Жаңалықтар

С. Мәуленов поэзиясындағы публицистикалық элемент

Сырбай Мәуленов шығармашылығының ерекшелігі
С. Мәуленов поэзиясындағы публицистикалық элемент
05.10.2017 15:36 24460

Қазақ поэзиясына екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бір шоғыр жас ақындар келді.Аласапыран майданда қан кешіп, сұрапыл  өрттің ортасынан оралған жалынды, жас дарындар шығармашылығы тың деп, өзгеше өрнегімен бірден назар аудартады. Уақыт жүгімен асау албырттығынан гөрі, қиын кезең ағысын барлауға мәжбүр болған байыптылығы басым жаңа толқынның жырларында бұған дейін көзге түспеген қыруар көркемдік сипаттар бедерленді. Олардың бастан кешірген шындығы – от пен оқтың ортасында жан ұшырған тағдырлар, өлімге қарсы шапқан айбынды ерлер, сан миллион адамды алапат ажалдың аранына аямай лақтырған, адамзат тарихындағы ең жойқын соғыс апаты қазақ поэзиясының жаңа мазмұнына айналды.

С.Мәуленов  өмір сүрген дәуірінің арман-мұратын, болмысын жырына арқау етіп, қаншама жырлар тудырды. Оның алғашқы туындыларының өзі сан қырлы. Негізінен лирик ақынның публицистикалық сарында жазылған өлеңдері де жетерлік.

Сырбай Мәуленовтің Отанға, туған жерге, Қазақстанның қалаларына арналған өлеңдерінің өзі бір төбе. Жалпы, С.Мәуленов ел-елді аралап көзбен көрген көп дүниесін жырына арқау еткен. Жолсапар очеркін автор: «Түркмения бізге көптеген өлеңдердің, очерктер мен әңгімелердің, пьесалардың тың тақырыптарын берді. Енді алған әсерді суытпай, көрікті қызған кезінде басып, қалам сілтеуіміз керек», – деп түйіндейді. Ақын сөзінде тқра біліпті. «Сексеуіл», «Ашхабадтағы Ленин ескерткіші», «Дауыл алдындағы тыныштық», « Қызыл су», «Шекара», «Түйе», «Су» деп аталатын өлеңдер де сол сапардан алған әсерлерінің жемісі. Ақынның өлеңді өмірдің өзінен алып жазатынын осыдан аңғарамыз.

Автор өлеңіне арқау болған сапарларын былайша жеткізеді: «Мен соңғы жыдары одақтас республикаларды, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік аймақтарын араладым. Өзінен – өзі елеңдей сайрап тұрған көп жер көрдім. Еңбекте – ер, өмірде – шат, жарқын жүзді, мейірімді көп адамдармен таныстым. Әрине, оның бәрін ат үсті аралағанда тереңдеп ұғына алмайсың. Қайта айналып, асықпай аңғарсаң, жаңағы дүние екінші бір қырынан көзге шаына кетеді. Тіпті, алғашқы алған әсерің алдамшы болып шығуы да мүмкін. Кейде бір жазып тастаған өлеңіңе үш-төрт жылдан соң қайта оралып, қайта өңдеп, сода нкейін барып оқушы қауымға ұсынатын кезең де болады.»

«Өлең жолы – өмір жолы» атты мақаласында С.Мәуленов: «Тегінде, шындықтың өзі бояусыз, қарапайым болады екен-ау!» деп сөзін түйіндейді. Түйіндей кеде, боямасыз шындықтың үлгісі – «Түбірлер» аттың өлеңінің мазмұнына сипаттама беріп өтеді.

«Түбірлер» деген өлеңімнің тууы да қызық. Бұл бас-аяғы он бес жолға жетер – жетпес өлең. Мұның жазылуына да бір уақиға себеп болды. Мен көп жылдан соң, үй ішіммен бір кезде қан төккен Волхов орманына бардым. Назия өзенінің мөлдір суына бетімді жуып, жар жағасында ойма шомып көп тұрдым. Өткен күндер есіме түсіп, көз алдым тұманданып кетті. Айнала баяғы батпақ, сол батпақтың ішінде түнедік. Сол батпақты жау оғына қалқан ғып тосып, қорған еттік. Енді сол батпақтан соғыс кезіндегі соқпағымды іздеп, ерсілі-қарсылы біраз жүрдім. Әр жерде бір кесіліп қалған түбірлер кездеседі. Маған олар қол-аяқтан айрылып, мүгедек болып қалған солдаттар секілді елестеді. Осыдан барып «Түбірлер» деген өлең кеудемде күбірледі».

Көрінеді

Орманнан

Түбірлер.

Айрылған

Аяқ-қолдардан

Түбірлер.

Мүгедек солдат секілді

Түбірлер.

Оқ жұлғандай етімді,

Жүрегім тулап дүбірлер,

Кезеріп ернім күбірлер.

«Соғыс не?!

Менен біліңдер» – 

Деп тұрғандай түбірлер.

Соғыстың шынайы келбетін, зардабын, екі-ауыз сөзбен осыншалықты қысқа да нұсқа жеткізе алудың өзі публицистен жоғары шеберлікті талап етеді. Сырбай Мәуленовтің өлеңдері өмірдің өзінен туған өлеңдер еді. Ал өмірдің өзінен туған өлеңдер барлық болмыс шындығымен ұзақ уақыт жасайтын сияқты. Ақынынң өмір өткелдерін көп кешіп, оның құбылыстарын көп зерттеп, біраз жайларды басынан кешіргені айқын білінеді.

С.Мәуленов өлеңдерін оқығанда, шығармашылықтың ең оңайы – өлең жазу сияқты әсер қалдыруы ғажап емес. Өйткені, мойын бұрып қараса-ақ бітті, көл де, шөл де, жапырақ та, топырақ та, аспан да, тастар да – бәрі-бәрі өзінен-өзі өлеңге айналып жүре беретіндей. Мәселен, жол, батпақ, орман, құстар,оңтүстік, адам деге нсөздер – жеке тұрғанда, әрқайсы өзінше бір дүние, бөлек-бөлек ұғымдар.

Сырбай Мәуленовтің тұлғаларға арнаған арнау өлеңдері бір төбе. Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжоловқа, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қажымұқан Мұңайтпасов, Ықылас Дүкенбайұлы, Бейімбет Майлин сияқты белгілі тұлғалардан бастап, ауыл қарттарының портретін шебер жаза білген. Әсіресе, Сәкен Сейфуллинге арнап жазған «Ақындардың аққуы» аты өлеңі тамаша жазылған. Тақырыбының өзінде ақында «аққуға» теңеуінің өзі, Сәкеннің аңызға айналған сұлуылығынан хабар береді. Сондай-ақ, аққу құсының кербездігін жырлайтын «Аққудың айырылуы» атта позмасының да тақырыпқа қатысы бар екенін бірден түсінуге болады.

Біз мысалға алған С.Мәуленов өлеңдерінде лирика элементтері басымырақ жатқанымен, қоғамдық шындық, күнделікті өмірімізде болып жатқан оқиғалар, ел, жер, су өмірде бар адам аттары, өмір шындығын қоғамдық-саяси жағынан зерделеу сияқты публицистикаға тән әдіс-тәсілдерр де кездеседі. Ақын көркем әдебиет тәсілі мен публицистика әдісін қатар қолданып, өмірде болған, бар оқиғаларды жырлайды.

Сонымен, Сырбай Мәуленов поэзиясындағы публицисткалық элементтер мыналар: С.Мәуленов өлеңдерінде деректілік, өз заманының үні, өз дәуірінің қоғамдық-саяси көірінісі бар. Мысалы, Қазақстанның 25 жылдығына арналған «Желпін бүгін, қазағым», сол сияқты «Ленинградқа серт», «Госпитальдар», «Санитарка», «Космодром», «Космонавт», «Байқоңыр» тағы басқа өлеңдердің нақты атауы; өмірде болған өз замандастарының портретін, бейнесін сомдаған («Қажымұқан», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ахметхан Әбіқаев») өлеңдері;жазықсыз жапа шеккен Шәкәрім, Ахмет, Міржақып сияқты тұлғалар туралы ақиқат көзқарастың қалыптасуына ықпал етуі; еңбек ырғағын, ел экономикасының жетістіктерін көрсететін, сондай-ақ, ірі өндіріс орындарынан – Қостанайдағы Соколов-Сарыбай комбинатынан, Қарақұм, Волхов ГЭС – терінен, Рудный кен байыту комбинатынан жазған өлең-очерктері; Ұлы Отан соғысында, 1932 жылғы ашаршылықта көзімен көргендерін өлең жолдарына айналдыруы;С.Мәуленов өлеңдерінде публицистика элементтері кейіпкер монологы ретінде де көрініс табады. «Қаз дауысты Қазыбектің монологы», «Жәнібектің Шотай биге айтқаны»  тағы басқа өлеңдері соның дәлеліндей; ақынның Отанға, туған жерге, Қазақтанның қалаларына, бұрынғы туысқан республикаларға арналған өлеңдеріндегі ел суреті, тарихқа белгілі қоғам қайраткерлеріне  жазылған эпиграммалары; өлеңмен жазылған «Әккілер туралы актілер». «Пешковтың клубы, аузында тұр құлыбы», «Опасыздық, арсыздық» фельетондары, өлең мен қарасөз араластырып жазған «Сыбайластар сыры», тағы да басқа фельетондары көркем публицистиканың нақ өзі.

Сырбай Мәуленовтің ақындығын тек қазақ елі ғана емес, бауырлас халықтар да мойындаған. Мұзафар Әлімбаевтің «Ізгіліктен інжу терген» атты эссесінде ақын поэзиядағы орны жайлы керемет жазылған:

«Өзбектің үлкен ақыны Шұрхат біздің Сырбайды – Жырбай! – деп атайды. Мұнысында үлкен мән бар. Өйткені Сырбай сырға да , жырға да бай ақын. Ғасырлардың қара дауылы сабалап, қара жауыны шайған, долы желі мүжіген, біраұ мызғымай мыңқиып тұрған құж-құж құз жартасты көзіме еслестетсем, ойыма дүр ағам, Сырағам келеді. Сырағам да қайыспас қия жартастай замана куәгері, халық жазушысы, жұртымыздың жаршысы, ұлтымыздың үлкен жүйрігі».

С. Мәуленов поэзиясы – еліміздің еңіреген ерлері мен құтты мекен жерлерін мадақтаушы.

Темірбек  Қожакеев: «Фельетон – таза публицистикалық жанр емес, әрі көркем әлеби жанр», –  дейді. Сондай-ақ, «Сатира негіздері» атты кітабында: «Онда да адамдардың типтері, бейнесі, оқиғаның желісі – басталуы, шиеленісуі, шарықтауы, шешілуі, диалогтар, суреттеулер, шегіністер болады. Фельетонға да көркем тіл, әдеби ажар шарт. Бұларсыз жазғанымыз фельетон болмақ емес».

Сырбай Мәуленов те сатиралық көркем публицистикалық жанры – фельетонтар жазған. Тіпті, сатиралық жанрда жазуды Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде бастапты. «Опасыздық, арсыздық», «Шал ал десе, бас алады», «Көңілсіз құлақ, ойға олақ», «Бастық батпаққа батты», «Жолбарыс» және т.б сықақ өлеңдері жеткілікті. Сатираға өткір тіл керек. Автордың шеберлігі мен шешендігі фельеотон жазуда анық көрінеді. «Көңілсіз құлақ, ойға олақ» фельетонында Қазақстандағы телефон жүйелерінің нашар деңгейде екендігі сынға алынған. «Түрксиб» санаторийіндегі жағдайды аулымен телефон арқылы сөйлесе алмай жүрген адмның іс-әрекеті арқылы көрсетеді де, оның себеп салдарын ашады. Сөйтсе,  кемшілік «Түрксибте» емес, байланыс министрлігінде екен. Өмірде болып жатқан жаңалықтарға немқұрайлы қарап, байланыс министрлігі облыс, аудандардағы телефон жүйелеріне жаңа аппараттарды қою мәселесіне көңіл бөлмей келген: «Бірақ сол жаңалықтар байланыс министрлігінің босағасына әлі енген жоқ. Ойға олақтық, оралымсыздық байланыс орындарының бірсыпырасына батпаңдап кірген екен, мысқылдап шықпасын!»

«Публицистика жанрларының айқын да жарқын болуы фактіге байланысты. Ал факті бойындағы әрекеттің көрінісі дерексіз, құрғақ сөз емес, қайта өмір шындығы болып табылады».

Фельетонист жалаң сөйлемей, фактіге жүгінеді, цифрларға кезек береді: «Республикада тек қана бес облыс тәулігіне үздіксіз Москвамен сөйлесе алады екен. Ал басқалар ше, басқалар сөйлескендерді тыңдап отырады.70 ауданда, 92 совхозда, 430 колхозда, 753 ауылдық, селолық Советтерде телефон деген атымен жоқ»

Бұдан әрі телефон жүйелерін тарту, почта жұмысын жақсарту жұмыстарының жоспары жыл сайын орындалмай келе жатқаны сөз болады, автор оны да цифрлармен дәлелдеп көрсете білген. «Мұның бәрі министрліктегі басшы жолдастарға мәлім бе? – дейді ол өзіне өзі сұрақ қойып.  – Әрине, мәлім, - деп жауапты да өзі береді. – Олар қаулы да шығарады, нұсқау да береді, шара да қолданады. Өткен жы лы министрлік жұмысты жедел-қабыл жақсарту жөнінде жергілікті жерлерге күн сайын 40 хаттан, 70 телеграммандан жолдап, 700 мәрте телефонмен сөйлесті. Былтырғы қарқын қарқын  қарқын ба, қауырт көтерілді. Өткен жылдағыдан 4422 хат пен телеграмма артық жіберілді. Бұл шара емей, табақ па?»

Осы сияқты республикамызда электр байланысын жақсарту туралы министрлікте коллегия мәжілісі болып өткенін де ирониямен ойнақы стильде, өткір сынға алады:

«Кейбіреулер кеңірдегі қызған сайын көсіле түсіп, бір ретті місе тұтпай, екі реттен сөйлейді. Министр Носков жолдас репликаларын қоса есептегенде, орташа мөлшермен 10 реттен кем сөйлеген жоқ. Коллгеия мүшелері Тахман мен Момоцовтар да ақылды көп айтты. Түннің бір жарымында талай тармақтан құрастырылып 40 құлаш қаулы шығарылды. Бұл түні әрқайсысы-ақ үйіне бара сала терлеп-тепшіп бір самауырдай шай ішті...»

Әрине, 40 құлаш емес шығар,үйлеріне барып самауырдан шай ішпеген болар, бірақ коллегия болғаны, онда сөйлеушілердің көп сөйлегені – шындық. Сондай-ақ, жұмыстан кейін адамдардың үйлеріне «тау қопарып келгендей» болып қайтатыны, «жұмыстан шаршап келдім» деп кесе-кесе шай ішіп, жайланып жататыны да шындық.

Сырбай Мәуленовтің сатиралық өлеңдері көбінесе төрт немесе бес буынды ұйқаспен жазылған. Мысалы, «Неге ішесің?» деп аталатын бес жолдық сатиралық шағын өлеңі тек қана диалогтан тұрады:

 Бадырақ көз, бақыр бас,

Неге ішесің?

Қатын мас.

Бутылканы бөле ішіп,

Қатыныңмен татулас! Бұл жерде автор «қатының мен бөле ішіп татулас» деген сөйлемді ирониямен айтады. Бұл фельетонның  қоғам дерті ішімдікпен күресу мақсатында жазылғаны айтпаса да түсінікті. Ойлап қарасақ, жағымысыз қылықтарды жалынышты көңіл күймн емес, осындай ащы әзілмен жеткізу әлдеқайда тиідірек сияқты.

Сырбай Мәуленов сатиралық өлеңдерін мысал түрінде де жазған. Атап айтқанда, «Арыстан», «Әнші есем», «Тойымсыз мысық» деген мысалдары әрі қызық, әрі ғибратқа толы. Мәселен, «Арыстан» мысалында:

Күнелтіп жүретұғын жан сауғалап,

Бар бізде арыстандар арамтамақ.

Тер төкпей, еңбек етпей жататұғын,

Бұл мысал сондайларға болар сабақ, - деген жолдар бар. Мысалдың мазмұны мынадай: Арыстан өтірік ауырады. Көңіл сұрай барған қарсақ, қабан, тағы да басқа аңдар оған күнде жем тасумен болады. Шортандар арыстанның емін іздеп әуре-сарсаңға түседі. Түлкі сұм арыстанды айналып, одан қалған-құтқан сүйек дәметеді. Сөйтіп, арытсан өтірік ауырып семіріп алады. Ой елегінен өткірзер болсақ, бұл мысал да Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсыновың мысалдарымен үндес. С.Мәуленов сынап отырған бұл мәселе әр заманда болған. Қазір де бар. Бұл да қоғам дерті.

Сонымен, С. Мәуленов поэзиясына талдау жасағанда біз қандай нәтижеге қол жеткіздік? Ақынның өлеңдерін оқи отырып, өлең – өмір екенін түсіндік. Себебі, ол өз басынан өткен оқиға, замандастарының тағдыры, саяси-әлеуметтік мәселелер негізінде жырлай білген.

 С.Мәуленов ақын ретінде өз дәуірінің жыршысы болған. Сонау ауыз әдебиетінен бастап, ақындар журналистің қызметін атқарып келеді.  Тіпті, тарихты да жазады. Қара сөзден қарағанда, қара өлеңге жақын С.Мәуленов үшін де халыққа бағытталған көсемсөзін өлең тілінде жеткізу әлдеқайда ыңғайлы болғаны да сөзсіз. Қазақтың бас ақыны Абаймен рухани үндестігінен болар «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы?! Өлмейтұғын артын із қалдырған» деген ойды С.Мәуленов те қайталайды:

– Өлмейсің! – деп ел айтты

– Өлмейсің деп! – деп жер айтты.

– Сендер аман тұрғанда

– Өлмеймін! – деп мен айттым

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға