коллаж El.kz

«Талғамсыз». Бағым Мұхитденова Димаштан айтқан сөзі үшін кешірім сұрамайтынын айтты

10.07.2025 10:28

Танымал музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова Димаш Құдайбергенге қатысты бұрын айтқан сөзі жайлы қайта пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz  интернет порталы.

Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтып, қоғамда кең тараған түсініспеушілікке нүкте қоюға тырысты. 

12 жыл өтті, сонда да қоймайды, менің күлкім келеді. Ол жерде менің тұтас айтқан ойым емес, жай бір сөйлем тарап кетті. Содан кейін мен Димашқа жоғары ноталарда ән айтпа дегендей болып қалдым. Ал мен дәл сол әнде шыңғырудың қажеті жоқ екенін айттым, – деді ол.

Продюсер сол кезеңде Димаш Құдайберген орындаған әннің сапасы жөнінде нақты пікірін білдіріп, оның кәсіби деңгейін емес, орындаған туындының музыкалық тұрғыдан әлсіз болғанын атап өтті.

Оның орындаған әні орта деңгейдегі туынды еді. Мен үшін ешқашан жоғары деңгейдегі хит ән болмаған. Мен өз айтқан сөзімнен мүлде бас тартпаймын. Маған одан кешірім сұрауың керек дейтіндер бар. Не үшін екенін де түсінбеймін, – деді Бағым Мұхитденова.

Сұхбат барысында ол «Песни» атты музыкалық байқаудың форматтық ерекшелігіне де тоқталды:

"Песни" деген конкурс бар. Ол жерде орындаушы емес, ән сынға түседі. Димашпен де солай болған. Біз ән туралы айттық. Димаш айтқан әнде керек емес дүниелер қолданды. Меніңше, оның таңдап алған әні талғамсыз болды, - деді ол.

Әрі қарай, ол Димаш Құдайбергеннің талантына күмән келтірмейтінін нақтылап өтті:

Ол әлемдік жұлдыз. Тіпті талқыланбайды да. Ал егер оның таңдап алған әні керемет болғанда, хитке айналатын еді. Олай болған жоқ. Сондықтан менікі дұрыс, – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Димаш Шанхайда бір әнді үш тілде орындағанын жазған едік.