Жаңалықтар

Шайтанкөлдің қасиеті

Бұғылы тауының басына біткен Шайтанкөл көлі
Шайтанкөлдің қасиеті
21.04.2017 12:03 12773

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров аққулар мекені атанған Шайтанкөлдің қасиеті хақында әңгімеледі

Осыдан аттай 105 жыл бұрын Қарқаралы тауларының қарағай-қайыңды қолаттары тасқа шағылған болат шапқының шыңылымен жаңғырығып, орман-тоғайды мекендеген құс атаулы дүрлігіп, елігі елеңдеп, бұланы мөңірей қашқан бір оқиғаға куә болды. Қарқаралының архиерейі Михаил жергілікті жұртшылықтың өтінішімен Қарқаралының бір сілемі – Бұғылы тауының басына біткен Шайтанкөл көлінің маңын жын-періден аластау мақсатында мөлдіреп жатқан айдынның батыс жағалауындағы қойтасты тесіп, крест орнатты. Көлдің атауынан үріккен діндарлар "Бұл жер енді "Қасиетті көл" атансын" деп, ерекше рәсім атқарған екен. Бірақ қазақ ежелден "Шайтанкөл" атап кеткен, тау басына біткен жұмбақ көлдің атауы өзгермеді! Керісінше, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Серік Ақсұңқарұлылар жырға қосып, шыңға біткен шараяқтағы шағын көл аңыз бен сұлу жырға арқау болып келеді...

Бір қызығы, ел-жұрт ерте бастан аңыз-әңгімелер ар­қылы көркем келбетін қалыптастырған Шайтанкөл жаратылыстану ғылымдарының нысанасына әлі ілігер емес. Теңіз деңгейінен 1200 метр биікте шарасына шү­пілдей толып жатқан аспанкөл туралы жергілікті өл­кетанушы этнографтар сөз етпесе, географтар, су құ­рамын зерттейтін сала мамандары тың ізденістер жа­самай келеді. Тіпті жергілікті санитарлық-эпи­де­мио­логиялық стансы мамандары еш өзен құймайтын, ағып шықпайтын тұйық бассейн суының құрамын анық­тамаған екен.Шайтанкөлдің құпиялы қасиеті туралы осыдан бі­рер жыл бұрын ел газеті "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатында тұң­ғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров біраз сыр шертті. То­қаң елге келген сапарының бірінде тау басындағы көл­ге түсіп, түнеп жатып қайтқан екен. Қалаға орала са­ла, батырдың денесін бөрткен басып кетіпті. Емхана, дәріханалардың табалдырығын тоздырған батырға ем табылмай, бір күні өзі түс көріп, түсіне енген ақ киімді ақсақал: "Балам, амандық сұраспадың ғой?" деп кейістік білдіріпті. Ақыры Тоқаң Қарқаралыға қайыра кеп, Шайтанкөлге шомылып, тәнін жуып, мазасын алған белгісіз жарадан құтылыпты-мыс.

Шайтанкөлдің жағасына қадалған крест туралы алғаш жазған белгілі өлкетанушы Юрий Попов болса, уақыт өте су түбіне лақтырылған кресті алғаш көрген осы Тоқ­тар Әубәкіровтің ұлы екен. Шынтуайтында, көл түбінде жатқан кресті көрдім деушілер аз. Тек осыдан бес жыл бұрын архиерей Михаилдың Шайтанкөлді алас­тағанына 100 жыл толған тұста Қарағанды өңірі ка­зактарының атаманы, Қазақстан Республикасының Орыс-славяндар мен казактар қауымдастығының мү­шесі Семен Раков бастаған топ көл түбіндегі зілтемірді қа­йыра алып шығуға ынта білдірген. Алайда бас­тамашыл топ қаражат таба алмады ма, әлде өзге гео­сая­си себептерге тоқталды ма – крест су түбінен шы­ға­рылған жоқ.Қарқаралылық Ахметбек Әрінов атты ақсақал өзінің кітабында осынау көлді мекен еткен қос шайтан туралы әңгімелейді. "Өте ерте заманда орман-тоғай­лы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел ара­лайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-міс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақындап барғанда қараса, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеуінің бірі екіншісін "Әбілет, Әбілет!" деп атаса, екіншісі оған "Жәбілет!" дейді екен.Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шай­тандар екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда қос шайтан зым-зия жоғалып кеткен екен. Содан кейін әулие көл басына жиі кеп, түнеп жүргенде де шайтандарды кездестірмепті-міс. Көлдің "Шайтан­көл" аталуы содан", – дейді ақ­сақал.Ел айтатын көптеген аңыздардың бәрі осы көлдің атауына келіп тіреледі. Шын­туайтына келгенде, ойыс-ойпатты сайда емес, жақпар тасы қатпарын қалыңдатқан тау басына біткен суды көрген қазекем "Бұл адамның ісі емес, шайтанның ісі болар!" деп топшылауынан туған шығар көл атауы. Қалай болғанда да, көл атауы үрей тудырады екен деп, сыңсыған орман ортасында, құз-қиялы тау басына біткен сұлу көлге барушылар азайған емес.

Қарқаралы өңіріне келгендер Шайтанкөл басына барып, түнемей кетуді ар санайтыны да бар. Ал осы шаруалардың ту сыртында туризм мен жаратылыстану саласының мамандары бастамаған талай іс тұр. Бәлкім, осы бағыттағы шаруалар жолға түсірілсе, Шайтанкөл туралы географиялық картадан да, энциклопедиялардан да оқып-біліп, туған жер табиғатын аялауға ынтығар жас көбейер дейміз...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға