Жаңалықтар

Серік Жанболат: «Бүгінгі журналистика қызыл сөзді сапыруға емес, елге шынайы қызмет етуге арналуы керек»

Серік Жанболат: «Бүгінгі журналистика қызыл сөзді сапыруға емес, елге шынайы қызмет етуге арналуы керек»
Фото: Коллаж El.kz 28.06.2024 11:48 611

Журналистика бұрын қандай болды? Бүгін ол қалай өзгерді? Технология қарыштап дамыған заманда ақпарат саласынан не күтуге болады? El.kz ақпараттық агенттігі БАҚ қызметкерлері күніне орай осы және басқа да сұрақтар төңірегінде белгілі журналист, тележүргізуші, медиа-менеджер Серік Жанболатпен әңгіме өрбіткен еді.

El.kz: Серік аға, ел алдында жұлдыздай жарқырап жүрген азаматтарымыз көрінбей кетсе, алаңдап қалатын халықпыз. Қазір қайдасыз, не істеп жүрсіз?

Серік Жанболат: Енді журналистика саласында ескекті бірге ескен жігіттерміз

ғой. Елдің алдында жұлдыздай жарқырадық па, жоқ па, оны Нұртілеу (Иманғалиұлы – ред.) ағамның сөзімен айтатын болсақ, патша көңілді көрерменіміз біледі. Бірақ алаңдап, мені іздеп жатқаныңа рахмет.

Шынын айтайық, журналистика дегеніміз – қып-қызыл  майдан. Ол бұрын да солай болған, қазір де солай. Сол майданнан жеңілдік деп те, оны жеңдік деп те айта алмаймыз. Бұл өзі – бітпейтін майдан. Бірақ қазір денсаулық сыр берген соң дәрігерлердің кеңесімен журналистикадан дәріс оқып қана жүрмін.  

El.kz: Қазақ телевизиясында студент кезіңізден жұмыс істей бастапсыз. Бұл 1980 жылдардың аяғына қарай екен. Ол кезде телевизия қандай еді?

Серік Жанболат: Ол рас, мен қазақ телевизиясына студент кезімнен жұмысқа араласып, сол жерде бағдарлама жүргізе бастадым. Содан университет бітірген соң қазақ телевизиясының «Жастар» бас редакциясында Нұртілеу ағамның қол астында біраз жыл жұмыс істедім. Ол кездегі телевизия қандай еді дейтін болсақ, журналистика дегеніңіз мектепке байланысты екен. Дәстүрлі мектеп қандай болса, журналистика да сондай болатыны өзі көрініп тұр. Жалпы, қазақ телевизиясы бізге үлкен мектеп болды. Оның бүкіл Қазақстанның болашақ телевизия мамандары үшін үлкен мектеп болғанын айту керек. Ол кездегі кәнігі мамандардың жастарды тәрбиелеуі өте үлкен мәселе еді. Қазіргі жастарымыз күнде жаңалық ашқыш, дүниеде әлі болмаған жобаларды жүзеге асырып жатырмын деп кеуде соғады ғой. Шынын айтайын, осы ашылып жатқан жобалардың, тың дүниелердің бәрі бір кездері қазақ телевизиясында болған. Соларға ұқсас бағдарламалар жасалған. Өз басым, қандай бағдарлама ашсам да, осыны мен дүниеге әкеліп едім деп айтуға қорқамын. Қазақ телевизиясында бұрынғы ұстаздардың алдын көрген, солардың мектебінен өткен адамдар олай деп айта алмайды. Ол бір ғажап мектеп болатын. Жастарды кәдімгідей тәрбиелеп алатын. Айтатынын айтып тастап, оңды жерін көтермелеп, теріс жерін басып, түзетіп отыратын еді. Шіркін, сол үлкен мектептің дәстүрі үзіліп қалды. Мен қазіргі телевизиядан, қазіргі журналистикадан соны көрмегеннен кейін қарным ашады.

Егер телевизия саласында, жалпы журналистика саласында үлкен жетістіктерге жеткен болсам, сол қазақ телевизиясында алған тәлім-тәрбиемнен деп білемін. Мен Нұртілеу ағаны өзіме ұстаз тұттым. Өмірден өткенше ол кісімен есептесіп, ақылдасып отырдым. Содан ұтылған жоқпын деп ойлаймын.    

Әлгі тоқырау кезеңі дейміз ғой, сол заманның өзінде қазақ телевизиясы ұлттық құндылыққа назар аударудан, ұлттық жоба жасаудан ешбір жалыққан емес. Ол кездегі телевизияда жүрген мамандардың бәрінің ойы «қайтсек қазаққа қызмет етеміз» дегенге келіп тірелетін. Мен қазір соны ойлап, таң қалып отырамын. Сондағы ұлтқа қызмет ету керек деген ықылас-пейілге қайран қаламын. Қазір ондайды көріп жүрген жоқпын. Ал сол кездегі кез келген жоба ұлттық құндылықтарды дамытуға, ұлттық қасиетті сақтауға, соны насихаттауға бағытталатын.

Қараңыз, қазір шетелдік жобаларды дайын күйінде, қаз-қалпында әкеле салады. Сатып алатын болуы керек. Әйтеуір, еш өзгеріссіз келеді. Ал біздің кезімізде білдей суретшілер бөлімі болды. Солар жұмыс істейді. Бағдарламаның концепциясы, студияның декорациясы жаңадан бекітіледі. Сөйтіп, өзіміздің тың жоба болып шығатын. Бәрі нөлден бастап жасалатын. Міне, біз сондай телевизиядан өттік.

El.kz: Ал тәуелсіздік телевизияға қандай өзгерістер әкелді?

Серік Жанболат: Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ телевизиясы пәлендей өзгеріске түсті деп айта алмаймын. Өзгеріс өзімізде болды. Өйткені еліміз тәуелсіздік алған кезде біз, қазақ телевизиясындағы жастар, жалындап тұрған шағымыз еді. Бәріміз өз үлесімізді қосуға тырыстық. Сол кездері мен өзім бас болып «Ар» жастар студиясын құрдық. «Ар» дегеніміз, біріншіден, «Алаш рухы» деген мағына береді. Екіншіден, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дегенді меңзеп тұр. Соны ұран етіп алдық.

Ол кезде біз тарихтағы біраз ақтаңдақтың бетін аштық, түрлі олқылықтарды сынға алдық. Жалпы, басқа егемен елдердің тарихынан мысалдар келтірдік. Әйтеуір, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалауға қолымыздан келгенше үлес қосуға тырыстық.

Елімізге капитализм келе бастады. Қазақ телевизиясын сол капитализмге бейімдеуге жанымызды салдық. Мысалы, «Тайбурыл» телетотализаторын жасап, қазақ телевизиясына қаржы жаудырдық. Ол тұста пошта жүйесі әлі бүгінгідей ақша аударуға бейімделмеген, жалпы бухгалтерия жүйесі қазіргідей ақша есептеуге бейімделмеген. Олар біз түсірген ақшаны екі апта бойы есептейтін. Осындай да кездер болды.

«Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Үкілі үміт» деген сияқты тура қазаққа керек жобалардың бәрін әкеліп жаттық. Мен өзімнің қатысым болған бағдарламаларды ғана айтып отырмын. Жалпы, қазақ телевизиясында одан да көп дүниелер болды сол кездері.

Тәуелсіздіктің негізгі жылнамасы қазақ телевизиясының алтын қорында сақталуға тиіс еді. Бірақ осыдан 7-8 жыл бұрын фильм жасаймын деп қазақ телевизиясының алтын қорына кірген кезімде біраз дүниелердің өшіп кеткенін байқадым. Оны кім, неге олай істегенін білмеймін. Бірақ, екінші жағынан, сол әрі-сәрі күй кешіп отырған кезімізде жоғалған сияқты. Телевизия саласы бір форматтан екінші форматқа көшумен болды. Мысалы, VHS болды, VHS-тен DVD-ге өттік, DVD-ден Betacam-ға, Betacam-нан Betacam SP-ге, одан тағысын тағыларға өттік дегендей... Бұлар бір-бірін оқымайтын стандарттар ғой. Ескі кадрлар осындай техникалық себептерге байланысты да сақталмай қалған. Соған қазір қатты өкінемін.               

El.kz: Ал «Хабар» агенттігіне қалай келдіңіз? Қазір қарап отырсақ, ол да бір дәуір, тарих еді ғой...

Серік Жанболат: «Хабар» агенттігі аспаннан аяғы салбырап түсе салған жоқ. Ол дәуір туғызған, ақпаратқа қажетті өмір туғызған, соның арқасында дүниеге келген агенттік деп білемін. Оның қызметкерлері де әуелгі қазақ телевизиясынан өсіп-өнген мамандар болатын.

Сол кездері, 96-97-ші жылдары елімізде дәл бүгінгі, күнделікті ақпаратқа деген қажеттілік туа бастады. Сондықтан «Хабар» агенттігінде басты бағыт ретінде сол ақпарат саласын игеру, халыққа бірінші болып ақпарат беру мәселесі қойылды. Ол – заңдылық. Неге десеңіз, бұл заманда капитализмде, жалпы дүниеде ақпарат – имидж, ақпарат – бизнес, ақпарат – жарнама. Бұл дүниеде не бар, соның бәрі ақпараттан басталады. Сондықтан «Хабар» агенттігін дүниеге әкелген, біріншіден, осы ақпаратқа деген қажеттілік деп білемін.

Екіншіден, қазақ тілі оның алдында ақпарат тілі болмаған-ды. Біз ақпараттарды жеткізу үшін қазақ тілін өзімізше осы салаға бейімдеуге тырыстық. Кейбір ұғымдар қалыптаспаған. Өйткені олар – капитализмде ғана қалыптасатын дүниелер. Қаржы, әскери, техника, ғылым салаларында көптеген сөздердің қазақшасы жоқ. Сол кезде біз қатты қиналған сәттеріміз болды. Әрине, жаңадан сөз туғыздық деп айта алмаймын. Бірақ қазақтың өн бойынан, тарихынан, тілдік қорынан іздеп, біраз сөздерді жаңғыртуға тура келді.

Мысалы, мен өз басым бір нәрсе айтайын. «Хабарда» істеп жүрген кезіміз. Бірде әскери прокуратураға түсірілімге бардым. Онда әскердегі әлімжеттік мәселесі туралы сөз болды. Редакцияға келгеннен кейін ақпаратымды жазып отырдым да, жігіттерден: «Осы «неуставное взаимоотношениенің» қазақшасы қалай болады?» деп сұрадым. «Жарғыдан тыс қарым-қатынас» дейді. «Ой, ол қолдан жасалған сөз ғой» деймін. «Ал негізі күш көрсету деген сияқты сөздерді қазақ қалай айтқан?» десем, «Қой, оны неғыласың?» деді біраз жігіттер. Содан кейін өзім ойланып отырып: «Әлімжеттік» деген сөз ғой» деп, «әскердегі әлімжеттік» деп қолдандым да, содан бұл «әскердегі әлімжеттік» болып кетті. Бірақ мен қазақ тіліне жаңадан сөз қостым деп айта алмаймын. Бұл – қазақтың өзінің сөзі. Қазақтың тілдік қорынан алған сөзім.

Сол «Хабарда» Арман Сқабылұлы, Асхат Асан, Ләззат Танысбай, Әлімжан Сабыржанұлы, Зейін Әліпбек, Тілеуқабыл Мыңжасар, Бибігүл Жексенбай, Жайна Сламбек, марқұм Нұртілеу ағамыз, Амангелді Сейітхан – осылардың бәрі жұмылып жұмыс істеген кездеріміз болды. Барымызды салып істедік. Ұйқы көрмедік. Жанталастық. Міне, қазір көріп отырсыздар, солардың бәрі де – бүгінде үлкен жұмыстар атқарып жүрген қазақтың белгілі тұлғалары. Біздің басшымыз ол кезде Қайнар Олжай ағамыз болды. Әлі де болса өндіріп жазып жүрген талантты журналист. Сол кездің өзінде аты дүркіреп тұрған еді.  

Ал өзімнің «Хабар» агенттігіне алғаш келуімді айтсам, қазақ телевизиясында біраз жобаларды жүзеге асырып, жақсы жұмыс істей алатынымызды көрсетіп жүрген уақыт қой. Содан мені «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауықтық бағдарламасын ашуға шақырды. Бұл бағдарламаны алғаш рет ашып, соның қорын жасап, жүргізушілерді шақырып, оны кәдімгідей жолға қойдық, жарыққа шығардық. Содан кейін біртіндеп ақпарат саласына қарай ауысып кеттім.   

El.kz: Сол өзіңіз негізін қалауға атсалысқан «Хабардың», жалпы қазақ телевизиясының бүгінгі аяқ алысын байқап отырасыз ба?

Серік Жанболат: Мен 5-6 жылдан бері теледидар көруді қойдым. Өйткені қазір бұл салада сөзді қалай болса солай қолдану, оңды-солды, білсін-білмесін, қарадүрсін тілменен бірдеңе қылып айту көбейді. Шындығына келгенде, қазір телевизия ойын-сауықтың ордасына айналып кетті ғой. Содан кейде қарным ашып, өзімнен өзім жүйкем ауырып кететін болғаннан кейін теледидар қосуды қойдым. Маған газеттер неғұрлым жақын бола бастады. Кітап оқыған жақын бола бастады. Сондықтан қазір мен телевизия саласында не болып жатқанын білмеймін, шынымды айтайын.

Оның үстіне бүгінгі технологияның, IT-технологияның даму қарқыны біраз дүниені өзгертіп жіберді. Қазір телевизияның жанрлары да өзгеріп кетті. Сол технологияның телевизияға ықпалы күшейді.

Бос уақытта ақпаратты көбіне әлеуметтік желілерден алып отырамын. Сондықтан тереарналарды көремін, оларға сараптама жасап отырамын деп айта алмаймын.  

El.kz: Жалпы, қазіргі жас журналистердің жұмысын қалай бағалайсыз? Блогерлік белең алып кеткен жоқ па?

Серік Жанболат: Бұл сұраққа жаңағы ойдың жалғасы ретінде айтайын. Қазіргі жас журналистердің жұмысын бағалау үшін бүгінгі журналистиканың өзі қандай екенін түсініп алу керек. Жаңа айтып отырмын ғой, IT-технология бүкіл журналистиканың жанрларын ғана емес, журналистиканың өзін өзгертіп жіберді. Тіпті журналистердің мәтінін жазып беретін технология шығып жатыр. Ақпарат жинау аса қиынға түспейтін болды. Қазір конвергентті журналистика, яғни бірнеше бағытта бірден жұмыс істеу керек дейтін мәселе шықты. Бұрын бір журналистиканың өзінде екі-үш қана мамандық болған болса, қазір осы саланың өзінде жиырмадан аса мамандық бар. Оның ішінде журналист, продюсер, спичрайтер, таргетинг маманы, PR маманы, баспасөз хатшысы, тағы басқалар жүр. Ал бұларды бір-бірінен бөліп алып қарайын десең, бәрінің түп негізінде маркетинг, оның арғы жағында ақпарат беру, PR мәселелері де жатыр. Сондықтан бір-бірінен бөліп қарай алмайсың. Бірін біріне қосып та жіберу қиын.

Ал енді осы тұрғыдан келіп қарайтын болсақ, блогерлік дегеніміз де – соның бір заңды жалғасы. Сондықтан оны да сыртқа теуіп, жоққа шығару дұрыс болмайды. Неге десеңіз, бұл – заман тудырып отырған жағдай. Тіпті блогерлердің өзі журналистиканың бір саласына айналатын түрі бар. Соған келе жатыр.

Бұл жерде ойын-сауық пен ақша табуды ғана мақсат ететіндерді, сауатсыз жазатындарды айтып отырған жоқпын. Бізде қазір таза ақпараттық бағытта жұмыс істеп жүрген блогерлер бар. Олардың арасында Оңғар Қабден, Өркен Кенжебек, Айбар Олжай, Ербол Азанбек сияқты жігіттердің әлеуметтік желідегі жазбаларын сүйсіне оқимын. Қайнар Олжайдың өзі қандай керемет блогер болып отыр. Сондықтан олардың да түр-түрі бар. Соның ішінде бізге сараптама жасап, елге дұрыс дүниелер айта алатын, ақпаратын дәл табатын және оны бұрмаламайтын блогерлер қажет. Қазір олардың қатарында Қайнар ағамыз сияқты қазақ журналистикасының майталмандары бар. Мысалы, Марат Тоқашбай, Бауыржан Омарұлы, Бекен Нұрахметтердің өзі блогерден несі кем? Олар блогер болғанда да қандай блогер! Қазақ сөзінің майын тамызатын, көркем тілдің уызын қанып ішкен азаматтар ғой.

Сосын шет елдерде жасы ұлғайған журналистер сараптама жасап отырады. Ал біздің телевизияда тек жастарды шығару керек, түр-келбеті жаңа, жас болуы керек деген сияқты мәселелердің қайдан пайда болғанын білмеймін. Шындап келетін болсақ, қазір – сақа журналистер, салиқалы, парасатты журналистер керек уақыт. Олардың, жалпы журналистердің рөлін біз әлі толық мақсатында көрген жоқпыз. Мәселе сонда.

Бұл жағынан Ләззат Танысбайға («Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы – ред.) риза боламын, Нұртілеу ағамызды қайтадан эфирге шығарып, үлкен дүниелерге пайдалана білді. Өте дұрыс істеді. Ал басқа телеарналардың неге солай жұмыс істемейтініне мен кейде ойланып қараймын. Әлі де болса біз ойын-сауық пен өсек-аяңның айналасында жүрміз бе деген ой туындайды.

Мынадай да мәселені айтқым келеді. Ресейді қараңызшы, бүкіл телевизияның қуатын барынша пайдалана білгені сондай, бүгін Украинадағы соғыста Ресей халқы әлі де болса өзінің билігін қолдап отыр. Яғни телевизияның рөлін, оның мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу деген – осы. Әрине, мен ол соғысты әділетті, әділетсіз деген мәселені айтып тұрған жоқпын. Мен телевизияның идеологиядағы рөлін айтып отырмын. Ал біз соны идеология мәселесінде дұрыс қолдана алдық па, жоқ па? Ұлттық тәрбие мәселесінде ше? Міне, осы жайттар мені қатты ойландырады.

Мен 2000 жылдары Қазақтану орталығын құрып, қазақтың ұлттық философиясын негіздеу мәселесі бойынша біраз ұсыныстар айтып едім. Оны үкіметке дейін айттым. Еліміздегі біраз азаматтарға жеткіздім. Бірақ аяқсыз қалып қойғанына өкінемін.

El.kz: Екі бірдей газеттің негізін қалап, аяқтан тұрғыздыңыз. Құрылтайшылар бұл істің басына бұрыннан келе жатқан газетшілерді тартпай, неге сізге қолқа салды екен?

Серік Жанболат: Мен кез келген жобаны қолға алғанда жүйе құрғанды, команда құрғанды дұрыс көремін. Сөйтіп, дұрыс стратегия таңдап алсаң, кез келген жобаң сәтті жүзеге асады. Бәлкім, сол екі бірдей республикалық газеттің құрылтайшылары менің осы мінезімді, кез келген жобаны жүзеге асыру үшін барымды салып ұмтылатынымды, қалай да аяқтан тұрғызатынымды көрген шығар, таныған шығар деп ойлаймын.

«Айқын» газетін құрған кезде негізінен белгілі журналист Ерлан Бекқожиннің ықпалы болды. Телевизияда біраз жыл бірге жұмыс істедік. Ол мені білді, жұмыс істей алатынымды көрді. Содан кейін таңдауы маған түскен шығар. Ал мен жақсы команда құрып, дұрыс стратегияны қалыптастыра алдым. Соның арқасында «Айқын» аяқтан тұрып, қазір республикаға белгілі газетке айналды деп ойлаймын өз басым.

Ал «Алаш айнасы» газетіне келсек, онда да сол шамасы «Айқын» сияқты жобаны жүзеге асырғаннан кейін телевизияда және тағы басқа журналистика салаларындағы жобаларымды көргендердің таңдауы маған түсті ғой деймін. Жалпы, егер жұмысыңды әр уақытта сәтті жүргізе білсең, кейінгі жобаларың да сәтті болады. Өйткені сен тәжірибе жинап үлгересің.

Осы тұста мені бір нәрсе ойландырады. Бізде кез келген үлкен жобаларды бастаған кезде алдымен адамның осыған дейін не істегенін, қандай жобаларды жүзеге асырғанын сарапқа салып отырған дұрыс сияқты. Сол кезде ғана бізде қолға алған жобалар, идеялар сәтті іске асады. 

El.kz: Байқасаңыз, бұрындары біреулер «газет ашқалы жүрмін» деуші еді, бүгінде «сайт ашқалы жатырмын» дейтіндер көбейді. Яғни қазір қағаз басылымдар, тіпті телевизия да интернет-басылымдармен бәсекелесе алмай жатқан сияқты. Солай ма? Қалай ойлайсыз? 

Серік Жанболат: Ондай да бар енді. Өйткені заман жылжып бара жатыр. IT-технология өрістеп бара жатыр. Қараңызшы, қазір қайшылықтар көбейіп кетті. Мысалы, әскери технология күннен күнге қарыштап дамып жатыр. Тіпті соғыстың технологиясы өзгеріп кетті. Ал журналистиканы майдан деп алатын болсақ, бұл заманда ақпараттық майдан бірінші орынға шығып тұр. IT-технология қазір бәрін өзгертіп жатқанын анық көреміз. Бұл журналистика саласында жүргендер үшін пәлендей жаңалық емес. Дегенмен, әрине, біздің көпті көріп қалған ағаларымыз, мамандар әлі күнге осыны мойындағысы келмейді. Бірақ бұл – мойындамасқа болмайтын дүние. Қараңыз, біз блогерлер дейміз бе, әлеуметтік желі қолданушылары дейміз бе, солардың кез келгенінің қолыңдағы телефон ақпарат құралына айналды. Яғни кез келген адам БАҚ-тың иесі бола алады. Олай болса, бүгінгі журналистиканың өзгеруі де заңдылық деп білемін. Енді бұны заңға қалай сыйғызамыз? Бұны заң арқылы қалай реттейміз? Міне, бұл – ойлантатын мәселе.

Десе де, бұл жерде газет-журнал мен телевизияның да орнын тым төмендетіп тастай алмаймыз. Әлем бойынша қарап отыратын болсақ, мысалы, тағы сол Украинадағы соғысқа байланысты ең мықты комментарийлер, ең мықты сөздер алдымен газеттерге шығады. Ал сол газеттерді бәрі қайталайды. Бұл ненің белгісі? Бізге қазір телевизия мен газеттер ұттылып жатқан сияқты көрінеді. Жоқ, олай емес. Негізгі рөлді әлі де сол газет-журналдар мен телевизия атқарып отыр. Олай болатын болса, әрқайсының өз рөлі, өз орны бар.  

El.kz: Сіздіңше, бұқаралық ақпарат құралы деген идеология ма, өнер ме әлде бизнес пе?

Серік Жанболат: Бұған біржақты жауап беру қиын. Өйткені БАҚ дегеніміз жан-жақты болуы керек. Бұл – идеология, бұл – бизнес, бұл – өнер, бұл – имидж, бұл – саясат. Осының бәрі араласып кеткен. Сондықтан да БАҚ-тың рөлі күн санап ұлғайып барады. Оған сіз айтқан анықтаманың барлығы да тән.

El.kz: Біз журфакта оқып жүргенде сіз жас маман едіңіз. Сол студент кезімізде сізбен болған кездесу есімде қалыпты. Сонда «журналист болу үшін журфак бітірудің қажеті жоқ» деген ой айттыңыз. Неге ондай ойда болдыңыз? Әлі де сол пікірдесіз бе?

Серік Жанболат: Иә, мен әлі де сол пікірдемін. Біз алдымен журналистиканың не екенін толықтай түсініп алсақ, сол кезде журналистиканы оқу керек пе, жоқ па деген сұраққа жауап табамыз. Мысалы, егер таза ақпарат саласында жұмыс істеп, сол салада жүретін болса, әрине, журфакта оқығаны дұрыс болады. Ал бірақ, біз айтып отырмыз ғой, журналистиканың ауқымы өте кең, тіпті күн санап өсіп бара жатыр. Олай болатын болса, мысалы, біз журналистиканы бизнес ретінде қарайтын болсақ, онда мүлдем басқаша оқығаны дұрыс болар. Өйткені ол жағында салық мәселесі, ол жерде несие мәселесі, ол жерде жарнама мәселесі деген дүниелер туады. Мысалы, жарнаманың рөліне қараңыз, бүгінгі күнде біз ақпараттың өзін жарнаманың механизмдерімен таратуға көштік. Жарнама дегеніміздің өзі – экономика. Жарнаманың өзіндік механизмдері бар. Таргетинг, СММ, тағы басқа дүниелердің бәрін туғызып отырған жарнама. Яғни біз енді ақпаратқа жұмыс істеу үшін жарнаманы зерттеуге тиіс болып отырмыз. Бұрын ақпаратты жалпы қоғамға тастай салатын болса, қазір жарнаманы әркімге арнап, интерактивті түрде жұмыс істеуге мәжбүрміз. Жалпы, мына сұрақтардың бәріне, өзің де осы саланың адамы болғандықтан түсініп отырсың, не былай, не былай деп нақты жауап беруге болмайды. 

El.kz: Сіздердің, біздердің кездерімізде журфак өнер академиясы сияқты еді. Курстасыңыз Табылды Досымовтен бастап Роза Әлқожаға дейін талай әнші-сазгерлер шықты. Айта берсек, олар көп. Арасында өзіңіз де барсыз. Журфак неге сондай болды екен?

Серік Жанболат: Шынында да бір кездері журналистика факультеті өнердің академиясы сияқты болды. Ол жерде әншілер де, күйшілер де, ақындар да, журналистер де бәрі сол дүрілдеп жататын еді. Қазір олай емес. Өйткені бұл да – заңдылық. Біз ол кездері өзімізді көрсетудің, жалпы, журналистер өздерінің ішкі дүниесін шығарудың бір арнасы ретінде өнерді танып-білді. Ал шындап келгенде, журналистика дегеніміз – ақпарат саласы ғой. Ол кезде біз ақпарат саласын жеке бір ғылым ретінде қараған жоқпыз. Ал енді бүгін қарап отырсақ, ақпарат дегеніміз өз алдына жатқан бір әлем екен. Яғни енді журфак өнер академиясы емес, ол тек ақпараттың академиясы рөлін атқаруға тиіс. Және солай болып келе жатыр. Қазір біз ақпаратқа мүлдем басқа көзқарас тұрғысынан қарай бастадық. Олай болатын болса, енді журналистика факультеті тіпті бизнес академиясының рөлін, ақпарат академиясының рөлін, бүгінгі технологияны меңгеру академиясының рөлін атқаруға тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана біз журналистиканы ілгері бастыра аламыз және заман бәсекесінен ұтылмаймыз. Қазір осы саланың нақты ғылымын іздейтін уақыт келді.

El.kz: Биыл күзде 60 жасқа келеді екенсіз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Оны атап өтуге қатысты жоспар бар ма?

Серік Жанболат: Алпыс жасыммен құттықтап жатқаныңа рахмет! Бірақ мен өзі туған күнді тойламайтын адаммын. Мен үшін туған күн – жарық дүниеге келген күнім ғана. Және де ол өзіммен өзім ойланып-толғанатын, бір сабырлыққа келіп, өз-өзіме есеп беретін күн болып келе жатыр. Сондықтан пәлендей бір ұлан-асыр той жасаймын деген ойым жоқ. Оның үстіне кейінгі жылдары не бір кітап шығармаппын, не бір кино түсірмеппін. Бір драманы бастап едім, оны да аяқтамаппын. Әндер бар, Құдайға шүкір. Бірақ оған да қазір мойын бұруға уақыт болмай тұр. Сондықтан да өзіме өзім іштей есеп беретін ғана күн мен үшін.

Жалпы өз ойым бойынша, 60 жасқа дейінгі жиған-тергенімнің бәріне, айналып келгенде, ұлттық философияны негіздеу тұрғысынан қараған жөн сияқты. Бұл «қазақ қалай мәңгілік ел болуы керек?» деген мәселе төңірегіндегі ойлар ғой. Ал оны жүзеге асыру үшін үлкен жұмыстар атқару қажет екен. Менің қазіргі басты мақсатым, ойым сол болып жүр. Осы ұлттық философияны негіздеуге, мемлекетке, елге, мәңгілік ұлт болуға осы дүниенің қажет екенін дәлелдеуге тиіспін. Сол бойынша ақырындап жұмыс істеп жатырмын. Бірақ қазір біраз іркіліп тұрған жағдай бар.   

El.kz: Кешегі, бүгінгі журналистикаға қатысты тағы қандай ойларыңыз бар? Мен сізге қандай сұрақ қоя алмадым?  

Серік Жанболат: Жалпы, журналистика ғана емес, бүгін бүкіл әлем өзгеріп жатыр. Біз осыған ілесе аламыз ба, жоқ па деген сұрақ мені ойландырады. Егер бүгінгі әлемнің тамырын ұстап, бүгінгі әлемнің бағытын бағдарлай алмасақ, онда ұтылғанымыз ұтылған. Қазіқ тіліне әлі күнге дейін өнер ретінде қараймыз. Оған ғылым ретінде қарамаймыз. Жалпы, дүниенің бәрі ғылымда, кітапта. Осыны ұмыт қалдырдық.

Интернет саласын алайықшы. Жалпы, ұлттың, мемлекеттің мынадай анықтамалары бар ғой: оның жері, территориясы, тілі, әскері, валютасы болуы керек. Мен осыған мынаны қосар едім: ұлттың өзінің ғылымы, заманауи технологиясы, тіпті ұлттық интернеті болмаса, ондай ұлт ұлт емес. Біз осыны жасауға тырысуымыз керек.

Интернетті ақтарып қарасаңыз, қазақтың конструкторлық ойы бар ма? «Қазақтың инженерлік ойы бар ма соның ішінде? Қазақтың математика ғылымы бар ма? Қазақтың биология, физика ғылымдары бар ма?» деген сұрақтар қоямын да өзіме. Солардың жауабын таба алмағаннан кейін қатты ойланамын. Егер осылар болмайтын болса, біз қандай ұлтпыз деп айта аламыз? Болашағымыз зор деп қалай айта аламыз?

Ал енді ақпарат дегеніміз сол ғылым саласындағы дүниелер, жетістіктер, соларды насихаттау емес пе? Бізде неге өнертапқыштар клубтары азайып кетті? Айтпайын десең де, ескі соғыс тақырыбына келесің тағы да. Қазір дрондардың соғысы болып жатыр. Тіпті соғыстың тағдырын шешетін дрондар екен. Ал енді қараңыз, біз сол технологияға бейімделіп үлгердік пе? Жоқ. Біз әлі де сөз қуалап жүрміз. Мен Асқар Жұмаділдаевтың айтып жүргендерімен толық келісемін. Біз әлі де болса кенжелеп жатқан ұлтпыз. Міне, осы мәселе мені ойландырады.

Ең аяғы ұлттық буржуазияны да қалыптастыра алмай отырмыз. Ұлттық буржуазия дегеніміз ұлтқа қызмет ететін байлар ғой. Кезінде Алашорда үкіметін кім қаржыландырды? Әрине, байлар қаржыландырды. Алғашқы қазақтың білім беру мәселесін кім қаржыландырды? Байлар қаржыландырды. Анау Маман, Тұрысбектер кезін айтып отырмын.  Ал неге біздің қазіргі буржуазия осындай дүниелерді қолға алмайды? Өйткені бізде ұлттық буржуазия әлі жоқ. Бізде байлар бар, бірақ олар ұлттық көзқарас тұрғысынан емес, тек қана пайда табу тұрғысынан ойлайды.

Тоқетерін айтқанда, бүгінгі журналистика деген қызыл сөзді сапыру емес, мәтінді ұйқастырып айту емес, бүгінгі журналистика – бүгінгі заманға сай жаңа, тың идеялар айту, тың жол іздеу, стратегиялық мақсатқа қызмет ете білу. Міне, біз осы жағынан ұтылып жатырмыз ба деп қорқамын. Бұл мәселені мықтап қолға алуымыз керек. Сонда ғана біздің журналистика елге, ұлтқа дер кезінде, қажет кезінде шынайы қызмет ете алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға