Жаңалықтар

«ТЕАТР АLL» фестивалі: «Фариза» қойылымы үздік атанды

«ТЕАТР АLL»  фестивалі: «Фариза» қойылымы үздік атанды
Фото: Музыкалық жас көрермен театры 04.11.2024 15:20 429

Астанада 28 қазан мен 3 қараша аралығында ұйымдастырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығына арналған «ТЕАТР АLL» III Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл шара көрермендерді Роза Мұқанованың шығармашылығымен жақынырақ таныстыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және театр өнерін жаңа деңгейге көтеру арқылы оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауға бағытталды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау лебізін салтанатты жиында арнайы жеткізді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Роза Қажығалымқызы көп жыл бойы ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келеді. Оның қаламынан шыққан туындыларға заманның үні, қоғамның тынысы және адамдардың жан дүниесі мен асыл қасиеттері арқау болды. Шын мәнінде, Роза Мұқанова – жазушылықты бәрінен биік қойған және жазуды бақыт санап, кие тұтқан суреткер. Ол сезімтал және сырлы шығармаларымен оқырман қауымның жүрек төрінен орын алды. Сондықтан қазақ әдебиеті мен руханиятында қаламгердің алар орны бөлек, - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев жазушының шығармашылығында әйел бейнесі айрықша мәнге ие екенін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, Роза Қажығалымқызы қазақ әйелдерінің күрескерлік табиғатын ашқан қаламгер деуге де толық негіз бар. Бұл ретте «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым» сияқты драмалық туындылардың маңызы зор.

Жалпы, Роза Қажығалымқызы туралы айтқан кезде жазушының жұбайы, қабырғалы қаламгер Әкім ағамызға тоқталмай кету мүмкін емес. Әкім ағамыз Роза жеңгеміздің өмірі мен шығармашылығына үлкен серпіліс әкелген тұлға десек, қателесе қоймаспыз. Алдағы уақытта да бір-бірін толықтырып, шабыттандырып, жаңа шығармалар жазуға жетелеген қаламгерлер отбасына бақ-береке тілейміз, - дейді ол.

Оған қоса Сенат төрағасы Роза Мұқанованы мерейтойымен құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.

Құрметті Роза Қажығалымқызы! Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және сарқылмас шабыт тілейміз! Қалың оқырманды жаңа туындыларыңызбен қуанта беріңіз! Әдебиетке деген адалдығыңыз бен биік парасатыңыз қашанда жоғары бағаға лайық. Әрдайым осылай абыройыңыздың асқақ болуына тілектеспіз!, - деді Мәулен Әшімбаев.

Апта барысында Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолдауымен Ұлттық өнер университетінің ректоры Раушан Сабыржанқызы жоғары деңгейде өткізді.

Египет, Германия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттерінен келген ғалымдар мен театр майталмандары Қазақ мемлекетінің қазіргі әдебиеті мен театр өнерінің бағыты мен даму кеңістігі барысында ой бөлісті.

Әзербайжан Республикасы Газах қаласы Газах  мемлекеттік драма театрының (реж.  Хазар Гянджави) «Шатыр астындағы мен»  спектаклі, Қырғыз Республикасы Бішкек қаласы (реж. А. Қыдырмышев)  «Жесір», «Қаралы сұлу» (М. Әуезов, сахналық нұсқа Р. Мұқанова) қойылымдарымен қатар «Мәңгілік бала бейне»  (реж: Б. Атабаев, А. Оспанбаева, Қ. Ешмұратова), «Қызжылаған» (реж. А. Максим), «Бопай ханым» (реж: Ж. Жұманбай), «Ешкім де  кінәлі емес» (реж: Б. Киекбаев), «Фариза» (Ф. Молдағали), «Қаралы сұлу» (М. Әуезов, инсценировка Р. Мұқанова, реж: А. Шарипов) сахналанды.

Осы ретте Cemile Kınacı Baran, (Түркия)  магистр Сабина Саид (Анкара) Мухаммед Риад, (Египет) Венера Цабель (Германия), Javlon Jovliyev (Өзбекстан) сынды ғалымдардың 30-31 қазан күні өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келгенін де атап өткен жөн.

Сонымен қатар Әзербайжан, Қырғыз театр қайраткерлері: Жаныш Құлманбетов, Исрафил Рамазаноглу, қазақ театртанушы, әдебиет зерттеушілері мен мәдениеттанушы ғалымдар: Асхат Маемиров, Ә. Бөпежан, Аманкелді Мұқан, Анара Еркебай, Ермек Қанікей және тағы да басқа ғалымдардың озық ойлары, бағыт-бағдары ортаға ой салды.

«ТЕАТР АLL»  фестивалі: «Фариза» қойылымы үздік атанды

Сурет: Музыкалық жас көрермен театры

Қорытындылай келе, Астана қаласында өткен аталмыш мәдени іс-шараға атсалысқан, қолдау көрсеткен Астана қаласының Әкімі Жеңіс Қасымбекке, Фестивальдің ұйымдастырушысы Aсхат Максимұлы Маемировке, «Өнертану» кафедрама, жауапты сәтте жанымнан табылған замандас достарыма, театр басшылары мен көркемдік жетекшілерге, халық қалаулыларына, аға-апаларыма, достарыма, руханиятта көшбасы болып жүрген зиялы қауымға, бауырларым мен сіңілілеріме алғыс білдіремін! Елімізге, ұлтымызға бірге қызмет етейік! Аман болыңыздар, аяулы бауырлар!, - деп жазушы-драматург Роза Мұқанова фестивальге қорытынды жасады.

Қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова фестивальдің өнер дамуына айрықша үлес қосқанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай фестивальдер жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашып, театр әртістерінің танымал болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Роза Мұқанованың шығармалары театрлар үшін маңызды азық болып, еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып отырғанын жеткізді.

Астана төрінде үшінші рет өткізілген халықаралық фестивальге Қазақстан, Қырғызстан және Әзербайжан театрлары қатысты. Театрлардың қатысуымен өткен фестивальдің басты мақсаты – түркі дүниесінің мәдени кеңістігіне есімі танымал жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясындағы рухани құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу, театрлар арасындағы шығармашылық әріптестікті нығайту болып табылды. Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасы, Музыкалық жас көрермен театрының ұйымдастыруымен міне осындай мақсаттарды арқау еткен, әр күн сайын көрермен назарына сағат 11.00 мен кешкі 19.00-де екі мәрте қойылымдар сахналанып, бір аптаға созылған Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Көрерменге шынайы театр атмосферасын сыйлаған фестивальдің жемісті де, табысты бір аптасы еліміздің мәдени кеңістігінде ерекше оқиғаға айналды, - деді  Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.

«ТЕАТР АLL»  фестивалі: «Фариза» қойылымы үздік атанды

«ТЕАТР АLL»  фестивалі: «Фариза» қойылымы үздік атанды

Суреттер: Музыкалық жас көрермен театры

Фестивальдің қорытындысы мен жүлде қоры:

  1. «Үздік қойылым» – «Фариза» драмасы (режиссері Фархад Молдағали), Түркістан музыкалық драма театры – 1 000 000 теңге.
  2. «Үздік режиссура» – Арнис Кыдырмышев («Жесір» драмасы), Жамал Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театры (Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы) – 1 000 000 теңге.
  3. «Үздік актерлік ансамбль» – «Қызжылаған» драмасы (режиссері А.Максим), Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры – 500 000 теңге.
  4. «Үздік ер адам бейнесі» – Хазар Гянджали («Шатыр астындағы Мен» спектакліндегі Анти Шрек рөлі), Газах мемлекеттік драма театры (Әзербайжан) – 500 000 теңге.
  5. «Үздік әйел бейнесі» – Лейло Бекназар («Бопай ханым» драмасындағы Бопай рөлі), Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры – 500 000 теңге.
  6. «Үздік әйел бейнесі» – Дина Заитова («Ешкім де кінәлі емес» спектакліндегі Асыл рөлі), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры – 500 000 теңге.
  7. «Сахналық жаңа форма табудағы ізденіс үшін» – «Мәңгілік бала бейне» спектаклі (режиссері Ә.Оспанбаева), А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры – 300 000 теңге.
  8. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» – Дархан Муслимов («Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Депутат рөлі), Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры – 300 000 теңге.
  9. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – Гүлжиян Шынтемір («Қаралы сұлу» спектакліндегі Қызметші кемпір рөлі), Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры – 300 000 теңге.
  10. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – Айжан Садықова («Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Қатира рөлі), Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры – 300 000 теңге.

Түркістан музыкалық драма театры аталған фестивалге режиссер Фархад Молдағали сахналаған «Фариза» қойылымымен қатысты. Қазылар алқасының шешімімен «Үздік қойылым» деп танылып, гран-при иегері атанды. Осылайша театр ұжымы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, атанып, 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Аталмыш спектакль үш жылдан бері Түркістан музыкалық драма театрында көптің сұранысына ие болып келеді. «Фариза» қойылымының басты идеясы – өрелі ақын, қоғам қайраткері, елімізге танымал тұлғаны халыққа терең таныту, қоғамды әдеби-мәдени тұрғыда байыту, жастардың интеллектуалдық белсенділігін дамыту, театр сахнасында техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көрерменнің қызығушылығын арттыру. Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны драматург Роза Мұқанова жазған.

Осылайша фестивальдің әр номинациясы бойынша жеңімпаздар Қазақстан мен ТМД елдерінің театр сыншылары және драматургтері құрамынан жасақталған қазылар алқасы тарапынан анықталды. Марапаттау рәсімі фестивальдің салтанатты жабылуында, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға