Жаңалықтар

Сенат депутаттары Астанада «Сәтбаевтану» орталығын ашуды ұсынды

Сенат депутаттары Астанада «Сәтбаевтану» орталығын ашуды ұсынды
Фото: sputnik.kz 16.02.2023 11:47 1328

Бұл туралы Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Келесі жылы 125 жылдығы аталынатын Қазақтың біртуар перзенті, есімі әлемге мәлім – Шығыс елдерінен шыққан алғашқы академик, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, адамгершілік қасиеттері мен кісілік келбеті халқының аузында аңыз болып қалған кемеңгер әрі ғұлама Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ғұламаның басшылығымен кен байлығы бар қазбалардың металлогендік болжау картасы жасалынып қана қоймай, сол арқылы осы күнге дейін пайдалы қазбаның жаңа көздері ашылып отыр. Ғалымдардың есептеуі бойынша, тек, бір ғана Жезқазған-Ұлытау аймағы мыс кенінен 200 миллиард доллардың қазынасын берген. Қаныштай мәңгі асылымыз қалдырған орасан зор сарқылмас байлықтың бұл бір ғана парасы. «Ұлытау атырабын жан-жақты өркендету – менің өмірлік арманым!» – деген ғұламаның мақсатына жетіп, Жезқазған-Қарағанды теміржолының 414 километрлік негізгі бөлігі мен 458 километрлік Ертіс-Қарағанды каналын салудағы ұланғайыр еңбегі арқылы, қаншама қалалар бой көтерді, шөлейт далалар гүлденді. Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы Қазақ жерінде шығатынын геолог-ғалым дәлелдеді. Алтай мен Арал, Қаратау мен Алатау арасындағы қазына, тіпті Маңғыстау мен Атырау өңіріндегі мұнай мен газдың әлемдік мол көзін  болжап,  көрегендік көрсетті. Бүгінгі Астана Елорда болуы керек  екендігін де 1948 жылы алғаш айтқан Қаныш Сәтбаев болатын", - делінген сауалда.

Өткен жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысы ашылып, Қаныш қалаған Ұлттық Ғылым Академиясына мемлекеттік статус қайтарылды. Жуырда ғана Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды. Бұл Ел басшылығының ғылымды дамыту арқылы болашақ ұрпаққа және бүгінгі жастарға деген қамқор көңілін көрсетеді.

"Мемлекет деңгейінде әрі Павлодар, Қарағанды мен Ұлытау өңірлерін де қамтитын 55 пункттен тұратын Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына (Мемлекеттік комиссия құрылып, төмендегі Қосымша 15 беттік жоспардың жобасын талқыдан өткізіп, қабылдауын сұраймыз) қажетті қаражат бөлінуін сұрай отырып, ұсынылған жоспар жобасының,  негізгілеріне ғана тоқталып өтемін:

  • Қазақ халқының біртуар перзентіне лайықты құрмет көрсету және қисапсыз ұшан-теңіз еңбегін кеңінен насихаттау мақсатымен Астана қаласында «Сәтбаевтану» орталығын ашу;
  • Туған елі Павлодар қаласының аэропортына «Академик Қаныш Сәтбаев» есімін беру;
  • Алғашқы академиктің 10-томдық толық жинағы мен 5-томдық академиялық шығармалар жинағын дайындау және  энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығару;
  • Руханият жанашыры болған ғұлама туралы толықметражды көркем-деректі фильм түсіру және қайраткерге арналған Қазақстандағы музейлерді заманауи қалыпқа келтіру;
  • Кіндік қаны тамған жерде мемориалдық кешен тұрғызу және бұған дейінгі депутаттық сауалда көтерілген 30 километрлік туристік жолды салуды бастау;
  • Қазақ Елінің таутұлғалары арқылы мемлекетімізді шетелде көрсету тұрғысынан «Менің халқым менен де биік»  деген Ұлыбританияда атақты У.Черчилльге айтқан сөздерінің кездесу сәтін бейнелеу мақсатымен астанасында ескерткіш қоюды қарастыру", - делінген Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттарының сауалында.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға