Жаңалықтар

Суицид психологиялық ауру ма әлде жігерсіздік пе?

Бүгінде суицидтің қай түрі болмасын қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр.
Суицид психологиялық ауру ма әлде жігерсіздік пе?
Фото: atpress.kz 06.09.2022 16:40 5591

Бұл туралы статистика не дейді, көз жүгіртіп көрдік. ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, суицидтердің ең көп саны 2021-2022 жылдары 35-44 жас арасындағылар жасаған.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2022 жылдың 6 айында 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кәмелетке толмағандар арасында суицидтер саны 105-тен 65 жағдайға дейін төмендеген. Ал суицидтердің ең көп саны Алматы қаласында тіркелген. Одан басқа, өңірлерде 15-17 жастағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасы айқындалды.

Денсаулық сақтау және білім беру мамандарының суицидтің алдын алу мәселелері жөнінде оқыту негізде тұрақты жүргізіледі. Өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқы бар жасөспірімдер анықталған кезде психологиялық, психотерапиялық және дәрі-дәрмектік көмек көрсетіледі.

Бұл туралы медицина мамандары не дейді? Медицина ғылымдарының кандидаты, республикалық психикалық саулық ғылыми-тәжірибелік орталығының білім бөлімінің бастығы Айгүлім Абетованы сөзге тарттық. Айгүлім Әбдірасілқызы өз-өзіне қол жұмсаудағы негізгі факторларды атап өтті. Сондай ақ, маман суицидтік мінез-құлық қаупін дамытуда бірнеше компоненттер бөлінеді және себептердің бірін жалғыз себеп деп санауға болмайды дейді.

Суицид психологиялық ауру ма әлде жігерсіздік пе?

«Біріншіден, суицидке итермелеуші, немесе арандатушы, факторлардың болуы. Бұл факторлар суицидтің себебі дегенді білдірмейді, олар тек суицидтік ойлардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Екіншіден, мұндай ойларды жүзеге асыру үшін, яғни өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау немесе оны аяқтау үшін әрекетке көшу үшін қосымша - күшейтетін факторлардың әсері болуы керек. Үшіншіден, тіпті алдыңғы екі фактордың болуына қарамай қорғаныс факторларының болуы суицидке кедергі келтіруі немесе мүлдем тоқтатуы мүмкін», - дейді.

Бүгінде қоғамда суицидті тек науқастар жасайды және бұл медициналық мәселе деген қауесет бар. Осы ойға қатысты маманнан сұрағанымызда қауесетті жоққа шығара алмады.
«Иә, өкінішке орай, өз-өзіне қол жұмсауды тек науқастар жасайды және бұл медициналық мәселе деген қауесет бары рас. Бұлай ойлау тығырыққа тірелген жандардың стигмалануы - яғни қоғамдағы оларға тағылатын теріс таңбаға себепші болады. Стигма әсерінен тартынған жандар дәл кезінде көмекке жүгіне алмай қалатын жағдайға түрткі болуы мүмкін. Шын мәнінде, суицид тек медициналық немесе әлеуметтік қана мәселе емес», - деді ол.

Шын мәнінде, өлімге бел буған жандардың мінез-құлқында бір өзгерістер кездесетінін медицина мамандары да жоққа шығармайды. Әсіресе, олардың ойлау барысында, көз қарасында, мінез-құлқында, іс-әрекетінде, сана-сезімінде, қырағылығы және бағыт-бағдарында, көңіл-күйінде белгілер айқындалатынын айтады.

«Жалпы тұрпаты және мінез-құлқы - өз келбетіне қызығушылығын жоғалту, тұйықталу, үрейлену, алаңдаушылық, жүріс-тұрысында шамадан тыс тәуекелге бел буу, ашушаңдық, өзгелерге зорлық-зомбылық көрсету, қызбалық болады. Мысалы, депрессия (жабырқау), жалғыздық, шарасыздық, қорқыныш, абдырау, дәрменсіздік, ашу-ыза, достарынан және қоғамдық істерден қашқақтау байқалады. Ішімдік немесе есірткі қолдану/асыра қолдану. Шынайы өлу мақсатында емес өзіне зақым келтіру (дене мүшелерін зақымдау) деген сияқты жайттар кездесіп жатады. Егер аталған белгілер байқалатын болса, жедел түрде мамандармен байланысу қажет», - деп санайды.

Суицидттік мінез-құлық танытқан жандар үшін клиникалық нұсқаулықтар бар. Олар ғылыми әдебиет құралдарын мұқият талдауға негізделген, алайда, бүгінгі таңда науқас өз-өзіне қол салуға әрекеттене ме және оны қашан жүзеге асыратынын нақты болжау мүмкін емес дейді мамандар.
«Әдетте, адамдар өз-өзіне қол жұмсамас бұрын, басқаларға өздерінің ниеттері туралы, көбінесе жақын ортаға немесе әлеуметтік желілерге хабарлайды. Хабарламалар ауызша (тікелей немесе жанама), жазбаша, сурет, «аза тұту» музыкасы немесе әндер болуы мүмкін. Өз-өзіне қол жұмсау ниеті мінез-құлық пен іс-әрекеттерден де көрінуі мүмкін. Мысалы, қару-жарақ, кескіш заттарды сатып алу; дәрі-дәрмектер, улар, басқа да суицид құралдарын іздеу; интернетте суицид тәсілдерін іздеу; берешектерімен есептесу; жұмыстарын ретке келтіру; құнды заттарынан құтылу, тұрмыстық және жұмыс сәттерінен оқшаулану», - бұл белгілер көбінесе басқалардың назарынан тыс қалады, бірақ өз-өзіне қол жұмсау қаупі туралы алаңдаушылық тудыратын сәттерді анықтаған кезде, туыстары, көбінесе жеке тәжірибедегі психологтар көмегіне жүгінеді дейді медицина ғылымдарының кандидаты Айгүлім Әбдірасілқызы.
Өкінішке орай, бүгінде медициналық ұйымдарға көбінесе суицидтік әрекеттен кейін, суицидтен кейінгі кезеңде, яғни өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен аман қалғандар келіп түседі. Бұл кезеңнің де өзіндік ерекшеліктері бар. Кейбір адамдар әрекетіне өзін кінәлі сезінеді және бұл жағдайдан шығудың жолы емес екенін түсінеді немесе мінез-құлқын өзгертуге дайын.

Мұндай адамдар тобымен белсенді психотерапиялық жұмыс жүргізіледі. Медицина маманы бұл мәселелерді шешудің тиімді құралдары бар, сонымен қатар, оларды еңсеруге мүмкіндік беретін ғылыми білім де баршылық дейді. Суицидтің алдын алудың стратегияларының бірі ДДСҰ-ның психикалық денсулықты қорғау саласындағы кемшін тұстарды толтыру бағдарламасында көрсетілгендей, психикалық бұзылыстарды анықтау және емдеу болып табылады.

Ең бастысы, халық арасында психиатриялық көмекке қатысты таңба (стигма) тағуды болдырмау мен психиатриялық және наркологиялық қызметтердің мамандарын тарту арқылы көпсалалы көмек алуға қатысты жаңсақ түсінікті жою қажет. Оған қоса, осал әлеуметтік топтар арасында, соның ішінде, бұрын суицид жасауға әрекеттенген адамдар арасында жүргізілген кейбір алдын-алу шараларының тиімділігі дәлелденген.

«Суициддің алдын алу мәселесін тек қана медицина саласы емес, білім беру саласы, әлеуметтік қызмет салалары, ішкі істер, прокуратура және барша құзырлы мекемелер жұмыла әрекет етуімен шешуге болатын мәселе. Ең негізгісі, суицид мәселесі туралы сөйлесуге қорқуға болмайды. Осы тақырыпта әңгіме қозғау немесе суицид туралы ойлардың бар-жоғын сұрау мұндай ойлардың туындауына түрткі бола алмайды және суицид қаупін арттырмайды. Керісінше, өз ойларымен бөлісе отырып, көбінесе өзін-өзі өлтіруді ойлап жүрген адамның бойы жеңілдеп қалады», - деді медицина ғылымдарының кандидаты, республикалық психикалық саулық ғылыми-тәжірибелік орталығының білім бөлімінің бастығы Айгүлім Абетова.

Бұл тақырыпқа қатысты психотерапевт, психолог маман Серікгүл Салидің де өз айтары бар. Психолог маманның айтуынша, бүгінде өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың көбеюінің бір себебі депрессияға түскендіктен дейді.

Суицид психологиялық ауру ма әлде жігерсіздік пе?

«Бұл барлық адамға тән емес. Арнайы психотиппен туған адамға ғана тән. Ол бала кезінен сол психотиппен туады, өмір бақи соның сұранысымен іштегі қалауын орындау арқылы өмір сүреді. Қалауын табу арқылы қуаныш, бақыт сезімдеріне бөленеді. Сол бір бір ғана психотип өмірдің мәнін іздейді. Өмірдің мәнін әртүрлі нәрселерден табады. Көп жағдайда өмірдің мәнін табу ізденуінде біраз толықтырулар болмай қалады да, жасөспірім кездерінен өзінен-өзі мен не үшін өмір сүріп жүрмін, өмірдің мәні неде деген тұңғиық сұраққа құлайды. Осы сұрақтың жауабын таппай, арнайы сезімдік деңгейге келмей, соның әсерінен өмірдің мәнін жоғалтады. Бұл – депрессиялық күй», - дейді.

Психолог маман екінші бір жағдай - сезімдік деңгей деп санайды. Мұны жалпы адамға тән деп қарастыруға олады. Бала кезден балаға сезімді жеткілікті деңгейде беру керек. Көңіліне қаяу түспей өсіру керек. Ал көңілінде қаяуы барлар өмірді жеңіл сезіне алмайды. Ол қысым қорқыныш түрінде болады. Көптеген қысымдардың кесірінен осындай жағдайға тап болатынын айтты.

«Жастар көбісінде жат нәрсеге әуестенеді, бұның соңы тәуелділікке апарады. Ойын, наркотик деген сияқты. Ойынға тәуелділер суицидқа қазір өте көп барып жатыр. Себебі оған тәуелділік деген адамды әбден шарасыз күйге түсіріп, тығырыққа тірейді. Артқа қайтар жол болмағасын өз-өзіне қол жұмсайды», - деді ол.

Мүмкін бұл адам бойындағы психологиялық ауытқу, әлде жігерсіздік пе деген ойға келдік.

Алайда психолог маман бұл адам бойындағы сезімді қалыптастырудағы кеткен белгілі бір қателік деп санайды. Екінші бір себеп – адам өз-өзінің өмірін осы өмірден таба алмау, соның кесірінен өмірдің мәнін жоғалту деп қарастыруға болады. Бұл психологиялық ауытқу емес. Күйзеліс пен үмітсіздік. Өмірден өз орнын таба алмау екенін айтты.

Психологтардың тарапынан қандай көмектер ұсынылады деген сұраққа маман өзін-өзі тануға көмектесу арқылы өлімге өзін итермелеуге барғай тұрған адамды қауіптен құтқаруға көмектесеміз. Екінші жағынан арнайы терапиядан өту арқылы көмектесуге болады деді.

Енді осы жағдайдың алдын алудың жолын сұрағанымызда маман қазір адамның психикасын танып өмір сүру керек дейді.

«Жан-дүниесі, жаратылысын, қалауын тану арқылы бірімізді түсінетін адамзатқа психологиялық білім қажет. Білім бәрімізде бар болса, өз-өзімізге тез көмектесе аламыз. Ең бастысы өзіңді тану арқылы өзгені де түсінуге болады және алдын алуға болады», - деді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға