18 қараша күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ағаш отырғызу экологиялық іс-шарасы өтті.
Nazarbayev University кампусындағы жаңа саябаққа студенттер мен Астана тұрғындары 500 түп ағаш отырғызды. Жаңа саябақ елордадағы жасыл желек аумағын кеңейтіп, қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Іс-шара басталғанға дейін саябақ аумағына 4500 түп ағаш отырғызылған болатын.
Жобаның негізгі идеясы – адам өміріндегі маңызды кезеңдерді табиғатқа қамқорлық жасаумен ұштастыру. Оған жас жұбайлар, жас ата-аналар және университеттің бірінші курс студенттері қатысты. Олар үшін ағаш отырғызу отбасының құрылуы, сәбидің дүниеге келуі немесе студенттік өмірдің басталуы сияқты жаңа өмір кезеңдерінің символына айналды.
Жаңа саябақтың ерекшеліктерінің бірі – әр ағашқа цифрлық паспорт беру. Арнайы сайтта әр ағаш пен оны отырғызған адам туралы ақпарат орналастырылады. Қатысушылар ағаштардың өсу барысын бақылап, топырақ пен судың жай-күйін бақылай алады. Сондай-ақ олар саябақтағы жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына қатыса алады.
Жаңа саябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады. Экологиялық жобаның мақсаты – табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жастарды қоғамға пайдалы істерге тарту және қоршаған ортаға ұзақ мерзімді қамқорлық жасауға ынталандыру.