Жаңалықтар

Таразда «Ынтымақ күні» аталып өтті

Таразда «Ынтымақ күні» аталып өтті
19.03.2018 03:35 2170

2018 жылдың 19 наурызы Достық үйінің алаңында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында «Ынтымақ күнін» атап өтіп, «Достық» фестивалін ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға Жамбыл облысы ҚХА 26 этномәдени бірлестігінің төрағалары мен мүшелері, Аналар, Ақсақалдар, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Жамбыл облысы этностарының әлеуметтік бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Достық» фестивалі негізгі 2 бөлімнен тұратын бағытта атқарылды:

1) «Этнос дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары»

Бұл бөлімде әр этнос өкілдері өздерінің белгілі бір салт-дәстүрін көрсетті. Атап айтқанда: «Әулие - Ата» ЭМБ «Наурыз-думан» атты «Бастаңғы», «Грек ЭМБ» «Келін түсіру», «Коре» ЭМБ «Үлкенге құрмет», «Архыз» және «Манас Ата» ЭМБ «Тұсаукесер» дәстүрлерін көрсетті.

2) «Талантты жастардың өнерін тамашалау»

Бұл бөлімде ЭМБ өз өнерлерін ортаға салып, қатысушылар мен көрермендердің ықылас қошеметіне бөленді: Хуртуев Азрет «Қобана жырлайды», «Астери» би ансамблі «Грек» биі, «Поющие сердца» вокалдық ансамблі «Роза мундэ» әні, «Маричка» «Вышивалка» әні, Кристина Зуенок «Қазақ» биі, Абдрашит Балтаходжаев «Тошканли» әні, Сағымбек Нұрәділ «Туған жер» әні, Асанова Гүлбахар «Күрді» биі, «Гунча» би ансамблі «Ұйғыр» биі, Ким Пак Сталина – «Пидульгия» әнімен және «Самуль нори» барабаншылары Фестивальді аяқтады.

«Ынтымақ» күнінің жалғасы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Болашақ колледжінде өз орнын тапты.

«Ахысқа» этномәдени бірлестігінің жастармен жұмыс жөніндегі жетекші Фарманова Зульфия, аталған колледжде Фестиваль ұйымдастырып, 150-ге жуық колледж жастарының басын қосты.

Фестивальге Болашақ колледжінің ректоры, ректордың тәрбие жөніндегі орынбасары, оқытушылар құрамы, студент-жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Фестивальдің бағдарламасы бойынша 10 этнос өкілдерінің жастары «Келін түсіру», «Құда түсу» және т.б. салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетті.

«Ынтымақ» күнін және Наурыз мейрамының қарсаңында өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері «Сумалак» мейрамын атап өтті.

Наурыз мейрамының дәстүрі бойынша  әр этнос өзінің Наурызға арналған дәстүрлі тағамдарын әзірлейді.  

Наурыз мейрамы кезінде өзбек, қырғыз, түрік, әзірбайжан, түркімен, ұйғыр, этностары Ұлыс­тың ұлы күні «Сумалак» деген тамақ жасайды.       

Сумалак - Жамбыл облысының құрметті азаматтары – Назира мен Тоқтасын Закировтардың шаңырағында тойланды.

         Сумалак - бидай ұнынан жасалған тағам, Нау­рыздың ең басты тағамдарының бірі болып саналады. Сумалак -  денсаулыққа өте пайдалы тағам. Өйткені жаңа өскен бидай дәрумендерге өте бай. Қыстан адамдар ауырып, әлсіз болып шығады. Ал бұл тағам адам ден­саулығына күш-қуат береді. Сонымен қа­тар бала көтере алмай жүрген әйелдерге да пайдасы мол.

Сумалакты әзірлеу – он күнге созылатын күрделі іс.  Су­малак 24 сағат қайнатылып, қоюлана бастағанда оның қызғылт түсі қоңыр түске айналады. Оны тұрақты түрде араластырып тұру керек. Ең бірінші жасы үлкен әжелер араластырып, бата береді. Содан кейін кім араластырса да, жақсы тілектерін айта отырып араластырады. Сумалак дайындалып жатқанда үйге туған-туыс, көршілер қонаққа келеді. Келген әрбір қонақ құр келмей, өзімен бірге бір тамақ немесе басқалай заттар ала келеді. Дайын болған соң қазаннан барша халыққа сумалак таратылады.

Сонымен қатар, ӨЭМБ мүшелері өздерінің салт-дәстүрлерін айтып, «Келин салом» және «Бешик туйи» деген салт дәстүрлерін көрсетті.    

Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан әр этностардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бүгінгі күнге дейін өз күшін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келеді.       

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға