TikTok пен Instagram-ды ашып қалсаңыз, мінсіз теріге арналған мыңдаған кеңеске тап боласыз. Бір блогер 50 мың теңгелік кремді мақтаса, енді бірі 10 сатылы күтім жүйесін ұсынады. Әлеуметтік желілердегі осындай контентті көрген адамдардың көпшілігі сапалы күтім жасау үшін міндетті түрде қымбат косметика қажет деп ойлайды. Алайда мамандар бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, тері күтімінде ең маңыздысы – брендтің атауы немесе бағасы емес, өнімнің құрамы, белсенді компоненттері және оның теріге сәйкестігі.
Osima компаниясында косметика саласының маманы Майра Бабенова бүгінде тұтынушылар арасында косметика туралы көптеген қате түсінік қалыптасқанын айтады.
Қымбат өнім әрдайым сапалы деген сөз емес
Соңғы жылдары косметика нарығы қарқынды дамып келеді. Дүкен сөрелерінде бірнеше мың теңгелік өнімдерден бастап, бағасы жүз мың теңгеден асатын люкс косметикаға дейін бар. Соның салдарынан көптеген адам косметиканың сапасын оның бағасымен өлшей бастады. Алайда маман мұндай көзқарасты ескірген түсінік деп есептейді.
Қазір люкс пен масс-маркет арасындағы шекара бұрынғыдай айқын емес. Кейбір қымбат брендтер қарапайым ылғалдандырғыш кремдерді жоғары бағамен ұсынады. Ал қолжетімді сегменттегі брендтердің құрамында ретинол, ниацинамид, азелаин қышқылы немесе басқа да белсенді компоненттер болуы мүмкін. Сондықтан косметиканы бағасына қарап емес, оның нақты не үшін қажет екеніне қарап таңдау керек, – дейді Майра Бабенова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген азиялық және масс-маркет брендтер құрам жағынан люкс санатындағы өнімдерден кем түспейді.
Күтім үшін ай сайын ондаған мың теңге жұмсау міндетті емес
Әлеуметтік желілерде көпсатылы күтім жүйелері жиі насихатталады. Кейбір блогерлер таңертең және кешке бірнеше түрлі сыворотка, тонер, эссенция, маска және крем қолдануды ұсынады. Мұндай видеоларды көрген адамдар жақсы күтім жасау үшін көп ақша қажет деп ойлайды.
Шын мәнінде күтімге үлкен қаражат жұмсау міндетті емес. Жақсы базалық құралдарды бюджеттік сегменттен де табуға болады. Косметикада баға емес, жұмыс істейтін белсенді ингредиенттердің болуы маңызды. Кейде 5-6 мың теңгелік өнім 30 мың теңгелік аналогынан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, күтімді ең алдымен қарапайым базадан бастау керек. Оған:
- жұмсақ тазартқыш құрал;
- ылғалдандырғыш крем;
- SPF қорғанысы кіреді.
Егер осы үш кезең дұрыс ұйымдастырылса, көптеген адамдардың тері жағдайы айтарлықтай жақсарады.
Құрамды оқу керек пе?
Соңғы жылдары косметиканың құрамын талдау трендке айналды. Әлеуметтік желілерде әр ингредиенттің қызметін түсіндіретін парақшалар көбейді. Маман құрамды зерттеудің пайдалы екенін мойындайды. Бірақ оның пікірінше, тұтынушылар кейде ингредиенттерге шамадан тыс мән беріп жатады.
Құрам маңызды, бірақ ол жалғыз критерий емес. Өнімді таңдағанда терінің типі, белсенді компоненттердің болуы және формуланың тұрақтылығы әлдеқайда маңызды. Қазіргі косметикада адамдардың басым бөлігі үшін қауіпті саналатын ингредиенттер өте аз, – дейді Майра Бабенова.
Сарапшының айтуынша, ерекше назар аударуды қажет ететін компоненттердің бірі – ретинол.
Ретинол жүкті әйелдерге ұсынылмайды. Бірақ басқа жағдайда маманның нұсқаулығын сақтай отырып қолданса, қауіпсіз компонент болып саналады, – дейді ол.
Сонымен қатар кез келген адамда белгілі бір ингредиентке аллергиялық реакция болуы мүмкін екенін ескертеді.
Қандай құрамдардан сақ болған жөн?
Әр тері типінің өз ерекшелігі бар. Сондықтан бір адамға жақсы әсер еткен өнім екінші адамға жарамауы мүмкін. Мысалы, безеуге бейім майлы тері иелері кейбір комедогенді компоненттерге мұқият қарауы керек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Олардың қатарында:
- Petrolatum;
- Paraffinum Liquidum;
- Isopropyl Myristate;
- Ethylhexyl Palmitate;
- Lanolin бар.
Бұл компоненттер барлық адамға зиян емес. Бірақ майлы және проблемалы тері иелерінде кей жағдайда бөртпені күшейтуі мүмкін, – дейді маман.
Ал мұндай теріге ретинол, азелаин қышқылы, салицил қышқылы және ниацинамид қосылған өнімдер жақсы нәтиже беруі мүмкін. Сондай-ақ жоғары концентрациядағы этил спирті мен агрессивті тазартқыш заттардан сақ болған жөн.
Кейбір адамдар теріні «сықырлағанша» тазартатын өнімдерді жақсы көреді. Бірақ мұндай құралдар терінің табиғи қорғаныс қабатын зақымдап, құрғақтыққа, қызаруға және сезімталдыққа әкелуі мүмкін, – дейді сарапшы.
«Мінсіз тері 24 сағатта»: маркетингке сенуге бола ма?
Косметика индустриясында маркетингтің рөлі өте жоғары. Көптеген өнімдердің қаптамасында «әжімдерді бір аптада жояды», «бір күнде мінсіз тері береді» деген уәделер жазылады. Алайда маман мұндай мәлімдемелерге күмәнмен қарауға кеңес береді.
Косметологияда жылдам ғажайып болмайды. Егер мәселе безеу, пигментация немесе жасқа байланысты өзгерістер болса, нәтиже көру үшін бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт қажет. Сондықтан «24 сағатта мінсіз тері» деген жарнамалар көбіне маркетингтік тәсіл ғана, – дейді ол.
Оның айтуынша, шын мәнінде жақсы өнім нақты нәтиже береді, бірақ мүмкін емес уәделер жасамайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қаптамадағы ақпарат әрдайым шындық па?
Сарапшы тұтынушылар өнімнің алдыңғы бетінде жазылған ақпаратқа ғана сенбеуі керек екенін айтады.
Кейбір брендтер «50 пайыз С дәрумені» деп жазады. Бірақ нақты құрамға қарағанда белсенді компонент әлдеқайда аз болуы мүмкін. Мұндай маркетинг тұтынушының күтетін нәтижесі мен шынайы әсердің арасында үлкен айырмашылық тудырады, – дейді Майра Бабенова.
Сондықтан ол өнімнің толық INCI құрамына назар аударуға кеңес береді.
Толық құрам көрсетілмесе немесе ингредиенттер тізімі түсініксіз болса, мұндай өнімге сақтықпен қараған жөн. Себебі біз терімізге нақты не жағып жатқанымызды білмейміз, – дейді маман.
Косметика теріні «шаршата» ма?
Кейбір адамдар косметиканы ұзақ қолдану теріні «жалқау» немесе «тәуелді» етеді деп ойлайды. Сарапшы бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, теріге күтім жасау немесе декоративті косметика қолданудың өзі зиян емес. Негізгі мәселе – күтімді дұрыс таңдамау және агрессивті компоненттерді шамадан тыс пайдалану.
Теріні көбіне косметиканың өзі емес, дұрыс тазартпау немесе қышқылдар мен ретинолды бақылаусыз қолдану зақымдайды. Ал макияж қолданатын адамдарға екі кезеңді тазарту жүйесін ұстануды ұсынамыз, – дейді ол.
Қорытынды: күтімді неден бастау керек?
Сарапшылардың пікірінше, косметика таңдаудағы ең үлкен қателік – әлеуметтік желідегі трендтерге соқыр еру. Бір адамға көмектескен құрал екінші адамға әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан күтімді блогердің кеңесіне емес, терінің қажеттілігіне қарай таңдау маңызды.
Ең алдымен базалық күтімді қалыптастыру керек: бет жуу, ылғалдандыру және SPF. Кейін ғана белсенді компоненттерді біртіндеп қосуға болады. Ең бастысы – қымбат өнім іздеудің қажеті жоқ. Косметикада баға емес, құрам мен өнімнің теріге сәйкестігі маңызды, – деп түйіндеді Майра Бабенова.
Бүгінде сапалы күтім жасау үшін міндетті түрде люкс брендтерге жүгінудің қажеті жоқ. Сарапшылардың айтуынша, дұрыс таңдалған бюджеттік өнімдер де терінің жағдайын жақсартуға қабілетті. Ең бастысы – жарнамаға емес, ғылыми негізделген күтім қағидаларына сүйену.