Жаңалықтар

Шаруагер Ысқақовтар отбасы

Шаруагер Ысқақовтар отбасы
18.06.2019 17:07 4904

«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық сынында жеңімпаз атанған жанұяның бірі – Ысқақовтар. El.kz порталы Ақмола облысының, Целиноград ауданының тұрғындары, көпбалалы отбасы Ысқақовтар әулетінің кәсіпкерлік ісін баяндап, отбасы мүшелерінің жеткен жетістіктерімен бөлісетін болады.

Бұл көп балалы отбасы сегіз бала тәрбиелеп, олардан 24 немере көріп отыр. Отағасы Жанатбек Ғалымжанұлы Ысқақов еліміз тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығының іргесін қалаған азамат. Иә, тоқсаныншы жылдар ел еңсесін тіктей алмай, түрлі қиыншылықтардың шеті шығып, халықты әбден әбігерге түсірген кезең еді. Сондай сындарлы сәтте Жанатбек Ғалымжанұлы құнарлы жерді игілікке пайдаланып, егіншіліктің берекесін анық көреріне көзі жетіп, шаруа қожалығын құрған.

– «Ысқақов» шаруа қожалығы 1989 жылы құрылды. Бүгінгі күні барлық ауыл шаруашылық жері – 3,023 га-ны құрайды. Оның ішінде: егістік – 2,821 га, шабындық – 63 га. Бидай егілетін жердің үлесі – 2,222 га, арпаға – 599 га, көкөніс дақылдарына(картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат) – 7 га тиесілі. «Мұншама жерді қалайша игеріп отырсыз?» десеңіз, бүгінге дейін ұлдарым мен қыздарым жан-жақты көмектерін аямай келеді, – дейді отағасы.

Жанатбек Ғалымжанұлы 1953 жылы 24 наурызда дүниеге келген. Біраз жылдар Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Балкашино ауылында мал дәрігері болып жұмыс атқарады. Содан кейін, ілгеріде айтқанымыздай өз кәсібін ашып, халықты дәнді дақылдар, көөніспен қамтамасыз ету жолында аянбай тер төкті. Ж.Ысқақов 1993-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы болған. Отанасы Айымкүл Хамитқызы 1955 жылы 20 маусымда туған.

– 1972 жылы 10 сыныптық мектепті тәмамдап, екі жылды араға салып Целиниград ауданы, Оразақ ауылына пионер жетекшісі болып келіп, ағаңмен таныстым. Сол жылы, яғни 1974 жылдың 16 маусымында екеуміз бас қостық. Міне, біздің шаңырақ көтергенімізге 45 жыл толып отыр, – дейді отанасы.

Айымкүл Хамитқызы бірнеше жыл бойы жергілікті Қызыл ту мектебінде жұмыс атқарады. Кейінірек «Алтын алқа» иегері жолдасы ашқан шаруа қожалығына қолғабыс болып, сонда қызмет жасапты. Жарты ғасырға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешудің сырын отанасы былай түсіндіреді:

– Расымен «үйлену оңай, үй болу қиын». Бірақ, әйел адам әрқашан сабырлықты бойынан жоғалтпай, төзімділік таныта білсе отбасыны ұрыс-керіс айналып өтеді. Сол сияқты біздің әулетіміздің берекесін кіргізуші үлкендер болды. Яғни, ата-енемнің қолында тұрдым. Олардан үйренерім көп болды. Менің кем-кетігімді түзеп, кешіріп, әрдайым ақыл-кеңестерін айтып отырды.

Сонымен қатар, Ысқақовтар әрқашан қайырымдылық жасап, көп балалы және аз қамтылған оотбасыларға қолдау көрсетіп келеді. «Жақсылық жүрген жерде, тапшылық болмайды» деп бекер айтылмаса керек. Жақында олар ауыл мектебіне музыкалық орталық, спорттық құрал-жабдықтар мен компьютер сатып әперген.

– Қайырымдылық жасасаң кеміп қалмайсың. Осыны балаларымның да санасына құйып келемін, – дейді Жанатбек Ғалымжанұлы.

Көпбалалы отбасының үлкен ұлдары Рашид Жанатбекұлы шаруа қожалығының бас инженері.

– Келінім Алма педагог болып жұмыс жасайды. Олардың үш ұлы, екі қызы бар. Немерлерімнің үлкені Төрехан мектепті үздік аяқтап, қазірде Еуразия университетінің экономика факультетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алып жүр. Ал Тұрлыхан Нұр-Сұлтан қаласындағы №14 мектеп-гимназиясының 7-сыныбында оқиды. Математикаға қабілеті ерекше. Осы пән бойынша бірнеше сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. География пәні бойынша республикалық олимпиадаға қатысып, І-орынға ие болды. Альмираның сурет салуға икемі зор. «Ырғақ және шығармашылық» халықаралық өнер фестиваліне қатысып І-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, ағасы секілді география пәнінен өткен республикалық сында ІІІ-орынан көрінді. Алмаз Рашидұлы да есеп-қисапқа жүйрік, сурет өнеріне бір табан жақын. Математикадан өткен республикалық бәсекеде ІІІ-орынға қол жеткізді, – дейді отанасы.  

Ал Рахымбек Жанатбекұлы шаруа қожалығында механизатор қызметін атқарады. Жолдасы Мөлдір Сағынайқызы екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Зарина шахмат пен математиканы жанындай жақсы көреді. Бұл екеуінен бірнеше жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген. Келер оқу жылында 7-сыныпқа баратын Замира «Бәйтерек» халық би ансамбілінің мүшесі. Қалалық, республикалық, халықаралық шығармашылық фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. 8 жастағы Нұрәлі Рахымбекұлы болашақта ел абыройын асқақтатар спортшы болатынын айтады. Ол қазірдің өзінде еркін және қазақша күрес пен дзюдодан көптеген турнирлерге қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Жанатбек Ғалымжанұлының үшінші ұлы Маратбек осы қожалықтың басшылық қызметінде. Ептілігі мен іскерлігі арқасында «Ысқақовтар» ШҚ жұмысын ілгерілетіп, өнімді болуы үшін барын салуда. Жары Гүлшат екеуі үш ұлы, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкендері Ермахан Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінің студенті. Шахмат және футбол ойындары бойынша өткен сайыстарға белсенді қатысушы. Дамир Маратбекұлы да спорт десе «ішкен асын жерге қояды». Анеля мен Эльзиданың бір басына жетерлік өнерлері бар.  

 – Қызым Мөлдір Қаржы академиясының колледжін бітіріп, Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінде оқыған. Екі ұлы және бір қызы бар. Күйеу балам Азамат Шамилұлы шаруа қожалықта көкөніс өсіруші болып қызмет етеді. Ұлдары спорттық ойындарға белсенді түрде қатысады. Тағы бір ұлым Дархан Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Қазірде ток меңгеруші қызметінде. Келінім Гүлназ екеуінің бір ұлы, үш қызы бар. Азамат деген ұлым Еуразия ұлттық университетінде оқып, дизайнер мамандығын алған. Шаруа қожалықта агроном болып жасайды. Әзірге үйленген жоқ. Ал қызым Гүлзира болса нағыз атлетші. Облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жеңіл атлетикадан бірнеше жүлделерге ие болған. «Ақ бидай» аудандық спартакиадасының жеңіл атлетикадан алты дүркін чемпионы. Аудандық «Келіндер сайысы» байқауына қатысып, «Аяулы келін» номинациясын жеңіп алған. Жолдасы Бауыржан Нұр-Сұлтан қаласындағы «Су Арнасында» бригадир болып жұмыс істейді. Ұлдары қазақша күреспен айналысады.  Сүт кенжем Нұрсұлтан Инновациялық технологиялар колледжінің экономикалық бөлімін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген. «Ысқақовтар» шаруа қожалығында экономист-талдаушысы. Әзірге үйленген жоқ, дейді Айымкүл Хамиқызы.

Көп балалы ана ең бірінші балаларды еңбек етуге үйреткенін айтады. Сол сияқты олардың білім алып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болуларын қалаған.

Бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері арқылы отбасы құндылығын қалыптастыруға болады. Отбасының негізгі қызметі – ұрпақ жалғастыру болса, келесі кезекке сол ұрпағына дұрыс тәрбие беру мәселесі шығады. Тәрбиенің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Сол сияқты біздің үйде отағаның рөлі ерекше құрметтеліп, әрдайым оның абыройын тасытып отыруға тырыстым. Халқымыздың ертеден келе жатқан тәлім-тәрбиесінен  тағылым алу арқылы ұрпағымызды жетілдірдік, дейді көпбалалы ана, асыл әже болып отырған Айымкүл Хамитқызы.

Өсіп-өнген Ысқақовтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңін артта қалдырды. Ендігі, республикалық бәсекеде намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді.  


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға