Шимайлы петроглифтері туралы не білеміз?
Шимайлы жартас бейнелері Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының әкімшілік аумағында, Тарбағатай тауларының түкпірінде орналасқан. Бұл петроглифтер туралы алғашқы мәліметті Археология институтының ғылыми қызметкері, осы өңірдің тумасы Е.Оралбай хабарлады. El.kz порталы Зайнолла Самашевтің «Тарбағатай петроглифтері. Шимайлы» атты еңбегіңе сүйене отырып, қола дәуірінен бастап көне түріктер заманына дейінгі кезеңдерді қамтитын жартас суреттері туралы мағлұмат бермек.
Шимайлы шатқалындағы барлау-іздестіру жұмыстары кезінде жартастағы бейнелердің негізгі бөлігі сол жердегі ең биік Сарыдоңғал шоқысының биігі мен оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктерінде шоғырланғандығы анықталды. Ол тар алқаптың түбімен өтетін шағын өзеннің екі жағында орналасқан байырғы жыныстардан пайда болған аздаған төбелердің аясында ерекше көрініп тұрады. Негізгі шоқыға шығыстан тағы өзара жырамен бөлінген биік емес екі төбе қосылады. Бұл шағын төбелерде сурет салынған көптеген жазықтықтар бар.
Ежелгі суретшілер сурет салуға ыңғайлы тік, көлбеу және көлденең жазықтықтардан басқа өз негіздерінен ажыратылған жеке шағын және ірі тастарды пайдаланды. Дәл осындай тастар шөл күйген темір марганецтің көк реңкі бар қанық, жылтыр қара түсті суреттерді, әсіресе, көп фигуралы композицияларды қағуға жарамды ең тегіс беттерге ие екендігі байқалады. Сондай-ақ, шоқыдағы петроглифтері бар тас жазықтықтардың орналасуында қандай да бір реттіліктер байқалмайды, тек қана суреттердің негізгі массасы жоғарыда атап өтілгендей, оның төбесінде оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс беткейлері бейнеленген.
Сурет салынған жазықтықтардың экспозициясы олардың табиғи орналасу жағдайларына қарай реттелген және тиісінше тік, көлбеу және көлденең құрылымды болып келген.
Петроглифтерді орындау техникасында тұтас, содан кейін нүктелі қағу басым, сондай-ақ тегістелген бейнелер мен қашалған пішіндер кездеседі. Суреттердің кейбір бөлігі контурлы техника және аралас тәсілмен орындалған.
Жазықтағы петроглифтердің құрылымын бастапқы талдау адамдар мен жануарлардың ондаған бейнелерінен және басқа да мотивтерден тұратын көп фигуралы композицияларлың Сарыдоңғал шоқысындағы Шимайлы I тобында басым екендігін көрсетті. Сонымен қатар бірнеше бейнелерден тұратын жеке фигуралар мен көріністер жиі кездеседі. Бұл кейбір дәрежеде сурет салуға жарамды жазықтықтардың мөлшеріне байланысты.
Шимайлы шатқалының петроглифтері бірін-бірі жүйелі ауыстыратын үш хронологиялық кезеңді – қола ғасырды, ерте темір мен орта ғасыр дәуірін қамтитыны анықталды. Кейбір бейнелер өзінің стилистикалық ерекшеліктері, орындау техникасы және басқа белгілері бойынша өтпелі кезеңдерге жатқызылуы мүмкін.
Шимайлының жартастағы суреттерінің басым бөлігі қола ғасырына жатқызылды. Олар көп жағдайда сол дәуірдегі мифті-салттық кешенмен және адамның архаикалық ойлауымен байланысты көп фигуралы композицияларға біріктірілген.
Өзіміз ойлағандай, қола дәуірінің петроглифтері арасында Шимайлы зооморфты бейнелері басым екен.
Жартастағы бейнелердің қуатты пластикасы сеймин-турбин стилінде орындалған жылқылар мен бұқалардың бейнелерін құрайды, кей жерлерде олардың геометриялық корпустары сызылған. Соңғылары кеспе-андронов бейнесіндегі саз құмыралар кеңістігінде кең таралған ою-өрнекті композициялардың дәл ұқсастықтарын табады. Бұл қола дәуірінің тайпалары қалдырған материалдық мәдениет ескерткіштерінің әртүрлі санаттарын синхрондауға мүмкіндік береді.
