Шетелде оқу сән бе, әлде саналы таңдау ма? Қазақстандық түлектер қай университеттерді таңдап жатыр

 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау салтанаты аяқталған соң түлектер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі басталады. Бұл – мамандық пен университет таңдау уақыты. Кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде де, қоғамда да «қазақстандық жастар жаппай шетелге кетіп жатыр» деген пікір жиі айтылады. Расында, бүгінде Түркия, Германия, Қытай, Венгрия және басқа да елдердің жоғары оқу орындарына қызығушылық танытатын жастар аз емес. Алайда бұл барлық түлек Қазақстаннан кетуді қалайды деген сөз емес. El.kz тілшісі жастардың таңдауына әсер ететін себептерді саралап көрді.

Шетелге ұмтылатын жастар неге көбейді?

Талапкерлер үшін университет тек диплом алатын орын ғана емес. Олар халықаралық тәжірибе жинауға, шет тілдерін меңгеруге, жаңа мәдениетпен танысуға және болашақта әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға ұмтылады. Әсіресе, кейінгі жылдары Түркия қазақстандық жастар арасында танымал бағыттардың біріне айналды. Бұған гранттық бағдарламалар, оқу ақысының салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және мәдени жақындық әсер етіп отыр.

Қазір Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студент Дильнара Ғайнидинованың айтуынша, оның шетелде оқу туралы арманы бала кезінен болған.

Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап шетелде оқығым келді. Үйде сіңлім мен інім болғандықтан, жауапкершілік көп болды. Сондықтан мектеп бітірген соң өз бетімше өмір сүріп, жаңа орта көргім келді. Түркия сол кезде маған ең жақын әрі тиімді таңдау болып көрінді, – дейді ол.

el.kz

Түркиядағы оқу неге сұранысқа ие?

Дильнара алғашында Түркияға ақылы бөлімге түскен. Кейін өзінің айтуынша, үздік нәтижелерінің арқасында оқу ақысына үлкен жеңілдік алған.

Мен Түркияға ақылы бөлімге түстім. Кейін емтихандардан жоғары балл жинап, университеттен 90 пайыздық грант ұтып алдым. Қазір Erasmus бағдарламасы арқылы Латвияда білім алып жүрмін. Егер Түркияға келмегенімде мұндай мүмкіндік болмас еді деп ойлаймын, – дейді студент.

Оның сөзінше, шетелдік университеттер жастарға тек білім ғана емес, халықаралық тәжірибе де береді.

Көп жағдайда жастар тек оқу үшін емес, тәжірибе үшін де барады. Басқа ел көреді, жаңа адамдармен танысады, тіл үйренеді. Мұның бәрі кейін жұмысқа орналасқанда көмектеседі, – дейді ол.

Дильнараның жеке парақшасынан

Студент шетелдегі оқу жүйесінің тағы бір ерекшелігі ретінде академиялық талаптардың жоғары екенін атап өтті.

Бізде емтихан кезінде көшіруге немесе басқа біреудің көмегіне сүйенуге мүмкіндік жоқ. Мұғалім студенттің артынан жүгірмейді, керісінше студент білім іздеп, өзі еңбектенуі керек. Сондықтан жауапкершілік жоғары, – дейді Дильнара.

Сонымен бірге ол шетелде оқу міндетті түрде үлкен қаржыны қажет етпейтінін айтады.

Көп нәрсе ата-анадан емес, баланың өзінен басталады. Гранттар мен бағдарламаларды іздеп, тіл үйреніп, дайындалса мүмкіндік табылады. Мен өзім Түркияға келгенде түрік тілін арнайы курсқа бармай-ақ екі жарым айда өз бетімше үйреніп алдым, – дейді студент.

Бірақ барлық түлек шетелге кетіп жатқан жоқ

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарамастан, көптеген жас Қазақстандағы жоғары оқу орындарын таңдауды жөн көреді. El.kz тілшісі Астанадағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының түлектерімен тілдескен кезде олардың басым бөлігі Қазақстанда білім алуды жоспарлап отырғанын айтты. Бірі Астанадағы жоғары оқу орындарына құжат тапсырмақ болса, енді бірі Алматыдағы университеттерді таңдаған.

Түлектер не дейді?

Әлихан, мектеп түлегі:

Мен өзім Астанада қалғым келеді. Мұнда жақсы университеттер бар. Болашақ мамандығым бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік жеткілікті деп ойлаймын.

Айдана, мектеп түлегі:

Алматыдағы университеттердің біріне түскім келеді. Өзіме ұнайтын мамандық сол жақта бар. Сондықтан әзірге шетелге кету жоспарда жоқ.

Нұрайым, мектеп түлегі:

Қазір Қазақстанда да жақсы білім алуға болады. Ең бастысы – адамның өз талпынысы. Сондықтан мен елімізде қалып оқуды таңдадым.

Қазақстандағы университеттердің мүмкіндігі қандай?

Болашақ бағдарламасының түлегі, Германияда докторантура тәмамдаған Ақерке Абылайханның айтуынша, жастардың білімге деген ұмтылысын қай елді таңдаса да қолдау қажет.

Білім іздеген адамды Қазақстанда болсын, шетелде болсын қолдау керек деп есептеймін. Бүгінде елімізде де шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Сонымен қатар қазақстандық университеттер халықаралық рейтингтерге еніп келеді. Қазақстан Болон процесінің мүшесі болғандықтан, отандық жоғары оқу орындарының дипломдары да көптеген елде танылады, – дейді ол.

Ақерке Абылайханның пікірінше, жастарды «елде оқитындар» және «шетелде оқитындар» деп бөлу дұрыс емес.

Кейде жастар шетелге кетсе, туған елін ұмытып кетеді деген пікір айтылады. Бірақ бұл әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейді. Керісінше, көптеген жас шетелде жүріп Қазақстанның қадірін тереңірек түсінеді. Сондықтан бұл жерде шетел немесе Қазақстан деп қарсы қоюдың қажеті жоқ, – дейді ол.

Оқу ақысы таңдауға әсер ете ме?

Университет таңдаудағы маңызды факторлардың бірі – оқу ақысы. Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу құны мамандық пен университетке байланысты әртүрлі. Кейбір өңірлік университеттерде оқу ақысы бірнеше жүз мың теңгеден басталса, ірі қалалардағы жекеменшік жоғары оқу орындарында бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді.

Шетелдегі жағдай да әркелкі. Мысалы, Германиядағы мемлекеттік университеттердің басым бөлігінде оқу ақысы алынбайды немесе символикалық төлем қарастырылған. Түркияда гранттық бағдарламалар көп болса, Ұлыбритания мен АҚШ-та оқу бағасы әлдеқайда жоғары. Дегенмен мамандардың айтуынша, университет таңдағанда тек қаржылық мәселеге сүйеніп шешім қабылдау дұрыс емес.

Әрине, барлық талапкер грантпен қамтылады деп айту қиын. Бірақ мемлекет жыл сайын жастарды қолдау үшін мыңдаған грант бөледі. Сонымен қатар қазір шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарына да гранттар бөлініп жатыр. Бұл – жастар үшін қосымша мүмкіндік, – дейді Ақерке Абылайхан.

Ең маңыздысы – таңдау емес, нәтиже

Сарапшылардың пікірінше, қазір жастардың алдында бұрын-соңды болмаған мүмкіндік бар. Бірі Астана мен Алматыдағы университеттерді таңдайды, енді бірі шетелдік жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. Екі жолдың да өз артықшылықтары бар. Бастысы – университеттің қай елде орналасқаны емес, студенттің сол жерде қандай білім алып, оны болашақта қалай пайдалана алатыны. Өйткені табысты мансаптың кепілі дипломның түсінде емес, адамның өз еңбегі мен кәсіби дайындығында жатыр.

Оқи отырыңыз