Жаңалықтар

Салық Зимановтың қоғамдық қызметі

Халқымыздың парасатты ұлы Салық Зиманұлы Зиманов ұлтын, халқын жанындай сүйе білудің ең жарқын символына айнала білген ғалым.
21.07.2015 09:34 7013

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Салық Зиманұлы Зиманов жайында «Өнегелі өмір» сериялы кітабында осы кісінің ізбасарлары профессор Дәулет Байдельдиновтің және заң ғылымдарының кандидаты Гүлнар Айгаринованың «Бірінші декан» деген мақаласы жарық көрді. Ұлтымыздың дарынды ұлдарын елге үлгі қылу мақсатында осы мақаладан үзінді жариялаймыз.

Салық Зимановтың қоғамдық қызметі

Халқымыздың парасатты ұлы Салық Зиманұлы Зиманов ұлтын, халқын жанындай сүйе білудің ең жарқын символына айнала білген ғалым. Ұстаз –ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерін бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың рөлі зор. Бұл жайтқа, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында өткізілген академик С.З.Зимановтың «Құқық қорғау жүйесінің реформалану мәселелері және саяси дәстүр» атты ашық дәрісіне қатысқан сәтте тағы да көз жеткіздік.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін гвардия майоры болып оралған С.Зиманов 1946-47 жылдары Гурьев облыстық прокуратурасында әуелде стажер, тергеуші, кейіннен 1947-48 жылдары Алматыда ҚазКСР-і Прокуратурасының ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі болып жұмыс істейді. Жұмыспен қатар оқудан қол үзбей Бүкілодақтық сырттай заң институтының Қазандағы филиалында білім алады.

1948 жылдан бастап оның негізгі еңбек қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының жүйесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізумен байланысты болды. 1948-50 жылдары ҚазКСР Ғылым Академиясы құқық бөлімінің аспиранты болған С.Зиманов КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтында (Мәскеуде) арнайы жолдамамен оқиды.

Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап оралған ол 1950-52 жылдары ҚазКСР ҒА-ның құқық секторында аға ғылыми қызметкер, кейін сектор меңгерушісі болып істейді.

Алматы заң институтына 1952 жылдан бастап директоры ретінде жетекшілік жүргізіеді. Кейіннен, 1955 жылы осы институт Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультеті болып қайта құрылғанда бірінші деканы болады. Академик Салық Зимановтың ҚазҰУ-дың тарихындағы ерекше тұлға екендігі де осы тұста. Өзінің ғылыми зерттеу қызметін ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды тәрбиелеумен, үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық және ұстаздық, оқытушылық жұмыспен ұштастырды. Осы кезеңдерде еңбегі сіңген, кейіннен жемісі берген елеулі істерінің бірі жас ғалымдар мен оқытушылардың үлкен тобын Мәскеуге оқытуға жібертуі болып табылады. Қазақстандық заң ғылымы тарихындағы маңдайалды профессорлар мен доценттер сол буынның өкілдеріне тиесілі ҚР ҰҒА академигі С.Зимановтың жетекшілігімен бүгінге дейін 13 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты диссертациялық жұмыстарын қорғады.

Туған елінің гүлденуі жолында өлшеусіз еңбек еткен Салық Зиманов Қазақ мемлекетінің маңызды құжаты «ҚазКСР-нің егемендігі туралы Декларацияның» редакциялық жобасын дайындау комиссиясын басқарды. Жоғарғы Кеңесте 1990 жылы 25 қазанда «ҚазКСР-нің егемендігі туралы Декларациясын» қабылдау барысында негізгі баяндамашы ретінде сөз алған депутат С.Зиманов оның қажеттігі туралы ғылыми негізделген баяндама жасады. 16 желтоқсан 1991 жылы қабылданған тарихи маңызы бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасын дайындаған комиссия мүшесі болды.  

Салық Зиманоы жалпы саны 17 ғылыми еңбектің авторы және «Қазақтың ата заңдары – Древний мир права казахов» атты 10 томдық жинақтың бас редакторы.

Салық Зиманов ҚазақстанРеспубликасы Президенті жанындағы консультативті кеңестің, ал 1993 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі болды. Елі үшін, ерен еңбегі үшін 1993 жылы Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері атанды.

 


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға