Тегін бауырсақ пен арзан футболканың соңы: ажиотаж үшін кім жауап береді?

Тегін бауырсақ пен арзан футболканың соңы: ажиотаж үшін кім жауап береді?
Фото: AI көмегімен жасалды

Соңғы уақытта дүкендердің ашылуы, жеңілдіктер мен тегін өнім тарату кезінде адам қарасының шамадан тыс көбейіп, соңы топырласуға ұласатын жағдайлар жиі кездесіп жүр. Жуырда Астанада тегін бауырсақ таратылған шарада жұрт бір жерге жаппай жиналса, Атырауда арзан футболка сатылымы кезінде дүкен алдында ұзын-сонар кезек болған. Мұндай жағдайда жауапкершілік кімге жүктеледі? Кәсіпкер келетін адамның санын алдын ала болжай алмаса да жауап беруі керек пе? El.kz тілшісі осы сауалдарды заңгер Бағдат Амандосұлына қойды.

Астанадағы сауда орындарының бірінде келушілерге тегін бауырсақ тарату акциясы жұрттың ерекше қызығушылығын тудырды.

Акцияға күткеннен әлдеқайда көп адам жиналып, әлеуметтік желіде тараған кадрларда келушілердің бір-бірін итеріп, алға ұмтылғанын көруге болады. Ұйымдастырушылар мұндай ажиотаж болады деп күтпегенін айтқан.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Телеканал КТК (@ktktv)

Осыған ұқсас жағдай Атырауда да тіркелді. Бутиктердің бірі футболкаларды өте төмен бағамен сататынын жариялағаннан кейін сауда орнына адам көп жиналып, топырласу болған. Кейін бутик иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылғаны хабарланды.

Бұл оқиғалар әлеуметтік желіде де пікірталас туғызды. Бір тарап көп адамды жинаған кәсіпкер олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті деп санаса, енді бірі акцияға нақты қанша адамның келетінін алдын ала болжау мүмкін емес екенін алға тартады.

«Ең алдымен шараны кім ұйымдастырғанын анықтау керек»

Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда нысанның меншік иесі мен акцияны ұйымдастырған тұлғаны ажырату маңызды.

Ең алдымен іс-шара кімнің бастамасымен өткізілгенін анықтау керек. Егер жеке кәсіпкер өз бастамасымен акция ұйымдастырса, ұйымдастырушы да сол болып саналады. Дүкеннің немесе ғимараттың меншік иесі болуы адамды автоматты түрде жауапкершілікке тартуға жеткіліксіз. Өйткені кәсіпкер ғимаратты жалға алып жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан нақты кім ұйымдастырды, шара кімнің бастамасымен өтті – соны анықтау қажет, – дейді Бағдат Амандосұлы.

Бұл тұжырым заңдағы ұйымдастырушы ұғымымен де үндеседі. Қолданыстағы қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықта бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы деп іс-шара кімнің бастамасымен өткізілсе, сол жеке немесе заңды тұлға көрсетілген.

<em>фото: Бағдат Амандосұлының жеке архивінен&nbsp;</em>
фото: Бағдат Амандосұлының жеке архивінен 

«Қанша адам келетінін дәл болжау мүмкін емес»

Көпшіліктің көкейіндегі тағы бір мәселе – кәсіпкердің акцияға нақты қанша адамның келетінін алдын ала біле алмауы. Заңгердің пікірінше, тек «көп адам жинады» деген себеппен кәсіпкерді жауапқа тарту жеткіліксіз.

Кәсіпкер акцияға 10 адам келе ме, 100 адам келе ме – оны нақты біле алмайды. Сондықтан "сен көп адам жинадың" дегеннің өзі жауапкершілікке тартуға жеткілікті негіз болмауы керек. Құқық бұзушылықтың белгілері және адамның кінәсі анықталуы қажет, – дейді Бағдат Амандосұлы.

Алайда «мұндай жағдай болады деп ойламадым» деу кәсіпкерді барлық жағдайда жауапкершіліктен босатпайды. Заңгердің сөзінше, көпшілік қатысатын шара ұйымдастырылғанда белгіленген талаптар сақталуы керек.

Алдын ала әкімдікке хабарлау керек

Заңгер Бағдат Амандосұлы бұқаралық іс-шара ұйымдастырылған жағдайда жергілікті атқарушы органды алдын ала хабардар ету талабы бар екенін атап өтті.

Егер заңда көзделген санаттағы іс-шара өткізілетін болса, оны алдын ала тиісті органға хабарлау қажет. Шараның өтетін орны, уақыты және болжамды қатысушылар саны көрсетіледі. Әрине, нақты қанша адам келетінін алдын ала ешкім білмейді. Сондықтан болжамды сан көрсетіледі. Мұның бәрі қоғамдық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз ету үшін қажет, – дейді ол.

Бұл жерде бір маңызды құқықтық ерекшелік бар. «Мәдениет туралы» заңдағы талап барлық сауда акциясына бірдей автоматты түрде қолданылмайды. Заңда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шара 200 және одан көп көрерменнің бір мезгілде қатысуын көздейтін іс-шара ретінде айқындалған. Мұндай шараны ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға заңда көзделген ақпаратты алдын ала беруге міндетті.

Ал топырласуды туғызған адамдар жауап бере ме?

Әлеуметтік желідегі осындай видеолардан адамдардың бір-бірін итеріп, кезекті бұзып, алға ұмтылғанын көруге болады. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды: қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін ұйымдастырушы жауап берсе, тәртіп бұзған келушілердің әрекеті қалай бағаланады?

Бағдат Амандосұлының айтуынша, әр адамның әрекетіне жеке құқықтық баға берілуі тиіс.

Көпшіліктің арасында тұрған адамның бәрін бірдей жауапқа тартуға болмайды. Кім нақты қандай әрекет жасады, кімге қандай зиян келді – соның бәрі анықталып, дәлелденуі керек. Мысалы, екі адам төбелесіп қалса, сол жерде тұрғандардың барлығы жауап бермейді. Жауапкершілік нақты адамның нақты әрекетіне байланысты туындайды, – дейді заңгер.

Ал жағдай күш қолдануға ұласса, жауапкершілік ауырлауы мүмкін.

Егер бір адам екіншісін қасақана ұрып, денсаулығына зиян келтірсе немесе өзге күш қолдану әрекетін жасаса, оның салдарына қарай қылмыстық жауапкершілік мәселесі туындайды. Бірақ кімнің қандай әрекет жасағаны және одан қандай зардап келгені нақты дәлелденуге тиіс, – дейді Бағдат Амандосұлы.

Осылайша, дүкендегі акция кезінде адам көп жиналған жағдайда жауапкершілік тек «көп адам келді» деген фактінің өзімен шешілмейді. Шараның құқықтық сипаты, оны нақты кім ұйымдастырғаны, қауіпсіздік үшін қандай шаралар қабылданғаны және әр адамның әрекеті бөлек бағалануы керек.

Ал кәсіпкерлер үшін мұндай оқиғалардың басты сабағы – акцияның қаншалықты танымал болатынын дәл болжау мүмкін болмаса да, адам көп жиналуы ықтимал жағдайда қауіпсіздік шараларын алдын ала қарастыру.

Оқи отырыңыз