Жаңалықтар

Сын-қатерге тойтарыс беруде толеранттылық ерекше мәнге ие - Д.Қыдырәлі

Сын-қатерге тойтарыс беруде толеранттылық ерекше мәнге ие - Д.Қыдырәлі
Фото: ҚР АҚДМ 10.05.2023 16:57 688

Әбу Дабиде өтіп жатқан «Толеранттылық үшін дүниежүзілік үкіметтердің инкубаторы» форумында толеранттылық, қоғамдық келісім мен тұрақтылық үшін не істей аламыз, дескриминация мен төзімсіздікпен қалай күресеміз деген мәселелер көтерілді.

Бірқатар елдің салалық ведомстволары қатысқан жиында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз сөйледі. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Өздеріңізге белгілі, XXI ғасырдағы әлем жұртшылығын дүрліктіріп отырған сын-қатерлерге тойтарыс беруде толеранттылық, адами бауырластық, татулық құндылықтары ерекше мәнге ие. Біз бұл қастерлі құндылықтың қадыр-қасиеті мен мән-маңызын күні кеше дүниежүзін әп-сәтте шарпып өткен коронавирус індеті кезінде байқадық деген ойдамын. Бір қоғамда өмір сүре отырып, жүріс-тұрысы шектеліп, виртуалды байланысқа түскен кезде, таныс та бейтаныс адамдар өзара түсіністік таныта отырып қана осы қиындықты еңсерді, - деді министр.

Сондай-ақ министр Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымында басқарушы қызмет атқарған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен елдегі тыныштықтың тұрақты болуына үнемі назар аударып отыр.  Бұған қоса, Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының диалог алаңына айналды. Дін қайраткерлерінің басын қосатын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі Астанада жетінші рет өткізілді, - деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр толеранттылықты насихаттаудағы масс медианың маңызы ерекше екеніне тоқталды.

Медиада араздық тілінің қолданылмауын қадағалап, керісінше, елді бірлікке, татулыққа үндеу, халықты рухани жақындастыруда ақпарат құралдарының ролі зор. Бүгінгі конференция да осы мақсаттың орындалуына өз үлесін қосады деп сенемін және ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, - деді Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға