«Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ»: қасапшылар Құрбан айтта қанша табыс табады

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақ қоғамында қасапшылық – жай ғана кәсіп емес, ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр. Құрбан айт кезінде бұл кәсіпке сұраныс күрт өсіп, мал союды білетін адамдардың қадірі арта түседі. El.kz интернет порталы қасапшылықты серік еткен кәсіп иелеріне хабарласып, мал союдың әдебі мен ережесін сұрады.

Қасапшылық – қазақ тұрмысының айнасы

Қазақ халқының тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан. Сондықтан мал сою, ет бұзу, жілікке бөлу – күнделікті өмірдің бір бөлігі болған. Бұрын әр шаңырақта ер адамдар мал соя алатын. Қазір бұл міндет көбіне кәсіби қасапшыларға жүктеледі.

Белгілі әдебиет тарихшысы Заңғар Кәрімханның айтуынша, қасапшылық қазақ жігіттері үшін үлкен өнер саналады. Ол алғаш қойды 7-8-сыныпта сойғанын айтты. Қазір бұл кәсіппен 10-15 жылдан бері айналысып келеді. Дегенмен оны тұрақты табыс көзі емес, қосымша кәсіп ретінде қарастырады.

Қасапшылық – қазақ жігіттері үшін үлкен өнер. Қазақ тұрмысында бұрыннан бері қолданылып келеді. Өйткені қазақ ежелден төрт түлік мал баққан. Ас-ауқат үшін мал сойған. Ал малдан ажырағаннан кейін жас ұрпақ малға қатысты түсініктен ажырап қалды. Қазір мал соя алмайтын жастар көп. Өз басым қазақ жігіті мал соя алмаса, оны «жігіт» деп есептемеймін, – дейді ол.

Оның сөзінше, мал сою – тек техникалық әрекет емес, жауапкершілік пен ниетті талап ететін іс. Малдың жанын қинамай, өткір пышақпен сою, қанын толық ағызу, мүшелеп бұзу – қасапшылық мәдениетінің негізгі қағидалары.

Құрбандықтың да өз шарты бар

Құрбан айт кезінде мал сою діни талаппен қатар, дәстүрлі түсініктерге де сүйенеді. Қасапхана иесі Бақыт Әлуайұлының сөзінше, құрбандыққа шалынатын малдың 12 мүшесі сау, көзі көретін, құлағы еститін және жасы талапқа сай болуы керек. Сонымен қатар құрбандыққа жылқы малы сойылмайды.

Қасапшы таңғы айт намазынан кейін дәрет алып, малды құбылаға қаратып «Аллаху Акбар» деп тәкпір айтып союы керек. Пайғамбарымыз өзінің баласын құрбанға шалмақ болған кезде, аспаннан көк қошқар түскен деп жатады. Сонда баланың тамағына өтпеген пышақты лақтырып жібергенде ол тасқа тиіп, тас қақ ортасынан жарылыпты. Сондықтан әрбір малды құбылаға қаратып, тәкпір айтып бауыздау басты ереже, – дейді ол.

Дәстүр бойынша қазақтар құрбандық етін үшке бөлген: бір бөлігі өз отбасына қалдырылса, екіншісі – көрші-қолаңға, үшіншісі мұқтаж жандарға таратылған.

Ауылдағы үлкендер малды жасына, мүшесінің бүтіндігіне қарап таңдап жатады. Ал қаладан келген азаматтар жасқа толмаған қозыларды алып, сойғызады. Халықтың пікірі де бұл тұрғыда әртүрлі. Бастысы «құрбан шалсам» деген ниеті. Кейбірі құлағы мен көзінің саулығына қарамай, семіз болса болды деп ойлайды, – дейді Бақыт Әлуайұлы.

Бақыт Әлуайұлының қала сыртындағы қасапханасында құрбандықтан басқа күндері бір қасапшы күніне 100 қойды бөлшектемей, базарға терісін сыпырып жібереді. Ал айтта күніне 10-20 қойды жіліктеп сояды.

Фото: Abai.kz

Қасапшылықтың психологиялық салмағы

Қасапшылықтың көзге көрінбейтін тағы бір қыры – оның психологиялық ауыртпалығы. Бұрынғы үлкендер қасапшының рухани тұрғыда мықты болуы керек екенін жиі айтқан.

Өйткені кейбір малдың киесі болады. Қан қысымы бар адамдар мал союдан бас тартады. Кейбір қасапшылар «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп айтып жатады. Көбі 3-4 жылдан кейін қасапшылықтан өз еркімен кетеді. Олар «киелі мал көп, түсімізге кірді» дейді, – дейді қасапхана басшысы.

Қандай малды союға болмайды?

Қасапшылар арасында буаз мал союға қатысты оқиғалар да жиі айтылады. Бұл оқиға жайлы Бақыт Әлуайұлы айтып берді.

2014 жылы бір қасапшыға алдап 100 буаз қойды союға береді. Сол кезде сойған малының ішінен қозы шығады. Қабырғасында Алла деген жазу бар екен. Ал екінші қойдың ішінен Мұхаммед пайғамбарымыздың аты шығыпты. Содан кейін қасапшы мал соймай, қойдың бәрін сатқан адамға қайтарып беріпті. Қазақ ешқашан буаз малды соймаған, – дейді ол.

Бүгінде қой сою бағасы орта есеппен 5 мың теңге, бас үйіту – 2 мың, ішек-қарын тазалау – мың жарым теңге. Ал сиыр сою шамамен 25 мың теңге тұрады. Айт кезінде бұл баға өзгеруі мүмкін.

Құрбан айт кезіндегі «жарыс»

Құрбан айт кезінде қасапханаларда ерекше қарбалас басталады. Әсіресе айттың алғашқы күні адамдардың бәрі бір уақытта құрбан шалуға тырысады. Соның салдарынан ұзын-сонар кезек, асығыс әрекет пен ысырап көбейеді.

Заңғар Кәрімхан мұны «жарысқа айналған құбылыс» деп бағалайды.

Бірінші күні малдың қаны судай сапырылып, өзендей ағады. Мен бұған қарсымын. Әркім өзі шалуы керек. Ал соя алмағандар біз сияқты қасапшыларға жүгінеді, – дейді ол.

Бақыт Әлуайұлы да дәл осы күні берекесіз оқиғалар жиілейтінін айтады.

Айттың бірінші күніндегі демалыста бәрі құрбан шалуға келеді. Сол күні берекесіз, келеңсіз оқиғалар көп болады. Әрбір қасапханада сойып, етіп бұзып берсе деген жанталас артады, – дейді қасапхана басшысы.

Қасапшылық кәсіпке айналып бара ма?

Қазақстанда қасапшылыққа арнайы сертификат берілмейді. Бұл сала заң жүзінде толық реттелмеген. Соған қарамастан, қазір қасапшылықты кәсіп ретінде меңгеріп жүрген жастар бар.

Оның айтуынша, қасапшылыққа арнайы сертификат берілмейді. Заң бойынша да бұл әлі қолға алынбаған.

Қазір мал соятын жастар аз дегенмен келіспеймін. Бұл саланы кәсіп ретінде қолға алғандар көп. Қасапшы арқан жібіне, пышағына, қайрағына ерекше күтіммен қарайды. Ауылдағы адамдар етті жіліктеп бұзудың дәстүрлі әдісін әлі күнге сақтап отыр, – дейді Бақыт Әлуайұлы.

Заңғар Кәрімханның айтуынша, малды сойғанда да оны беталды соя бермеу керек. Оның да обал-сауабы бар. Абайлап, ниетпен, бата жасап сою қажет. Себебі мал союдың да өзіндік реті бар.

Мен мал соятын адамдарды да екіге бөлемін. Без алатындар, без ала алмайтындар бар. Без деген – мал ағзасында микроб жиналатын жер. Оны еттен сылып алып тастау керек, – дейді ол.

Әдебиет тарихшысы осы уақытқа дейін «Фолиант» баспасының бастығы Н. Исабековтің, белгілі аудармашы К. Юсуповтың, жазушы-драматург Д. Рамазанның малын сойып, қол ұшын созғанын да айтты. 

Оқи отырыңыз