«Талап көп, айлығы аз»: мұғалімдер директор болудан неге қашады?

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақстандағы мемлекеттік мектептерде бүгінде 438 директордың орны бос. Бұл мәселе маман тапшылығынан ба, әлде білім беру жүйесіне жаңа реформа керек пе? El.kz интернет порталы сарапшылардың пікірін білді.

Ауылдық жерлерде 385 директор жетіспейді

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Кадр тапшылығының негізгі бөлігі ауыл мектептеріне тиесілі. Ауылдық жерлерде 385 директор жетіспесе, қалаларда 53 бос орын бос тұр.

Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш біртіндеп азайған. Мәселен, 2024 жылы елде 935 директор жетіспесе, 2025 жылы бұл сан 830-ға дейін төмендеген. Дегенмен сарапшылар мәселе тек кадр санына емес, мектеп басқару жүйесінің өзіне байланысты екенін де айтады.

Директордың айлығы мұғалімдікінен аз ба?

«Самғау» Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық орталығының құрылтайшысы Ақылжан Қаракөшім қазіргі мектеп директорларының міндеті шектен тыс көбейіп кеткенін айтады.

Директор тек білім сапасымен айналысуы керек. Қазір олар барлық шаруашылық жұмыстарға да жауап береді. Ол дұрыс емес. Көгалдандыру сияқты жұмыстардың директорға жүктелуі қате. Мұғалімдерге директор болғанша, сабағын беріп, директордан екі есе айлық көп алып жүргені жақсы, – дейді ол.

Оның айтуынша, орта білім беру саласында кадр тапшылығы жоқ. Директорларды конкурс арқылы және кадрлық резерв арқылы курсты аяқтағандар арасынан тағайындайды.

Сондықтан бұл жүйеге реформа керек. Ауылдық жерде директорларды, ұжымды баяғыдай газет-журналға мәжбүрлеп жаздырту әлі де бар, – дейді Ақылжан Қаракөшім.

Сарапшының сөзінше, мектеп басшылары білім сапасынан бөлек шаруашылық, қаржы, әкімшілік және түрлі ұйымдастыру мәселелерімен айналысуға мәжбүр. Соның салдарынан тәжірибелі педагогтер директорлық қызметке қызықпайды.

«Тәжірибелі педагогтер директор болуға құлықсыз»

Республикалық білім мазмұнын сараптау орталығының жетекші сарапшысы Данагүл Рауияқызы директор тапшылығының астарында терең жүйелік мәселе жатқанын айтады.

438 директордың жетіспеуі – жай кадр тапшылығы емес, мектеп басқару жүйесіндегі дағдарыстың белгісі. Бүгінгі директор – тек педагог емес. Ол менеджер, заңгер, қаржыгер, медиатор. Бірақ талап көп, жауапкершілік жоғары, ал қолдау мен еркіндік шектеулі, – дейді сарапшы.

Данагүл Рауияқызының айтуынша, ауыл мектептерінде басқарушылыққа дайын кадр аз. Мәселенің тағы бір жағы – шамадан тыс тексеру, есеп беру, бюрократия.

Кей жерде сыбайластық тәуекелі мен «өз адамың» қағидаты да кәсіби мамандардың бұл қызметтен бас тартуына әсер етеді. Еңбекақы мен жүктеме арасында да тепе-теңдік жоқ. Сондықтан тәжірибелі педагогтер директор болуға құлықсыз, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі жүйеде мектеп директорына қойылатын талап тым жоғары болғанымен, басқарушылық еркіндік пен әлеуметтік қолдау жеткіліксіз.

Мектеп директорларын қалай тағайындайды?

Қазақстанда мемлекеттік мектеп директорлары конкурс арқылы тағайындалады. Үміткерлер педагогикалық еңбек өтіліне, біліктілік талаптарына және басқарушылық қабілетіне сәйкес іріктеледі. Сонымен қатар директорлыққа кадрлық резерв арқылы арнайы курстардан өткен мамандар да ұсынылады.

Мектеп директорларын іріктеу мәселесі өңірлердегі көшпелі кеңестерде де талқыланған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне шағын жинақты мектеп директорларына қойылатын біліктілік талаптарын және ротация мерзімдерін қайта қарау тапсырылған.

Директорларды конкурс арқылы тағайындайды. Бірақ мектеп басшыларын кәсіби дайындау, басқарушылық резерв қалыптастыру жүйесі болғанымен, дайындау тәртіптері педагогикалық, білім беру заңдылықтарына қайшы, тәртіптеріне сәйкес келмейді, – дейді Данагүл Рауияқызы.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда мектеп директорын даярлау жүйесін қайта қарап, бюрократиялық жүктемені азайту және ауыл мектептеріндегі басқару моделін өзгерту қажеттілігі туындап отыр.

Оқи отырыңыз