Жаңалықтар

Талшық туралы аңыз

Талшық – Солтүстік Қазақстан облысындағы қала. Облыс орталығы – Петропавловск қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 320 шақырым жерде орналасқан
16.10.2015 05:39 7340

Талшық – Солтүстік Қазақстан облысындағы қала. Облыс орталығы – Петропавловск қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 320 шақырым жерде орналасқан, Ақжар ауданының орталығы. Шат өзенінің сол жағасында орналасқан. Осы Талшық атауына байланысты аңыз бар.

Талшық туралы аңыз

Ертеде бір жасы жеткен әйел күйеуінен айрылып, екі қызымен жалғыз қалыпты. Үй отағасы қайтыс болған соң әйелдің жағдайы нашарлап, бір бойжеткен, бір кішкентай қызының жағдайын жасап, қияға қондырар халі қалмаған екен. Өз беттерімен өскен қарлығаштай майысқан бойжеткен мен сіңлісі өз күндерін өздері көріп, әлек болады. Күндердің бір күнінде ел арасында әлгі әйелдің үлкен қызы отбасылардың ала жібін аттап, ақырында аяғы ауыр болып қалды деген сыбыс тарайды. Жұрттың айтқан өсегіне, кенедей жабысқан аяусыз атаққа ие болған бойжеткеннің шыдамы таусылып, ақыр аяғында ауыл сыртындағы төбешікте өсіп тұрған үлкен талдың бір бұтағында өмірін қиып, асылып қалған екен дейді.

Айлар өтіп, жылдар өтіп, әлгі әйелдің екінші қызы да бой жетеді. Үлкен қызына кенедей жабысқан атақ бұл қызының да өміріне маза бермейді.

«Әпкесі қаймаққа малынып отырған отбасылардың шырқын бұзған, сіңлісі де әпкесінен алшақтамай сондай болады» деген сынды әңгімелер екінші қызының да мазасын алып, тіпті үйден шығуға да шамасы болмайды. Төзімі таусылып, күнін көре алмаған бұл бойжеткен де әпкесінің жолымен әлгі талдың бұтағына барып, өзінің де өмірін қияды екен. Мұндай қайғыға душар болған әйел өз үйінен, өз жұртынан безіп, алыс жаққа кете барады.

Бұл жерге кектенген әйел соңғы сөздерінде осы жердің барлық талдарын қарғап, мұңын шалып кетеді. Есінен ауысқан әйелге көңіл бөлмеген жұрт күнделікті қызу тіршілігін жалғастыра береді. Күндер өтіп, күз келеді. Табиғаттың заңы бойынша ағаштар қурап, қыс келіп, аппақ көрпені жамылады. Бірақ бар пәле көктем келгенде анықталады. Жыл сайын бүршік атып, гүлдей жайнайтын ағаштар тіршілігі жоқ тастай қурап, қатып тұра береді. Көктем өтіп, шыжыған жаз да келеді. Ал әлгі ағаштар бүршік атар емес. Қолдарынан келгенін бәрін жасаған жұрт көңілдерін үзіп, жасар шаралары қалмайды. Әйел болса, тау кезіп, жылдар өтіп, қыздарының өмірі қиылған талдың қасына келіп, қайтыс болған екен. Сол күннен бастап жұрттың ағаштары гүлдеп, олар ну орманның ортасында өмір сүріпті. Дегенмен, ең қызығы, екі қыздың өмірі қиылған талдың бір бұтағы бүршік атпай бүгінге дейін қурап, құрғап тұр екен дейді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға