Жаңалықтар

Тұмау маусымы: күзде иммунитетті қалай сақтау керек?

Тәні саудың - жаны сау 
Тұмау маусымы: күзде иммунитетті қалай сақтау керек?
28.10.2020 13:03 5625

Қоңыр күз – ауа температурасының төмендеуін, күн сәулесінің азаюын, ылғалдылықтың артуын білдіреді. Табиғаттағы мұндай маусымдық құбылыстар адамның өз бойында әсіре әлсіздікті сезінуіне, ұйқы басуына, енжарлыққа, ақыр аяғы суық тиюге де алып келуі мүмкін.

Ал шынтуайтына келгенде, мұның барлығы біздің иммунитетіміздің әлсіреуінен болады. Ал алдымызда әлі де қытымыр аязды, адуынды боранды қыстың суық айлары келе жатқанын ескерсек, деннің саулығын қалай сақтауымыз керек деген сұрақ туындайды?! Ол үшін күздің алғашқы айларынан бастап суық тиюдің, аурудың алдын алған абзал. Сонымен...  

Бірінші кезекте,  мәселенің түйінін тарқатып алайық. Осы материал барысында сөз еткелі отырған иммундық жүйені біздің ағзамыздың бірегей механизмі деп атауға болады. Ол бізді вирус, бактерия секілді инфекциялық агенттерден, сондай-ақ, тағам құрамындағы ағзаға таныс емес және кейде тіпті зияны да болуы мүмкін заттардан қорғайды. Егер иммунитет болмаса, ағза сырттан келетін барлық жағымсыз заттар мен әсерлерден қорғаусыз қалған болар еді.

Тұмау маусымы: күзде иммунитетті қалай сақтау керек?

 Иммунитет қалай жұмыс жасайды?

Ағзаның бөгде заттарға иммундық жауап беруіне лейкоциттер деп аталатын ақшыл қан түсті жасушалар жауапты. Олар «шақырылмаған» микроағзаларды анықтап, ол туралы қорғаныш механизмінің қатысушыларына дереу белгі береді. Лейкоциттердің өзі екі түрге бөлінеді. Бірінші, фагоциттер деп аталатын тобы патогенді микроағзаны қоршап, оны «жұтып» қояды. Ал лимфоциттер деп аталатын екінші түрі ағзаның бейтараптандырылған «басқыншыларды» бақылауда ұстауына жәрдемдеседі.

Жалпы иммундық жүйе:

Антигендерді (құрамы біздің ағзаға таныс емес бөгде заттар) анықтап, оған жауап ретінде антиденелерді жасап шығаруға көмектеседі.  Бұл антиденелер ағзадағы «бөгде» затқа қатысты ақпаратпен қаруланады.  Ол өз кезегінде бұл антигендердің ағзаға келесі мәрте шабуыл жасауының алдын алады (яғни онда иммунологиялық жады қалыптасады). Иммундық жүйе өзінің жасушаларын қайта қалпына келтіре алады. Сондай-ақ, организмдегі өзге де жүйелердің жұмысын реттейді.

Бірақ, барлық жүйе секілді, иммундық механизм де қателесе алады. Ол ағзаға келіп түскен «басқыншыны» дұрыс ажырата алмауы және ағза жүйесіне қате белгі беруі де мүмкін. Мұның барлығы иммундық жүйенің әлсіреуінен болады. Міне, дәл осы жерден аутоиммунды аурулар туындайды.

Иммунитет түрлері

Иммундық жүйе өте үлкен, ол - жасушалардан, ақуыздардан, ағзалардан және тіндерден тұрады. Олардың барлығы дерлік өз беттерінше «қауіпті» агенттерді анықтап, оларды бейтараптандыра алатын қабілетке ие. Иммундық жүйенің бөгде заттармен өзара әсерлесу процесі иммундық жауап беру деп аталады. Мұның да екі түрі бар: туа біткен және жүре қалыптасқан. Бұл жүйенің күрделілігі соншалық, тіпті туа біткен иммунитеттің өзі үш негізгі түрге бөлінеді. Олар түрлік иммунитет, нәсілдік иммунитет және жеке иммунитет деп аталады.

