Жапония шетелдік туристерге салықты қайтару тәртібін өзгертеді. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап саяхатшылар тауарларды сатып алған кезде тұтыну салығын қоса төлеп, елден шығар кезде оны қайтарып ала алады. Жаңа ереже салықсыз сатып алынған тауарларды ел ішінде қайта сатуға қарсы күресуге бағытталған. Бұл туралы Tengri Travel CNA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Не өзгереді?
CNA мәліметінше, қазір шетелдік туристер Жапонияда белгілі бір тауарларды 10 пайыздық тұтыну салығын төлемей сатып ала алады. Ол үшін Tax Free бағдарламасына қатысатын дүкенге жүгіну қажет.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап жүйе өзгереді. Туристер тауардың толық құнын, соның ішінде салықты төлейді. Ал салықты елден шығар алдында қайтаруға өтініш бере алады.
Жаңа тәртіп кеден қызметіне сатып алынған тауарлардың шынымен Жапониядан шығарылып жатқанын тексеруге мүмкіндік береді. Осылайша, салықсыз сатып алынған өнімдерді ел ішінде қайта сату схемаларын шектеу көзделген.
Жаңа ережелер туристерге қалай әсер етеді?
Өзгерістерге байланысты туристерге ұшар алдында қосымша рәсімдерден өту қажет болады. Бұл әсіресе тексеру бекеттері мен салықты қайтару орындарында кезек пайда болған жағдайда әуежайда күту уақытын ұлғайтуы мүмкін.
Токио кеден қызметінің мәліметінше, Ханэда, Нарита және Кансай сияқты ірі әуежайлардың кейбірінде рәсімдердің бір бөлігін онлайн режимде орындауға болады. Дегенмен кеден қызметкерлері жолаушылардан сатып алған тауарларын көрсетуді талап етуі мүмкін.
Жаңа тәртіп бойынша туристер бірнеше маңызды жайтты ескеруі керек:
- Барлық рәсімнен уақытында өту қажет. Сатып алынған тауарларды тексеру сияқты ықтимал қосымша процедураларды рейске отырғызу аяқталғанға дейін орындау керек.
- Жүк тапсырғаннан кейін тауарларды көрсету қиындайды. Егер сатып алған заттарыңыз багажға тапсырылса, тексеру үшін оны қайта алу мүмкін болмайды.
- Тауарларды елден өзіңіз алып шығуыңыз керек. Салықты қайтару жеңілдігі тек туристің Жапониядан жеке өзі алып шығатын тауарларына қолданылады.
- Әрбір чек бойынша тексеру жүргізіледі. Егер турист чекте көрсетілген тауарлардың кем дегенде біреуін көрсете алмаса, сол сатып алуға қатысты салықты қайтарудан бас тартылуы мүмкін.
Туристер нені ескеруі керек?
Жаңа талаптарға байланысты Жапонияға баратын саяхатшылар сатып алған заттарын алдын ала тексеруге дайындап, әуежайға ертерек барғаны жөн. Бұл барлық қажетті рәсімнен ұшуға дейін өтуге мүмкіндік береді.
Жапонияда салықты қайтарудың жаңа тәртібі 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді.