, Мәскеу секілдері үлкен қалаларда білімін жетілдіруге көмек көрсетті. М. Әуезов, Ж. Шанин, Ә. Қастеев сынды басқа да өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады.

Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкенттегі алғаш қазақ педагогикалылық институтының ректорын еске аламыз (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Тау-кен институты (Қ. Сәтпаев атындағы университет), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, сонымен қатар онжылдық білім берудің бүгінге дейінгі үзілмеген желісін еске түсіреді. Т. Жүргенов дегенде 30-шы жылдар басында Голощекин лаңынан тұрлап қалған ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп, 400 мектеп салдыртқан үлкен ағарту комиссарын еске түсіреміз. Темірбек Жүргенов дегенде тұңғыш  ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнерінің декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақ тіліне аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдерін айтар едік. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетін қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай әдеби-публицистикалық, яғни қайраткерлігімен қаламгерлігін қатар алған үлкен тұлғалар әлемдік практикада саусақпен санарлық дер едім.

Темірбек Жүргенов Қазақстанда алғаш музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А. Затаевичке көптеген мәліметтер берді. Жүргеновтің тікелей араласуымен Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы қаулы қыбылданды. Қазақ орта мектептерінің саны сол кезде Жүргеновтің ықпалының арқасында көбейді. Бір сөзбен айтсақ, ол Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штатына айналдырды.

– Сіз үнемі Жүргеновтің қаламгерлік қабілеті әлеуметтік қызметінің тасасында қалғанын айтасыз. Осы бағытта жұртқа көмескілеу Жүргеновтың қандай еңбектерін атар едіңіз?

– Темірбек Жүргенов ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист, оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасынан қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де Темірбек Жүргеновтің қаламгерлік қарымы мемлекеттік қызметтің тасасында қалып келді. Жүргеновтің, атап айтсақ: мемлекетшіл тақырыптағы еңбектері Қазақстандағы мәдениет революциясы, Қазақстандағы сауатсыздықты жою кітаптары, саяси-экономика оқулығы, Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері, қазақ педагогикалық институтын құру, қазақ халқының ақындары мен жыршылары, «Терме» жинағы, «Шахнама», «Хан Кене», «Жерұйық» деген мақалаларын айтуға болады. Тақырыптың маңыздылығы жағына қарап қайраткердің ұлттық мәселені көтеріп отырғанын байқаймыз. Тіл мәселесіне қатысты «Қазақ терминологиясының белгілері» деген еңбегі бар. Сол еңбекте А. Байтұрсынұлының принципін негізге алғанын байқаймыз. Мысалы, халықаралық деңгейдегі терминдерді аударған кезде (математика, химия, физикадағы терминдер, медицина саласының аттаулары және т.б.) әлем мойындаған терминдерге тиіспеуді сұрайды. Өйткені сол кезде кейбір аудармашылар жаппай қазақтандырамыз деп, сөздік қорды көбейтеміз деп тіпті халықаралық терминдерге қол салады. Ал оған Т. Жүргенов қарсы шығады.

1924 жылы «Меруерт» әңгімесі шығады. Осы әңгімеде әйел теңдігі мәселесі қозғалады,  Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің идеясымен ұқсас; сюжет, метанимиялық принципке негізделеді. Сонымен қатар Б. Майлиннің «Шұға» деген пьесасына арнап «Шұға» деген үлкен көлемді мақала жазады. Сонда бізге әлсіз Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, бізге Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар керек деп мәселе қылып қояды. Сонымен бірге Фирдоусидің «Шахнама» шығармасы туралы жазған мақаласы да сол кездегі үлкен көлемді «Казахстанская правда» газетінде жарыққа шығады. Жүргеновтің қай еңбегін де алып қарайтын болсақ, оның сыншылық-зерттеушілік, сонымен бірге тілге, көркем сөзге бай екенін байқаймыз. Айталық, оның «Қазақ тіліндегі келеңсіз жағдайлар» деген мақаласында осы тіл мәселесіне қатты көңіл бөледі. Халық ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер қаламгеріміздің бірі болды. Оның қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.

Жүргенов тіл қолданушыларда, әсіресе зиялы қауымда қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналып бара жатқандығынан сақтандырады. Осы тақырыпты «Қазақ әдебиеті тіліндегі терминологиясының мәселелері» деген еңбегінде А. Байтұрсынұлы бастаған ғылыми принциптен ауытқымауды сұрайды. Осындай еңбектер сол уақытта жоғары бағаланып, әріптес інілері Жүргеновке жоғары баға береді.

– Сіздің әңгімеңізден Темірбек Жүргеновтің соншалықты қайсар, өжет мінезін аңғарып отырмыз. Осы ұлтжандылығы басына бәле болып жабысады емес пе?!

– Ғабит Мүсірепов оған: «Тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп баға беріп, тілге жанашырлығына, жігерлігіне ден қояды. Тіл туралы айтқан кездегі Жүргеновтің қылышынан қан тамып тұрған 30-шы жалдардың өзінде бір жиналыста Борис Орлов деген кісіге орыс тілінде емес, қазақ тілінде сөйлеуін сұрайды, ескерту жасайды. Бұл туралы Е. Брусиловскийдің  «Дүйім дүлдүлдер» деген естелік еңбегінде жақсы жазылған. Сонда Т. Жүргенов: «Қайда отырсыз, Орлов жолдас, Қазақстанға келдіңіз екен, егер қазақ мәдениетін зерттегіңіз келсе, мемлекеттік тілді білуге міндеттісіз, сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемексіз бе?» – деп өзге ұлттан қазақ  тілін құрметтеуді талап етеді. Сондай кезде, япырым-ай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі күні қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі – басқа бірлі-жарым ұлттың өкілі отырса болды, бәрімізге түсінікті тілде сөйлейік деп орысша сайрай жөнелетін дерттен әлі де арыла қойған жоқпыз. Бұның бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, оны үйренгенде ғана жетуге болады деген сөзі әлі күнге дейін көкейтестілігін жоғалтқан жоқ. Ол тіпті сол уақытта ол Голощекинді қатты сынға алады: «Қазақстанға жеті-онжылдық мектеп жүйесін құру, ал сіз қазаққа тек хат таныса болады деп айттыңыз. Бізге үлкен білім ордалары қажет. Алда істейтін міндетіміз – қалың жұрттың ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайындауымыз қажет», – деп үлкен мінбеде айтады. Осы сөзіме дәлел ретінде айтсам, 1927 жылы қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетін Алматыға көшірген де Жүргенов болды. Осындай үлкен іргелі істердің басы-қасында жүріп, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде қазақ руханиятында үлкен еңбек сіңірген қайраткер деп айтамыз. Оны Ш. Жиенқұлова «Өнерім менің өмірім» деген еңбегінде,  Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» деген, Ж.  Жабаевтың, Қ. Байсейітовтің мемуарлық кітаптарында Т. Жүргеновтің қайраткерлігіне, қаламгерлігіне, оның ұлтжандылығына бас иеді, оның атқарған істеріне жоғары баға береді. Осындай қайраткер бар болғаны 39 жыл-ақ өмір сүреді. Қылышынан қан тамып тұрған 1937 жылдың жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны басталған кезде Жүргенов те осы шеңгелдің ішінде кетеді. Оны халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы террорист көтерілісші, шпиондық ұйымға басшылық жасаған деген айып тағады. 1938 жылғы 25 ақпанда Алматының іргесіндегі Қандысай деген жерде атылады.

Жүргенов «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін жары Дәмеш Әмірханқызының көрген құқайы аз емес. Алжирдегі азапты жылдар рухын жасыта алмаған Дәмеш апамыз Темірбекті қайта тірілтті десек қателеспеген болармыз?

– Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған қарындасы, қайраткердің зайыбы – Дәмеш Жүргенова Жүргенов атылған соң халық жауының әйелі ретінде сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, Алжир лагеріне қамалады. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт қуғыншылық көріп, Алматыға тек 1957 жылы ғана оралады. Дәмеш Әмірханқызы өзінің айнымас адал жарын жазықсыз жаладан атылып кеткенін ақтап алу үшін фольклорист-ғалым Мардан Байділдаевпен бірге көптеген іс-шаралар, естелік-мақалалар, кездесулер өткізеді. Осы жанашыр азаматтардың ықпал етуінің арқасында қазақ ұлттық өнер академиясына Т. Жүргеновтің есімі беріледі. Сонымен бірге Астанада, Алматыда, Қызылордада, Ақтөбеде бірқатар мектептер мен көшелерге осы қайраткердің аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Қайраткерлік өміріне арналған деректі фильмдер мен бір пьеса жарық көрді.

– Жүргеновтануға еселі үлес қосқан сіз үшін де маңызы ерекше екені сөзсіз. Атаңыз бен әкеңізден аманат болып қалған қара абдыраның түбінде осы күнге сақтап келген, қазақ қауымымен қауышуға асық болып тұрған тың дүниелер, құнды деректер бар ма?

– Қайраткердің қаламгерлігін зерттеп жүргеніме отыз жылдай болды, Темірбек Жүргеновті маған, негізі, зерттеу обьектісі ретінде берген – ҚР Ұлттық академиясының академигі, ф.ғ.д., профессор Зейнолла Қабдолов. Әкем берген мұраларды алып академик Зейнолла Қабдоловтың алдына барған кезде ол кісі өзінің батасын беріп, Жүргеновтің зерттеуінде тоқталып, болашақта үлкен зерттеу обьектісіне айналуы керек екенін маған ескертті.

Сөйтіп, ол кісі маған Ташкентке, Өзбекстанға, Тәжікстанның архивтеріне баруға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне баруыма, сол кездегі астанамыз Қызылорданың архивіне баруға үлкен ықпал етті, көмектесті. Сол архивте отырып мен оның көптеген мұраларын таптым, тіпті бір сәт есіме түсіп отыр, Ташкентте сол ұлттық архивте отырған кезде «Т. Жүргеновтің мұрасын зерттеп келген сіз бе?» деп маған үлкен бір қартаң кісі, архиватор қасыма келіп: «Қазақтарға айта барыңыз, біз Темірбек Жүргенов сияқты үлкен ағарту комиссарына ризамыз. Өйткені бізге қиын-қыстау кезде ол кісінің өзбектің мәдениетін, білімін, басқа да руханият саласын дамытуға үлкен септігі тиген. Осындай ұл туған қазақтарға ризамыз», – деп ризашылығын білдірген кісінің сөзі әлі есімде. Сол Ташкентте, жоғарыда айтқан архивтерде отырып 7 кітабын, 150-ден астам публицистикалық мақалаларын таптым.

– Жүргеновтануда басқан жолыңыз, өткен соқпағыңыз аз емес. Ғұмырыңызды арнап келесіз. Енді осы шыққан белесіңізде тұрып қарасаңыз Темірбек Жүргеновтың рухымен тілдесе алыпсыз ба? Биыл күллі Алаш баласы ұлықтайтын торқалы той қай деңгейде өткелі жатыр?

– Біз Жүргенов дегенде, қазақ өнерінің қанат жаюына тер төкті дейміз, ол туралы белгілі өнер майталманы Қ. Жандарбек: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз, қазақ оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», – дейді. Ал академик Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда, Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік», – дейді. Сөйтіп, өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды. Жазушы Ғ. Мүсірепов Жүргеновті тілді, жігерлі де іскер адам ретінде талантына ерекше ден қойып, ілтипатпен еске алады.

Биыл өздеріңізге белгілі Нарком Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толыр отыр. Осыған орай Түркісой деңгейінде үлкен іс-шаралар басталып кетті. Қазірдің өзінде Алматыда наурыз айында Жүргеновтің 125 жылдығының ресми ашылу салтанатына қатыстым. Сонда 150-ге жуық көптеген іс-шара болатынын Мәдениет министрі Асхат Оралов айтқан болатын. Содан кейін Қызылордада көптеген іс-шаралар, халықаралық конференциялар болды, Дәмеш Жүргенова атындағы көше ашылды. Сонымен бірге Бейбіт Қойшыбаевтың жазуымен «Комиссар Жүргенов» деген романның тұсауы кесілді. Басқа да оқу орындарында, колледждерде Жүргеновтің мерейтойына байланысты іс-шаралар жүріп жатыр.

Енді алдымызда, Жүргенов өнер майталманы, жанашыры болғаннан кейін, фестивальдар өткізілсе, оның жалпы болмысын, азаматтық абыройын көрсететін көркем фильм түсірілсе, Жүргенов атындағы стипендия тағайындалса, ұстаздарға сол кісінің атындағы медаль табысталса деген сияқты жұмыстар тұр. Арнайы көп томдық жинағы шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзімнің үш кітабымның екеуі Жүргеновтің таңдамалысы болып есептеледі, осы салада зерттеу жүріп жатқаннан кейін оның тағы да мұралары көбейіп жатыр. Оның еңбектерінің өміршеңдігі сол – ол 30-шы жылдары айтылған сөздері, атқарған істері бүгінде маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Мысалы, мектеп мұғалімі қандай болуы керек,  мектептегі білім беру дәрежесі, тіл мәселесі, содан кейін мұғалімнің ішкі мәдениеті қандай болуы керек, әдістемелік нұсқаулықтар – осыларлың бәрін сол кезде жазып кеткен, ол әлі де өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ айтар едім. Сонымен бірге Наркомның Өзбекстандағы, Тәжікстандағы қызметін толық экспедиция ретінде ғалымдар барып тексерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Оқу орындарында оның мәдениеттану, педагогика, тарих саласында оның еңбектерін әлі ашу керек. Магистрлік, докторлық тақырыптарға арқау ету керек. Сондай-ақ жыл сайын өнерпаздардың өнер фестивалін ұйымдастырып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай үлкен іс-шаралар болашақтың еншісінде деп ойлаймын!

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға