Жаңалықтар

Саида Қалықова: Өмірге қайтадан өз көзіммен қарағым келеді, бар жақсыны көргім келеді

15.11.2018 12:47 3733

«Жаңбыр, жаңбыр жау-жау…» тұлымшағы желбіреген кішкентай ғана қыз аула ішінде шыр көбелек айналып, ақ жауынға бетін, екі алақанын тосып мәз.

Оның бұл қылығына сүйсіне қараған әжесі де еркетотайын жаурап қаласың деп үйге шақырады. Жаңбыр тамшыларынан бүрсең қағып, қораға тығылған қозы-лақ, үй жанындағы үйшігіне зып берген төбеті, баспалдақтан бері аттауға қорқасоқтаған мысығы, сарай жанында тықыршып, тұяғымен жер тарпып тұрған сүйікті жылқысы «Звездочкасы»…

Оның жадында бұл сәттің жатталып қалғаны соншалық, ол өзінің ең алғашқы тырнақалдысы «Жаңбырдан кейін» деген туындысын жазған сәтін айтқанда, өмірінің осы кезеңін де жадырап есіне алады.

Бүгін халықтың сүйіктісіне айналған, көптің көңілін әдемі әуезбен тербетіп, он мыңдаған қазақстандық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарға балаған, 2017 жылы өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Саида Қалықова расында таудың басындағы тасты жарып шығар еңлік гүлі секілді. Ол тағдыр таразысына тартылған қиындықты еңсеріп, жеңгенімен қоймай, өз өмірін ән әлеміне айналдырды. Ал сол әлемнен тараған әсем ән мен тәтті күй шынында, құлақтан кіріп бойды алды.

Кішкентай кезінен білімқұмар Саида үйіне жақын орналасқан планетарий, мұражай, саз мектебін жиі барып аралайтын. Ондағы аспаптар мен атақты артистердің, үздік оқушылардың фотосуреттеріне қызыға қараған ол музыка курсына жазылып, алғашқы рет фортепианамен танысады. Бұл оның өмірінің болашақ сүрлеуін өзі таңдаған бірінші қадамы болды. Музыка ілімін игеру оған еш қиындық туғызбады. Күннен-күнге саз әлеміне деген құштарлығы артып, өзі үшін тың жаңалықтар мен мүмкіндіктердің есігі ашылып жатқандай көрінді.

Алайда, сегіз жасында ол тағдырдың қатаң сынағына ұшырады. Оған табиғаттың тамыр тынысынан, тылсым үнінен тың тыңдай білетін түйсік пен қабілет тарту еткен Тәңірі көз жанарының шырағын сөндірген ауыр дерт берді. Ол операциядан оянған сәтінде өзінің әлемі қара тұңғиыққа айналғанын білді. «Қиын болғаны рас, бірақ мен оны жеңдім» дейді ол туралы бүгінгі музыка академигі, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиялық филармониясының солисі Саида Қалықова.

- Өнеріңізге тәнті болғандар сізді нотаны жүрегімен оқиды деп жатады. Музыкадағы Саиданың әлемі туралы әңгімелеңізші?

- Егер зал тыңдарманға толып, олар қошемет білдіріп жатса, демек сенің өнеріне берілген баға сол. Тыңдармансыз талант тұл болар еді. Сондықтан қай уақытта да жаңа шығарманы жазарда немесе репертуарына тың дүние қосылған уақытта мұны халық қалай қабылдар екен деп қобалжисың. Әуен мен әуез менің өміріме айналды. Мен әрбір күнімді музыкасыз елестете алмайды екенмін. Күн сайын таңертең жұмысқа сондай зор қуанышпен барамын. Себебі, мен ол жерде сиқырлы әуез әлемінде өмір сүремін ғой. Кей адамдар жұмыстан шаршадым немесе жалықтым деп мұң шағып жатады. Мен өзімнің табиғатым қалайтын кәсіпті өмірлік мұратым еткенім үшін де тағдырыма тәубе айтамын. Жұмыстан еш уақытта шаршап, мұңайып қайтқан емеспін. Керісінше, жұмыстан қайтып келе жатқанда күш-жігерімнің, өмір сүруге деген құлшынысымның арта түскенін аңғарамын.

Жаңа күнді жаңа жұмыс жоспарымен, тың идеялармен, өзім үшін жаңалықтар ашумен қарсы алуға асығамын. Сұхбат алғанда табыстылығыңыздың құпиясы неде деп сұрап жатады. Шынымды айтсам, мектепте жүргенде баға үшін оқыған жоқпын және сол сияқты музыкаға жан-тәніммен кіріскен уақытта марапат алуды немесе атақты болуды ойламадым. Өмірден өз орнымды табуға ұмтылдым, сондықтан да жақсы білім алсам, жақсы маман болсам деген тілегім ғана болды. Ал сахнаға, көпшіліктің алдына шыққаннан кейін, әрине, өз міндетінді мінсіз атқарып шығуға тырысасың.

- Артист болуды бала жастан армандадыңыз ғой, жалпы мұратқа жету жолы қиын болды ма?

- Бастауышта қазақ класында оқыдым. Алайда, өмірімді өзгерткен операциядан кейін, ата-анамның ұйғарымымен орыс класына ауыстырылдым. Әке-шешем орыс тілінде білім алған, анам Ресейдің Самара қаласында туып-өскен. Сондықтан олар ақылдаса келе, дұрыс толыққанды білім алуыма өздері де маған көмектесулері үшін орыс тілінде оқытты. Мен үшін қиын болмады, себебі, кішкентай кезімнен екі тілде де еркін сөйлейтінмін.

Операциядан кейін әке-шешем менің бұрынғыша бақытты өмір сүруімді қалады. Маған қуаныш сыйлайтын өз әлемімнен ажыратпаймыз деп шешкен. Осылайша, мұғалімім музыкадан үйге келіп дәріс беретін. Алғашқыда әрине қиын болды, себебі зағип жандар үшін арнайы музыканы үйрену құралдары жоқ. Сондықтан оқытушым бірінші өзі ойнап көрсетеді, одан кейін оның әуезін мен есімде сақтап қайталауға тырысамын.

1996 жылы 11 жасымда мен алғашқы рет колледждің сахнасында өнер көрсеттім. Алайда, осы сәттен бастап мұғалімім үйге келіп дәріс беруді тоқтатты. Мені тастап кетті деп ойлап, оған телефон соқтым. Ол «Саған мектепке бару керек, Саида» деді. Сөйтсем, мұғалімім менің болашағымды ойлапты. Сондықтан да анама «Қызыңызды үйде ұстамаңыз, саз мектебіне оқуға беріңіз, оның таланты бар, мен онымен қанша жаттықсам да, ертеңгі күні оған музыкалық деңгейі туралы құжат бере алмаймын, ал саз мектебінен ол кәсіби білім алады» деп айтыпты.

№3 саз мектебінің директоры байқаудан өткізіп көрді де, бірден 3-класқа қабылдады. Бір жылдың ішінде 29 туындыны жатқа орындайтын болдым. Сондықтан болар, әуезді жаттап алатын қағылездігіме қуанған мұғалімім жеке концертімді ұйымдастырды. Бұл кезде 13 жаста болатынмын.  Алғашқы аншлагқа сол уақытта куә болдым. 45 минуттік концертте 25 шығарма орындадым. Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Ю.С.Данильеваның «Саида, сен қазір кішкентай жұлдызсың, ал болашақта үлкен жұлдыз боласың» деген сөзі жадымда жатталып қалды.

Оқушының болашағының қалыптасуында ата-ананың ғана емес, мұғалімінің дұрыс ықпал етіп, бағыт сілтеуі де маңызды. Осы ретте мен 9 класты бітіргенде маған үздік куәлік тапсырған мектеп директоры туралы да айтқым келеді. Ол ең бірінші аттестатты маған тапсырып тұрып, мен туралы «музыкаға өте жақын, ішкі мәдениеті жоғары адам» деп айтты. Жалпы ол барлық баланың мінез-құлқын, қабілетін жақсы білетін және аттестат тапсырғанда әр баланың жақсы жақтарын сипаттап айтып тұрды. Мен өмірімде осындай маған сенген, кішкентайымнан бойымда үміт отын жаққан адамдардың болғанына қуанамын.

…Бір аккорд алып ойнап көрдім. Ол маған қатты ұнады. Өз әлеміме сүңгіп кеттім де, қиялымдағы әуезді ойнап шықтым. Алғашқы тыңдарманым – анам. Анам туынды жаңбырдан кейінгі ауа-райы секілді жанға жайлы әсер етеді екен деді. Сондықтан оны «Жаңбырдан кейін» деп атадық. Бұл кезде мен 15 жаста болатынмын.

- Сіз Италияда алғаш рет Қазақстандағы Италия елшілігінің ұсынысымен білім алдыңыз, бұған сіздің тілді өте жақсы меңгеруіңіз себеп болды, рас па? Жалпы қанша шетел тілін білесіз?

 - Италияндық музыка шығармаларын орындай жүріп, оның дыбыс әуезіне ғашық болдым. Сондықтан, үйренуге бел шешкен бірінші шетел тілі де италиян тілі болды. Менің ол тілді тез меңгеріп кеткенім соншалық, тіпті мұғалімім «егер адамдардың бірнеше өмір сүретіні рас болса, сен алдыңғы өмірінде италияндық болған шығарсың» деп күлетін. Үш ай жаттыққаннан кейін, мұғалімім менің нәтижемді жоғары бағалап, италияндық мұғалімге алып келді. Ол менің мүмкіндігімді сынап көрді де, дәріс тобы әлі сенің деңгейіне жеткен жоқ, сондықтан топпен оқу үшін олардың сені қуып жеткенін күтуің керек деді. Осылайша, университетте 1,5 жыл тілден дәріс алуды күттім. Бос жүрмей, мұғаліміммен бірге топқа тіл үйретуге кірістім. Бұл менің өз білімімді тағы бір тексеріп, шыңдай түсуге көмектесті. Олар менің деңгейіме жеткен уақытта, сол топпен бірге үш ай дәріс тыңдадым. Мен бұл уақытта 3-ші курста оқып жүрген болатынмын. Сонымен курсты аяқтағаннан кейін оқытушым маған тестілеуден өтуді ұсынды. Нәтижесінде, ең жоғарғы баллға қол жеткіздім.

Тест қорытындысы ұстазымды таңқалдырған болуы керек, ол Италия елшілігіне барып, мен туралы ойымен бөлісіпті. Елшілік маған италиян тілін тегін оқуға грант беруді ұйғарды. Бұл 2009 жылдың мамыр айы болатын. Әңгімелесуден кейін олар 2010 жылдың қаңтар айында Италияға алты айға оқуға жіберетіндерін айтты. Алайда, бұл уақытта мен мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргенмін, сондықтан екі айға ғана барып келуге рұқсат сұрадым. Жолдама Перуджа қаласына жазылған, бірақ, емтиханға дайындық кезінде маған күнделікті аспапта ойнау маңызды екенін түсінген елшілік қызметкерлері Флоренцияға консерваторияға жіберді. Қызық жағдай болды. Менің бастапқы мақсатымның өзі тіл үйрену болды ғой. Сондықтан барғаннан кейін, маған кім тіл үйретеді деп сұрадым. Олар сізге тіл үйренудің қажеті жоқ, италиянша жақсы сөйлейсіз дейді. Бұл әңгімені естіген консерватория ректоры ол жақта қосымша тіл үйрену курсынан өтуіме ықпал етті.  Осылайша, мен Италиядан бір емес, екі білім сертификатын алып, оған қоса жеке концертімді беріп, Қазақстанға олжалы оралдым. Елшілік менің екі сертификат алып келгеніме қатты риза болды. Елге келгеннен кейін 17 сәуір күні сүйіншілі хабар жетті. Италияның білім министрлігі маған магистратураға грант беріпті. Қуандым әрине, алайда, Италия тек тегін оқуымды ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан пәтерақы төлеу, жол пұлы секілді шығындардың аз болмасын біліп, ата-анама салмақ салғым келмеді. Шетелдік оқыту бағдарламаларымен бармақшы болдым. Алайда, сол жылы музыканттарға грант бөлінбеді. Осылайша, мен бір жыл елде бос жүріп қалдым. Осы уақытымды босқа өткізгім келмегендіктен, ағылшын мектебінде 4 ай курс оқып, ең жоғарғы деңгей бойынша емтихан тапсырып, сертификат алдым.

Менің шет тілдерін үйренуімнің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Кішкентай кезімде анаммен бірге мексикан, испан фильмдерін қарайтынмын. Содан үйреніп алған бір-екі сөзді қоймай қайталап айтып жүретінмін. Тілге қызыққанымнан болар, ғаламтор арқылы испан тілін онлайн үйрету курсына жазылып, өз бетімше үйрендім. Мен италиян тілін үйрету курсында дәріс беріп жүрген кезімде, бізге жұмыс барысында испан оқытушысы келді. Әрине, мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, оның сабағына жазылдым. Үнемі өзімді дамытып отырғанды қалаймын. Мен үйренген төртінші шетел тілі бұл француз тілі болды. Одан өзге қытай тілін үйреніп бастадым. Араб тілінің әуезі ұнайды. Әжем «араб тілінде небары 17 әріп бар. Неге оны үйреніп алмайсың?» деп айтып отыратын. Енді соған ден қойсам ба деймін.

- Жалпы музыка әлемінде 20 жылға жуық уақыт қызмет етіп келесіз. Өзіңізге, жеткен жетістігіңіз бен еңбегіңізге есеп беріп өтіңізші?

- Қазір жүріп келе жатқан жолыма көз жүгіртіп қарасам, өмірімнің әр кезеңінде бағындырсам деген бір биігім болыпты. Бала кезімде Оралдың филармониясына шықсам дейтінмін. Сол сахнада Оралдың белгілі әртістерімен бірге өнер көрсеттім. Дәл сол кезде сахнаның менің өміріммен, болашағыммен байланысып жатқанын түсінгендей болдым. 2002 жылы саз мектебін де, орта мектепті де бітіріп шықтым.

Содан кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледжде білім алдым. 2006 жылы колледжді бітіріп, Астанаға келіп Өнер университетіне оқуға түстім. Сол кезде Конгресс холда өнер көрсетсем деп армандадым. Бүгінде Конгресс холл менің шығармашылық үйіме айналды. Мен мұнда жиі-жиі концерт беремін. «Қазақстан» орталық концерттік залында өткен жылы үлкен шығармашылық кешім өтті. 2700 көрерменге есептелген залға 6000-ға жуық адам жиналды. Бұл мен үшін күтпеген аншлаг болды. 2011 жылы Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен грант алып, Италияға қайтадан жолға шықтым. Флоренцияда 2,5 жыл магистратурада оқып, ең жоғарғы оқу дәрежесі музыка академигі атағын алдым. Италияда консерваторияда фортепиано класы бойынша профессор Д. Престиидің, камералық-вокальдық ансамбль бойынша Оксворд университетінің докторы Л.Делизидің, камералық ансамбль бойынша профессор Р.Руссоның дәрістерін тыңдадым. Испандық Мария Горзон, италияндық Кристиана Пигораро, бельгиялық Джованна Тржичек, америкалық Еленеа және Лана Ивановтар, германиялық Павел Гилилов, франциялық Франсуа Шаплен секілді музыка мэтрлерінің шеберлік сабақтарынан өттім.

Қазақстанда екі конкурстың, Италияда «Джованни Таленти» халықаралық конкурсында, Ресейде «Шаг навстречу» конкурсында және Румынияның Сибиу қаласында өткен К.Филча атындағы конкурста жүлделі болдым. Флоренцияда Клод Дебюсси мерейтойына арналған үкіметтік концертте өнер көрсеттім. Италияда Сан-Николас театрында «Лагун музыкасы» фестивалінің 4 концертіне қатыстым. Мұның барлығы менің армандарымның орындалғанының айғағы, мен шығармашылықтың 20 жылында жүріп өткен жол, еңбегімнің жемісі.

- Талант кімнен дарыды, өзіңізді кімге көбірек ұқсатасыз?

- Отбасымызда кәсіби музыканттар жоқ. Алайда, анам әнді жақсы айтады. Оны кезінде консерваторияға оқуға да шақырған. Анамның музыкалық талғамы жоғары. Менің музыкаға елтіп өсуіме оның ықпалы болды. Ол реті келгенде, бізді театрға, үлкен концерттерге ертіп апаратын. Үйде жүргенде телеарналарда опера немесе музыкалық бағдарламалар болып жатса, барлығымыз соны қалт жібермей, ұйып тыңдайтынбыз. Мұның барлығы да анамның тәрбиесі. Ол мені бала кезімнен музыканы тануға, сезінуге баулыған сыңайлы. Содан да болар, мен музыкаға ес білген сәтімнен бастап ғашық болдым. Музыкаға деген құштарлық өмір сүруге күш сыйлады.

Колледжде оқып жүрген кезде ұстазым егер саған әуен әдемі көрінсе, оның басқа қырын да табуға тырыс дейтін. Мәселен, қандай да бір шығарманы неше түрлі көңіл күймен оқып шығуға болады ғой. Нота да солай, оны түрлендіріп оқуға, орындауға болады. Университетте оқып жүрген кезімде мұғалімім айтатын, «Студенттердің барлығы да бір үйреншікті дағдымен орындайды. Ал сен түрлі көңіл күймен ойнайсың» деп. Мен мұндай жағдайда күліп жауап беремін: «Мен тірі адаммын ғой, сондықтан көңіл күйім де музыканы қабылдауым мен орындауым да әртүрлі» деп.

- Елбасымен кездесу сәтін есіңізге алсаңыз, ол кісімен кездесуде өзіңіздің «Клементони» атты шығармаңызды ойнап бергенсіз?

- Мен Президентпен кездесемін деп армандап та көрмеппін. Кейде Президентпен бір залда бәлкім бір концерттік шараға қатысып отырған болсақ, қандай керемет болар еді деп ойлайтынмын. Ал Президенттің алдында сөз сөйлеу мен үшін үлкен бақыт болды. Бұл зор қуаныш қана емес, бұл үлкен жауапкершілік. Италияда Клименти мен Энтони деген өте жақсы адамдардың үйінде тұрдық. Оларға бауыр басып қалғанымыз соншалық, тіпті кейінгі кездері де ағайын-туыс секілді жақын араласып жүрдік. Осы отбасыға достық алғыс ретінде «Клементони» деген шығарма жазған болатынмын. Президентпен кездесуде осы туындымнан үзінді орындап бердім. 

- Анаңызға арнаған «Ой толғау» деген шығармаңыз да бар… 

- Өмір қиындықсыз болмайды. Салың суға кеткендей еңсен езілетін сәттер де аз емес. Ол кезде мен жақындарымның қолдауына, қорғауына мұқтаж екенімді сезінемін. Әсіресе, мұндай сәттерде әке-шешемнің қолдауы маңызды. Қыз жанын жақсы түсінетін анам жаныма жалау болып, қиналған сәттерімде менің көңіліме дем берер сөздерді тауып айта алатын адам. Кейде қалай тырыссаң да, шаршағаныңды білесің. Алайда, ол маған сенуін ешқашан тоқтатқан емес. Менің тірегім сол әкем мен анам. Анама арнаған «Ой толғау» деген шығармама мен баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ол атқа мінгенде тақым қысып, ақсарбас айтып отыратын барлық ақжаулықты, ақсамайлы аналар лайықты деп ойлаймын. Бұл шығармамда анама деген шексіз алғысымды, перзенттік махаббатымды білдіруге тырыстым.

- Сіз бүгінде көпшілік үшін мотиваторға айналдыңыз. Жігерін жану үшін кімдермен кездескіңіз келеді?

- Балалармен кездескім келеді. Оларға армандаудан қорықпаңдар, армандаңдар және соған жетуге ұмтылыңдар, әр күндеріңді бос өткізбей, пайдалы іспен айналысуға тырысыңдар деп айтқым келеді. Ең бастысы, адам мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Күнделікті жұмысыңа күліп барып, көңілді қайту үшін өзіңе не ұнайтынын бала кезіңнен біліп, соны өмірлік кәсібіңе айналдыруың керек деп санаймын. Сол кезде олар өмірде бақытты болады, өздерін де дамытады, сол арқылы елге де пайдасы тиеді.

Кейде балалар үйінің тәрбиеленушілерін ойлаймын. Біздің жанымызда ақыл-кеңес беріп, дұрыс бағыт сілтейтін ата-аналарымыз бар. Ал олар, қиналған сәтте басынан сипай қоятын жан табылар ма екен. Мен өзімді керемет жетістікке жеткен адаммын, өзгелерге мотиватор бола аламын деп ойламаймын. Алайда, кейде дұрыс, уақытылы айтылған ақыл алтыннан да қымбат бағаланатынын білемін. 

- Өзіңіз нені армандайсыз?

- Арманым - көз жанарым жанса екен деймін. Өмірге қайтадан өз көзіммен қарағым келеді, бар жақсыны көргім келеді. Ата-анам үнемі жанымда жүрсе екен. Себебі, менің қолдаушыларым да, қорғаушыларым да солар. Әрине, шетелдің үлкен концерт залдарында концерт берсем екен деймін. Мен артистпін, сондықтан өнерімді дамытуым керек. Бүгінге дейін 20-дан астам шығарма жазып қойдым. Бәлкім оның жинақ етіп шығарылып, тыңдарманымен қауышатын күні де алыс болмас деп сенемін.

Қазақтан шыққан әрбір тұлғаның дара болғанын қалаймын. Шетелде болған жылдары мен олардың Қазақстанды бізге қарап қабылдайтынын білдім. Сол үшін де халқыма лайықты білімді, жан-жақты болуға тырыстым. Қазақстанды әлемге танытатын әрбір ұл-қыз намысты, талантты, ұлтжанды, білімді болуы керек.  

- Сұхбатыңызға рахмет.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға