Жаңалықтар

Тәуелсіздік – елдің бастауы

Тәуелсіздік – елдің бастауы
Фото: El.kz 17.12.2022 11:40 6022

Сәт Тоқпақбаев. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміздің  Күштік құрылымдарда башылық қызмет атқарды. 1993 жылдың маусым айынан - ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, ал желтоқсан айынан – Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің  Төрағасы болды. ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы - ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы,   ҚР қорғаныс министрі жоғары лауазымдық қызметін абыроймен атқарды. Әскери шені– Генерал – полковник. Парламенті Мәжілісі 4-ші шақырылымының депутаты. Әр қызметтің өз жауапкершілігі бар. Жауапкершілік - адами болмысты, рухани құндылықтарды өзгерте алмайды.

Өрениетті елдерде мұндай Тұлғалар қашанда ел алдында. Баршамыз уақытқа тәуелдіміз. 

Қайтып  оралмайтын  да  уақыт,  қайтарып  ала  алмайтын  да  уақыт.  Әр  уақыттың  өзіндік  зор  оқиғасы  бар.  Минуттан  сағат,  сағаттан  тәулік,  тәуліктен  апта,  айлар,  жылдар, ғасырлар құралады. Кеше ел билеп, көпті басқарған жоғары лауазым иелерінің де  уақыты өтеді. Әр кезең сайын орын алатын  оқиғалар  да  жаңарып  отырды.  Бәрі   Уақыт  деген замана ағымына бағынышты. 

 «Бір  білетінім  –  менің  ештеңе  білмейтіндігім»,  -  деп  әйгілі  көне  грек  білгірі Сократ айтқандай, жұмыр басты пенделер бұл ғұмырды жүріп өзіме  көп  жаңалық  ашады.  Үйренеді.  Сол өмірден алған тағлымын кейінгі толқынға тәлім етеді.   

 Осы орайда генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың Тәуелсіздік мұраттарына қатысты естелігін оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.

«Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы  болып отырған кезімде біршама ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар(репрессия) ақиқатының астарын ашу үшін біршама еңбектенген едік.

Еліміз тәуелсіздік  алғаннан  кейінгі алдымыздағы мақсат - Кеңестер  Одағы кезіндегі, 1929-1930, 1935-1936, 1937, 1938, одан  кейінгі  жылдарға  ұласқан сталиндік зұлматтың қанды  қылышына  ұшырап,  оққа  байланып  опат болып  кеткен  аяулы  азаматтарымызды  архив  деректерінен іздеп табу болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан  олардың  іс-қағаздарын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған  кісілердің атын қайтадан жарыққа шығарып ақтап алу науқаны  басталды. 

Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жалаға ұшыраған азаматтарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. Әділет қоғамының жетекшісі Тарих және этнология институтының  директоры,  академик  Манаш  Қозыбаев  болды. 

Облыстық  Мемлекеттік  қауіпсіздік  комитетінің  басқармасында қызметте жүрген  уақытта  1980 жылдардың  аяғында  По  реабилитации  жертв  Сталинской  репрессии  деген  комиссия  құрылған  болатын,  соның төрағасы болдым.

Ондағы  алдыма  қойған  мақсатым  –  жоғарыда  айтып өткендей 1937, 1950 жылдары жазаланған азаматтардың  құжаттарын  зерттеп,  бас-аяғын  жинақтап,  ақтап  шығу  еді.  Сол  іске тездетіп кірісуді  көздеген  едік. 

Екінші  жағынан:  олар қай  жерде  атылды  соны  білу  керек  болды. 

Халқымыздың бұрынғы ел  басқарған, бетке ұстар азаматтары –  жазықсыз мың-мыңдап атылып кеткен.  Міне  солар  қай  жерге  жерленді,  қандай  себеппен ауыр жазаға кесілді, яғни, не үшін жапа шекті.  Осындай толып  жатқан  түрлі  сұрақтарға  жауап  іздей бастадық. 

Архивте  бұл  сұрақтарға толық жауап  беретін  құжаттар  табылған  жоқ.  Жойып  жіберген  сыңайлы. Кім  атты,  қай  жерде  атылды,  қай  жерге  жерленді деген сұрақтар жауапсыз қалатын түрі бар.

Мұндай  құжаттар  болмағаннан  кейін  мен  бірнеше  топ  құрдым. 

Бір топ  1936,  1937,  1938  жылдары  кадрларда,  басқа  да  маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеуі керек. Қызмет орны арқылы  анықтау тапсырмасы берілді ол топқа.

Содан кейін мынаны  естідім... солай  екен... болған екен... деген қауесеттен тұратын  мағұлматты тексеретін тағы бір  топ  құрдым.  Газет, журнал  бетіне  шыққан  ақпаратты  егжей-тегжейлі  зерттейтін  тағы бір  топ  құрдым. Тікелей  архив  материалдарын  тексеретін  өз  алдына  жеке  бір  топ  болды. Осындай  жұмыс күні-түні  жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз  мәселенің беті ашыла бастады. 

Біздің небір марқасқа азаматтарымыз осындай азапты жылдардың  құрбандары  болып  кетті  емес  пе...  Мәселен, Сәкен  Сейфуллин  ісі  Мәскеуде  болды. 

Мәскеуге хатты жазудай-ақ  жаздық.  Бірақ бізге құжаттардың  түрін  көрсетпеді. Іздестіріп  жүріп сол кезде азаматтарды атқан  адамның ізіне түстік. Деректер бойынша мекен-жайын анықтап, тауып өзімен кездестік. Жай  ғана  білімі  жоқ, кезінде НКВД-да  жұмыс  істеген  адам  екен. Бірақ, кезінде кімді атып жатқанын білмеген  көрінеді.  Дзержинский  мен  Виноградов  көшесінің  бойында  подвал  болған.  Еліміздің  талай  боздақтарын  сол  жерде,  әр  күні  түнде  атып  отырған. 

-  Оқиға түнде  болушы  еді.  Таң  алдында  арбаға  салып,  қаланың  сыртына  апарамыз  да  жыраларға  тастаймыз.  Ол  уақытта  туыстарым  ауылда,  алыс  жақта  тұратын,  -  дейді  әлгі. 

Сосын  мен  шыдамай  оны  сұрақтың  астына  ала  бастадым:

- Сенің туыстарың біле ме осындай тірліктер істеп  күнелткеніңді?  –  дедім.

-  Жоқ, олар білмейді. Қазір өз алдыма әулетім бар адаммын.  Балаларым,  немерелерім  бар,  –  дейді. 

Адам өлтірдім-ау, талай боздақты жер жастандырдым-ау деген  қобалжу, қымсыну еш  байқалмайды. 

-  Сол  күндерден  ұмытылмастай  есіңде  қалған  не  бар?  –  деп  сұрадым. 

Сөйтсем  әлгі  адам  атқыш  жауыз: 

-  Бір  күні таң  алдында әлгіндей жұмысымды  бітіріп,  болған соң үйге барайын деп  подвалдан  шығып келе жатсам, далада қар жауып тұр екен. Артыма бұрылып  қарасам – аяқ  киімімді, басқа  да  киімімді  ауыстырмаппын. Аяғым  қып-қызыл қан. Бүкіл  жүрген ізім  қанжоса болып сайрап  жатыр. Дер  кезінде көріп  әбүйір болды, әйтпесе не боларын бір құдай білсін... Дереу айналып барып киімімді түгел жалма-жан ауыстырдым. Артыма қарағаным оңды  болды.  Болмағанда  үйдегілер сезіп қалатын  еді,  –  деп  ыржиып  күліп,  өз ақылына өзі тоғайып қоқиланып қояды.

Баскесердің айтқан әңгімелерінен есімде тағы бір қалғаны:

-  Жұмыс істеп біткен соң бізге жарты стакан  спирт,  сосиска  беруші  еді,  сосисканың  дәмі  қандай,  шіркін.  Әлі  күнге  дейін  таңдайымда, - деп тамсана жұтынды. - Ол кезде сосиска кез келгеннің  дастарқанынан табыла бермейтін. Оған  қол  жеткізу  бір  ғанибет  еді.  Ал  менде  сол сосиска болды. Тіпті таза спирт ішіп жүруші едім, – деп жас балаша  мақтанышпен еске алады өткенін.  

Бұл кездесу өте ауыр тиді. Өз құлағымызбен естіген ауыр көріністі көзімізбен көргендей әсер алдық. Неге десеңіз, сол жауыздықты қолымен  істеген  қанішермен дидарласып, өз  аузынан бар ақиқатты естідік. 

Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы    болып  жүргенімде  академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев, Жовтисті,  тағы  басқа «Мемориал» қоғамының мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне Мемлекет Басшысының рұқсатымен кіргіздім.  Олар  он  күндей  сол  архивте  жұмыс  істеді.  Біраз  деректер  жиған  сияқты.  Көп  ұзамай  құжаттар ізімен  жақсы  бір  кітап  шығарды.  Қайтыс  болған  адамдардың тізімін  жазды. Сол кітаптың алғысөзіне Манаш Қабашұлы  менің атыма  алғысын  айтыпты.

«Азалы  кітап»  деп  аталатын  ұлы  жинақтың  бірінші  томы  1996  жылы жарық көрді. Кітаптың барлық шығынын  «Әділет»  қоғамы  көтерді.  Кітапқа  үлкен  алғысөз  жазған  академик  Манаш  Қозыбаевтың  шындықты  айтқан  сөзінің  ішінде  өзіме  қаратып:  «Республика  Ұлттық  қауіпсіздік  комитетінің  бұрынғы  Төрағасы  Сәт  Тоқпақбаев  мырзаға  қалың  жұртшылық  атынан,  «Әділет»  қоғамының  атынан  зор  алғыс  айтамыз! Ол кісінің  қоғамға  көрсеткен  жәрдемі,  аты  өшіп  бара  жатқан  азаматтарымыздың есімін қайта тірілту ісінде –  жанашырлық  қолқабысы  ұшан-теңіз болды», - деп жазғанын  оқысам  әлі  күнге  тебіреніп  кетемін. Бойымды өкініш пен қуаныш аралас бір сезім билейді.

Менен  кейін  Ұлттық  қауіпсіздік  комитетіне  келген  басшы  менің  аты-жөнімді  кітаптан  сызып  тастағысы  келіп  біраз  әуреленіпті.  Әйтсе де әділет бар емес  пе. Манаш  Қозыбаев ағамыз:  «Бұрынғы  төраға Сәт Бесімбайұлының еңбегі ұшан-теңіз, Ұлттық қауіпсіздік  комитетінің 60 жыл бойына жабулы келген  мұрағатына кіргізіп,  қыруар құпия құжаттарды көрсетіп, танысып шығуымызға жол ашты, мүмкіндік  берді», -  деп  қасарысып отырып алыпты. Соның арқасында әлгі азалы кітапқа  редакциялық  ұжымның  атынан  шағын  ғана  алғыс  жазылыпты.»

Сәт Тоқпақбаев ағамыз 1986 жыл туралы былай дейді:

«1986  жылғы  Желтоқсан оқиғасы көп азаматтардың қадамын  тұсап,  арман мақсатының күлін көкке ұшырды. Өміріне қырсық боп жабысты.  Қаншама жас Желтоқсан алауына жанып кетті. Біразы жан сақтап аман  қалды. Қалай болғанда да осы бір қиын кезең азаматтардың басына сын өткел секілді қатал әрі жауапты ауыртпашылық жүктеді. Жолы болғыштар жеңіл құтылып шықты, ал қорғансыз жауқазындар тағдырдың  тәлкегіне ұшырап желтоқсан аязында үсікке ұшырағандай күй кешті.

Сол уақытта Мәскеуден көп басшылар келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен де, Ішкі істер министрлігінен де Бас прокуратурадан  да,  СОКП  орталық  комитетінен  де  келді. 

Алматыдағы  жастарға  қарсы  жұмысты  сол  органдар  басқарды.  Нағыз ұлтшыл деп қазақтарды айыптады. Мәселен сол органдардың  өзінде  ұлтшылдықтың  не  екенін  түсінбей  кеткен  жағдайлар  болды. 

1986  жылғы  желтоқсан  және  1987 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласы және Алматы облыстық  басқармасына  1  мыңнан  астам  сигнал келіп түсті. Осының  бәрін  қалт  жібермей  қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әрбірінде көрсетілген деректі  мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жеткізіп, ақиқатын ашу кезінде – бірде-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның  үстінен  қылмыстық  іс  қозғалмады. 

Бір жылда осындай 1056 сигналды тексеріппіз. Барлығына да  ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек.Соны анықтаймыз,  өмірбаянын түгел бастан-аяқ  қарап  шығамыз. Түсіндіре кетейін,  мәселен бір адамды  ұлтшыл  деп  айыптау  үшін  оның  басқа  ұлтқа,  не  сол  ұлттың өкілдеріне қарсы істеген  қылмысы  анықталуы керек. Ең алдымен халыққа зияны бар  бүлік  шығаратын  кісі ме,  соны  тексеріп  қараймын. Бәрін дәлелдеп болған соң  шұғыл  шара тергеушілері  қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен  бекітетінмін. 

Сол жылдары қалалық және облыстық  Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің  басқармасы Байзақов көшесінде болды. Ал Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Дзержинский көшесінде орналасқан еді. Артынан естідім, жауапты орындар мен мәскеулік әріптестер бірігіп, Республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ғимаратына менің қолым тиген мыңнан аса сигнал-дардың құжаттарын апарып, қайта қарап, сараптап тексеріпті. Алайда заңға қайшы іліп алар ештеңе таппаған.

Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүрдім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді.

Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған, бірінші болып көшеге  шыққан жастар, оның ішінде Алматыдағы  театр-көркемсурет институтының  студенттері еді. Мұның тарихи себеп-салдары болды. Ғасырлар бойы  бұғауда,  езгіде  жаншылған,  намысы, рухы тапталған жас  ұрпақ  үлкен іске тәуекел етті. Қиын қатерлі кезеңге басын  тікті. Желтоқсан оқиғасының көрінісі тек қана Алматыда ғана емес, республиканың кейбір  қалаларында  нөсер  бұлтындай  дүркіреп  өтті. 

Желтоқсан оқиғасының маңыздылығын, қасіреттілігін, тарихилығын,  бағыт-бағдары  мен  көксеген  мақсатын  тарих  таразыға  салып  бағалады. Бұл оқиға Тәуелсіздікке қол жеткізуді  аңсаған,  еркіндік  пен  бостандықтың ақ таңын күткен қазақ жастарының  кеудесін  кернеген  кек  пен  ашу-ызаны,  ар-намысты, жаңа дәуірге аяқ басу мен  ұлттық  рухты  арқалап,  азаттықтың  туын  көтеруге  жасалған  алғашқы  қадамы  еді. 

Тәуелсіздіктің туын желбіретуге себеп  болған  бұл  күн ұлт тарихында –  ерекше маңызды  күн  болғаны  хақ!»

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев Қауіпсіздік Комитетін Төрағасы, Қорғаныc Министрі болды. Генерал – полковник шеніндегі Сәт Тоқпақбаевқа, журналисттер ел тұрғындарын мазалайтын кез –келген сұрақты қоя алатын. Бұл өркениетті мемлекеттердегі  жоғары  лауазым иелерінің жауапкершілігі. Мықты елдер ертеңіне сенеді. Ел басқарған азаматтары Сіз секілді өткен өмір жолы туралы  кітап жазады. Бізде сол дәстүді генерал Тоқпақбаев бастап отыр. Билік тізгінін ұстағандар өз дәуірінде дүрілдейді. Сосын үн- түнсіз жоғалады. Қазіргі кезеңдегі айтылып жатқан барлық кемшіліктерге солар да жауапты. Жасалған шаруа көп, соны келістіріп келешек ұрпаққа жазып қалдыру соларға міндет пен парыз ғой. Осы туралы ойыңыз? 

Сәт Тоқпақбаев:

«Менің өмір жолым туралы кітапты жазудағы басты мақсатым – өзім атсалысқан ел Тәуелсіздігінің бастапқы жылдары мен нартәуекелмен негізін қаласқан күштік құрылымдардың дүниеге келуін көрсету еді. Кітаптың аты «Жаным садаға» деп аталуының өзі менің елім, Отаным үшін өмірімді арнағаным, жолында жаным құрбан дегенді білдіреді. Орыс тіліне Ғосман Төлеғұл мырза аударды. «Честь имею»- деп атадым. Қазақ Ұлттық университетінің ректоры кезінде Ғалым Мұтанов «Өнегелі Өмір» сериясына енгізіп шығартты.  

Әлемдегі мықты елдердің басшыларының өмір жолы туралы жазылған кітаптар көп. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, әлі бізде де көбейеді деп сенемін. Мұндай кітап жазу үшін, мемлекеттті құруға атсалысу, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу керек. Сонда барып атқарылған істерді қағазға түсіре аласыз. Ондай кітапты халық оқығанда өз бағасын береді. Өтірік қосып, өсіріп, не басқа біреулердің еңбегін өшіріп жазсаңыз да біледі. Қандай іске де –халық таразы. 

«Жаным садаға» мен «Честь имею «Бұл –Тәуелсіздік тарихы!»

Өз жүрегіңнен, өзін жазып шыққан өмір жолы, оқырманның жүрегіне жетеді. Ұрпақ сонда ғана сені түсінеді. Мен өз өмір жолымды өзім жазып шықтым.

 

Автор: Махат Садық

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға