Студент қайтыс болды: министрлік ҚазҰУ-да кешенді тексеріс жүргізеді

Студент қайтыс болды: министрлік ҚазҰУ-да кешенді тексеріс жүргізеді
Фото: ҚазҰУ ресми сайты

Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы мониторинг тобын жібермек.

Мамандар оқу орнында студенттер қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін, заң талаптарының сақталуын, тәрбие және психологиялық қолдау жұмыстарының ұйымдастырылуын тексереді. Бұл шешім университет студентінің қаза табуына байланысты қабылданған.

Министрлік өкілдері тексеру барысында студенттер арасындағы жанжалдардың алдын алу, олардың шағымдарына дер кезінде жауап беру және психологиялық көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аудармақ.

Сонымен қатар Алматыда прокуратура, полиция, балалардың құқықтарын қорғау саласының мамандары мен психологтар қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Олар студенттер жатақханаларын аралап, білім алушылармен кездесулер өткізеді.

Тексеру қорытындысы бойынша министрлік студенттердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қосымша шаралар әзірлейді. Атап айтқанда, жанжалдардың алдын алу, қауіп-қатер тудыратын факторларды ерте анықтау және студенттер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері қамтылады.

ҚазҰУ-да проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды

Студенттің қазасына байланысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы әлеуметтік және тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты.

Университет басшылығы мұндай шешімге жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерінің тиісті деңгейде орындалмауы себеп болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ қайғылы оқиға болған күні кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Бұдан бөлек, университеттің барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтіліп, қауіпсіздікке қатысты қосымша шаралар қолға алынған. Студенттерге кәсіби психологтардың көмегі де ұйымдастырылды.

Оқу орны тергеу органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және оқиғаның мән-жайын анықтауға жан-жақты көмектесетінін мәлімдеді.

Университет қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Еске салайық, 2026 жылғы 16 қарашада әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейін бұл мәліметті оқу орнының баспасөз қызметі растады.

Университеттің ресми мәлімдемесінде бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты отбасы мен жақындарына көңіл айтылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Университет жағдайды жан-жақты әрі объективті қарастыруға барынша қолдау көрсетеді, – делінген ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Оқу орнының басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына қажетті материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатқанын да мәлімдеді.

Осындай ауыр қайғыны бірге бөлісе отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауға, сондай-ақ ресми түрде расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз, – делінген университет хабарламасында.

Айта кетейік, 2026 жылғы 6 қараша күні кешке Алматыдағы ҚазҰУ студенттер қалашығында бірінші курс студенті қаза тапқан. Қайғылы оқиғаға байланысты 11 қарашада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірген болатын.

Оқи отырыңыз