Алматы облысының Райымбек ауданында өткен өңірдің 90 жылдығына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі ұлттық мәдениетті ұлықтаумен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының негізгі алаңдарының біріне айналды. Үш күнге созылған мерейтойға 25 мыңнан астам адам қатысып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға белсенді атсалысты, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
Фестиваль өтетін аумақта тазалықты қамтамасыз ету үшін 105 биодәретхана мен 75 қоқыс контейнері орнатылып, 3 арнайы техника жұмылдырылды. Экологиялық акцияға 110 ерікті, жергілікті тұрғындар мен жастар белсенді қатысты. Тазалық жұмыстарына 1000 қап пен 1000 жұп қолғап пайдаланылып, нәтижесінде шамамен 7 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
Сонымен қатар жалпы аумағы 116 480 шаршы метрді қамтитын жерде 20 ақпараттық баннер орналастырылды. Тұзкөл ауылынан фестиваль өтетін Шалкөде жайлауына дейінгі 28 шақырым жол бойына әр бес шақырым сайын қоқыс контейнерлері қойылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаралар табиғи аумақтың тазалығын сақтауға және көпшілік арасында жауапты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Таза Қазақстан» акциясымен ұштасқан халықаралық этнофестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған қонақ қатысты. Шалкөде жайлауында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, қолөнер, этнодизайн, бейнелеу өнері, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелері ұйымдастырылды. Қазақстандық шеберлермен бірге Қытай, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Грузиядан келген қолөнершілер өз туындыларын таныстырды.
Бағдарлама аясында ұлттық спорт жарыстары, тарихи-танымдық көрмелер, этноауылдар мен мәдени іс-шаралар өтті. Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген «Қарқаралы» жайлау көші қазақтың көшпелі өркениетін кеңінен насихаттады.
Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде Райымбек ауданының тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуетіне тоқталып, өңірдің қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтті.
Үш күндік мерейтой аясында Қарасаз ауылында Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған II республикалық оқушылар айтысы, Нарынқолда Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық конференция және аудан орталығында гала-концерт ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар Шалкөде жайлауындағы «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесімен және ұлттық спорт жарыстарымен қорытындыланды.
Осылайша, Райымбек ауданында өткен «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі ұлттық мәдениетті дәріптеумен қатар, «Таза Қазақстан» бастамасының нақты нәтижесін көрсеткен экологиялық жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналды.