Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Найробиде Қазақстан бастамасына арналған жиын өтті

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Найробиде Қазақстан бастамасына арналған жиын өтті
Фото: un.org

БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі Қазақстанның Кениядағы елшілігімен бірлесіп, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған іс-шара өткізді. Жиында ядролық қаруды қолдану мен сынаудың адамзатқа және қоршаған ортаға тигізген зардаптары сөз болды.

Биыл бұл атаулы күн бірнеше тарихи оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толса, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғанына 81 жыл болды. Сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толып отыр.

Іс-шараға БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері, Қазақстан мен Жапония делегациялары, сондай-ақ Кения үкіметінің өкілдері қатысты. Жиында атом бомбасының адам денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізген зардабы туралы куәгерлердің естеліктері айтылды.

Сонымен қатар қатысушыларға Семей ядролық полигонының жабылуы туралы деректі фильм көрсетіліп, арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні Қазақстанның бастамасымен белгіленген. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан және бірқатар бірлескен автор елдер ұсынған 64/35 қарарын бірауыздан қабылдады.

Халықаралық күннің 29 тамызға белгіленуі де кездейсоқ емес. Дәл осы күні, 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Атаулы күн алғаш рет 2010 жылы атап өтілді. Содан бері әлемнің әр түкпірінде ядролық сынақтардың зардабы мен оларды толық тоқтатудың маңызын түсіндіруге арналған симпозиумдар, конференциялар, көрмелер, дәрістер және өзге де іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді.

Әлемдегі ядролық сынақтар қалай бақыланады?

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясы халықаралық мониторинг жүйесінің құрылуы мен жұмысын қамтамасыз етеді. Жүйе әлем бойынша 337 бақылау станциясын қамтиды.

Қазіргі уақытта оның 90 пайыздан астамы дайын. Сертификатталған 309 станция тәулік бойы деректерді ұйымның Венадағы штаб-пәтеріне жіберіп отырады. Бұл әлемнің кез келген нүктесінде болуы ықтимал ядролық жарылыстарды бақылауға мүмкіндік береді.

Ядролық сынақтарға қарсы күресте азаматтық қоғам да маңызды рөл атқарды. Ядролық дәуір басталғалы ғалымдар, дәрігерлер, заңгерлер, әйелдер ұйымдары, зерттеу институттары мен парламентарийлер бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аударып келеді.

Радиоактивті сәулеленуден зардап шеккен адамдардың дауысы да антиядролық қозғалыстың маңызды бөлігіне айналды. Олардың қатарында Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбалауынан аман қалған хибакусялар бар.

«Невада – Семей» қозғалысының тарихи рөлі

Қазақстанда 1980-жылдардың соңында құрылған «Невада – Семей» қозғалысы әлемдегі ең танымал антиядролық бастамалардың біріне айналды. Қозғалыс ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етіп, қоғамды осы мәселе төңірегінде жұмылдырды.

Осыған ұқсас наразылық акциялары АҚШ-тағы Невада ядролық полигонында да өтті. Сондай-ақ Тынық мұхитындағы Муруроа атоллында Франция жүргізген ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалыстар ұйымдастырылды.

БҰҰ күнтізбесінде ядролық қарусыздануға арналған тағы бір маңызды дата бар. 26 қыркүйек – Ядролық қаруды толық жоюдың халықаралық күні. Ол алғаш рет 2014 жылы аталып өтіп, адамзатты ядролық арсеналдан толық арылту идеясын ілгерілетуге бағытталған.

Оқи отырыңыз