Жаңалықтар

Таланттарға талантсыздардың арасында өмір сүру өте қауіпті

Сұхбат
11.08.2016 12:35 3849

 Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

             Таланттарға талантсыздардың арасында өмір сүру өте қауіпті

Таланттарға талантсыздардың арасында өмір сүру өте қауіпті

- 20 жыл күткен сәбиіңізді бағып, қазір декреттік демалыста отырғаныңызды білеміз. Жалпы, кішкентай Аида туралы, отбасыңыз туралы айтып беріңізші.

- Аллаға мың шүкір, сұрағанымызды берді. Біз дер шағында әртүрлі себептермен бала сүйе алмадық. Ана гастроль, мына жарыс деп жүріп, ол мәселені артқа ысыра беріппіз. Бұйырғаны осы болар, қырықтан асып барып сәби сүйдік, қуанышымызда шек жоқ. Аида – біздің 20 жыл күткен тұңғыш сәбиіміз. Қазір үйіміз баланың үніне толып, шаңырағымыз сәнденіп келеді. «Аида» араб тілінен аударғанда «Сый, талант» деген мағынаға ие екен. Бұл «бізге қырықтан асқанда Алланың берген сыйы ғой» деп осылай атадық. Қызымыздың басқа балалардан еш өзгешелігі жоқ. Десе де, өзі - ауламыздың «жұлдызы». Аидамызды көрші-қолаң, ауладағы балалардың бәрі жақсы көреді. Көршілеріміздің кішкентай балалары оны күлдіріп, ойнатады. Ауладағылардың барлығы бөпемізді «ауламыздың әдемі де жұлдыз қызы» деп атайды екен. Оны естіп, біз мәз боламыз. Әлдиші қызымыз Лаура, жолдасым үшеуміз кейде қызымызды «Мен көтерейінші» деп таласып та қаламыз. Енді қайтейік? Әзер көрген қызығымыз ғой. Осындай сүп-сүйкімді бүлдіршінді сыйлағаны үшін Аллаға шүкіршілік айтудан жалықпаймыз.

Біздің газет Алматы қаласының 1 басылымы болғандықтан, бізге жұртшылықтың Алматы туралы пікірі де өте-мөте маңызды. Әлемнің көптеген елдерінде болдыңыз, Алматыға асығып, алқынып жететін сәттеріңізді еске түсіріңізші. Жалпы, Алматы туралы пікіріңізді жазсаңыз.

- Алматы барлық адамдар үшін арманға айналған қала десем қателеспеймін деп ойлаймын. Мен үшін қаланың көрікті көшелері, сұлу табиғатымен қатар, тұрғындары да ерекше. Мұнда көптеген зиялы қауым өкілдері тұрады. Сондай-ақ, қала театр, кино, білім, қай жағынан алсаңыз да, мәдениеттің ошағы. Алматының өзіне тән бір қасиеті: мұнда бір келген адам қайта айналып келуге асығады. Сізді сағындыратын өзінің ерекше бір магниті бар секілді. Әсіресе, Алатауын, Шымбұлақты айтсаңызшы! Бізде биік таудың баурайында орналасқан бірден-бір қала осы Алматы ғой. Алматы туралы әдемі сөздерімді айтып тауыса алмаймын.

Әлемнің көптеген үлкен сахналарында әлемдік опера жұлдыздарымен бірге ән салдыңыз. Алдағы уақытта өзіңіз бірге ән айтуды армандайтын әншілер бар ма?

- Адамдар о баста, бір нәрсені армандағанда өзіне кумир жасап алады екен. Бұл дұрыс нәрсе деп ойлаймын. Кумиріңе қарап қарап бой түзей бастайсың. Кейіннен өзің де сол шыққан биікті бағындырғанда, бұл өмірде адам шын талпынса, оның қолынан келмейтін еш нәрсе жоқ екеніне көзің жетеді. Сондайда, өзіңнің алға ұмтылып, талмай еңбек етуіңе себепші болған, өзің еліктеген тұлғаларға риза боласың. Мен қазір «мынадай әншімен бірге ән салсам» дейтін жастан өтіп кеткендеймін. Мен үшін бірге ән салатын әнші өз ісінің нағыз маманы, профессионал болса, онымен бірге жұмыс істеу жеңіл болса болды. Қазір мен кез-келген талантты әншімен бірге ән шырқай беремін.

Бір сұхбатыңызда «Шет ел маған қалай өмір сүруді үйретті» дейсіз.

- Ол рас. Шетел маған өмірмен қалай әділетті түрде күресуді үйретті, алға қойған мақсаттарыма қалай жетуді үйретті. Талант деген сөздің түп мағынасын сол жақта жүріп түсінгендеймін. Сенен мықты, сенен сұлу, сенен талантты, сенен білікті адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін шетел сахнасында жүріп үйренесің. Өзіңді тани бастайсың, қамығасың, жылайсың, тырысасың. Егер өз-өзіңе сенімді болмасаң, саған ешкім «Міне, сахна, сен шығып ән сала ғой» демейді. Сондықтан, мен өз-өзіне сенімді, батыл, талантты жандар ғана шетелде өмір сүре алады және сондағы биіктерді бағындыра алады деп ойлаймын.

Ал, шетелдіктерден бізге нені үйрену керек?

- Біздегі таныс-тамыр, аға-көке деген байланыстар жойылса жақсы болар еді. Әлгінде айттым ғой, шетелде «әділеттілік» деген сөз өзінің миссиясын толыққанды орындайды. Біз ондай әділеттілікке қашан жетеміз, оны білмеймін. Бұл - уақыттың еншісіндегі дүние.

Жазушы Сара Ләтиеваның «Бұлбұл» атты кітабынан Күләш Байсейітова апамыз өзінің жасы келгендігі себепті Джульеттаны ойнай алмағандығын оқып едім. «Жасыңыз егде тартты, сіз бұл рөлді ойнай алмайсыз» деп басшылық бермей қойған рөлдер болды ма сізде?

- Бұл жасқа емес, дауыстың бояуына байланысты нәрсе. Рөлдер кейде дауыспен бірге сіздің бейнеңізді де қажет етеді. Егер сіздің денеңіз толық болса, қалай үзіліп тұрған 16 жастағы Джульеттаның рөлін сомдайсыз? Сіз сол рөлмен, сол салмағыңызбен кімді сендіре аласыз? Ол тіпті ұят нәрсе.

Мен әлі жаспын ғой.  Өз даусыма қарап репертуар таңдаймын. Таңдалған рөлге даусым лайықты болса, салмақ тастауға әзірмін. Әлі күнге дейін «Сіз мынаны айта алмайсыз?»  деп ешкім бетіме айтқан емес. Мен өз жұмысымның маманымын деп ойлаймын. Керісінше, керемет қаламақысына қарамастан, талай рөлді кері қайтарған кездерім көп болды.

Бұдан бұрын берген сұхбаттарыңызда «Опера жаман-жақсы болып бөлінбейді. Бізде жақсы басшы жоқ» деп айтып жүрсіз. Әлі де осы пікірдесіз бе?

- Әлі де сол пікірдемін. Бізге жақсы маман, білікті басшы келмей театрымыздың жағдайы ешқашан түзелмейді. Біз әлемдік аренадан әлі де алшақ жатырмыз. Ол біздің талантымыздың кем соғып жатқандығынан емес, жақсы басшыға байланысты нәрсе.

Сіз еңбек ететін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қызметкерлері бірнеше рет жоғары жаққа шағымданғанын білеміз. Сіз осы қатарда барсыз ба?

- Бұл қатарда болмадым, ол кезде мен отбасылық жағдайыма байланысты үзілісте болғанмын. Адамдардың екіжүзділігіне таң қаламын. Осындайда кімнің кім екені анық көрінеді. Ақыры сол топ бастаған істерін сәтсіздікпен, кешірім сұрап аяқтады. Осыдан түсінгенім, таланттарға талантсыздардың арасында өмір сүру өте қауіпті. «Талантты адамға жағдай жасау керек, ал, талантсыздар былай да жағдайларын жасап алады» деген сөз бекер айтылмаған екен ғой деп ойлаймын.

Мен сіздің халық әні «Ағажай-Алтайды», Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнін тамылжытып орындайтыныңызға куәмін. Бұдан өзге қандай эстрадалық бағыттағы әндерді айтып жүрсіз/айтқыңыз келеді?

- Жақсы әнді әрқашан қуана-қуана айтамын. Былтыр маған Карина Абдуллина «Алматы-Астана» деген тамаша әнді сыйға тартты. Соны қазір сүйсініп орындаймын. Осындай әдемі әндерді алдағы уақытта сазгерлер ұсынып жатса, айтып шығуға тырысамын. Менің репертуарым операдан бөлек, халық әндеріне бай. Ал, эстрадалық бағыттағы әндерді той-томалақтарда айтамын.

Майра Керейдің имиджін кімдер қалыптастырды, стилін жасауға кімдер көмектеседі?

- Майра Керейдің имиджін ешкім қалыптастырған жоқ. Осы атқа лайық болу үшін өз-өзіме жұмыс істедім. Стилімді де өзім қалыптастырдым. Бізде шетелдегідей заңды түрде қалыптасқан форма немесе компаниялар жоқтың қасы. Әркім сахнада өз білгенінше өмір сүруде.

Ал, өзіңіздің сахналық киімдеріңізді аукционға қойып, қайырымдылық жасауға қалай қарайсыз?

- Жүзеге асса, тамаша бастама болар еді. Бірақ, қазір менің көйлегім кімге керек? Бізде мейірбан меценаттар тым аз. Ондай дәстүр бізде әзір қалыптаса қойған жоқ. Мен дәл қазір мұндай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылатын болса, оған сенімсіздікпен қараймын. Өйткені, бүгінде демеуші іздеу үшін де табаныңды тоздырып, жағыңды талдырасың.

Сіз 5 тіл білесіз. Әлеуметтік желілерде қолданушылармен 5 бірдей тілде тілдесіп, пікір қалдырып отырасыз. Десек те, сізге қай тілде сөйлеп, жазған оңайырақ?

- Әркімге өзінің ана тілі жақын әрі оңай емес пе?!

«Youtube» әлеуметтік желісінен 1998 жылы сіз Ерік Құрманғалиевпен бірігіп өнер көрсеткен бейнежазба бар. Кей адамдар сахнадағы әріптесіңізді «Көзі тірісінде бағаланбады» дейді. Ерік Құрманғалиевпен әріптестігіңіз туралы және жалпы отандық опера жұлдыздарымен жасаған дуэттеріңіз жайлы айтып беріңізші.

- Марқұм Ерік Құрманғалиев көзінің тірісінде өзіне тиісті бағасын алды деп ойлаймын. ҚР Халық әртісі атағын алды, бізде одан артық қандай баға бар? Әрине, бұл өмірден дер шағында бағасын ала алмай кеткен өнер адамдарына аянышпен қарайсың. Меніңше, ең басты нәрсе - атақ емес, халықтың сені ұмытпай, іздегені.

Отандық опера әншілерімен айтқан дуэттерімнің қайсыбірін айтайын? Көптеген әншілермен сахнада бірге ән шырқадым. Солардың ішінде Ермек Серкебаев ағаммен бірге ән айтқан кездерімді жоғары бағалаймын.

Қазір сізді не көбірек толғандырады?

- Мені толғандыратын нәрсе көп. Оны сізге айтудың қажеті шамалы. Әнімді айтып, баламды жақсы адам етіп тәрбиелеп, ешнәрсеге қатысты пікір айтпай-ақ, өзіммен-өзім тыныш жүрсем, одан асқан бақыт жоқ. Бәрібір мен айтты екен деп, ешнәрсе өзгермейді. Ит үріп қала береді, керуен көше береді.

Сіздің сайтыңыз 5 тілде жұмыс істейді екен, ішіндегі суреттеріңіз тартымды, сайт сауатты жасалыпты. Мұндай сайт біздегі өнер адамдарының арасында сирек кездеседі ғой. Сайт жиі жаңалана ма?

- Пікіріңізге рахмет! Сайт кейінгі уақытта жаңаланбай тұр. Өйткені, менде қазір «оны осылай істеңіз» деп қадағалап отыратын уақыт жоқ.

Осында өзіңіздің шетелдік үлкен сахналарда өнер көрсеткен бейнежазбаларыңызды көбірек орнатып қоюға не кедергі?

-  Ол материалдар заңды түрде авторлық құқықтарға ие болғандықтан, иелері бермейді.

Ізіңізді қуып келе жатқан жеткіншектерге қандай кеңес беріп жүрсіз?

- Қазіргі жастар бізден өткен ақылды. Оларға ешқандай кеңес бере алмаймын және менен ақыл сұрап жатқан да ешкім жоқ. Керісінше, өзіме кеңес беретін адам таппай жүрмін.

Сізге «Баламның талабын байқап берші» деп келетін ата-аналар көп пе?

- Иә, өте көп. Уақытым болғанда, балалардың даусын міндетті түрде тыңдап беремін.

-  Сіз байсыз ба?

- Сіз қай өлшемдегі байлықты айтып отырсыз? Қазіргі заманда өзіңді рухани баймын десеңіз, ел күледі. Оны өзіңді алдағанмен бірдей дейді. Ал, материалдық жағынан өзімді баймын дейін десем, миллонерлердің жанында тақыр кедеймін. Бүгінде барыма шүкірлік қылып отырған адаммын. Бастысы, біреудің сыбағасын тартып жеген жоқпын. Маңдай теріммен тапқан әрбір нанымды рахаттана жеймін.

-  Шет мемлекеттерге кетіп, сол жақта өнер көрсетіп, біржола қалып қойып жатқан жас өнерпаздарға қатысты көзқарасыңызды білгім келеді.

- Әрбір адам өзіне ұнайтын жерде өзін жеңіл сезінеді. Жастарымыз шет мемлекеттерге барсын, көрсін, көздері ашылады, ел-жер көреді. Келешекте сол шетелде алған білімдерін толықтырып елге оралса, ол – үлкен олжа.

-  Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

2012 жыл

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға