Жаңалықтар

САРАЙШЫҚТА БАР ДЕЙДІ, ТОҒЫЗ ХАННЫҢ МОЛАСЫ: САРАЙШЫҚ – ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ АТАЛАРЫ ЖАТҚАН ПАНТЕОН

16.11.2018 04:03 4493

Әбілсейіт Мұқтар, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Қалашықтың орны – Атыраудан 50 шақырым қашықтықта Махамбет ауданының Сарайшық селосының аумағында. Мұнда 1999 жылы «Хан ордасы – Сарайшық» мемориалды кешені салынып, биіктігі 17 метр кесене тұрғызылған. «Қазақстанның киелі жерлері» географиялық картасына енген тарихи орынды бүгінде туристік нысанға айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

- Сакралды Сарайшықтың болашағы қандай, бүгінге дейін нені сақтай алдық, нені жоғалттық?

- Сарайшықтың жаңалығы көп. Ол бұрын коммуналдық мемлекеттік мекеме болып, облысқа бағынған болатын. 2018 жылы 4 сәуірде ҚР Үкіметінің қаулысы шығып, Сарайшық мемлекеттік мекемеге айналды. Оның жанынан сапар орталығы салынады деп жоспарланып отыр. Бұл визит-орталықта әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі салынады. Сонымен қатар, экспозициялық-көрме залдары жасақталып, конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады деген жоба бар.

Бұл жүзеге асырылып жатса, кешен аумағында лекция өтетін алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады. Оның құрылысы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізілуі керек. Биыл алғаш рет Жайықтың суы тоқтатылды. Сакралды Сарайшықты табиғи бұзылудан сақтау үшін 2016-2018 жылдары облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлініп, қорғаныс бөгеті салынды. Бөгеттің биіктігі – 3 метр, ұзындығы – 1500 метр. Сөйтіп көктемгі су тасқыны тоқтатылды. Бұл облыс әкімдігінің атқарған үлкен шаруасы деп айта аламын. Бұған қосымша қазір «Қазреставрация» мекемесі археологиялық орындарды тікелей қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып, оның үстінен жаңбыр суы бүлдірмейтін қорған жасап жатыр. Мұның барлығы Сарайшықты сақтау, қалпына келтіру және ең бастысы, мақсат етілгендей, туристік нысанға айналдыру үшін барлық жағдайларды жасау нақты қолға алынғанын айғақтайды.

Бүгінге дейін біздіңше Сарайшық қалашығының көп бөлігі жойылды деп айта алмаймын. Алайда, қалашықтың белгілі бір бөлігінің су астына кеткенін де мойындау керек. 2017 жылы Атырау облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі Ресей мұрағаттарынан Сарайшықтың 1861 жылы орыс топографы П.В. Алексеевтің өз қолымен түсірген картасын тапты. Картаның бүгінге дейін бар екендігі айтылып келгенімен, ешкімнің қолына түспеген болатын. Сол картаға қарайтын болсақ, қаланың басым бөлігі сақталғандай. Мұны ұзақ жылдардан бері Сарайшық қалашығының тарихын зерттеген Зейнолла Самашев та растап отыр.

Ендігі мақсат – осы төңіректе зерттеу жүргізген, дерек іздеп, мұрағаттарды сүзген ғалымдарды тоғыстырып, зерттеулерді жалғастыру.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін Сарайшыққа келген әр адам Жайықтың жағалауына шығып жатқан адам сүйектеріне куә болатын. Биыл алғаш рет жағалауда, жар басында шашылып жатқан сүйектерді жинап, Зейнолла Самашевпен ақылдаса отырып, бір қорымға апарып, қайта жерлеуді ұйымдастырдық. Ал мұндай сүйектер бүгінге дейін талай жатты ғой, интернет сайттар арқылы әлемге тарады. Соған қарағанда ескерткіштердің бір бөлігі су астына кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір ғылымның дамыған уақыты. Әлемде су астын зерттейтін археологтар да бар. Бұл мәселе де алдағы уақытта бізде шешімін табатын болар деп сенгіміз келеді. Ол енді уақыттың ісі.

Сарайшықтың жәдігерлерінің көбісі сыртқа әкетілген. 1580 жылы осы жерге Жайық казак-орыстары келді. Ресейдің зерттеушілері «казактар молаларды қазып, ішіндегі сүйектерді шығарды, тастарын пеш салуға, ғимарат салуға пайдаланды» деп жазады. Шыққан дүниелердің қайда кеткенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

1937 жылдан бастап мұнда алғаш рет кәсіби мамандар келіп, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Мәселен, 1937 жылы қыркүйек айында Саратовтан археолог-ғалым Н.К. Арзютов келіп, он бес күн зерттеу жүргізген. Ол кісі, әрине табылған дүниенің барлығын алып кетті. Бұдан кейін де бірнеше ресейлік ғалымдар жұмыс жасады. Сондықтан, Сарайшық жәдігерлері ресейлік мұражайларда, олар арқылы әлемге жол тартты дей аламыз. Оны бүгінге дейін ешкім анықтаған емес. Соны анықтап, ресейлік әріптестерімізбен келісіп, толық қайтара алмасақ та, ең болмағанда, көшірмелерін жасатып алсақ деп ойлаймын. Бұл да алдағы уақытта біз атқаруды міндетімізге алып отырған қиын мәселе.

Сонымен қатар, көнекөз қариялардың бірі Базар атамыз былтырғы кездесуімізде Жайықтың Азия бетінде Сарайшықтан шамамен 5-7 км жерде аты аңызға айналған алтын көл, аққулы көл – Шекер көлінің орны бар деді. Оны да нақтылап, зерттеу керек.

- Егер шежіреден сыр тартсақ…

- Қазақ тарихында Сарайшық қаласының орны ерекше. Өйткені, бүгінгі күнге дейін ортағасырлық зерттеушілер, одан кейінгі ресейлік зерттеушілер, жалпы Сарайшық бағытында келіп-кеткен ғалымдар, бүгінгі қазақстандық ғалымдардың барлығы дерлік Сарайшықтың тарихын ХІІІ ғасырдан бұрынғы кезеңнен басталады дейді. Себебі, негізі жоқ жерде қала тұрғызылмас еді. Мәселен, тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, Әбілғазы баһадүр өз еңбегінде Сарайшық қалашығын Бату хан салды дейді. Ал атақты Бату хан Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын немересі. Ол 1227-1255 жылдары Алтын Орданы биледі. Әбілғазы баһадүр бұл еңбегін ХҮІІ ғасырдың ортасында жазған. Сарайшықты Алтын Орданың үшінші астанасы деуімізге толық негіз бар. Бірінші астанасы қазіргі Астрахань облысындағы Сарай Бату, екінші астанасы Волгоград облысындағы Сарай Берке қалалары. Сарайшықты кіші Сарай деп те атайды. Алтын Орда хандарының жаз жайлауы болған құтты мекен. Сарайшық Бату ханның тұсында дамыған. Қаланы қай уақытта да ең қолайлы жерге салады. 18 ғасырдағы кейбір зерттеушілер Сарайшық қаланың қолайсыз жерге салынуына байланысты құлдырап қирады дейді. Мен мұнымен келіспес едім, оған тарихи деректер дәлел.

Ең маңыздысы – Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болды. Мен белгілі ғалым, қоғам қайраткері Ерлан Садықовпен бірлесе жазған «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» деген 650 беттік үлкен монографияның авторымын. Осы кітапты шығарарда Қазақ хандығын зерттеген белді мамандардың дерегі мен дәйегіне жүгіндім. Қазақ хандығының қала ретінде құрылған астанасының нақты орны жоқ. Осы Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болуы мүмкін бе деген сұрақ қойдым.

Мәселен, Берекет Кәрібаевтың пікірі көңілге қонымды көрінеді. Өйткені, Қазақ хандығы құрылған кезде Жәнібек пен Керей Шу бойына көшіп, Қозыбаста өзінің ордасын құрды. Әрине, ол жерде қала болмаса да, қазақтар сол жерге тұрақтап, үйлерін тігіп, елдің туын көтеріп, мемлекеттің іргесін қалады. Қалай болғанда да, Қозыбастағы алғашқы Жәнібек пен Керейдің тұрған жері Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды деп айта аламыз. Енді осы төңіректен Керей мен Жәнібек Өзбек хандығымен соғыса отырып, Қазақстанның батысына қарай жылжиды. Ал Сарайшықты Қазақ хандығының астанасы еткен Керей ханның баласы Бұрындық хан. Бұл туралы орыстың зерттеушісі В.В. Вельяминов-Зернов өзінің еңбегінде Бұрындық сол жердегі ноғайларды өзіне бағыныдырып, Сарайшықты қазақ хандығының астанасы етті деп жазады. Ноғайлы дәуірін мұрағаттан зерттеген екі ғалымды білемін, оның бірі – қазақстандық Амантай Исин деген зерттеуші, екіншісі – ресейлік В.В. Трепавлов. Екеуі де көне аңыз шежірелерімен емес, Мәскеудің көне мұрағатымен жұмыс жасаған ғалымдар. Олар Сарайшықтың астана болғанын дәлелдеді. В.В. Трепавловтың еңбегінде 1471 жылы Бұрындық хан Сарайшықты бағындырып, Қазақ хандығының астанасы етті деген дерек бар. Ал Қасым хан Сарайшықтың аумағын кеңейтті, осы жерде қазақ халқының санын бір миллионға, әскерін 100 000-ға жеткізді. Сарайшықты қазір қазақ хандығының пантеоны деп жүрміз ғой. Бұл қазақ хандарының аталары жатқан пантеон. Яғни Тәуекел ханның, Есім ханның, Жәңгір ханның, Тәуке ханның, Әбілқайыр ханның, Әбілмәмбет ханның, Абылай ханның, Кеңесары ханның, Жәңгір ханның аталарының негізгі пантеоны Сарайшық. Мұнда тікелей Жошы ханның ұрпақтары, қазақ хандығының аталары жатыр.

Міне, осы зерттеулерді негізге ала отырып, Сарайшықты қазақ хандығының астаналарының бірі деп айтуға толық негіз бар деп ойлаймын. Сарайшық тоғыз жолдың торабында орналасқан. ХІХ ғасырдағы зерттеушілер Сарайшық Батыс пен Шығыстың ең төте жолы деп атап көрсеткен. Сарайшықтан Ресейдің Сарай Беркесіне дейін атпен, түйемен 10 күндік жол болған екен. Сарайшықтан Хорезмге шығатын да жол болған, одан ары Қытайға, Иранға, Түркияға, Үндістанға жол ашылады. Сол кезеңде қалыптасқан керуен жолдары алғашқы темір жолдары пайда болған ХІХ ғасырдың аяғына дейін қолданыста болған.

Мұнда Алтын орданың хандары мен Қазақ хандығының аталары жатыр. Біз бұл туралы Шынияз ақынның «Сарайшықта бар дейді, жеті ханның моласы» деген жыр жолдарынан білеміз. Алайда, жуырда Сарайшыққа келіп кеткен Әнес Сарай Шынияз ақынның алғашқы шыққан басылымында бұл жолдар «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның моласы» деп жазылған еді дегенді оқығанын айтқан болатын. Бұл да болса, зерттеуді қажет ететін мәлімдеме деп ойлаймын. Қазір Сарайшыққа келсеңіз, жеті ханның моласы дейді де, төрт хан мен үш ноғайлы билеріне қойылған құлыптастарды көрсетеді. Ноғайлының билері ешқашан хан болған жоқ. Тарихшы Әбілғазы баһадүрдің шежіресіндегі Алтын Орданы билеген Мөңке Темір, Тоқтағу және әз Жәнібек Сарайшықта дамылдап жатыр. Бұл шежіре 1600 жылдың ортасында дүниеге келген, сондықтан шежірешінің қателесуі мүмкін емес. Бұған қосымша Әбілғазы Қасым хан Сарайшықта жерленді деп жазады. Басқа да түрлі деректерде Сарайшықта Алтын Орданың ханы Тоқтамыс ханның басы жатыр дейді. Оны өлтірілгеннен кейін басын көрсету үшін осы Сарайшыққа алып келген. Енді бұдан басқа мұнда Жәнібек ханның баласы, Алтын Орданың тағы бір ханы Бердібек хан жатыр деген де дерек бар. Сонымен қатар Ақ Орданың ханы, қазақ хандарының атасы Барақ хан да осында жерленгендей.  Мұнда жерленген жетінші хан, ол Қасым хан. Әнес Сарай бұл жерде Қасым ханның баласы Мамаш хан өлтірілген екен деп айтты. Бұл сегізінші хан. Сондықтан бұл деректер нақтыланып, дәлелдену үшін, зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуі керек.

- Сарайшық туристік нысанға айнала ала ма?

- Әлбетте. Сарайшыққа жылына шамамен бүгінге дейін он екі мыңнан астам адам келіп-кетеді. Бүгінде оған облысқа келетін барша қонақтар қатарында, шетелдіктер де жетерлік. Сарайшық орта ғасырларда өркениеті дамыған қала болып тұрған кезде де шетелдік саяхатшылардың қызыға қарайтын, келсем деп армандайтын жұмақ мекені болған. Оны жазба деректерінен анық аңғаруға болады. Сол Сарайшықтың бүгінде құпия-сыры әлі толық ашылмады. Егер қаланың сол бір замандағы тарихи келбетін қалпына келтіру қолға алынса, бұл көптің қызығушылығын тудыратын ең бір тарихи-туристік нысанға айналатынына сенімдімін. 

Амантай Исин, Шәкәрім университетінің профессоры, тарихшы-ғалым:

«ТАРИХ МАТЕРИАЛЫ ӘЛІ ИГЕРІЛМЕГЕН ҒАЖАП ДҮНИЕ»

Сарайшық – атақты Жібек жолының, кейінгі әлем тарихшылары мойындаған Жошы ұлысының сауда орталықтарының бірі, Ноғай Ордасының және Қазақ хандығының астанасы болған. Тарихи деректерде Сарайшықты Бұрындық ханның бағындырғаны, Қасым ханның астанасы болғаны айтылады.

- Сарайшық Қазақ хандығының алғашқы астанасы болғаны рас па? Жалпы, Сарайшық ежелгі ғасырлардағы керуен жолы бойындағы қала орнына салынған деген дерек бар. Ол қаланың алғашқы құрылысы, қалыптасуы, дамуы жөнінде айтып беріңізші. Сарайшық қандай қала болған?

- XII ғасырда Сығанақтың, XIII ғасырда Алмалық, Тараз, Кенжде, Отырардың – бірінің астаналық, бірінің халықаралық дәрежелері аспандап тұрған. Қазақ хандығы құрылмай тұрып, қазақ хандарының аталары Орыс хан 1369-1374 жылдары, Барақ хан 1422-1427 жылдары Жайық бойында үстемдік етіп, Сарайшықты қазақ мемлекетіне мұра еткен. Қазақ хандығында бес қала астана дәрежесінде болды. Төртеуі оңтүстікте: Сауран, Сайрам, бас қала Йасы – Түркістан, Ташкент. Сарайшық Қасым хан заманында, 1511-1521 жылдары Қазақ хандығының батыс астанасы қызметін атқарды.

Сарайшық ежелгі заманнан белгілі трансқұрлықтық сауда жолында бой көтерген. X-XII ғасырларда Хазар, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттерінің Жайық бойындағы сауда-саяси орталығының бірі кейін Сарайшық аталған қала орнында, не оның маңында болса керек. Зерттеушілер хазарлардың Сақсын қаласын сол жермен байланыстырған ой-пікірлерін айтқан.

Қаланың қалыптасуы мен дамуының бірнеше кезеңін атауға болады. Біріншіден, бұл ежелгі және ерте ортағасырлық замандар, екінші кезең, X ғасыр-XIII ғасырдың басы: хазар, оғыз, қыпшақ замандары, үшінші кезең, XIII ғасырдың 40-жылдары – XV ғасырдың басы, Алтын Орда заманы, төртінші кезең, XV ғасырдың 20-жылдары – XVI ғасырдың 70-жылдары, яғни Шығыс Дешті Қыпшақ мемлекеттерінің (Шыбан әулеті мемлекеті, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы) заманы. Осы кезеңдердің бәрінде Сарайшық маңызды саяси және сауда-өндірістік орталық болды.

- Алғашқы рет Сарайшық туралы дерек қай жылы, қандай зерттеушінің еңбегі арқылы белгілі болды? Онда зерттеу жұмыстары қай уақыттарда және кімдермен жүргізілген?

- Ертеортағасырлық көмескі деректер бар. Орта ғасырларда араб-парсы деректемелерінде, жылнамаларда аталып отырады. Сарайшықта Алтын Орданың XIII-XIV ғасырлардағы, Темір әулеті мемлекетінің XV ғасырдағы ақша шекуінен мәліметтер көп сақталған. Сарайшықтың орны патша заманында мардымды зерттелмеді. Кеңес заманында, 1937 жылы археолог Н.К. Арютов шамалы ғана зерттеу жүргізіп үлгерді, әрі қарай репрессияға ұшырап кеткен. Сарайшықтағы қазба жұмыстары елімізде 1950-1953 жылдары басталған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеулері, тың ойлары ғылымда терең із қалдырған.

Е. Агеева, Т. Сенигова, Г. Пацевич Сарайшықта табылған қыш ыдыстарға назар аударды. Бірақ, ол жылдары да көлемді қазба жұмыстары жүргізілмеді. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында 1996 жылдан бастап танымал археолог Зейнолла Самашев басқаратын археологиялық экспедиция қаланың үлкен бөлігін аршу жұмыстарын жүргізді. 2001 жылы үш тілде шыққан көлемді «Сарайшық» кітабында қала құрылыстары, қыш ыдыстары мен ақша табылмалары туралы мол деректер бар. Одан кейінгі жылдары З. Самашевтың басшылығымен бірнеше зерттеушілер (нумизматика маманы Р. Бурнашева, ресейлік археолог В. Плахов және отандық зерттеуші Н. Базылхан) «Сарайшық тиындары» деп аталатын кітапты жариялады.

- «Сарайшықта бар дейді 7 ханның моласы» атақты Шынияз ақын осылай деп толғайды?

- Әртүрлі болжамдар бойынша 7-8, не одан да көп хандар мен Ноғай Ордасының билері жерленді деген пікірлер бар. Жазба деректер бірқатарын растайды. Нақты деректер Алтын Орда билеушілері Меңгу-Темір ханның 1280 жылы, Тоқта ханның 1312 жылы Сарайшықта жерленгенін айтады. Ол туралы XVII ғасырда Әбілғазы Баһадүр хан «Шежіре-и түркие» шығармасында жазған. Қазақтың ұлы ханы Қасым хан Сарайшықта жерленген. Бұл жөнінде XVI-XVII ғасыр шебіндегі тарихшымыз Қадырғали Жалаири дерек қалдырған. Қасым ханның қайтыс болған жылы түбегейлі анықталған – 1521 (кей авторлар шығыс деректерінде солай деп 1518 не 1523 жыл деп әлі де ескірген тұжырымдарға арқа сүйеп, жаңылыс көрсетіп жүр). Ноғай Ордасының ықпалды билері – мемлекет басшылары Шайх-Мамай, Жүсіп Сарайшықта жерленді деуге негіз бар. Шыбан әулетінің кейбір хандары да солай. Ноғай Ордасының одақтасы болған Қожа-Ахмет хан да Сарайшықта жерленуі логикалы. Бірақ, ол тұлғалардың жерленген орындары туралы нақты деректер жетіспейді.

- Қасым хан сүйікті қызына арнап жасатқан секер көлінде қолға үйретілген аққулар жүзіп жүріпті. Хан қызы алтын қайықпен көлде жүріп, аққуларға бал-шекер шашады екен деген аңыз-әңгіме бар, ал нақты дерек ше?

- Секер көлі туралы аңыздар ел әдебиетінде, фольклорлық мұраларда сақталған. Нақты дәйек жоқ. Бірақ қай астана қалада – Еділ бойында ма, Жайық бойында ма? Алтын Орда ханы Әз Жәнібекпен байланыстырылған аңызда Секеркөл Хажы-Тархан маңында болса керек. Атырау зерттеушісі М. Қасенов сол пікірде.

-  Сарайшықты ұзақ жылдардан бері зерттеп келесіз, оның кезінде өркениеті керемет дамыған қала болғаны айтылады. Біз білмейтін әлі ашылмаған құпиясы бар ма?

- Айтайық, кино өнерінде тарихта тізбектелген оқиғаларды қызықтыра, тылсым дүниемен де байланыстыруға болар еді. Шетелдіктер сияқты. Бірақ, біздің адамдар мынау шындыққа жатпайды деп өнер туындысындағы шындық пен қиялды ажырата алмай жатады. Бізде қияли дүниені дәріптеуді ғасыр бойы үстемдік еткен реализм жанры бұзған, жоқ қылған. Сериалдарымыздың өзі тұрмыстық натурализмнен аса алмай жатады: шай ішу, телефонмен бәріне белгілі күнделікті жөн сұрасу, біреулердің науқастануы, мүсіркеу, одан қалса ұрыс-керіс, қылмыс. Бізден тәуірлеу сценарий мен режиссура жасайтын, қыруар мұрасы қолында отырған Ресейде де сол кемшілік көзге ұрады. Ал, өнерде ұшқыр қиял болу керек. Мысалы, Еділ мен Жайықты байланыстырып тұрған Сарайшықтың жер асты жолын, сол арқылы қызықты, тылсым оқиғаларды өрбіт. Ортағасырлық артиллерияны қараңыз. Болған. Адырнасын атқа алып, Жайықтан Еділге, Еділден Жайыққа оқ боратқан батырлар қайда? Бөбектерге арналған мультфильм тілі жеткіліксіз. Үлкендерге арналған қым-қуыт дүниелерді, замандардың махаббат кейіпкерлерін көрсет. Тарих материалы әлі игерілмеген ғажап дүние. Сарайшық әлі толық зерттеліп болмады, сондықтан оны толық зерттеуге қол жеткізіліп жатса, біз әлі талай таңғаларлық дүниелер болуы мүмкін.

САРАЙШЫҚТЫҢ 35 ПАЙЫЗЫ СУ АСТЫНДА ҚАЛҒАН

Сарайшықтың саз қабырғасында батырлары дүрілдеп, тұлпарлары дүбірлеп өткен кезеңнің ақиқатын топырақ астында қалған тарихтан аршып алу әлі де толық мүмкін болмай отыр. Бүгінге дейін Сарайшықта бірнеше ондаған зерттеу жұмыстары жүргізілді. Хандар ордасына айналған Сарайшықтың құпиясын ашып, тылсымынан таңғажайып табуға ұмтылған ғалымдар, археологтар, зерттеушілер мен зерделеушілер Қазақстаннан ғана емес, алыс шетелдерден де қызығушылық білдірді. 2016 жылы тарихшы, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұхамбетқали Кипиев Сарайшық қалашығына қатысты тың мәлімет берер дәйекті жоспарды тарихшы ғалымдар алдына кесе көлдеңен тартты. Бұл Сарайшықтың көп бөлігін су шайып кетті ме деген көптің көңіліндегі мәселеге қайта тамыздық болған 1861 жылы Ресей топографы А.Алексеев сызбасын жасаған Сарайшық қалашығының сол кездегі құландысының жоспары болатын.

- Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы, бұл сызба жоспары сіздің қолыңызға қайдан, қалай түсті, сөз төркінін әуелі осыдан бастасақ…

- 2014 жылы Мәскеуге археографиялық экспедицияға барғанымызда, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінің қорында Сарайшық қалашығының 1861 жылы сызылған жобасы бар екенін білдік. Өкінішке орай, бұл сапарымызда құжат сақталған қордың сол кезеңде жабық болуына байланысты, осы жаңалықты ғана місе тұтуымызға тура келді. Сол уақыттан бері сызба жобасын қолға түсіруге тырыстық. Қор басшылығының келісімімен 2016 жылы бұл жоспардың электронды нұсқасын ғана алдырдық. Ол «План развалин древней мусульманской крепости Сарайль-Джадит и части нынешных построек Сарайчиковской крепости» деп аталады. Масштабы - 50 сажын. Бізді ойға қалдырғаны, мұнда сызба жобасының авторы кім екені жазылмапты. Алайда, біз тарихтан Сарайшық қалашығына 1861 жылы Орал әскери казактарының топографтар корпусының меңгерушісі, штаб-капитан А.Е.Алексеевтің келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізгенін білеміз. Сондықтан бұл соның жұмысы болуы керек деп айтуға негіз бар деп ойлаймын. Оның үстіне бүгінгі күні бізге «Уральские войсковые ведомости» газетінің 1867 жылғы №30 санында А.Е.Алексеевтің осы сапарына байланысты «О развалинах татарского города Сараида-Джадита» атты мақаласы жарияланғаны да белгілі. Бұл туралы қазақстандық ғалымдар Сарайшықта 1937 жылы қазба жұмыстарын жүргізген саратовтық ғалым Н.Арзютовтың еңбектері арқылы таныс болды. Бұл дерек менің де тарихшы ретінде қызығушылығымды тудырды, сол себепті де Алматы мен Орал қалаларының кітапхана, мұрағат қорларынан газет тігінділерін ақтарғаныммен, мақала шыққан санын таба алмадым. Кейін оны Орынбор кітапханасынан да іздеп көрдім. Нәтиже болмады. Тек 2013 жылы Санкт Петербордағы Ресей Ұлттық кітапханасынан газеттің көшірмесін тауып, алдырттым. Мақаланы ғылыми зерттеу айналымына енгізу үшін 2014 жылы шыққан «История и культура Атырау в русских источниках ХVIII-ХХ веков» деген тарихи жинақтың 1 томына енгіздік. Авторының аты-жөні көрсетілмеген еді, алайда, 7 беттен тұратын мақала толықтай дерлік А.Е.Алексеевтің Сарайшық қаласында жүргізген зерттеу еңбегіне арналған және ондағы деректер топографтың жолжазба күнделігінен алыныпты. Сол себепті де бұл мақала мен жоспар Сарайшықтың тарихи топографиясына қатысты ең басты әрі маңызды дереккөздердің бірі деп ойлаймын.

- Бұл жоспарда Сарайшыққа қатысты зерттеуге тың серпіліс берер қандай деректер бар дер едіңіз?

 - Егер жоспар туралы айтатын болсақ, сызбада қалашықтың аумағы мен цитаделінің, яғни, қалашық ортасындағы (ішкі) қамалдың нақты шекарасы көрсетілген. А.Алексеевтің есептеулерінде Сарайшық қалашығының өлшемі ұзындығы 1 шақырым, 100 сажын, ені 1 шақырым 50 сажын, оны айнала қоршаған дуалымен есептегенде 3 шақырым 350 сажын. Қалашық қирандысының батыс бөлігінде орналасқан қорғанның қабырғалары қоршау дуалдарынан да биік. Қамалдың пішіні қисықтау, ұзындығы 200 сажын, ені 100 сажын деп көрсетілген.

Осыған ұқсас мәліметтерді Сарайшыққа А.Алексеевтен бұрын табандары тиген  неміс саяхатшысы П.Паллас пен ресейік географ И.Гербердің де еңбектерінен көруге болады. 1769 жылы Сарайшыққа келген Петер Симон Паллас қалашықтың орны мен дуалын көргендігін және оның аумағы 5 шақырымға дейін жететінін жазған. Ал одан кейін жүз жылға жуық уақыт өткеннен кейін Сарайшықты зерттеген А.Алексеев оның аумағын азайтып көрсетеді. Мұның себебі, П.Паллас қалашықтың шекарасын Сарайшық шағын өзенінің Жайық өзеніне құяр тұсынан бастаса, А.Алексеевтің жоспарында ол қорғаннан бастап есептелген.

1732 жылы қалашықтың үстімен жүріп өткен орыс офицері И.Гербер Сарайшық қирандысын 3 бөлікке бөлінген деп сипаттайды. Бұл жерде ол 3-ші бөлік ретінде П.Паллас секілді қорған мен Сарайшық шағын өзені аралығындағы аумақты есептеген болса керек. Себебі, оның жазбасында қиранды қасындағы екі жағынан тал өскен каналдар сипатталады. Ол біздің ойымызша, Сарайшық шағын өзені болуы мүмкін. Оған тағы бір дәлел, жергілікті жердегі аңызға сүйенсек, Сарайшық шағын өзені әу баста қаланы қорғау үшін қолдан қазылып, артынан ұлғайып, Жайықтың бір саласына айналған.  

И.Гербердің күнделігінде Жайық өзені қалашықтан шығысқа қарай 4 шақырым қашықтықта делінген. Егер А.Алексеевтің жоспарына қарасақ, Жайық қалашықтан 1 шақырым шамасында ағып жатыр, өзен 130 жылдан кейін ескі арнасынан 3 шақырымға батысқа қарай жылжыған. Яғни уақытпен бірге өзгерген өзен арнасы қалашыққа жақындай түскен.

Жоспарда ішкі қамал аумағының нақты көрсетілуі зерттеушілер үшін құнды мәлімет болды деп ойлаймын. Топограф А.Алексеев оның пішіні қисықтау келген және шөп шықпаған тегіс бетінде 1846 жылы Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің татар саудагерлеріне екі жердегі сағана үстіне жасатқан ағаш қоршаулары сақталған деп сипаттайды.

А.Алексеев өзінің қазба жұмысын жергілікті халық тілінде «можар» деп аталатын қамалдан, оның ішінде ағаш қоршау жасалған аумақтан бастайды. Ол қамал ішінде қызыл кірпіштен салынған құрылыстар мен сағаналар қирандыларының іздері бар және олардың арасында сақталған бір сағана «хан моласы» деп аталатынын атап көрсетеді. «Сағананың іші киіз үйге ұқсас, шығыс жағынан кіретін 1 есігі мен солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде дөңес келген 3 терезесі бар және ішінде кірпіштен жасалған 2 үлкен, 4 кішкене қабір бар» деп жазады бұл туралы А.Алексеев жолжазба күнделігінде.

«Хан моласы» аталған сағананың «әулиелі орын» болғаннан соң ғана орыс-казактардың тонауынан аман қалғанын айтады. Алайда, оның сақталуына Жәңгір ханның жасатқан қоршауының да ықпалы болса керек. Жалпы бекініс қамалдағы осы әулиелі орында жергілікті халық құрбан шалатын болғандығы туралы дерек ғалым А.Левшиннің де еңбектерінде кездеседі.  

Ендігі мәселе, А.Алексеевтің жолжазбасында басымдық берілген «Хан моласында» мәңгілік тыныштық тапқан хан кім болды екен? Біздің ойымызша, сағанада қазақтың атақты ханы Жәнібекұлы Қасым жерленген болуы керек деп ойлаймыз. ХVІ ғасырдың аяғы ХVІІ ғасырдың басындағы тарихшы Қадыралы бектің (Қадырғали Жалайыр) мәліметі бойынша Қасымхан Сарайшықта жерленген делінген. Мұны Атырауға танымал мұғалім Шоқан Қаржауовтың естелігінде келтірілген дерек те растайтын сияқты.  Ол әкесі Мырзағали 1937 жылы қайтыс боларда Қасым ханның қасына жерлеңдер, жанында мешіт болуға тиіс деген өсиетіне орай, әкесін Сарайшыққа әкеліп жерлегенін айтады. Ш.Қаржауовтың айтуынша, ханның бейітін оған жасы 90-ға келген ноғай шалы көрсеткен. Ол  баспалдақпен түсетін жартылай жерасты мешітінде болған және ханның жерленген бөлігінің қабырғалары түгелдей шымылдықпен жабулы тұрғанын өз көзімен көрген.

Егер осы айтылғандарға мұқият зер салсақ, Ш.Қаржауовтың берген дерегі А.Алексеев сипаттаған «хан моласына» сәйкес келеді. Мұның өзі «хан моласы» туралы деректің ертеден бері халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келгендігін дәлелдейді. Бір өкініштісі, осы мәліметтер кеңестік кезеңде ұмытылып, бүгінгі күнге жетпей қалды. Осыған орай, алдағы уақытта Сарайшықта Қасым ханның қабірін анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейміз.

А.Алексеевтің жоспарындағы әулиелі орын тек қана қамалдағы «хан моласымен» шектелмейді. Келесі бір әулиелі сағана Сарайшық бекінісіне жақын жерде белгіленсе, екіншісі қалашық сыртындағы Сарайшық шағын өзенінің жағасындағы ескі қорым ретінде көрсетілген. Бұдан басқа, жоспарда қалашықтың солтүстік шекарасында бой көтерген орыс зираты да бар.

Жоспардағы соңғы бір топонимикалық дерек «Хан жайылмасының» көрсетілуі. Бұл жайылманың сипаттамасы аңыздағы «Секер көлін» ақиқатқа айналдыратындай.  Секер көлі аңызға бергісіз әңгіме арқылы жеткенімен, оның нақты қай аумақта болғанын біз әлі күнге дейін анықтай алмадық. Ал А.Алексеев жоспары осы аңыздың түбінде шындық бар екеніне меңзеп тұрғандай.

Аңыз желісінде Әз-Жәнібек ханның аталған көлге секер септіріп, аққуды масс қылып, құландыға ілдіріп, той еткендігі жөнінде айтылады. Осы тұста айта кетер келесі бір жәйт, жазба деректерде Еділ бойындағы Сарай қалашығының маңындағы Мамай ханның есімімен байланысты Секер көлі туралы да аңыз сақталған. Сондықтан бұл мәселе де болашақтың еншісінде зерттеу мен зерделеуді қажет етеді.  

Жалпы, біз жоспарды Сарайшықтың қазіргі кезеңдегі жағдайымен салыстыра қарау үшін спутниктік түсіріліммен салыстырып та көрдік. Нәтижесі Сарайшыққа қатысты осыған дейін айтылып келген, яғни оның басым бөлігін су шайып кетті деген пікірді мүлдем өзгертеді. Атап айтқанда, жоспарда бұрын су шайып кетті деген қамалдың, жоғарыда айтылған Секер көлінің және үш әулиелі орынның сақталғандығына көз жеткіздік. Мұның өзі қалашықтың 65 пайыздан астамының әлі де сақталғандығын көрсетеді. Бұл жоспар Сарайшық қалашығын ғылыми кешенді зерттеу мен реставрациялау және консервациялау жұмыстарын жүргізуге жаңаша жол ашады деп есептейміз.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға