Шымкентте жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының қорытындысы шықты
Шымкентте 35 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының нәтижесі шықты. Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, аталған бағдарлама аясында 5 мыңнан астам жастан өтініш түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласы бойынша 2023 жылдың 8-10 қараша аралығында 35 жасқа дейінгі жұмысшы жастар бағдарламасы бойынша өтінім қабылданған болатын. Бүгін аталған бағдарламаның талап шарттарына сәйкес келген 888 азаматтың өтінімі мақұлданғаны белгілі болды. Оның ішінде 533 пәтер (60%) некеде тұрған азаматтарға берілетін болса, 355 пәтер (40%) некеде тұрмаған бойдақтар мен толық емес отбасылы азаматтарға қаралған. Яғни, құжаттары конкурсқа өткен некесі бар азаматтар мен неке тіркелмеген азаматтардың балдық көрсеткіштері екі бөлек қаралған.
Іріктеуден өткен некедегі бойынша жинақ балдардың (минуттық тарификацияға сәйкес барлығы емес) ең төменгі көрсеткіші - 30, ең жоғары шегі 62 балды құрады. Ал некеде тұрмаған бойдақтар мен толық емес отбасылар бойынша жинақ балдардың (минуттық тарификацияға сәйкес барлығы емес) ең төменгі көрсеткіші - 20, ең жоғары шегі 51 балды құрады.
Оқи отырыңыз:
- Алматыда 2,5 мыңға жуық отбасы баспаналы болды
- Қызылорда облысында елуден астам тұрғын қоныс тойын тойлады
Конкурстың нәтижесі бойынша өтінім иелерінің ұялы телефонына SMS хабарлама жолданды. Ал азаматтармен жалдау шартын жасасу бойынша қосымша SMS хабарлама алдағы уақытта жолданатын болады. Балды төмен жинаған және құжаттары бас тартылған жастар ағымдағы жылғы конкурсқа қатыса алатындығын естеріңізге саламыз деп мәлімдеді тұрғын үй басқармасынан.
Еске салсақ, Шымкентте «Жастар» бағдарламасы бойынша 5347 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 881 өтінімді өтініш беруші қайтарып алған. Арендалық баспана 3 жыл мерзімге жалға беріледі.