Түр иммунитеті: тірі организмдердің биологиялық жүйесінің бір түрі белгілі бір инфекцияға төзімді, ал екіншісі керісінше оған сезімтал болып келеді. Бұл түрлер арасындағы анатомиялық, физиологиялық және метаболикалық айырмашылықтармен анықталады. Мысалы, құстар адамдар сияқты емес, сібір жарасына төзімді. Бұл құстардың сібір жарасының қоздырушысы болып табылатын Bacillus anthracis деп аталатын бактерия түрін өзінің дене температурасының жоғарылығымен-ақ «жойып жіберетіндігімен» түсіндіріледі.

Нәсілдік иммунитет: бұл адамдардың әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің, тіршілік ету ортасының, күнделікті ауқаттанатын тамақтарының құнарымен, қоршаған ортасымен, генетикамен және т.б. айырмашылықтарымен анықталады. Мысалы, Африканың кейбір нәсілдері безгек пен сары безгекке Шығыс және Батыс нәсілдеріне қарағанда әлдеқайда төзімді болып келеді.

Жеке иммунитет: бұл енді адамдардың өз жеке басын күтуімен байланысты қалыптасады. Мәселен, оның денсаулығы, диета ұстауы, зиян әдеттерден шектелуі, бұрын-соңды ауырған ауру түрлеріне, жеке гигиенасына, генетикалық айырмашылықтарына байланысты анықталады. Мысалы, салауатты өмір салтын ұстанған адам ауруға онша бейім емес болып келеді.

Ал жүре пайда болған иммунитеттің өзі де табиғи және жасанды болып екі түрге бөлінеді.

Жүре қалыптасқан иммунитеттің иммунологиялық жадысы ерекше дамыған болып саналады. Мысалы, бұрын желшешекпен ауырған адам оның қоздырғыштарына аса төзімді болады.

Табиғи иммунитет екі сценарий бойынша құрылады. Ол пассивті және белсенді түрде пайда болуы мүмкін. Бірінші «сюжетте» ол жатырында анадан балаға жұғады және баланы 6 айға дейін «қорғауға» қабілетті болады. Белсенді табиғи иммунитет вирустар мен инфекцияларға төзімді белсенді жасушалардың пайда болуы арқылы дамиды.

Жасанды жолмен қалыптасқан иммунитет те белсенді және пассивті болып қалыптасады. Ол алдын алу екпелерінің арқасында қалыптасады.

Тұмау маусымы: күзде иммунитетті қалай сақтау керек?

Иммунитетті төмендететін факторлар

Біздің иммундық жүйеміз күрделі құрылымдардан тұрады, сондықтан организмде қорғаныс механизмінің төмендеуін тудыратын факторлар да өте көп. Бұл жүре пайда болатын немесе созылмалы ауруларға, сондай-ақ адамның күнделікті өмір салтына байланысты да болуы мүмкін.

Оқырманға түсінікті болуы үшін, иммунитетті төмендетін бірқатар факторларды атап өтелік. Бұл - ауыр оталар мен жарақат алу, ұзаққа созылған инфекциялық аурулар, онкология, ұзақ мерзімді антибиотикалық терапия, ішек паразиттері.

Иммунитет жетіспеушілігі

Иммунитет жетіспеушілігі дегеніміз –  бұл адамның иммундық жүйесінің қоршаған ортаның әсеріне жауап беруінің бұзылуы, бұл жағдайда иммунитет әлсірейді немесе мүлдем жоқ болуы да мүмкін.

Иммундық жүйеге кері әсер ететін адамдардың өмір сүру салтындағы кейбір ерекшеліктер,  мыналар: радиация күшейген немесе кәсіпорындардан шығатын улы шығарындылардың концентрациясы жоғары жерлерде (уақытша болса да) тұру, дұрыс тамақтанбау, алкогольді тұтыну, темекі шегу және нашақорлық, беймазалық, ұйқысыздық, шамадан тыс немесе жеткіліксіз физикалық белсенділік.

Мынаны есте сақтау қажет. Біздің қорғаншылық механизміміз кей жағдайларда жедел сауықтыруды қажет етеді. Сондықтан біз саулығымызды өз бақылауымызда ұстаймыз десек, оның тұрақты және сапалы жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз керек.

Егер сіз жиі кейде тіпті себепсіз шаршасаңыз, бейберекет ұйқы басса,  жалпы бойыңызда әлсіздік байқасаңыз, мұның барлығы тек суық тиюден деп ойлау қате. Сондай-ақ, жиі тұмаурату, жұқпалы ауруларға шалдығу да иммундық жүйеге шамадан тыс күш түскенін және оның вирустармен, бактериялармен күресуге қауқарсыз екенін білдіреді.

Аяқ астынан және өте жиі болатын аллергиялық реакциялар, терінің қышуы, бөртпелердің шығуы, көздің жасаурауы, мұрныныңыздан су ағу және өзге де аллергиялық белгілер де иммунитеттің әлсірегенінің негізгі белгілері.

Тіпті жараның да ұзақ уақытқа дейін жазылып болмауы иммунитеттің әлсіздігінен болады. Біздің теріміз – вирустар мен бактериялардың ағзаға енуінен қорғайтын алғашқы қабат. Егер иммундық жүйе әлсіреген болса, жараға түскен бактериялар жедел көбейіп, оның жазылуы ұзақ уақытқа созлып кетеді.

Диарея, асқазан инфекциялары, жүрек айнуы секілді іш құрылысымен байланысты жағымсыз белгілер де иммунитеттің әлсірегенін білдіреді.

Асқазан-ішек жолдарының бактериялары күрделі көмірсутектер (крахмал және тағамдық талшықтар) секілді қиын қорытылатын қосылыстарды ыдыратып, магний, кальций және темірдің сіңуін жеңілдетеді, В тобының кейбір дәрумендерін синтездейді.

Бұл пайдалы бактериялар да иммунитеттің жалпы жүйесіне жатады. Егер иммунитет әлсіресе, ас қорыту жүйесінің де жұмысы бұзылады.   

Шаштың түсуі және таздану ошақтарының пайда болуы да иммунитеттен болады. Таздану ошағы –  шаштың бір немесе бірнеше аймақта ішінара немесе толық түсіп қалуы. Бұл аутоиммундық ауру,  шамадан тыс күш түскен иммундық жүйе шаштың фолликулаларына шабуыл жасайды, нәтижесінде шаш түсе байтайды. Бұл аурудың ауыр түрі кірпіктер мен қастардың да түсуіне соқтыруы мүмкін.

Буындардағы әлсіздік пен оның ауыруы да иммундық жүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуының нәтижесі болуы мүмкін. Оның нәтижесінде  ревматоидты артрит пайда болып, ақыр аяғында иммундық жүйе ағза жасушаларына зиянын тигізіп сау тінге шабуыл жасайды. Бұл ауру кезінде адам денесінің ісінуі, қызаруы, ауырсыну сезіледі, кейбір адамдарда безгек белгілері де байқалуы мүмкін.

Ауыз қуысының шырышты қабығының қабынуы да иммунитетіміздің әлсіреуінен болады. Стоматит - бұл еріннің ішкі жағындағы ақ дақ (жара). Ол пайда болған кезде ауырсыну мен ыңғайсыздық байқалады. Бұл ауру - тітіркендіргіштердің шабуылына иммундық жауаптың айқын белгілерінің бірі. Айтпақшы, ересектерде ауыз қуысында жара күйзелістің де әсерінен пайда болады.

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Иммунитетті сақтау жолдары аса қиын емес. Ол үшін келесі қағидаларды әдетке айналдыруға кеңес беріледі.

Күнделікті ас-ауқатыңызды жеміс-жидекпен, көкөніспен түрлендіріп, толықтырыңыз. Жеміс-жидектер мен көкөністер құрамында бізді қоршаған ортаның зиянды әсерінен сақтайтын антиоксиданттар бар. Көкжидек, киви, апельсин, қызыл бұрыш, брокколи және шпинат сияқты тағамдарға назар аударыңыз. Бұлардың құрамында токсиндер аз, есесіне қоректік заттар көп.

Дене шынықтыру жаттығуларын тұрақты жасап тұру қажет. Спортпен шұғылдану арқылы эндорфиндер яғни кортизол деңгейін төмендететін пайдалы химиялық заттар шығарылады. Кортизол – бұл иммундық жүйенің негізгі қызметін төмендететін күйзеліс гормоны. Ауыр заттар көтеру және бойға күш түсіру Т-киллер деп аталатын өте маңызды иммундық жасушалардың өндірісін арттырады. Т-киллер жасушалары суық тию мен тұмау вирустарынан қорғайтын алғы шеп болып саналады.

Дене жаттығулары сондай-ақ, ұйқы сапасын арттырып, ары қарай иммундық жүйенің жұмысына ықпал етеді. Шын мәнінде, қан айналымын жақсарту, жүректің, қан тамырларының және өкпенің жұмысын қалыпқа келтіру үшін де күнделікті орташа дене белсенділігі ауаудай қажет.

Ал ауа температурасының төмендеуі адам денесіндегі қан айналымына кері әсер етеді. Ағзаның суыққа бейімделуінде ешқандай қиыныдық тумас үшін, спортпен шұғылдану қажет. Күнделікті таңертең жаттығу жасауға, жүгіруге, бассейнде жүзуге, жаттығу залдарына барып топ болып спортпен шұғылдануға болады.

Өзіңді жайлы сезіну үшін ұйқың қанық болуы керек. Ұйқы кезінде адам денесі күні бойы жоғалтқан күш-қайратын қайта қалпына келтіреді, жасушалар мен барлық жүйе жұмысында жаңартылу болады. Тұрақты емес және өте аз уақыт ұйықтау күйзеліс гормоны - кортизолды көбейтеді, ол әрине өз кезегінде иммундық жүйенің өнімділігін төмендетеді. Жалпы орташа ессеппен, ересек адам күніне 6 сағаттан 9 сағатқа дейін ал балалар мен жасөспірімдер 9 сағаттан 12 сағатқа дейін ұйықтаулары керек.

Ұйқының мазасыз болмауы үшін ұйықтар алдында бір сағат бұрын қолыңызға ешқандай телефон, гаджет алмаңыз, телевизор қарамаңыз. Экранның көгілдір жарығы ағзаға кері әсерін тигізеді. Оның орнына кешкілік тамақ ішкеннен кейін, есік алдына шығып серуендеп немесе жаттығу жасау қажет. Бірақ оның өзін ұйқыға дейін екі сағат бұрын жасау абзал.

Зиянды  әдеттерден бас тарту керек. Темекі шегу иммундық жүйені әлсіретіп, денені суыққа, тұмауға және басқа да инфекцияларға бейім етеді. Алкоголь қандағы қантты жоғарылату арқылы кортизол деңгейіне әсер етеді. Ұйықтау алдында алкоголь ішу ұйқы циклін бұзуы мүмкін. Ұйқының дұрыс болмауы кортизол деңгейінің жоғарылауына және иммундық функцияның одан әрі төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Көңіл күйіңізді өз бақылауыңызда ұстаңыз.  Күйзеліс жоғарыда айтып өткеніміздей, кортизолдың бөлінуін тудырады. Ол денені бактериялар мен вирустардан қорғайтын лимфоциттердің түзілуін азайтады. Стресс барлық жерде бар, бірақ оны басқаруға болады. Сау ұйқы, йога, белсенді демалыс -  мұның барлығы ағзадағы шаршаңқылықты жеңуге көмектеседі.

Дәрумендер ішуден бас тартпаңыз. Адамдардың көбісі жаз бойы ішкен-жегенінен, күннен қажетті дәруменді жинап алдық деп ойлайды. Алайда, бұл дәрумендердің күші ұзақ уақытқа жетпейді. Оны үнемі толықтырып отыру керек.

Таза ауада көбірек серуендеу қажет. Бұлтты күннің өзінде серуендеу денеге пайдалы. Таза ауа қан тамырларының, өкпенің, жүректің және тұтас организмнің жұмысын жақсартуға көмектеседі.

Өзіңіз тұратын үй ішін таза ұстау маңызды. Жабық бөлмеде шаң-тозаң, микробтар және басқа да ластаушы заттар тезірек таралатындықтан, пәтердегі ауа сыртқы ауаға қарағанда лас деп есептеледі. Сондықтан бөлмені үнемі желдетіп отыру керек.

Ауа-райына сәйкес киіну керек. Күзгі ауа-райы құбылмалы, сондықтан күтпеген жерден жауын жауып, қар қылаулауы да ғажап емес. Сол себепті үнемі аяғыңызды жылы ұстаңыз, табаннан өткен ызғардың әлегі де мықты болады. Ал машина ішінде қолшатырдың жүруі артық болмайды.  

Иммундық жүйе - бұл зиянды әсерлерден және созылмалы ауруды тудыруы мүмкін микробтар мен бактериялар сияқты бөгде заттардан қорғану. Иммундық жүйені сау және тепе-теңдікте ұстау - алаңсыз өмір салты үшін өте маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға