Жаңалықтар

Тасқын судан төнген қауіп

Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр?
Тасқын судан төнген қауіп
28.04.2020 15:53 4068

Елімізде көктем келе қалса, су тасқыны мен сел жүру қаупі күшейе түседі. Су басу жағдайы бар аймақтарда жыл сайын алдын-алу шаралары да жүргізіліп отырады. Биыл синоптиктер алдағы уақытқа арналған гидрологиялық мәліметтерін жариялаған болатын. Онда Қазгидрометтің ауа райы болжамына сәйкес, еліміздің Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқынының кезеңі мамыр айының бірінші он күндігіне дейін жалғасатындығы жөнінде айтылған еді. Осы орайда біз су тасқыны қаупі сейілмей тұрған Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласқан болатынбыз. Ондағы қызыл су басқан елді-мекендерге қандай көмек көрсетіліп жатқандығын және табиғи апат жағдайында төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп жатқан жұмыстар жөнінде сұрастырып білдік.

IMG-20200424-WA0012.jpg

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан келетін қауіп көп. Оған Сергеевка су қоймасының су деңгейінің шамасынан көп болып тұрғандығы себеп болып отыр. Сонымен бірге арнасынан асқан Есіл өзені бүгінгі күні қала маңындағы елді-мекендерге жақындап келеді. Қазір тілсіз жау аталған өңірдегі Заречный, Тепличный, Мичурино, Озерное, Прибрежный елді-мекендеріне де қамдану керек.

Тасқын суға тап болған Петропавл қаласына жақын орналасқан «Челябі – Новосибирск» автожолы учаскесі бойынша Есіл өзенінің тасқын суларымен құйылуына байланысты жол қозғалысын тоқтатуға мәжбүр болған. Судың әсерінен Заречный кенті мен облыс орталығы арасындағы қатынастың қиындауына әкелген. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Заречный кентінің тұрғындарына су тасқынының алдын алу жағдайында көмек көрсетуде. Олар бұл табиғи апатқа байланысты мониторинг жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялау мақсатында елді-мекен аумағында, су тасқыны орын алуы мүмкін жақын жерлердегі үйлерді қатаң бақылауға алған. Сонымен қатар департаменттің бөлімшелері мен «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» қызметкерлерінен құрылған экипаж бекеттері жасақталып, ерекше бақылаумен жұмыс істеп жатыр.

Бүгінгі күні Заречный елді-мекенінің тұрғындарының жұмыс орнына немесе жеке істері бойынша кедергісіз өтуі үшін көпір орнатылған. Алайда, көліксіз шешуге болмайтын проблемалар туындайтын жағдайлар да кездеседі. Бұл бірінші кезекте халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты. Бұл мәселелер СҚО ТЖ департаментінің жедел штабының тұрақты бақылауына алынған,– деді СҚО ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы Е.Журавлев.

Бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте болып, маңызды міндеттерді атқарып жүрген Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ведомстволық бағынысты мекемесінің жеке құрамы болып табылады. Олар таңертеңнен кешке дейін елді-мекен тұрғындарына тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктерді дүкендерге жеткізіп беруде.

IMG-20200421-WA0013.jpg

Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың және ҚР Ұлттық гвардиясының 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы көмек көрсетіп жатыр. Олар облыс орталығының маңында орналасқан Тепличный ауылы мен Заречный кентіндегі елді мекендердегі үйлерді қатаң бақылауға алған. Және де су тасқынының алдын алу мақсатында инженерлік құрылыс жұмыстары да атқарылып жатыр. Көмекке келген Ұлттық Ұлан сарбаздары су басқан аумақтар мен ауылдарға жақын маңайдағы бөгеттерді құм толы қаптармен бекітіп жатыр екен.

– Айта кету керек, өткен тәулікте Петропавл қаласының маңында Есіл өзеніндегі су тасқыны деңгейінің көтерілуі тіркелген жоқ. Жақын күндері Заречный кентіне апаратын су басқан жолдардың біртіндеп төмендеуін күту керек. Сондықтан бұл біз бірге еңсеретін уақытша қиындықтар деп білеміз. Ал әзірше департамент қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді, – деді Е.Журавлев.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 24 сәуір күнгі берген мәліметтерінше Сергеев су қоймасының биіктігі 83 см-ге көтерілген. Ол өткен жылдармен салыстырмалы түрде айтқанда 2017 жылы су қоймасының биіктігі 332 см болса, 2018 жылы 141 см, 2019 жылы 168 см көрсетсе биылғы жылы ең жоғарғы су ағысының деңгейі 195 см құраған. Бүгінгі таңда Есіл өзенінің көтерілуіне мониторинг жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылып қана қоймай, су басуы мүмкін аймақтар тәулік бойы бақылауға алынған.

IMG-20200424-WA0011.jpg

Ал Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов су тасқынына байланысты жағдайға қатысты тәулік сайын баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанын мәлімдеді. Ол өз сөзінде Солтүстік Қазақстан облысында қауіпті тұрақты жағдай сақталып келе жатқанын айтты. Сонымен бірге су басуы мүмкін Заречный, Тепличный елді-мекендері ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.

– Соңғы тәулікте Петропавл маңындағы Есіл өзенінің деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді. Бірақ, бұл – әлі соңы емес. Сергеевкадан жіберілген алғашқы толқын Новоникольскіден өтіп, Бәйтерекке жетті. Біз күнделікті таңертеңгі уақытта су деңгейінің қанша см-ге артқанын тіркеп, бақылуда ұстап отырамыз. Ол қалаға бүгін-ертең келеді. Алдын-алу шаралары жасалынып жатыр,– деді СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камалов.

9c642ac6-3be8-4ac9-9969-2b69b63c6952.jpg

Сонымен бірге облыстың бас құтқарушысы су тасқынының алдын алу мақсатында қала мен облыстың азаматтық қорғау жүйесі мен коммуналдық қызметтер мен ішкі істер органдарының автокөліктері және инженерлік техникасының жалпы тобы жасақталып отырғанын да айтты.

Су тасқынын ғарыштан бақылау

«Қазақстан Ғарыш сапары» бүгінге дейін ғарыштан миллиондаған сурет түсіріп үлгерген орталық. Онда су тасқынына байланысты орталық жерді қашықтықтан, жер серіктіктерінен түсірілген суреттер арқылы қай аймақтарда төтенше жағдайлардың орын алатындығын анықтап, көрсетіп бере алады. Қазіргі таңда «Қазақстан Ғарыш сапары» орталығы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетімен бірлескен жұмысының нәтижесінде ғарыш арқылы су тасқыны болатын жерлерді бақылауға мүмкіндік алып отыр. Ғарыштан берілетін геожүйеден көктемгі су тасқыны болатын және орын алып жатқан аймақты, елді-мекендер мен жолдарды, маңызды құрылыс орындары туралы толық ақпараты алуға болады. Бұл тасқынның алдын алу үшін жасалған жобалардың бірі саналады. Екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл геожүйе жылдан-жылға Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің сұранысы арқылы қарқынды жұмыс істеп келеді. «Қазақстан Ғарыш сапары» орталығының Табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар мониторингі жөніндегі басқарма басшысы, география ғылымдарының кандидаты, Гульжиян Қабдулова геоақпараттық жүйемен ғарыштан жүргізілетін мониторинг жердегі төтенше жағдайлар мен су тасқыны болған елді-мекендерді қашықтықтан басқаруға мүмкіндік беретін негізгі жүйе екендігін айтты.

Ол сонымен бірге ғарыштан жүргізілетін мониторингпен бүгінде еліміздегі су тасқыны орын алған Солтүстік Қазақстан облысын аймақтың Төтенше жағдайлар департаменті ғарыш орталығының жеткізген мәліметтерімен бақылауда ұстап отыр.

Ғарыш арқылы түсірілген суреттер су тасқыны болғанға және болғаннан кейінгі көріністі өте ұзақ қашықтықтан бейнелеп көрсетіп бере алады Бұл «Қазақстан Ғарыш орталығының» табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтап, зерттеу жүргізуге таптырмас зерттеу орталығына айналып келе жатқандығының бірден бір көрінісі.

Су тасқынына қалай дайындалу керек?

Төтенше жағдайлар қызметкерлері су тасқынының алдын алуға байланысты үнемі ескертулер жасап отырады. Адамдар су басқан кезде әрдайым дайын болу үшін, үнемі соңғы жаңалықтардан хабардар болып отығаныңыз жөн. Егер сіз тұратын жерде су тасқыны болып, қиын жағдайға тап болса, өмір сүріп жатқан жеріңізге жақын тұрған су басатын елді-мекендерді, оған баратын ең қысқа жолды еске сақтауыңыз керек. Ал егер де су тасқыны болған жерде қалып қойсаңыз, ауыр киімдер мен аяқ киімдерді шешіп тастап, жақын жердегі тілсіз жау жетпеген аумаққа қарай жүзіп барғаныңыз жөн. Себебі, ағысқа қарсы жүзу сіздің өміріңізге қауіп төндіреді. Сонымен бірге су асты мен үстінде қалқып жүрген заттардан жарақат алып қалмау үшін қорғану қажет. Сіз тұратын аумақта су тасқыны жиі орын алатын болса, су басатын жерлерді есте сақтау қажет. Отбасы мүшелерін де осы жағдайға алдын-ала дайындау керек. Міндетті түрде көшіру кезіндегі құжаттар, қажетті заттар, дәрі-дәрмектің тізімін алдын ала жазып қойған жөн. Және төтенше жағдай кезіндегі арнайы ережелермен таныс болғаныңыз да артықтық етпейді. Суға тиген электр қондырғыларын қолдануға болмайды.

Су тасқынынан кейінгі әрекеттер

Су басқан заттарды ең бірінші залалсыздандыру керек. Электр қуаты мен газды бірден қоспай, мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Егер су тасқынынан мүліктеріңіз мен заттарыңызға қатты шығын келген болса, жергілікті органдардан жәрдем сұраңыз. Ал жүзе алмайтындар үшін, тез арада жүзуді үйреніп алғаныңыз өзіңіз үшін абзал. Су тасқынының салдары егістік пен шаруашылықтың бүлінуіне, адам өліміне, малдың қырылуына, үй мен өзге де ғимараттардың құлауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан барлық оқыс жағдайларға дайын болуыңыз керек. Ең маңызды ережелерге су болған азық-түліктер мен қайнамаған суды тамаққа қолдануға болмайды. Су тасқыны болған кезде әрбір адам сабырлы болып, көмек келетініне сенгені жақсы. Көмекке келген құтқарушылардың айтқандарын орындауыңыз дұрыс. Ал су тасқыны қаупі бар кезеңде балықшыларға балық аулауға да тыйым салынады. Себебі сіз қауіпсіздік жағдайын сақтаған кезде өз өміріңізге ғана емес, өзіңізге жақын адамның да өмірін сақтап қаласыз.

Қазіргі таңда арнасынан асқан Есіл өзенінің кесірінен бірнеше елді-мекеннің су астында қалу қаупі бар. Бұл бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан жағдай болып саналады. Өткен жылы да су тасқынынан көптеген ауылдар зардап шеккен болатын. Қазіргі таңда ол ауылдар қатаң бақылауға алынған. Солтүстік өңірдегі табиғи апаттан келетін қорқыныш сейіліп, түйінді мәселе алдағы уақытта шешімін табар деп сенеміз. Ал қауіп төніп тұрған елді-мекендерді күні-түні бақылап отырған Төтенше жағдайлар мамандарына, Ұлттық Ұлан сарбаздары мен өзге де қызметкерлерге күш-қуат тілейміз.

(Суреттер: СҚО ТЖД баспасөз қызметінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға