Жаңалықтар

Шымкентте үш жылда 170-ке жуық азамат мемлекеттік грант ұтып алған

Шымкентте үш жылда 170-ке жуық азамат мемлекеттік грант ұтып алған
Фото: ©El.kz/Эльмира Жапарбекқызы 19.04.2023 17:53 1325

Елімізде 2019 жылдан бері инновациялық жобаларды қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында азаматтарға арнайы мемлекеттік грант беріліп келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы арқылы талай кәсіптің тасы өрге домалап, көсегесі көгерді деуге болады. Бұл қатарда шымкенттіктер де бар. Үш жылда мегаполисте бизнес-идеясын қорғаған 170-ке жуық азамат 5 млн теңгенің грантын ұтқан. Былтыр 66 адамның жобасы ерекше деп танылып, олар бизнесін дамыта отырып жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орнымен  қамтыды.

Солардың бірі – Әлібай Жұмабаев. Мемлекеттен алған қаржыға құрылысқа қажетті өнім - пенопласт шығаруды қолға алған. Шағын цехта 5 адам жұмыс істейді. Барлығы автоматтандырылған.

Үкіметтен алған қаражаттың сұрауы бар. Ғимаратты жалға алдық та, бірден осы өнімді шығаруды бастап кеттік. Сұраныс әзірге Түркістан облысы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан түсіп тұр. Тұтынушылар өзіне керектісін осы жерден дайындатып, кесіп алып кетеді. Өлшемдері әртүрлі. 2, 3, 5, 10-дық болады. Тапсырысқа қарай шығарамыз. Өзімнен басқа бұл жерде 3 оператор және 1 көлік жүргізуші жұмыс істейді. Бесеуміз. Күніне 30-40 пенопласт шығарсақ, айына 600-700-ге жеткіземіз. Сұраныс бар. Күн енді жылынады, сол кезде тапсырыс та арта бастайды. Шикізат көбіне Италия, Германиядан келеді, бірақ біз Ресейден аламыз, - дейді кәсіпкер.

Әлібай Жұмабаев бір апта бұрын цехтың жұмысымен танысуға шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің келгенін айтады. Сонда әкім кәсіпкерге «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін тегін қарастырып беруге уәде беріпті. Ал Айнұр Әлімбекова өсімдік қорғау бойынша агроном, PHD докторы. Жылдар бойы жинақтаған білімін бизнеске айналдырып отыр. Бір емес, екі рет инновациялық жоба ұсынып, екі рет қайтарымсыз грант жеңіп алған. Тыңайтқыштардың, микроэлементтердің, тұқымдардың, өсімдіктерді қорғау мен күтімнің кең ассортиментін жасаған.

2021 жылы 5 млн қайтарымсыз грант ұтып алдық. Осыған жылыжайларда өсірілетін өсімдіктердің зиянкестеріне қарсы пайдаланатын биогентор-энтомофагтар технологиясын қойдық. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бұл технологияны қойып, жұмыс істейтін зертхана болмаған. Алғаш рет коммерциялық бағытта Шымкентке әкелдік. Қазіргі кезде энтомофагтардың 8 түрі бар. Былтыр екінші грантты алдық. Оған ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерді жаппай аулауға арналған желім тұзақтарын өндіретін зертхананы іске қосты, - дейді жас кәсіпкер-технолог Айнұр Әлімбекова.

Қазіргі таңда Шымкентте қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр.

Мемлекеттік грант мамыр айынан беріле бастайды, құжаттар қабылданып жатыр. Басты талап – мемлекеттен берілген қайтарымсыз көмекті мақсатты падалану. Егер қаржыны мақсатсыз пайдаланса, бюджетке кері қайтарылады.

Аталған жоба аясындағы байқауда қатысушының бизнес-идеяларының жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі мен қолданысқа енгізуге дайындығы бойынша сараланды. Бағдарлама ережесіне сәйкес грант иелерінің кемінде 20 пайызы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобынан болуы тиіс. Ал олардан инновация талап етілмейді, - дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Үсен Исаев.

Эльмира Жапарбекқызы,

Шымкент

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға