Тазы жарысы ат бәйгесіндей танымал болса дейміз – 18 жылдық тәжірибесі бар бапкер

Тазы жарысы ат бәйгесіндей танымал болса дейміз – 18 жылдық тәжірибесі бар бапкер
Фото: El.kz коллажы

Тазының жүйріктігі тегіне ғана емес, күтімі мен бабына да байланысты. 14 жылдан бері тазы өсіріп келе жатқан Еркебұлан Әділбеков пен 18 жылдан бері тазы баптап, жарыс ұйымдастырып жүрген Еркебұлан Дәулеткелдіұлы үшін бұл істің әр кезеңі жауапкершілікті талап етеді. Олар El.kz тілшісіне берген сұхбатында күшік таңдаудан бастап тазының тұқымын сақтау мен оны қараусыз қалдырмаудың маңызын айтты.

Тазының бағасы келбетімен ғана өлшенбейді

Өскемендік Еркебұлан Әділбековтің тазыға қызығушылығы бала кезден басталған. Алғашқы тазысын алғаннан кейін оның мінезі мен аңшылық қабілетін танып-білуге ұмтылып, тұқым ерекшеліктерін тереңірек зерттеуге кіріскен. Кейін бұл қызығушылық тазы өсіріп, сапалы ұрпақ алу мақсатына ұласқан.

Тазы тұқымымен 14 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде тазы өсірумен қатар, оларды баптап, жарыстар мен көрмелерге қатысып жүрмін. Тазы мен үшін жай ғана ит емес, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық мұра. Сондықтан бұл іске үлкен жауапкершілікпен қараймын, – дейді Еркебұлан Әділбеков.

Оның айтуынша, тазыны асырап қана қою мен оның тұқымдық қасиеттерін сақтауды көздеп өсірудің жауапкершілігі бөлек. Осыны түсінген сайын бұл іске ықыласы да арта түскен.

Фото: Еркебұлан Әділбековтің жеке архивінен
Фото: Еркебұлан Әділбековтің жеке архивінен

Қазір Еркебұлан бірнеше тазы ұстайды. Әрқайсысының қабілеті мен мінезі әртүрлі. Бірі жылдамдығымен ерекшеленсе, екіншісі төзімділігімен, енді бірі аңға құмарлығымен дараланады. Сондықтан ол тазыны бағалағанда бір ғана қасиетіне сүйенбейтінін айтады.

Мен үшін тазылардың арасынан ең бағалысы – тек сыртқы келбеті әдемі болғаны емес, аңшылықта өзін көрсете алатын, мінезі дұрыс, дене бітімі мықты және тұқымдық қасиеті жақсы ит. Нағыз тазыны осындай қасиеттерінің жиынтығымен бағалаймын, – дейді тазы өсіруші.

Ол жұп таңдауға да осы ұстаныммен қарайды. Жақсы ұрпақ алу үшін тазылардың шығу тегін, дене құрылысын және тұқымға тән белгілерін ескереді. Сонымен бірге олардың аңшылық қабілетін назардан тыс қалдырмайды.

Жұп таңдағанда ең алдымен иттердің шығу тегіне, дене бітіміне, аяқтарына, кеудесіне, арқасына, басының құрылысына және жалпы тұқымға тән белгілеріне қараймын. Сонымен бірге олардың аңшылық қабілеті өте маңызды, – дейді Еркебұлан.

Өскеменнің қысында күтім қалай өзгереді?

Шығыстың суық қысы тазы күтіміне ерекше назар аударуды талап етеді. Еркебұлан бұл уақытта тазылардың жататын орны мен азығына баса мән береді. Оның айтуынша, орынның құрғақ, таза әрі жел өтпейтін болуы маңызды.

Өскеменнің қысы шынымен суық. Сондықтан қыста тазыларды ұстауға ерекше көңіл бөлемін. Жататын жері құрғақ, жел өтпейтін және таза болуы керек. Суық кезде энергия шығыны көбейетіндіктен, азығына да көңіл бөлемін. Құнарлы әрі сапалы тамақ беремін, суы үнемі таза болуы керек, – дейді ол.

Сонымен қатар қыста құнарлы азық беруді шамадан тыс тамақтандырумен шатастырмау қажет екенін айтады. Тазының салмағын қадағалап, қимылына кедергі келтіретіндей семіртіп жібермеуге тырысады.

Оның айтуынша, Өскеменнің айналасында тазы баптауға қолайлы кең жерлер бар. Бірақ орынды таңдағанда табиғатына немесе кеңдігіне ғана қарап шешім қабылдамайды. Тазы бар жылдамдығымен жүгіргенде алдынан қандай қауіп шығуы мүмкін екенін де ескереді.

Фото: Еркебұлан Әділбековтің жеке архивінен 
Фото: Еркебұлан Әділбековтің жеке архивінен 

Тұқымды сақтау жауапты селекциядан басталады

Еркебұлан Әділбеков 14 жылдық тәжірибесінде ең күрделі міндеттердің бірі тазының өзіне тән қасиеттерін сақтап қалу болғанын айтады. Оның байқауынша, қазір тазыға қызығушылық артып келеді. Дегенмен бұл ықылас тұқымды танып-білуге, оны жауапкершілікпен өсіруге ұласуы қажет деп санайды.

Ең үлкен қиындықтың бірі – нағыз тазының қасиеттерін сақтап қалу. Қазір тазыға қызығушылық артып келеді, бұл жақсы. Бірақ тұқымды тек сыртқы сұлулығына қарап бағалауға болмайды. Тазының тарихы, шығу тегі, денсаулығы, аңшылық қабілеті және мінезі бірге ескерілуі керек. Жақсы ұрпақ алу үшін жауапты селекция қажет, – дейді ол.

Тазы өсіруші бұл істің дамуын тұқым иелерінің өзара байланысымен де ұштастырады. Тәжірибе алмасу, жарыстар өткізу, тұқымдық есепті дұрыс жүргізу және жақсы тазылардың ұрпағын сақтауға жағдай жасау маңызды деп есептейді.

Фото: Еркебұлан Дәулеткелдұлының жеке архивінен 
Фото: Еркебұлан Дәулеткелдұлының жеке архивінен 

Аңшыларды біріктіріп, жарыс алаңын жасаған

Ал тазы өсіріп, ашық алаңдарда жарыс ұйымдастырып жүрген жаркенттік Еркебұлан Дәлеткелдіұлы бұл іске қызығушылығы бала кезінен басталған. Өзінен үлкен ағаларының тазымен аңға шыққанын көріп өскен ол кейін солардан күшік алып, өзі де тазы ұстай бастаған.

Мен бала кезімнен тазы бағамын. Мектепте оқып жүргенде бос уақытымызды тазыларымызбен өткізіп, қоян қуып өстік. Өзімнен үлкен ағаларым осы іспен айналысқандықтан, ес білгелі көргеніміз – тазы. Есейе келе сол кісілерден күшік сұрап алып, бөлек тазы ұстай бастадым. Қалаға оқуға кеткен, әскерде болған кездерімді есептемегенде, тазы жүгіртіп жүргеніме шамамен 20 жылдан асты, – дейді ол.

Ал тазының шығу тегіне, тұқым тазалығына мән беріп, кәсіби тұрғыдан айналыса бастағанына он жылдан асқан.

2016 жылы қолымыздағы тазылардың тұқым тазалығын анықтау мақсатында алғаш рет көрмеге барып, кәсіби сарапшылардан кеңес ала бастадық. Содан бері көрмелерге тұрақты қатысып, жоғары баға алған тазыларымызға құжат рәсімдейтін болдық. Тазыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, бірнеше рет көрме чемпионы атанды. «Қазақстан чемпионына кандидат» атағын да алды, – дейді Еркебұлан Дәулеткелдіұлы.

Кейін тазыны курсинг әдісімен жарыстыруға қызығушылық танытқан Еркебұлан өз тазыларын да осы бағытта дайындай бастаған. Аудандағы тазы ұстайтын аңшылардың басын қосып, шағын қауымдастық құрған. Жарыс өткізуге қажетті жабдықтар алып, тазы жүгіртетін арнайы алаң әзірлеген.

Тазыларды курсингке үйрете бастадық. Аудандағы тазы ұстайтын аңшыларды ұйымдастырып, шағын қауымдастық құрдық. Жарысқа қажетті жабдықтарды алып, тазы жүгіртетін жер белгілеп, үлкен алаң жасадық. Кейін облыстық, республикалық жарыстарға қатыса бастадық, – дейді ол.

Еңбектің нәтижесі де көріне бастаған. Оның айтуынша, тазылары Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сонар – 2021» республикалық турнирінде екінші орын алған. Сондай-ақ «Асыл қазына» федерациясы ұйымдастырған республикалық турнирдің финалында үшінші орын иеленген.

Еркебұлан үшін тазы ұстаудың негізгі мақсаты – аңшылық. Ол бұрыннан келе жатқан жүйрік тазылардың тұқымын сақтап, селекция арқылы алғыр әрі тұқымы таза ұрпақ алуға ұмтылады. Сондықтан тазыларын тек көрмедегі бағасына қарай таңдамай, аңшылық қабілетін де тексереді.

Бұрыннан келе жатқан жүйрік тазылардың тұқымын сақтап, селекция жасап, жүйрік әрі таза тазы өсіру үшін жұмыс істеп келеміз. Нәтижеміз де жаман емес. Біздің жақтың таулы жерлері тазы жүгіртуге қолайсыз болғанына қарамастан, тазыларымыз жүйріктігінің арқасында қара жерде қоян алып жүр, – дейді ол.

<em>Еркебұлан Дәулеткелдіұлының жеке архивінен&nbsp;</em>
Еркебұлан Дәулеткелдіұлының жеке архивінен 

«Тазы жарысы ат бәйгесіндей танымал болса дейміз»

Еркебұлан Дәулеткелдіұлы тазы жарыстарының ауқымы кейінгі жылдары кеңейгенін айтады. Оның байқауынша, 7-8 жыл бұрын мұндай жарыстар туралы тазы асыраушылардың өзі түгел біле бермеген. Уақыт өте өңірлік сайыстар көбейіп, республикалық деңгейдегі чемпионаттар қалыптаса бастаған.

7-8 жыл бұрын тазы жарыстары жаңадан дамып келе жатқанда, деңгейі қазіргідей емес еді. Бұрыннан тазы асырап жүрген адамдардың көпшілігі жарыстардан хабарсыз болатын. Кейін әр облыста жарыстар көбейіп, ең жүйрік тазыны анықтайтын ресми республикалық чемпионаттар өте бастады. Осы чемпионаттарды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған «Асыл қазына» тазы асылдандыру ұйымының еңбегін атап өтуге болады, – дейді ол.

Жарыстардың көрерменге қолжетімді болуы да маңызды. Бұрын қаладан жырақта өтетін сайыстарға негізінен тазы иелері барса, қазір қала тұрғындарының да тамашалауына мүмкіндік көбейгенін айтады.

Жарыс алдында жоғалып кеткен тазы

Еркебұланның есінде ерекше қалған оқиғалардың бірі 2021 жылы Астанада өткен «Асыл қазына» республикалық турнирімен байланысты. Жарысқа бір күн бұрын келген ол қала сыртындағы үйге орналасқан. Алайда жарыс күні таңертең тазысын орнынан таппай қалған.

Таңертең ерте тұрып, тазыларға қарасақ, менің тазымды сол үйдегі малшы кісі байқаусызда қамалған жерінен шығарып алыпты. Іші пысып, жүгіргісі келіп тұрған тазы сыртқа шыға сала Қарағанды мен Астананы жалғайтын күре жолдың бойымен қалаға қарай жүгіре берген екен. Әбден іздеп, ақыры өзіміз жатқан үйден 10-15 шақырым жердегі жол бойынан әрең таптық, – деп еске алады ол.

Тазысын іздеп жүріп, жарысқа да кешігіп жеткен. Таң атпай ұзақ жүгіріп, шаршап қалғанына қарамастан, қара тазысы өз тобында озып шыққан.

Жарысқа өзіміз кешігіп жеттік. Тазы да әбден шаршаған еді. Соған қарамастан, қара тазым өз тобында бірінші келіп, финалға шықты. Финалда үшінші орын алды. Есімде қалған ерекше оқиғалардың бірі осы болды, – дейді Еркебұлан.

<em>Еркебұлан Дәулеткелдіұлының жеке архивінен&nbsp;</em>
Еркебұлан Дәулеткелдіұлының жеке архивінен 

Ұлттық спорт қатарынан көргісі келеді

Еркебұлан қоғамда тазыға ұлттық құндылық ретінде қарайтын көзқарас қалыптасып келе жатқанын құптайды. Тазы күніне қатысты алғашында әртүрлі пікір айтылғанымен, мұндай бастамалардың тұқымды танытуға ықпалы бар деп есептейді.

Тазы күні пайда болғанда қоғамда түрлі пікір айтылды. Бірі жақтады, бірі даттады. Дегенмен қазақ тазысының халықаралық деңгейде өз еліміздің тұқымы ретінде танылып, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Тазыға жай ит емес, ұлттық құндылық ретінде қарай бастадық. Енді тазы жарысын ұлттық спорт түрлерінің қатарынан көрсек деген ниетіміз бар, – дейді Еркебұлан Дәулеткелдіұлы.

Айта кетейік, 3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. 

Оқи отырыңыз