Жаңалықтар

Сидақ қалашығы

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы
Сидақ қалашығы
28.06.2019 15:54 8460

Сидақ қалашығы Түркістан облысына қарасты, Түркістан қаласынан жиырма шақырымдай жерде орын тепкен. Оның орны кішкентай болып көрінгенмен, VІІ-VІІІ ғасырларда ғибадатханасы бар, анау-мынау жау ала алмайтындай күшті бекіністі қала болған. Ол «Арыстан баб – Түркістан – Сидақ – Сауран» туристік бағытындағы ерекше орынның бірі. Бұл жерді сақ тайпалары бірнеше жүз жылдықтар бойы өздерінің мекені еткен. Е.Смағұловтың айтуынша, шамамен VІІІ ғасырдың ортасында болған алапат өрт қаланы түгел жойып жіберген. Соның кесірінен Сидақ өз қалпына қайта келе алмапты. Ал кей деректерде бұл орынның тарих бетінен жойылуына діни соғыстар себеп болған делінеді.

Суретте: Сидақ қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары

Қызыл жалын шарпып өтсе де, қаланың кейбір үстіңгі қабатының архитектуралық құрылыстары жақсы сақталып, бірнеше құнды археологиялық қалдықтар табылып отыр. Аз-кем жүргізілген қазба жұмыстары Сидақ тұрғын үйлерінің қабырғасы бір мен екі метр аралығында сақталғандығын көрсетті. Ал ғибадатханалардың бастапқы жобалары бағаналарымен, сырты келбетімен, қоймалары болуымен ерекшеленген. Ғибадатхананың жалпы аумағы бес мың м²-ты құрайды. Сидақ қаласының орнына жүргізілген зерттеу Қазақстан тарихына біршама жаңа ақпараттар қосып, ел тарихының шекарасын кеңейтіп берді. Себебі, бұған дейін араб мәдениетіне дейінгі кезең өзбек пен тәжіктер жеріндегі кей ескерткіштерден ғана мәлім болған еді. Ендігі, сидақтық жәдігерлер ілгеріде айтылған кезеңнен хабардар етіп, тарихшылардың назарын өзіне аударта алды. Бұл қалашыққа 2004 жылы бастау алған «Медени мұра» бағдарламасының көп көмегі тиді. Соның негізінде жасалған қазба жұмыстарының барысында өрт болғанға дейінгі ғибадатханалар орны табылып, біршама қабаттары аршылған болатын. Ғибадатхананың күрделі соғылған шығыс қабырғасына зерттеу жұмыстар да жүргізілген еді. Аула ішіндегі 3-ші құрылыс қабатынан көптеген бөлмелердің орны қазылды. Оның бірінде үйді жылытуға арналған ошақ табылған. Үй аумағындағы шұңқыр тереңдігі тоғыз метрге дейін тазаланып, шұңқырдан бос топырақ, бірнеше қыш ыдыстарының сынықтары мен мал сүйектері шықты. Осылай үстіңгі қабат аршылған соң, оның астынан шығыс ауланың қабырғасы маңынан көшенің ізі анықталыпты. Зерттеу жұмыстары негізінде қазылып алынған тарихи жәдігерлер V-VІІІ ғасыр аралығына жатқызылып отыр. Мыстан, керамикадан, сүйектен жасалған дүниелер табынушылықтың да белгісін береді. Атап айтар болсақ, антропоморфтық мүсіншенің басы, аң денесі, керамикалық үйкек пен хош иісті түтін шығаратын ыдыстар археологтардың олжасына айналды.

Е.Смағұлов еліміздің археолог сайтында берген мақаласында бұл қалашықтың шамамен 740 жылы өртенгенін айтады. Ғалымдардың табанды жұмысынан кейін бұл орынды мекен еткен халықтардың пұтқа табынғанын байқаймыз. Үстіңгі құрылыс қабатындағы тұрғын-жайлардан жергілікті адамдар қолөнер түрлерімен белсене айналысқаны да анықталып отыр. Ал бес бұрышталған аулада адамдар құрбандық шалып, бірге тамақтанып, еске алу салт-жоралығыларын жүргізген сыңайлы. Сол сияқты олар өздерінің өлген туыстарының сүйектерін жер қойнына табыстамай немесе өртеп жібермей үлкен ыдыстарда арнайы сақтайтын болыпты. VІ ғасырда ғибадатхана жойылған соң, сол ыдыстардың барлығы сыртқа шығарылып, қиратылған. Олардың ішінен шыққан адам сүйектерін отқа жағып не топыраққа көмген болуы да ғажап емес. Археологтар бір бөлмеден қалып қойған құмыраның ішінен адам сүйектері мен оның жерлеу киімдерін тауып отыр. Сонымен қатар, асыл тастардан, кәріптастан, каури қабыршағынан жасалған алқалар, мыстан жасалған түйреуіш, алтынан жасалған ғұн тайпаларына тән полихромды алқаның сынықтары табылды. Бұл заттардан ол жоғары дәрежелі әйел адамы екенін анық байқаймыз. Зерттеушілер, табылған олжаны еске алу салтымен тұспалдап, ислам дініне дейін өмір сүргендердің белгісі ретінде түсіндіреді.

Сидақ цитаделіндегі екінші және үшінші қабаттардан табылған ғибадатхананы бір адамды не бір руды еске алуға арналған орын ретінде қарастыруға болады. Оған себеп болып отырған нәрсе – хумға салынған таңба. Ол Шаш пен Соғды ақшаларында кездесетін таңбаға қатты ұқсайды. Осы оңтүстік өңірде жүргізілген кей қазба жұмыстары кей рулардың өзіне тән таңбалары болғанын дәлелдейді.

Сидақ қалашығындағы адамдардың өзінше қауымдастық болып, неше түрлі кәсіппен айналысқан. Олардың негізгі күнкөріс көзі – суармалы егін шаруашылығы болған. Ал ғибадатхананың негізі ата-баба сүйегін сақтап, олардың аруағына табынып, жиі еске алу шараларын өткізумен байланыстырылғанын түсінеміз.

Суретте: Қалашықтан табылған жәдігерлер

Осыдан оншақты жыл бұрын археологтар қаланың үстіңгі қабатына зерттеу жүргізіп, оның екінші қабаттан қандай ерекшелігі барына назар аударған еді. Қазба жұмыстарының алғашқы сатыларында тұрмыс бөлмелері мен хумханаларға (қоймалар)  зерттеу жасалды. Олардың едендері шамамен бүгінгі жер бетінен 2,4-2,8 метр төменірек орналасқан. Аршылған бірнеше бөлмелердің ішінен біреуі өзгешелігімен көзге түскен. Бөлмелер периметр бойымен орналасып, едендері жақсы сыланған. Ілгеріде өзіміз айтып кеткен ғибадатхананың аулалары VІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қоқыстармен көміліп қалыпты. Діни кешеннің қосалқы және қызмет бөлмелері табылып, оларды аршу барысында кірпіштері саз балшықтан қаланғаны анықталды. Сол сияқты осы бөліктен әртүрлі мақсатта пайдаланылған сегіз бөлменің орны табылып отыр. Діни аулалардың сыртқы қабырғасына да зерттеу жасалған болатын. Олардың нәтижесінде аула сыртындағы құрылыстардың жобасы мен сәулеті анықталып, оның ертеректегі құрылыстарынан ерекшелене қоймағаны мәлім болды.  

Үстіңгі қабатын зерттеудің үшінші сатысында басқалардан ерекшеленетін бір үлкен үй табылды. Қазба аймағында төрт бөлме анық көрінсе, үш бөлменің батыс бөліктері ғана айқындалды. Оның ауласында түтін шығаруға арналған мұржалы пеш орналасқан. Ол діни ауланың оңтүстік-шығысына барып қосылатын сыпа қабырғасына жапсырылып қаланған екен. Ошақ маңынан сазбалық кірпіштен жасалған көлемі екі метрге жететін контрофорс ашылды.

2010 жылы жүргізілген зертеу хронологиялық және планиграфиялық тұрғыдан күрделі объектілерге жүргізілген ерекше жұмыс болды. Сидақ қалашығына жасалған жұмыстар ислам дінінің ену, таралу және қабылдау кезеңдерінің ғылыми зерттеулеріне ерекше үлес қосты. Осы орынды зерттеу кезінде алынған құнды мәліметтер елімізде өмір сүрген тайпалардың діни көзқарасын сипаттауға да көмегін тигізеді.

Орта Азия археологиясындағы пұтқа табынушылық бағытындағы зерттеулердің бірі Сидақта жүргізіліп, археологтар өте құнды деректер алып шықты. Ислам дініне дейінгі байырғы халықтардың діни көзқарасы анықталып, олардың наным-сеніміне түсінік берілді. Сол сияқты басқа да тарихи жәдігерлер алынып, Оңтүстік Қазақстан тарихын тереңдете түскені анық. Сидақ қаласындағы ғибадатхананы әбден зерттеген ғалымдар мұның Қазақстанда теңдессіз екенін айтады. Сидаққа ұқсас орындар Өзбекстан мен Тәжікстанда табылып, ертеректе аз-кем зерттеулер жүргізілген. Алайда, дәл осындай кең көлемдегі жұмыстар әлі ол аймақтарда аяқталған жоқ. Соның кесірінен жиналған ақпараттардың ғылыми негізі болмай отыр. Бұдан шығатыны, Сидақ – толық зерттеу жүргізілген Орта Азиядағы бірден бір қалашық.  

Қорыта айтқанда, Сидақ қалашығы топографиялық тұрғыдан алғанда «алаңы бар төбешік» деп атау алған түрге жатқызылады. Ол А.Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстанның археологиялық экспедициясының жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде көпке белгілі болған еді. Мұнда табылған қасиетті ғибадатхананың екі сәулеттік түрі бар: қабырғасында текшесі бар құрбандық шалатын орын мен ғибадатхана ортасындағы жартылай сопақша құрбандық шалатын орын.

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

Оңтүстіктегі киелі 20 орын

Солтүстік Қазақстанның киелі нысандары

Құм жұтқан қалалар: Сығанақ қаласы

Құм жұтқан қалалар: Сауран қалашығы

(Суреттер archaeolog.kz сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға