Жаңалықтар

Тас жолы тас-талқан. Батыс Қазақстандағы салынған жолдар үш ай өтпей қирап жатыр

Тас жолы тас-талқан. Батыс Қазақстандағы салынған жолдар үш ай өтпей қирап жатыр
Фото: qazavtojol 14.07.2023 14:30 3655

Тұрғындар үшін жол мәселесі әрдайым өзекті. Ауыл мен қаланы, шаһар мен даланы, елмен елді, жер мен жерді жалғап жатқан жолдың сапасы күн тәртібінен түсер тақырып емес. Алысты жақын, жақынды алыс қылу күре жолдың күтімі мен жағдайына байланысты екендігі рас. Тіпті, миллиардтаған қаржы бөлсе де, жолдан қиналып отырған өңірлер бар. Оны жолда жүрген қараша халықтың жанайқынан білеміз. Сыннан көз ашпаған күре жолдар толқын-толқын болып тербеліп тұрса да, жауапты қызметке жайғасқан жауапсыз шендер бізде «бәрі керемет» деп айтудан жалығар емес. Әсіресе, Батыстағы жолдарға қатысты бұқараның назы басым. Жаңбыр жауса батпаққа бататын ағайынның базынасын El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тыңдап көрді. 

Осыдан бір жарым ай бұрын Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Батыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеу мәселесін көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған болатын.

Бұл депутаттық сауалымның артында мыңдаған адамның таусылған төзімі, үзілуге аз қалған үміті жатыр. Олар Батыс Қазақстан облысының ең шалғай ауылдарында тұрады. Бөкей Орда ауданы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді. Көбісі күрежолдың бойында қонып қалады, – деген еді Нартай Аралбайұлы.

Депутаттың айтуынша 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын 245 шақырым жолдың тек 124,6 шақырымы ғана біткен.

2022 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын күрежолға әлі асфальт төселмегенін шегелеп айтып, тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілерді жазалау қажеттігін айтты. Осы сыннан кейін сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен кетті.

Тас жолы тас-талқан. Батыс Қазақстандағы салынған жолдар үш ай өтпей қирап жатыр

qazavtojol

Депутат Нартай Сәрсенғалиев қажетті қаражат болғанымен, қиыршық тас пен битумды жеткізу мәселесі қиындық тудырып тұрғанын айтқан еді. Ал жол құрылысын аяқтау үшін 1931 тонна қиыршық тас керек, оны әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ осы жылға тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Депутат жоба құнының өсуін болдырмау үшін битум бағасын бекітуді, қиыршық тас жеткізу үшін ай сайын 1500 темір жол вагонын беруді ұсынды.

Кейін Үкімет оған мынандай жауап беріпті:

Битум тапшылығын және оның бағасының көтерілу мәселесін шешу бойынша Ресей Федерациясынан битум импортына тыйымды алып тастауды қолға алдық. Сосын елдегі битум экспортына тыйым салу көзделген. 2023 жылдың қаңтар-ақпанында битум дайындауға аванстар беру және жақын арадағы 10 жылға битумға деген қажеттілікке болжам жасау жұмыстарын бастап кеттік. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін мердігер ұйымдарға тиісті аванстық төлемдер жүзеге асырылады. Бұған қоса, Ресей Федерациясынан жыл сайын 100 мың тонна жол битумын әкелу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, – делінген премьер-министрдің жауабында.

Ал қиыршық тасты жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуге қатысты Батыс Қазақстан облысына қиыршық тас дайындау үшін 3505 бірлік жартылай вагон тартылған. Оның 2 995-і «Қазтеміртранс» АҚ-на (Ақтөбе облысынан жеткізуді жүзеге асырады) және 510 бірлігі жеке паркке тиесілі. 

Депутат Батыс Қазақстан облысындағы жолдың сапасы сын көтермейтінін, республикалық деңгеймен салыстырғанда бұл өңірдің жолдары өте нашар күйде екенін айтты. Жергілікті жұрт жылап айтса да, орталық билік елді елемей келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО-ның көлік-логистикалық әлеуетін жаңғырту маңызды міндеттің бірі екенін және автожолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейтінін айтқаннан кейін сең қозғалды деп есептейді.  

Тас жолы тас-талқан өңірге түзу жол ауадай қажет. Жол салуға жеткілікті қаржы облысқа берілмейді. Ақша жеткеннің өзінде қиыршық тас пен битум тапшылығы орын алады. Қолдан жасалған кедергі бұлар. Аталған проблеманы депутаттық сауал ретінде көтердім. Үкіметтен келген жауапқа «нашар» деген баға қойып қайта жолдадым, – дейді мәжілісмен.

Батыс Қазақстан облысының жолына қатысты біз әкімдікпен де тілдестік. Олар аталған жолдардың биыл жақсы қарқын алғанын айтып, толық ақпаратты БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысынан сұрауымызды өтінді. Басқарма басшысы Айдар Меңеевпен сөйлестік. Алайда олар аталған жобалардың тапсырыс берушісі «ҚазАвтоЖол» екенін айтып, солармен хабарласуымызды өтінді. Біз «ҚазАвтоЖол» АҚ арнайы сұраныс жіберіп, жолға қатысты мынадай жауап алдық. Батыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1414 шақырымды құрайды. Автожол саласын дамыту аясында 245 шақырым автожол күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

Батыс Қазақстан облысындағы «Қазталовка – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Ресеймен шекаралас Қазталов-Жәнібек бағытындағы жол 142 шақырымды, Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы жол 103 шақырымды құрайды.

Бүгінде күрделі жөндеудің барлық кезеңінде 124,6 шақырым жол жаңа жабынымен қамтамасыз етілген. 2023 жылы 31,2 миллиард теңге сомасына 120,4 шақырым автомобиль жолдарының а/б жабындысымен қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» а/ж 0-138 – 57,4 шақырым, «Өнеге - Бисен – Сайхын» а/ж 0-103 – 63,0 шақырымды құрайтын жол. Жалпы құрылыс жұмыстарына отандық төрт мердігер ұйым жұмылдырылды. Жәнібек, Өнеге және Бисен ауылдары арасындағы жолға жаңа асфальтқа қол жеткізсе, Орда және Сайхын ауылдары арасындағы жолға жаңа асфальт төселді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 300 бірлік арнрайы техника мен 500 маман жұмылдырылды делінген ҚазАвтоЖол-дың бізге берген ақпаратында.

Қараша халықтың жанайқайы

Бұл жолдарды өз көзімен көріп қайтқан депутат ол жақтағы салынып жатқан жолдар өте керемет емес екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, жуырда депутаттар демалысқа кетіп, өңір-өңірді аралуға шықты. Елдімекендерге барып, ондағы түйіні шешілмеген қордаланған мәселелерді талқыламақ. Демалыстан оралған соң, проблемалар Мәжілісте қаралады. Депутат Нартай Аралбайұлы өзі көтерген БҚО жолына қатысты мәселені өз көзімен көріп, мән-жайды анықтау үшін арнайы іс-сапарын бастады. Ол Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарында болып, қарапайым қараша халықпен жүздесіп, жанайқайын тыңдады. Депутатты сөзге тартып мән-жайдың қалай болып жатқанын сұрадық. Мәжілісмен жол құрылысына жауапты мердігер ұйымдармен кездесті.

Биылғы жылы бұл жол түпкірдегі Бейсен және Сайқын ауылдарына жетеді деп отыр. Бұдан басқа Бөкей ордасына қарасты 4500-ден астам халық тұратын ауылдар бар. Сол ауылдарға да жол тартылу қажет деген талап қойып жатырмыз. Облыстық маңызы бар жол ретінде атқарылады деген жауап алдық. Бірақ әлі де нақтылау қажет. Десе де, қазіргі тартылған жолдың өзі Ақжайық өңірінен бері қарай өткен кезде Жалпақтал, Қазталовқа қарай жасалынған жолдар қазірдің өзінде толқын-толқын болып бұзыла бастағанын көрдім, – дейді депутат.

Депутат Бөкей Ордасындағы жол толықтай аяқталғанымен бас жағындағы жол бұзылып қала ма деген қауіп барын жасырмады.

Өйткені бұл жақтағы салынып жатқан жолдың сапасы өте керемет емес екенін көрдім. Бұл мәселені әріқарай көтереміз. Одан кейін Қазталов ауданынан өткен кезде 10 шақырымдай жер бар. Уағында битум төселген екен. Бірақ бұл жол жобаға кірмей қалған. Мұны да қараймыз. Бөкей ауданындағы Хан Ордасына қатысты депутаттық сауалда да айттым. Бұл жер үлкен туристік аймақ. Исатай, Махамбет, Жәңгір ханның табаны тиген жер. Сол ауылға өтетін 21 шақырым жолға қатысты мәселені көтердік. Бұйырса келесі жылы құрылыс басталады деген уәдені алдық, – дейді депутат Нартай Аралбайұлы.

Сондай-ақ ол жан-жақтан келген мердігер ұйымдар сол өңірдің ерекшелігін білмейді деп отыр. Әйтеуір тендерді ұтып алып, салдарынан жұмысты дұрыс атқармай, жол салуды кешіктіріп жатқанын айтты.

Салынған жолдар үш ай өтпей қирап жатыр

Қоғам белсендісі, Орал қаласының тұрғыны Азамат Мусилов 13 жылдан аса еліміздің жолдарын бақылап, басы-қасында жүрген азамат. Сондықтан оның да пікірін білуге асықтық.

Айтуынша жол құрылысына келгенде, жолдың басы-қасында жүріп біраз ақша тауып отырған шенді-шекпенділердің қолын қаққан іскер адамдарды жұмыстан шығарып салады. Салынып жатқан республикалық маңызы бар жолдарда жемқорлық өршіп тұр.

Бүгінгі күні Сайқын елдімекені (Бөкей ордасының аудан орталығы) мен Жәнібек аудандарының жолы істелініп жатыр. Алайда техникалық  талаптарға сай емес. Бұл жерде маңыздысы тез салып бітру болып тұр. Жолды тез бітіру деген сөз «жаманын жасырып, жақсысын асыру». БҚО Ресеймен шекаралас өңір. Яғни, ол жолдар тікелей Волгоград пен Астраханьға, Саратовқа бағыттайды. Сол себепті ертеңгі күні жолдар тапсырылған кезде мұнымен ауыр жүк көліктері өтеді. Ал сол көліктерге бүгінгі салынып жатқан жолдар шыдас бермейді. Өйткені, өте сапасыз. Көп ұзамай қайта жөндеуге кетеді, – дейді тұрғын.

Жолға қатысты сорақылықты өз көзімен көріп жүрген Азамат Мусилов жан-айқайын жеткізуге Президентке де хат жолдаған екен. Бірақ хаттары әлі күнге дейін жетпей жатыр. Сондай-ақ, ол Орал қаласының ішінде салынып жатқан жолдарға да тоқталды.

Қала ішіне салынып жатқан жолдың 90 пайызы сапасыз. Себебі жобалары өтірік. Біздің климатымызға сай емес. Сол өтірік жобалармен салынған жолдар бүгінде қирап жатыр. Мысалы, қала аумағындағы жол мен Қазталовтағы орташа жөндеуден өткен Әжібай ауылындағы жол салынған бойда араға үш ай өтпей жатып, тас-талқаны шықты. Бұл жолмен үлкен камаздар да жүріп жатқан жоқ. Шұбырып жатқан автобус та жоқ. Бұл нені көрсетеді? Жасалған жобаның қателігінен болып отыр. Осыны әлі күнге дейін дәлелдей алмай жүрмін, – дейді жергілікті азамат.

Елімізде парақорлық дендеп алғандықтан, айтар ойы бар іскер азаматтарды біздің билік тыңдағысы келмейді деп отыр. Ал жергілікті атқарушы билік ақталған кезде қиыршық тас немесе вагондар жетіспейді деп айтады. Егер мердігер ұйым қиыршық тас сатып алатын болса, вагонның жетіспеуі мәселе емес. Өйткені сіз ақшасын төлеп тұрсыз, оған вагон да кіреді дегенге келтірді.

Битумның жетіспеуі тағы бар. Мәселен біз битумды Маңғыстаудан аламыз. Ол пойызбен Ақтөбе арқылы жетеді. Бұл жағынан алғанда қашықтық үлкен. Бұрын БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің кезінде Президенке дейін хат жаздық. Өйткені қаламыздың жанындағы Ресейге қарасты Новокуйбышевск кішігірім ауылда қайта өңдеу зауыты бар. Онда битум өндіреді. Бұл біріншіден Маңғыстаудан арзан, екіншіден сапасы жоғары, үшіншіден бізге жап-жақын. Осыдан битумды алайық деп рұқсат алған едік. Яғни жол құрылысына қатысты қандай да бір жұмыстарға тиімді, – дейді Азамат Мусилов.

Яғни, оның сөзінше әлі күнге дейін «қазақстандық тұтыну» дегенді миына құйып алған шенділер бұл жұмыстың жүруіне кедергі келтіріп отырғанын айтты. Бүгінгі күні бұған қолбайлау болмаса, онда еш қиындықсыз және уақыт создырусыз осы ауылдан битумды тасымалдайтын едік деп отыр. Мұның бір пайдалы жағы жобаның ақшасын үнемдейді деген ойда.

Жол сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технология

Автокөлік жолдарының құрылыс маусымы қазір қызу жүріп жатыр. Үкімет жол саласына жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Бүгінде елімізде халықаралық қаржыландырумен және шетелдік жол компанияларының қатысуымен бірінші санатты автожолдар салу саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Бұдан басқа, еліміздің елді мекендері мен әкімшілік-аумақтық бірліктерін байланыстыратын жергілікті маңызы бар жолдардың басқа да санаттарының құрылысы жүріп жатыр.

Әр маусымда құрылыс қарқынына кедергі келтіретін және оның қымбаттауына әкелетін үлкен проблема бұл – мұнай битумының жетіспеушілігі. Аталған мәселеге қатысты біз сарапшылардың пікірін білдік. Олар бұл тапшылықты жою және жолдың сапасын арттыру үшін жаңа технологияны енгізу қажеттігін айтты. Қоғам қайраткері Асқар Жапаровтың айтуынша материалдың тапшылығынан жолдарды пайдалану мерзімі бұзылады.  

Тас жолы тас-талқан. Батыс Қазақстандағы салынған жолдар үш ай өтпей қирап жатыр

Жыл сайын біз битум тапшылығының үлкен проблемасына тап боламыз. Бұл автоматты түрде оның қымбаттауына және кезекке әкеледі. Салдарынан жол компаниялары күтпеген шығындарға байланысты келуін жоғалтады. Ел өзінің даму жоспарын сапалы жүзеге асыра алмайды. Жылдан жылға бұл мәселені шешуге тырысады, бірақ болмай жатыр, – дейді сарапшы.

Бұл жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар деп отыр. Яғни, бізде қауіпсіз қолдануға болатын ғылыми негізделген және өнеркәсіптік дәлелденген технологиялар бұрыннан бар. Бұл – күкіртті асфальтбетон. Минералды агрегаттар ұсақ минералды ұнтақ, әктас, құмтас, металлургия өнеркәсібінің қалдықтары мен қиыршық таспен күкіртті модификацияланған қоспа.

Күкірт бірқатар елдерде мұнай битумдарына қоспа ретінде сәтті қолданылады. Күкіртті битумды қоспа немесе ауыстыру ретінде пайдаланудың сәтті тәжірибесіне үш негізгі себеп ықпал етеді. Бұл өз кезегінде битум шығынын 40 пайызға дейін төмендетеді және жол құрылысында жергілікті құмды топырақты, әлсіз тас материалдарды, күл мен шлактарды қолдану мүмкіндігі мен асфальтбетон жабындарын едәуір жақсартады, – дейді жол саласында жүрген сарапшы Дархан Дөнентаев.

Сонымен сарапшылар айтып отырған жаңа технологияның артықшылығы мен мүмкіндігіне тоқталсақ. Күкіртті асфальтбетон төмен температурада әсіресе, суық мезгілде жол қабаттарында жарықтар мен ыстық кезеңде пластикалық деформациялардың пайда болу қаупін жояды. Сондай-ақ, дизель отынының әсеріне жоғары деңгейде төзімді.

Ал артықшылығы жол төсенішінің сапасы жақсарады. Қымбат битумды байланыстырғышты арзан модификацияланған күкіртпен ішінара ауыстыру арқылы жол төсенішінің құны төмендейді. Асфальтбетон қоспаларын пайдалануға қарағанда төмен температурада (-20 °С дейін) жол жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі есебінен жол жабынын төсеу кезінде маусымдық фактордың әсерін төмендеп, жол құрылысы үшін айтарлықтай экономикалық әсері бар автомобиль жолдарының жөндеуаралық мерзімдерін 5-7 жылға дейін ұлғаяды. Күкіртті асфальтбетон төмен температурада жарылып кетпейді және ыстық ауа-райында жұмсармайды және күкіртті асфальтбетонды жыл бойы төсеуге болады.

Бұл технология жолдардың сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретінін байқауға болады. Әсіресе, температураның күрт өзгеруі бар аймақтарға қолайлы және жол құрылысын арзандатуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандардан көрініп тұрғандай, қазіргі жағдайдан шығудың жолы бар. Біздің жолшыларды мұнай-битум тұтқынынан босату үшін саяси ерік-жігер жетіспейді. Мұның артында мұнай өңдеу зауыттарының иелерінің мүдделері тұруы мүмкін. Бірақ бұл фактіні түсіну ешкімге оңай емес. Жол саласында жаңа технологиялардың болмауы жол саласының дамуына, жол желісінің кеңеюіне, еліміздің дамуына кедергі келтіреді. Бұл дамыған жол желісі экономика деңгейінің артуына айтарлықтай әсер ететіні жасырын емес, – дейді Асқар Жапаров.

Сарапшылар еліміздің батысында күкіртті қалай кәдеге жарату керектігін, онымен не істеу қажеттігін білмейді. Күкіртті асфальтбетон технологиясын енгізу мәселесімен шұғыл түрде айналысу керек деп есептейді. Яғни, оған жол саласындағы бейінді ұйымдар мен бейінді жоғары оқу орындарын, ғылыми саланы, жол-құрылыс компанияларын тарту қажет екендігін айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға