Сүйек адамның қартаю үдерісін баяулатуға қалай көмектеседі? Ғалымдар жауабын тапты

Сүйек адамның қартаю үдерісін баяулатуға қалай көмектеседі? Ғалымдар жауабын тапты
Фото: ©pixabay.com

Қытай ғалымдары сүйекке жүйелі түрде жеңіл механикалық күш түсіру егде жастағы тышқандардың денсаулығына оң әсер ететінін анықтады.

Тәжірибе барысында жануарлардың дене күші мен есте сақтау қабілеті жақсарып, өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 9,4 пайыз артқан. Зерттеушілер бұл өзгерістердің сүйек тініндегі жасушалар мен қан арқылы тарайтын арнайы ақуыздардың жұмысына байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

Гуанчжоудағы Оңтүстік медицина университетінің ғалымдары сүйек тініндегі остеоциттер деп аталатын жасушаларды зерттеген. Олар механикалық күшті сезіп, сүйектің физикалық жүктемеге бейімделуіне көмектеседі. Бұл үдерісте PIEZO1 деп аталатын, қысымға сезімтал ақуыз арнасы маңызды рөл атқарады.

Зерттеу барысында тышқандар мен адамдардың сүйек тінінде осы ақуыз арнасының мөлшері жас ұлғайған сайын азаятыны байқалған. Ғалымдар ересек тышқандарда PIEZO1 жұмысына жасанды түрде кедергі келтіргенде, қартаю белгілері тек сүйек жүйесінде ғана емес, ми, бауыр және бұлшықет тіндерінде де жылдам байқалған.

Соның салдарынан жануарлардың орташа өмір сүру ұзақтығы аналық тышқандарда шамамен 11 пайыз, аталықтарда 13 пайыз қысқарған.

Осы нәтижелерден кейін зерттеушілер сүйекке түсетін механикалық жүктеме, соның ішінде дене жаттығулары, қартаю үдерісін баяулатуға көмектесе ала ма деген сұраққа жауап іздеген.

Сүйекке әсер ету тышқандардың өмірін 9,4 пайыз ұзартқан

Ғалымдар болжамды тексеру үшін арнайы құрылғы қолданған. Ол тышқандардың сирақ сүйегіне белгілі бір ырғақпен жеңіл қысым түсіріп отырған. Тәжірибе жануарлар 20 айлық болғанда басталған. Бұл тышқандар үшін егде жас саналады.

Зерттеу нәтижесінде тәжірибеге қатысқан жануарлардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 9,4 пайыз, яғни шамамен 80 күнге артқан.

Бұдан бөлек, тышқандардың қимыл-қозғалыс үйлесімі жақсарып, дене күші артқан. Есте сақтау қабілетін тексеруге арналған сынақтарда да жақсы нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ қандағы қант деңгейін реттеу үдерісі мен сүйек тінінің жағдайы жақсарған.

Ғалымдар бірнеше ағзадағы қабыну мен жасушалық қартаю белгілерінің азайғанын да байқаған. Иммундық жүйеде де оң өзгерістер болған: оның көрсеткіштері жас жануарлардың жағдайына жақындай түскен. Атап айтқанда, қан жасушаларын өндіруге жауап беретін сүйек кемігінің тіндерінде өзгерістер тіркелген.

Қартаюға қарсы әсер ететін ақуыз анықталды

Сүйекке түсетін механикалық күштің басқа ағзаларға қалай әсер ететінін анықтау үшін зерттеушілер қосымша тәжірибе жүргізген. Олар механикалық әсер алған тышқандардың қан плазмасын егде жастағы басқа жануарларға құйған. Нәтижесінде екінші топтағы тышқандардың да денсаулығында оң өзгерістер байқалған.

Бұл нәтиже сүйекке түсетін жүктеменің әсері қан арқылы тарайтын, тіндер арасында белгі беретін биологиялық заттармен байланысты болуы мүмкін деген болжамға негіз болған.

Ғалымдардың назарын аударған негізгі заттардың бірі – PEDF ақуызы. Ол пигментті эпителийден бөлінетін фактор деп аталады және ағзаның әртүрлі тіндерін қорғауға қатысады.

Механикалық әсерден кейін тышқандардың қанындағы PEDF мөлшері артқан. Ал ғалымдар бұл ақуызды егде жастағы жануарларға жеке енгізгенде, оларда да қартаюдың кейбір белгілері бәсеңдеп, дене күші мен танымдық қабілеттері жақсарған.

Осы деректерге сүйенсек, сүйек тек денеге тірек болып, қозғалысты қамтамасыз ететін құрылым ғана емес. Ол физикалық жүктемеге жауап беріп, басқа ағзалардың жұмысына әсер етуі мүмкін биологиялық белсенді заттарды өндіретін өзіндік «химиялық зертхана» қызметін де атқарады.

Бұл жаңалық адам өмірін ұзартуға көмектесе ме?

Зерттеу нәтижелері дене белсенділігі мен қартаю үдерісінің байланысын қарастырған өзге ғылыми жұмыстарды толықтыра түседі. Бұған дейін ғалымдар жиырылатын бұлшықет тінінен жасалған шағын импланттардың да тышқандардағы зат алмасуды, сүйек тығыздығын және денсаулықтың басқа көрсеткіштерін жақсарта алатынын анықтаған.

Бұл зерттеулер бұлшықет пен сүйектің қызметі тек қозғалыспен шектелмейтінін көрсетеді. Екеуі де бүкіл ағзаның жұмысына ықпал ететін биологиялық белсенді заттардың бөлінуіне қатысады.

Болашақта осы үдерістердің қалай жүретінін тереңірек түсіну қозғалысы шектеулі немесе түрлі ауруларға байланысты спортпен толыққанды айналыса алмайтын адамдарға көмектесуі мүмкін. Дегенмен ғалымдар әзірге барлық оң өзгеріске тек PEDF ақуызы жауап береді деп нақты тұжырым жасаған жоқ. Бұл үдеріске басқа ақуыздар, иммундық механизмдер мен жасушалар арасындағы сигнал беру жолдары да қатысуы ықтимал.

Зерттеушілер сүйекке механикалық әсер етуді тұрақты дене белсенділігінің орнына қолдануға болмайтынын да ескертеді. Жаяу жүру, жүзу және күш жаттығулары ағзаға кешенді әсер етеді. Мұндай нәтижені бір ғана механикалық ықпал арқылы қайталау мүмкін емес.

Соған қарамастан, бұл зерттеу жасы ұлғайған кезде де қозғалысты азайтпау керектігін дәлелдейді. Әдетте дене жаттығулары туралы сөз болғанда, бұлшықетке басымдық беріледі. Алайда ғалымдардың жаңа тұжырымы сүйектің де денсаулық пен ұзақ өмір сүруде маңызды рөл атқаратынын аңғартады.

Оқи отырыңыз