Еліміздің футзал клубтары УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымының негізгі кезеңін сәтті бастады.
«Семей» сырт алаңда словакиялық «Лученецті» 6:0 есебімен ойсырата жеңсе, алматылық «Қайрат» латвиялық «Бейтарды» 5:3 есебімен ұтты.
Екі команда да негізгі кезең ойындарын сырт алаңда өткізіп жатыр. «Семей» Словакияда өнер көрсетсе, «Қайрат» Бельгияда бақ сынауда.
«Семей» қарсыласын ірі есеппен жеңді
Негізгі кезеңнің алғашқы турында «Семей» словакиялық «Лученецпен» кездесіп, алаң иелеріне еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстандық клуб ойын бойы басымдық танытып, қақпаға жауапсыз алты гол соқты.
Есепті 7-минутта Ринат Төреғазин ашты. 18-минутта Педриньо команданың басымдығын еселей түсті. Үзілістен кейін Родригиньо (29-минут), Нұрсұлтан Пиялы (32-минут), Дедезиньо (36-минут) және команда капитаны Шыңғыс Есенаманов (37-минут) мергендік танытты. Нәтижесінде «Семей» 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Осы топтағы екінші кездесуде испаниялық «Барселона» швейцариялық «Минерваны» 6:1 есебімен ұтты. Осылайша, алғашқы турдан кейін «Семей» доп айырмасы бойынша топта көш бастады.
29 қазанда қазақстандық клуб «Барселонамен» кездеседі. Бұл ойын бірінші орын үшін күресте маңызды болмақ.
«Қайрат» жеңісті қолдан шығарып ала жаздады
Алматылық «Қайрат» негізгі кезеңдегі алғашқы кездесуін Латвияның «Бейтар» клубына қарсы өткізді. Қазақстандық команда матчты сенімді бастап, екінші таймның басында 4:0 есебімен алға шықты. Алайда қарсылас есеп айырмасын қысқартып, «Қайрат» ойыншыларын біраз қысымға алды.
Кездесудің 4-минутында Азат Уәлиуллин есеп ашты. 7-минутта Кайо Руис екінші голды салды. Бірінші таймның соңына қарай ол тағы бір рет мергендік танытып, дубль авторы атанды. Үзілістен кейін Алмас Иманбеков есепті 4:0-ге жеткізді.
Алайда осыдан кейін латвиялық команда ойынға қайта оралды. Дмитрий Кузьмин екі гол соғып, Максим Троицкис тағы бір доп енгізді. Осылайша, есеп 4:3 болып, кездесу тағдыры қайта шиеленісті.
Дегенмен 34-минутта Кайо Руис үшінші голын салып, хет-трик жасады әрі «Қайраттың» басымдығын қайта нығайтты. Қорытынды есеп – 5:3.
Кездесу барысында Кайо Руис пенальтиді пайдалана алмады. Ал ойынның соңына қарай Азат Уәлиуллин мен Камиль Герейхановтың соққылары қақпа бағанасына тиіп, голға айналмады.
«Қайрат» плей-оффқа жолдама алды
«Қайрат» өнер көрсететін екінші топта бастапқыда төрт команда болуы керек еді. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты румыниялық «Юнайтед Галац» турнирден бас тартты. Соның нәтижесінде топта «Қайрат», латвиялық «Бейтар» және жарыс қожайыны бельгиялық «Спортинг-Андерлехт» қалды.
Турнир ережесіне сәйкес, осы топтан үш команда да плей-офф кезеңіне өтеді. Демек, аталған клубтар негізгі кезең басталмай тұрып-ақ Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алған.
Топта алғашқы екі орынды иеленген командалар 4 қарашада өтетін плей-офф жеребесінде үздік себетке енеді. Олар алғашқы матчтарын сырт алаңда өткізеді.
Чемпиондар лигасының алдағы ойындары
Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы кездесулер 23 қарашада, қарымта матчтар 4 желтоқсанда өтеді. Ширек финал ойындары келесі жылдың 8 және 19 ақпанына жоспарланған.
Төрт үздік команданың финалдық кезеңі Швейцариядағы «Биль/Бьен Аренада» өтеді. Жартылай финалдар 7 мамырда, ал финал мен үшінші орын үшін матч 9 мамырда ұйымдастырылады.