Жылқылар мен бұқалардың бірнеше суреттері өзіне көңіл аудартады, себебі онда жануарлардың денелерінің ішіне өздерінің кіші фигуралары салынған, бұны кейбір зерттеушілер буаз жануарлар ретінде түсіндіреді.
Сирек кездесетін мотивтердің қатарына аюдың мүсіндері жатады. Соңғы қола, өтпелі кезең мен ерте сақ дәуіріне тән құсбасты бұғылардың бейнелері анық көрінеді. Олар көп бөлігінде композициялық түрде бұғы тастарда бір-біріне тығыздалған түрде ресімделеді.
Шимайлы петроглифтерінде саны жағынан екінші орынды әртүрлі жағдайларда көрсетілген антропоморфты фигуралар алады. Бұл жаппай салт-жоралық би, жыртқыш және аң бейнесіндегі бетперде киген эротикалық көріністер, сондай-ақ әртүрлі аңшылық сюжеттер мен соғыс көріністеріне біріктірілген садақшылар, шоқпаршылар дөңгелекшілердің динамикалық фигуралары. Күнбасты антропоморфтық кейіпкерлерді, сондай-ақ төртқолды «Құдайларын» атауға болады.
Ежелгі әртүрлі аңыздарды бейнелеу тұрғысынан түсіндіруге болатын көріністер немесе тұтас композициялар кездеседі.
Солярлы символдар мен түрлі белгілер, сондай-ақ дөңгелектердің бейнелері, қару-жарақ заттары тіркелген.
Сақ кезеңінің петроглифтері аз ғана, бірақ олар әрдайым өте жарқын, серпінді және экспрессивті. Ежелгі аң стилінде салынған асыл бұғы, жыртқыш аңдар, жылқылар мен басқа да жануарлардың фигуралары ерекше әсер етеді. Дамыған сақ кезеңіне және әсіресе ерте темір дәуірінің соңғы кезеңіне жататын жартастағы бейнелерді ажырату қиын.
Шимайлы петроглифтерінің кейбір бөлігі ғұн-сармат кезеңіне жатуы әбден мүмкін, яғни, бұл кейінгі сақтар мен ерте түріктер арасындағы хронологияның кемшін тұстарын толықтырады.
Ежелгі түркілер дәуірінің нақыштары аз, бірақ олар техника мен стилистикалық ерекшеліктерге сәйкес нақтыланып тұрады. Бұл, негізінен, атты жауынгерлердің бейнелері ұсынылған, кейде жауынгерлік садақпен көрсетілген кең таралу сипатындағы сюжеттер. Жауынгерлік аттардың кейде үш тісті қысқа кекілдері сызылған, ер-тоқымдар мен тебінгілері, жүгендері көрсетілген, бұл бейнеленген кейіпкерлердің этномәдени келбетін қатесіз анықтауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Шимайлы шатқалындағы петроглифтер көрсетуге тұрарлық және Орталық Азияның петроглифтік өнерінің арасында лайықты орын алады деп айтуға болады.
Бұл жердегі қола дәуірінің жартастағы бейнелерінің негізгі мотивтері жоғарыда айтқанымыздай, антропофморфты фигура, зооморфты бейнелер, дөңгелек, белгі-символдар мен қару-жарақ заттары болып табылады.
Антропоморфты бейне
Саны жағынан екінші орында тұрған, бірақ жартастағы бейнелердің барлық сюжеттері мен композицияларында жүйе құраушы болып табылатын адамның бейнесінен бастайық. Адам барлық жағдайларда қандай да бір оқиғалармен байланысты: бұл аң аулау, әскери және діни әрекеттер, миф-салттық сәттер, көбею көріністері, баяндау сюжеттері мен тиісінше қару-жарақтың әртүрлі атрибуттары мен заттарына ие. Антропоморфты бейнелердің арасында ерекше орын аталатын «Бет бейнесін жасырған адамдар (ряженые)» бар, олар құйрығы бар аң терісін, мүйізі бар бас киімдерді киіп алған. Аң немесе күн бетпердесін киген антропоморфты фигуралар сирек кездеседі. Талдау мен интерпретациялау үшін әлі күнге дейін ең күрделісі «Күнбасты» антропоморфты таңбалар қалып отыр. Шимайлыда біз осындай екі фигураны таптық. Морфологиялық тұрғыдан оларды негізгі екі бөлікке бөлуге болады – бас бөлігі – өлі материя – «Күн бетпердесі» және қолдары мен аяқтары бар адамның денесі. Адамдардың басындағы «Күн бетперделерінің» бөлшектерінде бірнеше айырмашылық бар: нүктелі шұңқырлары бар, бірақ сәулелері жоқ және әртүрлі көлемдегі және форматтағы сәулелері бар концентрациялы шеңберлер. Көптеген жағдайларда осы бейнелердің қолдары белгілі бір бұрышта төмен түсірілген.
Біраз адамдардың бейнелері саңырауқұлақ тәрізді бас киімдерде көрсетілген, бұл да қола дәуіріндегі мифтік ритуалдық кешендермен байланысты.
Антропоморфтық кейіпкерлердің белгілі бір санын композициялық және семантикалық жағынан қола дәуіріндегі арба және дөңгелектермен тығыз байланысты адамдар құрайды.
Ерекше санатты қарама-қарсы тұрған бейнесі жасырылған антропоморфты кейіпкерлер құрайды, олардың көбіне тізелері бүгілген және қолдары жоғары параллель көтерілген, сондай-ақ олардан ерлердің белгілерін жиі байқауға болады.
Шимайлыда төрт қолды адамның бейнесі тіркелді.
Антропоморфты бейнелер көбіне ритуалдық көріністерге негізделген, аңшылық-кәсіпшіліктік сюжеттер азырақ. Алайда, қола дәуірінің жартас өнеріндегі адамның бейнесі көбінесе оның кәсіптік қызметімен байланысты. Қола дәуірінің петроглифтерінде салт атты адамның бейнесі жоқ. Шимайлы суреттерінің арасында түйе үстінде отырған адамды бейнелеген қола дәуірінің сюжеттері табылды. Егер бұл дерек шын мәнінде расталса, онда түйені қола ғасырында мініс жануары ретінде пайдаланды деген мәселені алға тартуға болар еді, алайда, осы тарихи уақыттағы бұл жануарды қолға үйрету фактісі туралы нақты сенім жоқ.
Шимайлы петроглифтерінің арасында адамның түрлі іс-қимылдарымен байланысты ерекше маңызды көріністер мен сюжеттер бар. Бұл әртүрлі сипаттағы табынушылық немесе эротикалық көріністер; бірнеше сюжеттер үнді-еуропалық мифо-поэтикалық көріністерде Громовер (немесе мәдени кейіпкер) сияқты көріністер шеңберін көрсететін палиценостықтың бейнесімен байланысты.
Шимайлының жартас суреттерінің арасында эротикалық позалардағы ерлер мен әйелдер бейнеленген көлемді топтама бар.
Мифопоэтикалық санада мұндай жағдайлар жер мен аспанның некесін, аспан жарықтарын (күн мен ай), табиғаттың периодтық құбылыстарын (жаңбыр, найзағай), жалпы жаратылыстың космогониялық актісін білдіреді. Ригведа аспан жарығы – күн мен айдың некесі Ашвин мен Пушанмен тығыз байланысты Сурья (күн) және Сомның (ай) некесімен теңдестірілген.
Солярлық мотивтер
Қола дәуіріндегі Шимайлы петроглифтерінің арасында әртүрлі символдық белгілер бар, олардың ішінде свастикадан басқасын дәл анықтау мүмкін болмаған соң, олар солярлы таңбалар ретінде белгіленеді. Бұл – дөңгелектер, сымдары немесе кресттері бар дөңгелектер, бір-біріне кигізілген сақиналар, шұңқырлар, түрлі конфигурациялы шиыршық тәрізді фигуралар. Көпфигуралы композициялар құрамында кездесетін сәттерді қоспағанда, қола дәуіріндегі солярлық белгілердің ішкі хронологиясын анықтау қиынға соғады. Хронологиялық атрибуция үшін контекстен бөлек алынған солярлық белгілердің жіктелуі мен типологиясы ештеңе бермейді, демек, олар тұтастай алғанда қола дәуірінің жартастағы өнеріне тән құбылыс ретінде қарастырылуы мүмкін.
Тор – қола дәуірінің жартас бейнелерінің сүйікті мотиві, сондай-ақ күрделі мағынасы бар символдар шеңберіне жатуы мүмкін.
Олардың арасында Қазақстаннан және одан басқа жерлерден табылған көлемді және әртүрлі кезеңдерге жататын петроглифтердің баршасынан көруге болатын ат тұяқтары өте танымал.
Қола дәуірінде әлеуметтік дифференциацияның күші мен малға, жерге, жер қойнауына, қазбаларға, шахталарға, салттық нысандарға, ғибадатханаларға (қазіргі заманғы өлшем бойынша: жылжымалы және жылжымайтын мүлік) ортақ (немесе жеке) меншік нысаны болуына байланысты олар өздері мен көршілері танитын ру таңбаларымен жерге, малға иелік етуін белгілеуі мүмкін. Сондықтан, жартастағы белгілердің бір бөлігі рулардың немесе патриархалдық отбасылардың меншік белгілері болып келеді. Уақыт өте келе, біз қола дәуірінің символикалық белгілерін ыдыстардан, металл бұйымдардан, жартастардан, арнайы таңбалардан бөліп көрсете аламыз.
Шоқпардың бейнесі
Шоқпар – жуан таяқтары бар адамдар бірнеше жазықтықтарда анықталды. Шоқпарлы адамдардың ең көп саны Шимайлы 1 петроглифтерінің соңғы тобында тастың бір жағындағы тік жазықтықтағы көпфигуралы композицияның құрамында бейнеленген.
Шоқпардың бейнесі көп жағдайда «Бет бейнесін жасырған адамдармен» байланысты. Ежелгі адамдар бұл қарудың мифтік-салттық мәнін көрсетуге тырысты, мысалы, Ведаларда оларды дәледі және негізгі түрде үнді-еуропалық мифтерінің басты кейіпкері – Громовермен байланыстырады.
Қола дәуіріндегі Шимайлы жартас бейнелерінің арасында дөңгелекті көлік (екі дөңгелекті арбалар және тұтас диск тәрізді дөңгелектері бар төрт дөңгелекті арбалар және жауынгерлік, аңшылық немесе салттық-рәсімдік мақсаттағы екі дөңгелекті арбалар) ерекше орын алады. Екі дөңгелекті күйме арба (немесе оның алдындағы арба) пайда болған сәтінен бастап көптеген уақытқа дейін тұрмыстық өмірдегі прогрессивті өзгерістер ғана емес, сонымен қатар ұтқыр этномәдени массивтерге айналған ірі көші-қон процестеріне, сондай-ақ әртүрлі мифосалттық кешендерге (мысалы, арбаларды жерлеу тәжірибесінде пайдалану) байланысты алдыңғы қатарлы техникалық жетістікті бейнелейтіндігі белгілі. Осылардың негізінде қалыптасқан жаңалықтар ұсақ пластикада, оңтайлы мүсіндеуде, жартас бейнелеу өнерінде де көрініс тапты. Осының салдарынан қозғалыс құралдарының жартастағы бейнелері болжалды сипаттың факторы ғана емес, сонымен қатар Еуразия далаларының үлкен кеңістігінде қола дәуірінің эмблемасына айналуда.
Қола дәуіріндегі Шимайлы петроглифтерінің репертуарына басқа да шөпқоректі жануарлар, жыртқыш аңдар мен құстар кіреді. Соңғылары көпфигуралы композициялардың құрамына кіретін дуадақтың бейнелерімен көрсетілген. Жыртқыштар ашатұяқтыларды аңдыған немесе талап жатқан қасқырлардың тұрпаттарында бейнеленген. Иттер кәсіпшілік жануарларды аулауға қатысты сюжеттерде көрсетілген.
Осылайша біз қола дәуіріндегі ең танымал әртүрлі композицияларға біріктірілген бейнелер, мотивтер және кейбір сюжеттерді қарастырдық, олар сол кезеңдегі халықтың бейнелеу өнерінің ерекшеліктерін, түрлі ағымдары мен стильдерін сипаттайды. Мұндай таңдау жасаудың себебі – талдау жасау арқылы практикалық тұрғыдан қазіргі таңда белгілі қола дәуірінің петроглифтерінің мотивтері мен сюжеттерін тұтас қамту мүмкін еместігімен байланысты.
Қола дәуірінің жартас өнері рухани қызметтің басқа салалары сияқты қоғамда болған әртүрлі мәдени-тарихи қауымдастықтармен ұсынылған терең әлеуметтік-экономикалық үдерістер мен этномәдени құбылыстарды бейнелейді.
Шимайлының жартас бейнелерінің топтамасы қола дәуірінен ерте темір дәуіріне дейінгі өтпелі кезеңге жатады. Бұл, ең алдымен, сол Тарбағатай – Ойшілік, Жартас және т.б. жерлердегі сияқты бұғы тастардағы бейнелерге ұқсас құсбасты немесе тұмсықты бұғылар. Шимайлыда жасалған бұл бейнелер (соңғы қола-өтпелі кезең – ерте сақ дәуірі) бейнелеу ескерткіштерінің даму мәселелеріне қатысты қоғамда мәдениеттің базалық стереотиптері ауысатын, жаңа шаруашылық-мәдени түрге көшудің ішкі процесінен және Орталық Азия даласының тереңінен, әсіресе бұғы тастарда құстұмсықты бұғылардың бейнесін сақтаушылардың сыртқы импульстармен – көші-қонынан туындаған уақыттың бірыңғай және тұтас аралығы ретінде қарастыруға болатын кезеңді қамтиды.
Олар шын мәнінде құстарға ұқсайды: басынан бастап бүкіл денесі үлкен, көздері бадам тәрізді, тырна тұмсығын еске салатын өте ұзын жіңішке тұмсықтары бар, алдыңғы аяқтары мен денесін ұзын мойындарынан үшбұрышты шығыңқы жері бөліп тұрады. Кейбірінің мүйіздері жоқ. Артқы аяқтары қысқа, сына түрінде үшкір жағы алға бағытталып берілген. Суреттерінің екі жұбының арасында пайда болған кішкентай аралыққа салынған кейбір бейнелердің денесінің алдыңғы бөлігі ғана бар. Бұл жағдайда ежелгі шебердің тіпті композиция айналасында үлкен бос кеңістік қалып отырса да, бұғы тастарды рәсімдеу принципін басшылыққа алу дерегі әртүрлі аспектілерден қарағанда қызықты болып отыр.
Бұл петроглифтер иконографиялық және композициялық құрылым бойынша бұғы тастардың, жартастың тік жазықтығына проекциясы болып табылады және тас мүсіннің өзі сияқты семантикалық жүктеме алады. Бұғы тастар жауынгерлердің тас мүсіні болып табылады деген жалпы пікір баршаға белгілі. Алайда, әлі күнге дейін тұмсық бұғылар бейнелерінің семантикасы арнайы талдаудың мәні болған жоқ. Бұғы тастардың негізінде тек қарулы жауынгердің бейнесі ғана емес, шаман немесе абыздың функциясы жүктелген жауынгер бейнесі бар екеніне күмән жоқ. Бұғының синкретті суреті – бұл жай ғана киімге салынған өрнек емес, жоғарғы әлемге ұшу кезінде орнитоморфты бейнені қабылдауға қабілетті басты рух – шамандардың қамқоршысының бейнесі болуы мүмкін.
Бұғы тастардың хронологиясына қатысты әртүрлі қөзқарастар бар. Зерттеушілердің көпшілігі бұғы тастардың абсолюттік хронологиясы қола дәуірінің соңы мен б.з.д. 1 мыңжылдықтың бірінші ғасырлары шегінде деп анықтайды, бірақ олардың салыстырмалы хронологиясы әлі әзірленбеген, бірақ жануарлардың, бірінші кезекте бұғы бейнелерінің стилистикалық ерекшеліктері бойынша оларды бірнеше кезеңдік топтарға бөледі. Құстың тұмсығына ұқсас тұмсығы мен арқасында үшбұрышты шығыңқы дөңі бар бұғылардың бейнесі ерте уақытқы жатқызылады, бірақ олар негізінен Моңғолия мен Забайкал, азырақ бөлігі Тыва мен Таулы Алтайға тән. Жоғарыда айтылғандай, Тарбағатай ауданында бұғының осы түрі бейнеленген бірнеше мүсіндер белгілі.
Жоғарыда айтылған тұмсықтыларға қарағанда мүлдем өзгеше стильде орындалған бұғы суреттерінің топтамасы ерте сақ және дамыған сақ кезеңдеріне жатады. Олар классикалық немесе эталондық стильде қарастырылады – денелері арық, ұшатындай немесе аяқ ұштарында тұрған тұяқтары бар, көздері үлкен, мүйіздері тармақталған немесе артқа қайырылған болып келеді.
Шимайлы петроглифтерінің арасында бірнеше үлгі ғұн-сармат уақытына жатқызылуы мүмкін. Олар граффитидің жалпы массасынан бейненің берілуімен ерекшеленеді: сілеусіннің адымды бір аяғы алға шығып, екінші аяғы буынынан бүгілген (Таштық өнеріндегідей).
Көне түркі таңбалары
Жартастағы ортағасырлық таңба тәрізді белгілердің бейнелері зерттеушілердің назарын тек соңғы жылдары ғана қызықтыра бастады. Олар этникалық атрибуция үшін және ортағасырлық этникалық массивтердің көші-қон бағыттарын таңбалау үшін аса құнды ақпарат көзіне жатады. Ортағасырлық халықтардың таңбалары Шимайлыда бірнеше жерде тіркелген. Олар ерекше қызығушылық тудырады, себебі олардың арасында осы күнге дейін белгісіз болған үлгілер бар.
Жартас үстіндегі таңбалардан басқа, бізге жеткен көне түркі таңбалары арнайы салынған құрылыстардан басқа, мәдени-мемориалдық кешендердің объектілеріне, яғни жазулары бар ескерткіш тастар, тас табыттар, аса маңызды тұлғалардың мүсіндер, зооморфты мүсіндер, балбал-меңгірлерге салынған, бұл олардың жоғары әдет-ғұрыптық және мәндік мәртебесін көрсетеді.
Тарихи диахронияда қоғамдық құбылыс ретінде таңба қолданудың дамуы мен қалыптасуының бірқатар сатылары бар.
Ежелгі түркілердің таңбалары мен белгілерінің қазіргі заманғы көптеген түркі халықтарындағы сияқты заттық-бейнелі мағынасы бар (ғарыштық мағынада – Күн, Ай, Жұлдыз; мал шаруашылығы сипатында – мүйіз, тұяқ, табан, ауыздық, ер-тоқым; заттық – қару-жарақ, үй тұрмысындағы заттар және әшекейлер – садақ, балта, найза, жебе, тарақ, айна, сырға) және сәйкесінше күрделі, қиын семантикалық мәнге ие.
Сырттай қарапайым көрінген көне түркі таңбасындағы жасырын мағынасының терең сипатын ашу, әсіресе ортағасырлық түркі тілдес халықтардың таңбаны пайдалану жүйесін талдауына семиотикалық көзқарас кезінде, неғұрлым қолайлы әмбебап әдістемені және мұқият тексерілген әдіснамалық тәсілді әзірлеуді жоспарлайды.
Бүгінгі күні белгілі көне түркілік таңбалардың әртүрлі көрініс деңгейлері бар: Түркі қағанатының жоғары билеушілерінің Елтаңбасы – қаған, яғбу, ханзада (тегін), ұлы князьдер, бұдан әрі – чор, тархан, бек); рулық-тайпалық бірлестіктердің таңбасы (бір белгі және одан туындаған белгілер); жекелеген тұлғалар мен патриархалдық отбасылардың таңбалары (жеке таңбалар, жылқыларды, басқа малдарды таңбалауға арналған таңбалар).
Көне түркі белгілері мен таңбалары жалпы түркі мәдени мұрасының құрамдас бөлігі болып есептеледі. Таңбалар – отбасы-рулықтан бастап, ру-тайпалық, билеуші қаған руының және этно-саяси бірлестіктердің таңбаларын қоса алғанда – көне түркі қоғамының әлеуметтік-саяси өміріндегі елеулі құбылыс. Олар халықтың әртүрлі топтары мен әлеуметтік топтары арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуде, әсіресе, ежелгі түркі этноәлеуметтік ортасында болған меншіктің түрлі нысандарына байланысты мәселелерді шешуде маңызды құқықтық механизм ретінде пайдаланылды.
Көне түркілік саяси-әкімшілік және мәдени-тарихи таралу аймағы таңбаларды барынша айқын таңбалайды, кейбір жағдайларда таңбаның сол немесе басқа түрін тасымалдаушы – халық топтарының көші-қон қозғалысының бағыттарын, ұзақ уақыт бойы олардың өмірлік кеңістігін игеру сипатын көрсетеді.
Таңбалар мен белгілерді жіктеу және талдау әрине, Ордостан Карпатқа дейінгі Еуразиялық даланың Ұлы белдеуінің ортағасырлық көшпелі мемлекеттерінде болған этно-мәдени процестердің және олардың көршілермен өзара қарым-қатынасының көптеген мәселелерін ашып көрсетеді.
Осылайша, жүйелі-ауқымды баяндау принципі бойынша белгілі бір жанрлық композицияларға құрылған ортағасырлық түркілер өнерінің үгіттеу сюжеттері, негізінен, түркі жауынгерлерінің, батырларының, бектерінің, тархандарының және Құдайдай қағандарының ерліктері мен басқа да әрекеттеріне арналған, жазба деректерде айтылғандай, аспанның мейірімділігімен түркі қағанының аты мен даңқы үшін соғыста жүріп, «Түркі халқы үшін түн ұйықтамады (және) күндіз (іссіз) отырған жоқ», жақын және алыс жорықтардың нәтижесінде түркі халқы киініп, бай және көп болды, төрт тараптың халықтарын жаулап алды және «Олар басы барлардың басын иідіріп, тізесі барларды (тізесін) бүгуге мәжбүрледі».
Жалпы, Шимайлы петроглифтері қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі уақытты қамтиды.
Осы жұмыста қолданылған барлық өңірлерден келген Қазақстанның жартастағы бейнелеу өнері бойынша материалдары жанрлық композициялардың көпжоспарлы сюжеттерінде, жартастарда және ғибадат немесе қолданбалы сипаттағы оңтайлы заттардың беттерінде түсірілген дүниетанымдық және діни көріністердің кейбір ерекшеліктерін көруге мүмкіндік берді.
Шимайлы петроглифтері Орталық Азияның графикалық ескерткіштерінің кең ауқымына енген.
Шимайлы суреттерінің негізгі бөлігі қола дәуірінің әртүрлі кезеңдеріне жатады.
Осы кезеңге Еуразияның таулы және дала кеңістіктерін мекендеген тайпалар мен халықтардың жартас бейнелеу өнерінің даму шыңы келеді. Бұл жағдай қоғамдық қатынастардың күрделенуіне, жаңа әлеуметтік институттар мен кешенді шаруашылық-мәдени типтердің қалыптасуына, жаһандық және жергілікті көші-қон үдерістерінің, мәдени диффузиялардың күшеюіне; этнотілдік қауымдастықтардың ыдырауына, қоршаған орта туралы ұтымды білімнің одан әрі дамуы мен жинақталуына; жаңа дүниетанымдық бағдарлардың, діни түсініктердің қалыптасуына және оларға сәйкес мифтік-салттық кешендердің қалыптасуына және басқа да факторларға байланысты болды.
Осы уақытта дәстүрлі аңшылық сюжеттермен қатар: шоқпарларды, жауынгерлік балталар, қалқандарды, жақын және қашықтықтан ұрыс қаруының басқа да түрлерін, сондай-ақ жауынгерлік дөңгелектерді пайдалана берілген баталдық көріністер; «Бет бейнесін жасырған», «Күн басты» кейіпкерлердің қатысуымен жұптасқан және топтық билер; көбею мәдениетіне байланысты эротикалық көріністер; құрбандық шалу рәсімдері пайда болады. Олардың ішкі мазмұнын талдау өте күрделі зерттеу міндеті болып табылады.
Кейбір жағдайларда техникалық және стилистикалық ерекшеліктерді, микротопографияны, мотивтерді, учаскелерді және т.б. талдау негізінде бірдей тарихи дәуірде ерте, орта, соңғы немесе аралық қабаттарды оқшаулауға болады.
Дамыған қола дәуіріндегі петроглифтердің ерекше қабаты (б.з.д. 2 мыңжылдықтың екінші жартысы) «Сеймин-турбин» стилінде орындалған жылқылардың бейнелерін құрайды. Қола ғасырда, сонау энеолитте қолға үйретілген ат, оның әлеуетінің өсуіне қарай, Еуразия дала халықтарының шаруашылық өмір жүйесінде табынушылық қастерлеудің негізгі объектілерінің бірі болып табылады және оның бейнесі көпжоспарлы бейнелеу қызметінде – ұсақ пластикте, жартас өнерінде, оңтайлы мүсіндік ескерткіштерде қарқынды түрде әзірленеді.
Петроглифтердегі, ұсақ пластикадағы «Сеймин-турбин» стилінде орындалған және Орталық Азияның көптеген аймақтарында жеңіл танылатын иконографиялық бейнесі бар жылқылардың бірегей бейнелерінің бұл пластикасы өз уақытында пышақтар мен қанжарлардың ұшындағы фигуралармен стилистикалық сәйкестендіру негізінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен көршілес өңірлерден тас мүсіндерінің ұштарымен ерекшеленді. Кейбір зерттеушілер сеймин-турбин қола металлургиялық өндірісінің бастапқы ауданы болып, бай мыс шоғыры және ең бастысы, ежелгі заманда шығыс Еуропаны қалайы, ал соңғы мәліметтер бойынша Месопотамияға дейін, шығыста – кенді Алтайдан қалайы бар қорытпалары тіркелген Минусинск қазандығына дейінгі Қалба-Нарым массивінде касситерит болған, Кенді Алтай мен Жоғарғы Ертіс санайды.
Бұл жылқылардың тұрақты иконографиялық белгілері бар: кейде алға созылып немесе төмен түсіріліп тұратын үлкен басы, жалының берілуінің ерекше үлгісі, әсіресе, кекілі, үлкен денесі, кейбір жағдайларда шын мәнінде салбырап тұратын, бірақ кейде арық келген іші, ерекше белгілері – аяқтары қысқа болады.
Оларға пышақтар мен қанжарлардың мүсін шыңдары, сондай-ақ әйелдердің самай әшекейлерінің элементтері өте жақын (мысалы, Солтүстік-Шығыс Жетісудағы Мыңшұңқыр шатқалы). Көптеген зерттеушілер бұл суреттер қатарын Алтай мен Орталық Қазақстан металлургиялық провинциясының этномәдени массивінің тыныс-тіршілігімен байланыстырады. Бұған мұндай стильде орындалған петроглифтердің ең жарқын үлгілері, негізінен, Сарыарқадан және қазақтың Алтайынан шыққандығы дәлел болып табылады.
Соңғы қола дәуірінде, әсіресе темір дәуіріне өтпелі кезеңде, Қазақстан петроглифтерінің репертуарында құстұмсықты бетінің өзіндік ерекшелігі бар бұғылардың бейнесі пайда болды, бұл кейбір дәрежеде Орталық Азия даласының батыс бағытындағы тереңдіктерінен осы бейнелеу дәстүрін тасушылардың қоныс аударуының даусыз дәлелі болып табылады.
Қазақстанның петроглифтерінде тұяқтың ұшында, артқа қайырылып тармақталған мүйіздері бар бұғылардың, сондай-ақ аяқтары бүгілген қабандар мен басқа да жануарлардың ерте сақ кезеңіндегі суреттері оңай анықталады.
Жалпы тұжырымдарға келетін болсақ, пайда болуы мен дамуы белгілі дәрежеде психологиялық факторлармен және ойлау ерекшеліктерімен байланысты, бірақ көп жағдайда – өмірлік тәжірибе, жекелеген индивидтердің және жалпы әлеуметтік-мәдени қоғамдастықтардың танымдық тәжірибесінің деңгейімен, сондай-ақ белгілі бір ортада жинақталған білімдерді (коммуникативтік функция), сақтау және беру қажеттілігімен байланысты жартастағы өнер бейнелері – реалистік, ирреалдық-фантастикалық немесе пәндік түрде болады. Бұл тұрғыда жартастағы бейнелеу өнерінің ескерткіштері тарих пен мәдениет бойынша, әсіресе, жазуға дейінгі ауыспалы кезеңдердің құнды көзі болып табылады.
Жартасты бейнелердің үлкен шоғыры анықталған Шимайлы шатқалы табиғи-ландшафттық жағдайларға байланысты адамдардың тіршілік етуі үшін аса қолайлы, әсіресе жартаста көркем бейнелерді жасауға жарамды, біз болжағандай, қола ғасырдың өзінде ашық аспан астындағы ғибадатханаға айнала білген.
Шимайлы петроглифтерінде және оның перифериялық аймақтарында аса қызықты үлгілері бар әртүрлі солярлық белгілері мен топтамалар суреттелген, бұқалардың, түйелердің, жылқылардың және басқа да жануарлардың бейнесі ерекше қызығушылық тудырады.
Торлы фигуралардың, шиыршықтардың, шеңберлердің, шұңқырлардың, негізінен қола дәуірінің әртүрлі кезеңдеріне жататын және басқа да мәдени-хронологиялық горизонттарда кездесетін бейнелердің үлкен жиынтығын біз дәстүрлі түрде астральды символдар қатарына жатқызамыз және күн мен оттың табынуымен байланыстырамыз, бұл ретте өз дәлелдерімізді үнді-түрік, палеоазиялық және түрік-моңғол халықтарының мифологиясы мен этнографиясынан көптеген параллельдермен нығайтамыз.
Осылайша, Шимайлы шатқалының петроглифтері, жартастағы бейнелеу өнері ескерткіштерінің шоғырлануының жаңа перспективті ауданын ғана емес, сонымен қатар басқа да көзқарастармен бірге зерттелетін аймақтың ежелгі және ортағасырлық халықтың дүниетанымына, көркем мәдениетіне және этносаяси құрылымына байланысты бірқатар ғылыми мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.